«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Дала өлкесіндегі ормандарды кім және не үшін кесті

498
Дала өлкесіндегі ормандарды кім және не үшін кесті

Көнекөз қариялардың айтуынша, сонау 1900-ші жылдарда Дала өлкесінде «ешбір балта шаба алмайтын» ормандар болған екен. Жергілікті газеттер де олардың сөздерін мақұлдап, орманды құртатын жалғыз – мыңдаған десятина орманды жалмайтын өрт деп мәлімдеген.  Бірақ бірнеше жылдан кейін өрттің орнын Сібір ормандарын өрттен де аяусыз және жойқын күшпен жойған қонысаударушылар толқыны басты. Qazaqstan Tarihy порталы Дала өлкесіндегі ормандарды кім және не үшін кескені туралы әңгімелейді.

Сол жылдардағы баспасөз былай деп жазды: "Әрине, онымен күресуге болады деп айтуға да болады, бірақ көз көріп отырған ақиқат керісінше, ешқандай күрес, ешқандай жаза бұл жойқын зұлымдықты жеңе алмайтындығын көрсетеді". Орманды кесуге қарсы күрестің басында орман сақшылары, орман кондукторлары мен орманшылар тұрды. Олар орманды тынымсыз күзетті, жүздеген ағаш кесушілерге хаттамалар толтырды, ал ерекше ереже енгізілгеннен кейін бұл хаттамалардың саны екі-үш есеге дейін өсті, бірақ нәтижесі одан да үлкен шығындар болды.

Мысалы, "Сибирские Вопросы" газетінің беттерінде былай делінген: "Мысалы, Есілкөл, Преснов және Петропавл орманшыларынан, хаттамалар одан әрі көп келіп түсуде, ал мемлекеттік мүліктің жергілікті басқармасының оларды әкімшілік жазаға жіберуге уақыты жоқ, сонымен не болды?"

Куәгерлердің айтуы бойынша, әскери жағдай басталғаннан бастап, ондаған хаттама келіп түскен, бірақ 1909 жылдың мамырына қарай олардың саны жүзден асқан. Хаттамалар дереу орындалды, губернатор айыппұлдар салды, бірақ кесушілерде қаражат болмады, сондықтан айыпталушылар өздерінің төлем қабілетсіздігіне байланысты, қамау үйлерінде толып отырған. Мерзімі аяқталғаннан кейін олар тағы да орманға беттеген.

Сонымен, 19 наурыздағы №664 баянат бойынша, Алексеевский ауылының орманшысы, шаруалар орман күзетіне қарулы қарсылық көрсеткенін және ол оларды тыныштандыруға келгенде, оған "барлық бастықтарды ату керек" деп айқайлағанын жеткізген.

Бұланды орман шаруашылығының тағы бір қызметкері, орман кондукторы Боярский өзінің 8 наурыздағы №10 баянатында орман кесу жаппай қырып-жоюға айналғанын, күзетшіні тыңдау былай тұрсын, оны қорқытып тастағандары соншалық, ол енді орманға барудан да қорқады, ал өзі жаппай кесуді тоқтатуға дәрменсіз екендігін жазған.

Бұланды орман шаруашылығының кондукторы Неклюдов, 28 ақпандағы баянаты бойынша, Камды-көл ауылының шаруалары ормандарды аяусыз жоюда, ешқандай үгіт-насихат көмектеспеді деп жазды: "...олар орманға топ болып келеді, күзетші дәрменсіз және хаттамаларды толтырумен ғана шектеледі, ал шаруалар хаттамаларды мазақ қылады, өйткені бәрібір олардан алатын ештеңе жоқ". 12 наурыздағы дәл сол кондуктор Ново-Киев ауылының шаруалары "тобыр болып келіп орманды аяусыз жойып жатыр және қауіп-қатердің әсерінен күзетші қызмет еткісі келмейді" деп хабарлаған. Ергөл ауылының шаруалары да көршілерінен үлгі алып, орманға топ болып келіп, күзетшіні өлтіреміз және кордонды тас-талқан етеміз деп қорқытқан…

Зеренді орманшылығының меңгерушісі 28 наурыздағы №145 ауқымды баяндамасында ормандардың жойылуының қалай өршіпбара жатқанын сипаттай отырып, зұлымдықтың себебін тұрғындардан айыппұлдар мен берешектерді нашар жинап отырған болыстар мен ауыл билігінің әрекетсіздігінен көрді. Оның пікірінше ағаш кесушілер мен оларды жақтап отырған биліктегілерді аяусыз жазалау керек дей келе, орманшы егер де күшейтілген күзет алынып тасталатын болса, онда жағдай бұдан да ушығатынына қауіптенеді: «...онда ағаш кесушілерге мүлде шама келмейді»,-дейді ол. Баянатына орманшы 26 айыпталушыға 400-ден аса жасалған хаттама тізімін қоса берген.

Сол кездегі баспасөз халықтың көңіл-күйі ағаш кесушілерге қарсы батыл шаралар қабылдауға бейім болғанын жазады.  Олар бұдан құтылу жолын жазалар мен ерекше шараларда көрді, барлығы да осы "стихиялық ағаш кесу төңкерісін" тоқтату үшін қатаң репрессия қолдануды сұрады. Алайда ағаш кесушілерге түсіністікпен қарағандар да болды: «Ресейден әйел, бала-шағасымен мыңдап айдалып келген, аязда үсіп-жаурағысы келмей, лашық салып, оны жылытқысы келетін шаруаларды дарға асу керек пе?...».

Дала генерал-губернаторы айыппұл, қамауға алу және т. б. түріндегі репрессиялық шаралардан басқа, 1909 жылғы 8 сәуірдегі Омбы қалалық өзін-өзі басқару алдында сөйлеген сөзінде балалардың бойында ағашқа деген сүйіспеншілікті оятуды, ағаш отырғызуды, суға мұқият қарауды ерте жастан сіңіруді ұсынды.

«Дала өлкесіндегі орманды жойқын жою» («Сибирские Вопросы» газеті) мақаласында «Дала өлкесіндегі соңғы ормандардың жойылуы әлі де соншалықты жақын және сөзсіз, сондықтан оған ешқандай шешуші шаралар кедергі бола алмайды. Қазір ағаш екпелеріне қатысты адамгершілік туралы айту тек пайдасыз ғана емес, сонымен қатар өте аңғал әрекет, өйткені өмірдің өзі жақсармайынша, ол түбегейлі қайта құрылмайынша, кез-келген кеңсе алаңдаушылықтары берекесіз кеңсе қағазбастылығынан әрі аспайды». 

Автор: Аян Аден