Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әкемнің Әлихан жайлы әңгімесі I

1383
Әкемнің Әлихан жайлы әңгімесі I - e-history.kz

Осыдан 5 жыл бұрын Балқаш қаласына барған едік. Сол сапарымызда сұңғыла бір қариямен таныстық. Әкесі Рамазан әйгілі Әлихан Бөкейхановтың атқосшысы болған адам екен. Біз ақсақалмен алты сағатқа жуық дидарласып, әңгімесін жазып алдық (Сол кезде 95 ке қараған Қабылбек ақсақал бүгін де тірі ме ол жағынан ешқандай хабарымыз жоқ).

Біз көбінесе Алаш арыстарын  айтқанда сірескен ресми даталар мен  дәрежелерден (автобиографиясынан) арыға бара алмай жатамыз. Ал мына жазбадан Әлиханның азаматтық өмірі мен кісілік келбетінен мол мағлұмат аласыздар.  Әңгіме барысында айтылатын  көшір  (ат арба тізгіншісі) бүгінгі шофёр.  Құрметті оқырман, осы орайда сізге қояр бір сауалым бар. Бүгінгі шенеуніктің шофёрі күн ертең болғанда сол бастығын еңіреп тұрып еске алатынына қаншалықты сенімдісіз?  Әрине, берілер жауаптың қандай болатындығын ептеп  ішіміз сезетін секілді. Осы бір аз ғана деректен Әлихандай дегдардың «жақсыда жаттық жоқ» деген қазақ ғақлиясына тұтас тұлғасымен үлгі болғандығын көреміз.  Әмәнда  шын зиялы мен «толық адам» танымы осылай болса керек-ті.

Ағайынға айтпағымыз алтын уақытыңызды қиып мына екі бөлімнен тұратын естелікті түгелдей оқып шықсаңыздар екен. Өкінбейтіндеріңізге өзім кепіл.

Әкемнің Әлихан жайлы әңгімесі

Өмір деген кейде басы жұмыр пендесі ескексіз қайыққа мінгізіп өз ағысына көндіреді ғой. 1916-жылы қазақтан солдат алу науқанының тізіміне Тоқырауын елінен іліккендің бірі болып Семейге азып-тозып жеткен топтың ішінде мен де бар едім дейтін әкем Рамазан. Татар дәмнің таусылмағаны ма, әлде жер шалғайлығы себеп болды ма, Семей қаласына келгенімізде патшаның қазақтан солдат алуды тоқтату жөніндегі жарлығына іліктік дейтін. Жол азабынан әбден қалжырап азып-тозғанымыз сонша, елге қайтудың орынына жан сақтаудың қамымен әркімге жалданып бір жылдай Семей қаласында тұрдық. Ес жинап, елге қайтар сапарымызда оңайға түскен жоқ. Әскерге шақырылғандардың ең жасы мен, және меннен бірер жас үлкендігі бар Қожағұл руынан Семейбай деген азамат еді. Жол-жөнекей сол Семейбай сүзекке ұшырап өмірден өтті дейтұғын әкем көзіне жас алып. Әуелі Құдай, одан соң Бәкір атты үлкен ағамның (екеумізді солдатқа бірге шақырған) көмегінің арқасында аман қалдым. Одан бері қаншама жыл ғұмыр кешіп, өмір нұрына шомылып балын татсам да сол бір бастан кешкен ауыр күндер бүгінгідей көз алдымда. Ол өз алдына бір хикая ғой. 

