Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Қырғыз есебінен өмір сүру»

1090
«Қырғыз есебінен өмір сүру» - e-history.kz

ХХ ғасырдың басында Семей облысында, жалпы Дала өлкесінің барлық аумағында "Белгісіз мақсаттағы қырғыз капиталы" деген болған. Императорлық шенеуніктер бұл қаражатты белсенді пайдаланды: олар үшінші тұлғаларға несие берді, өздерінің жер учаскелерін жақсартты және әртүрлі қоғамдарға пайызсыз несие берді. Алайда, бұл капитал жергілікті тұрғындардың, іс жүзінде осы қаражатты өздері жинаған халықтың қажеттіліктері үшін сирек пайдаланылды. Qazaqstan Tarihy порталы ресейлік шенеуніктердің қазақ капиталын қалай, қайда жұмсағанын баяндайды.

Кезінде Дала генерал-губернаторлығының (1890-1893) қарамағында болған агроном Константин Вернер былай деп жазды: «... қырғыздарды заңды негізде тонап жатыр. Олардан түскен төлемдер есебінен жәрдемақылар беріледі, театрлар салып, шенеуніктердің балаларын тәрбиелейді және т.б.». Кейінірек, Вернер қайтыс болғаннан кейін, 1903 жылы "Исторический Вестник" газетінде агроном туралы естеліктерге арналған мақала жарық көреді, онда жақында "Қырғыз есебіне өмір сүру" деген сөз "Шереметьев есебіне өмір сүру" деген мағынаны беретін болады деп жазылған еді. Соңғы сөз көбінесе байытуды қалайтын шенеуніктер жиі пайдаланған шамадан тыс "қонақжайлылықты" білдірді.

Константин Вернер бұл факті туралы жазған сәттен бастап 1908 жылға дейін, Сібір баспасөзі қазақтардың ақшасы қандай қажеттіліктерге жұмсалып жатыр деген сұраққа шындап қызығушылық танытқанға дейінгі арада он бес жыл өткен. Бірақ қазақ капиталы бөгде адамдардың мұқтаждықтарына қызмет көрсетуді жалғастыра берген. "Сибирские Вопросы" газетінде Семей облысының қазақ капиталын пайдаланған Дала генерал-губернаторының 1895 жылы Императорлық Орыс Географиялық қоғамының Батыс Сібір бөліміне 12 жылға пайызсыз алты мың рубль бергені айтылған. Осылайша, 1908 жылдың аяғында облыстық қазына жылдық 4% -бен есептегеннің өзінде ғана жылына кем дегенде 2880 рубль жоғалтқан.

Тағы бір дала генерал-губернаторы, сол капиталдан 1903 жылы Ақмола губернаторына үй салуға 47 жылға пайызсыз 25000 рубль берген. Сонымен, қарапайым есептеулер арқылы қазына шамамен 47 мың рубль (жылына 4%) жоғалтқанын  білуге болады. 

Енді бір жағдай Карповский кентінің тағдыры туралы баяндайды. Кезінде Семей облысында семейлік губернатор Карповтың құрметіне салынып, соның атымен аталған Карповский деген кент болған. Айта кетерлігі, кентті 1908 жылы сонда тұрып жатқан переселендер тастап көшіп кеткен. Карповтың тұсында сол жердегі қоныс аударушыларды күшпен ұстаған, ол үшін кентті барынша жайластырып, шіркеу, арықтар, егістік жерлерді суаруға арналған бөгеттер салынған. Ал бұл кенттің жайластырылуына қазақ капиталы демеушілік көрсеткен, соның ішінде тек Карповтың болыстық басқармасының жабдықталуына ғана 300 рубль жұмсалған.

Дала генерал-губернаторлығының сол жылдардағы есептері жариялануға жатпағаны белгілі, ал Семей облысының губернаторлық шолуларында бұл капиталдың ізі де көрсетілмеген. Сондықтан 1908 жылы Семей облысының қазақтары өздерінің императорға жасаған өтініштерінде осы капиталдың сомасын атауды және оны қазақ балаларын орыс мектептерінде оқыту үшін, сондай-ақ Омбы және Семей гимназиялары жанында пансиондар құру үшін төлем ретінде пайдалануды сұрады. Алайда, бұл өтініш қазақ халқының басқа да көптеген өтініштері мен тілектері сияқты, қанағаттандырусыз қалды. Бір сөзбен айтқанда, қазақтар бұл капитал туралы әкімшілік оларды біреуге берген кезде ғана білген.

1908 жылдың 19 маусымында «Сибирьская Жизнь» басылымының бетінде мақала жарық көріп, онда былай делінген: «Қалалық басқарма мен әйелдер гимназиясының жанындағы ата-аналар комитеті жарты жыл бұрын тиісті билік алдында әйелдер гимназиясының ғимаратын салу үшін қосалқы қырғыз сомасынан қарыз алуға рұқсат беру туралы өтініш білдірді. Қаражат беруге уәде берді, алайда ақшаны әлі бермей отыр. Ата-аналар комитеті бір кездері Дала генерал-губернаторына телеграф жолдады, ол облыстық басқарма арқылы комитетке Санкт-Петербургке тиісті ұсыныс жасағанын хабарлады. Осыдан кейін комитет министрлер кеңесінің төрағасына телеграф жолдаған, бірақ әлі жауап алған жоқ.  Қала жұрты жаңадан тағайындалған губернатор Тройницкий әйелдер гимназиясы ғимаратының құрылысын аяқтауға көмектеседі деп үміттенеді…». Бірақ 1908 жылдың соңындағы жай-күй бойынша бұл іс әлі де сол орнынан қозғалмаған.

"Сибирские Вопросы" газетінде жарияланған "Ничьи деньги" атты мақалада Семей облысында 700 мыңнан астам қазақ өмір сүргені айтылған. Бұл ретте жергілікті ерлер гимназиясында небәрі бірнеше қазақ баласы ғана оқыған, ал әйелдер гимназиясында жергілікті тұрғындардың бірде-бір өкілі болмаған. Оның үстіне қазақ балаларына стипендия да төленбеген.

«…Әйелдер гимназиясы пайдалы мекеме екені даусыз. Алайда жуық арада ол жерде бір-бір қырғыз қызы оқымайтын болса, онда неге ол қырғыз капиталы есебінен салынуы керек?..»

Қазақ капиталы мен оның шығыс мәселесі жергілікті халықты қатты қызықтырды. Ал мәселенің түп-тамырын олар Семей облысының капиталын үшінші тұлғаларға қарызға беріп отырған жергілікті әкімшіліктің қиянатшылығынан көрді. Бұл ретте "Сибирские Вопросы" газетінің тілшілеріне қазақтардың басшыларды жауапқа тарта алды ма, жоқ па ол жағы белгісіз болып қалды. 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?