Елге Семейден қайыра оралған соң әкемнің су диірменімен тапқан күнкөрісіне тағы да ортақтастық. Бір кіндіктен бес ұл едік. Әкем жан басына бай болғанымен жалғыз атынан басқа тігерге тұяғы жоқ, барды қанағат тұтқан орташа тығынды адам еді. Ұлдарының басын құрауға қу кедейшілік етектен тартып, әкеміз оған күйзелетінін біз де іштей сезетін едік. Бірде әкем: қалқам, Рамазан, көп болып жауға шаппаймыз. Әңгімеңе қарағанда әлгі өзің барып келген Семей деген шаһарың кедей-кепшіктің жан сауғалайтын жеріне ұқсайды. Жаратушы жалғызға өзіңді тапсырдым. Біз ел ішіндеміз ғой. Еш алаңдама. Аштан өліп, жұрттан қала қоймаспыз, -деп ақыл-кеңесін берді. Сөйтіп, әке сөзі ой салып, жастық көңілім алабұртып шыға келді. Кешікпей туған жездем Смағұл мен апайым Қайшаны ертіп Семей шаһарына бет түзедік дейтін. Бара салысымен қара Ертістің жағасынан ескілey, бірақ паналауға жарайтын үй сатып алып сонда орналастық. Хат танымасам да жалдамалы жұмысқа қабылдаушылар мұнда көп жиі ұшырасады екен. Сөйтіп солдаттан қалып күн көрістің қамында жүргенде ондай жұмыстың біразын бастан өткізгенім бар еді дейтұғын әкем иығын қомдап. Ендігі ойым тұрақты, әрі қыр қазағына лайықты жұмыс табылса деп қала шарлап, әркімнің жөн сілтеуімен «Земство» деген бір мекемеге келдім. Жолым болып, іздегенім дәл алдымнан шықты. 

Бұл жерге жылқының жайын өте жақсы білетін атшы қажет екен. Сондағы шаруашылықтың бастығы (қазақша жақсы сөйлейтін) Петр деген орыс жігітінің де іздегені мен сияқты қыр қазағы болса керек-ті. Қуана қарсы алды. Күнде қос атты парлап жегіп дүкендерге азық- түлік жеткіземін. Атшының бар қызметі осы. Қолым сәл босаса болды ат қорадағы елу шақты атты бағып, соған көмек қолын созамын. Сол елу аттың ішінде көз жауын алатын небір сәйгүліктер бар. Ертелі кеш қызықтайтыным да міне, осылар. Оны көріп қызыққаным болмаса менің еш тақымыма тимейді. Осылардан бөлек, пәуескелерге арнайы парлап жегіп, сәндеп алып шығатын өз аттары мен атшылары бар. Ол атшылардың киімдері бізге қарағанда өте келісті. Әгәрәки осы мекеменің бастығы аяқ астынан болмай қалса, мен сияқты жүк таситын атшыларды әлгі көшірлер тыным бермей жұмсай береді. Біздің жұмыстың тағы бір міндеті жаңағы аттарды балаша жуып-шайып, жал-құйрығын сүзіп, тарап кептіреміз. Үйге қайтуға еш асықпайтынмын, және кім жұмсаса да сөзін екі етпеуге тырысатынмын дейтін жарықтық. Осы мінезім әлгі басшыларға ұнаса керек. «Ертең жүк тасуға сен емес басқалар барады. Сен қос жиренің үстіне қылау қалдырмай шомылдырып, ішін тарт. Жол-жөнекей құмалақ тастап жатса, ол көшірдің нашарлығы болады. Мына пәуескелердің ішінде ең жақсы деген жұмсақ арбаның бірін таңдап, пәленше деген адамға түске жақын барасың. Байқа еш кешігіп қалма. Баратын адамың пәлен деген жерде өзі алдыңнан шығады», - деп түсіндірді мекеме басшысы. Айтқан уақытынан ертерек барып тосып отырдым. 

Түс мезгілінде демелше, иықты, жауырыны кең, сыпайы, қою қара мұрты елулер шамасындағы жүріс-тұрысы аса ызбарлы бір қазақ келіп пәуескеге жайғасты. Ол кезде Семейде бай-көпестер өте көп болатын. Соның бірі болар деп ойладым. Қысқа ғана амандық ишара білдіріп, баратын жерін айтты. Көп ұзамай қала ортасындағы еңселі үйдің біріне ат басын тартқызып пәуескеден түсті. Мен көшірге тән мінезбен аттың делбесін босатып өз ісіммен күйбеңдеп жатқаным сол еді әлгі кісінің «үйге кірейік» деген қоңырқай дауысы құлағыма тым жағымды естілді. Көшірге мұндай еш құрмет көрсетілмейтінін ат қорада жүргендерден сан мәрте естіген едім дейтін әкем жымиып күліп. Менің абыржып қалғанымды байқаған ол: «Аттарды қаңтарып қой, еш тапжылмайды» - деп баяу үн қатты. Мен үнсіз соңынан ердім. Әлгіде жол-жөнекей орыс-қазақ түгел басын иіп, қайсы бірі төсіне қолын қойып, жаппай амандасып жатқанына қарағанда, тегін адам емес деп топшылаған едім. Бірақ олардың бірде-біріне ат тоқтатып, өз дауыс шығарып амандасқанын еш естігенім жоқ. Ту сыртымда отырған жанның өткір көзі жауырыныма ине болып қадалатындай сезімде отыратын едім. Баса көктеп кірмей, кіре беріс бөлмеге аялдап қалдым. Киім ауыстырып, жуынып-шайынған соң не ғып тұрсың дегендей сәл жымиды да, мені асқа шақырды. Үш бөлмелі үйде еш артық мүлік жоқ, жұпыны ғана екен. 

Тамақтанып отырғанда да тіс жарып сөйлеген жоқ. Тоты құстай таранып отырып, асықпай ас ішті. Жас ет туралып сорпасына қолкеспе салған көже екен. Сырлы ағаш тостағанға толтыра құйып, менің де алдыма тартты. Ерекше дәмді екен. Өзінен бұрын ыдыс босатқанымды білді де, қайтадан іш дегендей ишарат қылды. Қайыра тәбетім шауып тұрса да рахметімді айттым. Дәмнен соң шамалы уақыт дем алатын әдеті болса керек, орнынан тұрып бара жатып былғарымен қапталған құс төсек тәріздес орынға менің де демала тұруымды өтінді. Дөй бастықтың үйінде бастықпен бірге керіліп демалу қайда, аттарды сылтауратып сыртқа шығып кеттім дейтін әкем әнтек қызара сөйлеп. Тысқа шықсам пәуескенің жанында екі-үш қазақ жігіті әңгімелесіп тұр екен. Мені көрді де жамырай қол алысты. Ақай үйде ме? - деп жамырай сұрасып жатты. Мен Ақаңның кім екенін еш білмесем де «ие, ол кісі дем алып жатыр»,- деп қысқаша ғана жауап қаттым. Әлгілердің ішіндегі ашаң жүздісі Ақаң түстен кейін кеңсеге соғар ма екен, үлкен кісіні үйінде мазалағанымыз сәл ыңғайсыздау болып тұр деп қиыла сұрады. Ішімде әлдеқандай бір батылдық пайда болып, кеңсеге барады деп жауап қайтардым. Ақаңның отыратын орнын реттеп, пәуескені жылтыратып сүртіп тазалап шықтым. Әлгі жігіттер рахметін айтысып, өз жөндеріне кетті. Шамалы уақыттан соң үйге қайыра кірдім. 

Дастарқан қайта жайылып, жеңіл-желпі тәтті тағамдары бар шай дайындалған екен. Осы босағаны аттағанымнан-ақ мені таңғалдырған осы үйде жүрген орыс келіншегі еді. Үстіне кигені қазақтың қынама бел оюлы камзолы сымбатына ерекше жарасып, көлденең көзді өзіне тартып-ақ тұратын еді. Дәм үстінде ұрлана қарап, сұлулығына таңырқадым. Күтушісі болар деп іштей топшыладым. Енді байқаймын жүріс-тұрысы еркін, мүмкін жұбайы болар деген де ой келді. Сәлден соң орыс келіншегі үй иесін оятып, шайға шақырды. Кілегей қатқан қою күрең шайды сұғына ішкен жоқ, кесе бетін салалы саусақтарымен баса отырып, ойлы көзіменен қарап тұрды да: «Сені құдай маған кездестірген болар. Бүгіннен бастап маған атшы емес, атқосшы боласың»,- деді. Мен үнсіз басымды изедім, жүрегім біртүрлі лүпілдеп, қуанғанымнан орнымнан бір тұрып, бір отырдым. «Қай тумасың?» -деп ол үзілген сөзін қайта жалғап. Бұл кезде әлгі орыс келіншегі сыпайы қимылдап, ыдыс-аяқтың дыбысын еш білдірместен дастарқан үстін жинастырып үлгерген болатын. Шыбынның ызыңы білінбес тыныштықты бұзып: «Тоқырауын елі, Сарым руынан шыққан Әлиманның баласы Рамазанмын» деп өзімді таныстырдым. Ол кісі отырған орнынан бір қопаң етті де сен осы рас айтып отырсың ба дегендей ұшқын атқан қос көзі жанарыма іліккен де жүзімді тайдырым әкеттім. «Екеуміздің кіндік қанымыз бір топыраққа тамған болды ғой. Мына Семейдің шаһарында табыстыруды Алла жазған екен. Бұған да тәуба дейік. Туыс болдық қой» деп жадырай сөйлеп кетті. Бірақ өзін мен пәленшенің баласы едім деген жоқ. «Жіңішке бойы, Бегазы мен Желтауды жайлаған ұрпақтарды, ондағы Қасым ауылын білсең, Төре Мұқанды танығаның» – деп бір қойды. Төре Мұқанды білгенде қандай, кенже баласы Тәттіханмен жасымыз шамалас арсалас-құралас болғанбыз, оның бер жағында Төренің бәйбішесі Бегім ханыммың қолынан талай дәм татқаным бар. Біздің ортамызда ханым деген сөзді тек Бегімге ғана тіркеп айтатын. Жүрегім лүпілдеп айт-айт дегендей көкейіме тығылып қалды.

Ал тағы не білесің десе, Тоқырауын бойындағы көзі тірі төрелерді бес саусақтай саралап, Сұлтанғазыдан бастап Дайырдан бір-ақ шығар едім, Мұқан төренің қіндігінен тараған бес ұлды – Әлихан, Әзілхан, Смахан, Базылхан,Тәттіхан және Нұрбек атты жалғыз қызын да жыр етіп баяндаган болар едім. Мұқанның сол жалғыз қызы Нұрбекті Дайырдан туған ұлға қосқанын да, одан тараған ұрпақтарын түгелдей тәтпіштеп айтып беруге шақ тұрсам да еш емеурін білдірмей тілімді тістеп қала бердім. Мен Мұқанның ұлдарының ішінде Әлихан мен Смаханды естуім болмаса, бірде-бір рет көрген емеспін. Тоқырауын төрелерінің ішіндегі орта шаруасы бар Нұрмұханбетті ел түзу атамай, Мұқан десетін. Ауылы іргелес, малы қоралас отырған Мұқанның есімін естігенде әкем келгендей толқып, іштей бір қатты қуандым дейтін әкем. Сөйтіп атшы емес, атқосшы бала атанып, атқорадағылар да мені әжептәуір сес тұтып, жол беретін дәрежеге жеттім. Бірде өзін Қарқаралы жатағымын деп жүретін орта жастағы отағасы (есімін ұмытып қалдым дейтін әкем) Семейге Ақбайдың Жақыбы келетін болыпты деп хабарлады. Жақып мырза тек Ақаңның үйіне ғана түседі екен. Қапысын тауып ел-жұрттың амандығын біліп қалайын, мені де хабардар етші деп үлкен қолқа салды. Жасыратыны жоқ Ақаңның кім екенін сұрап білуге бір жасқаншақтап жүрдім. Күніне үш мәрте үйі мен қеңсе арасына қатынаймын. Басқа уақыттарда маған рұқсат. Өзге көшірлердей күңсіп шақырылған үйдің алдында еш тұрмаймын.Тек керек уақытында ғана келемін. Сол сағатында Ақаң еш кідірместен шыға қоятын. 

Уәдеге тым берік жан екенін бірден байқаған едім. Басы артық әңгіме жоқ, таңертеңгілікте ғана «қалың жақсы ма?» деп сыпайы ғана тіл қататын. Өзінің іш тартатұғынын көңіліме демеу қылдым ба, Ақаңның жай-жапсарын өз аузынан сұрап қанығып алдым. «Өй, қызталақ, ағаңды тасып, үйінен дәм татым жүргенде жете танып білмегеніңді менен басқа ешкім де естімесін» деп өзімді сөгіп тастады. Жалпы қазақтың жанашыры Әлихан Бөкейханды исі алаш танығанда мына қылығым шынымен де сөкет болды-ау деп өз-өзімді іштей сөгіп те алдым. Жолдасы орыс әулетінен, Орынбордың дөй полковнигінің қызы болып шықты. Сөйтіп Ақаң менің қылығыма басын шайқап-шайқап қойды. Ақаңның әлгі алғашқы кездескен әңгіме үстінде Тоқырауын еліненмін дегенімде, отырған орнынан бір қозғалып түскенін енді ғана түсінгендей болдым. «Ақаң атшы таңдап көп жүретін, сенің бір туысқандығың болғаны жақсы болды ғой. Бір жағынан жалақысы да тәуір, оның үстіне қолы ашық жан. Бақытың бар екен» деп әлгі томар мұртты арқамнан қағып шығарып салған еді. Ақаңа атшы болған бір айда жүріс-тұрысымды бақылап, іштей лайықты деп санаған болса керек, әйтеуір тиын-тебенді күнделікті беріп тұрды. Қайтар жолда базарға соғып, керек-жарақты алып, апа-жездемді де мәз етемін. Сөйтіп күн көрісіміз түзеліп, қатарға қосыла бастадық. 

Осылай күн артынан күндер өтіп жатты. Елдің көпшілігі Әлиханды «Ақа» десе мен жай ғана «аға» дейтінмін. Сөйтсем ел ішінде «Әлиаға»дейтіндер де бар екен. Қонаққа жиі баратын. Оның қайсы бірі ойда қалсын дейтін әкем. Менің қызметім ат айдаушы ғана емес, барған үйімізде ет туратып, реті келгенде ағам «қымызды Райжан сапырсын деп» отыратын. Қонаққа барғанда киетін тәп-тәуір киімді маған ағамның өзі сатып әперді. Ағаның ет турайтын өткір бәкісі менде болатын. Тазалықты қатты ұнататынына қарай менде оған төселіп алған болатынмын. Жетісіне бір мезгіл Ақаң әйелі мен балаларын пәуескеге отырғызып қала сыртындағы Ертіс өзенінің бойына серуендетіп қайтуды маған тапсыратын. Ондайда өзі қалып, жазумен айналысатын. Сол кезде алты-жеті шамасындағы ұлы Үкітайды Ақаң ерекше құрметтеп, «Укай» деп ерекше еркелететіні есімде қалыпты. Бидай өңді, бет- пішіні мен мінезі әкесіне көбірек келіңкірейтін сол балақайды үй ішіміз болып жақсы көретін едік. Ал қызының атын ұмытып қалыппын анасына көбірек ұқсайтын еді дейтін. Бірде жаздың ауарайы тамылжыған сәті көңілден шығып, Ертіс бойының адам аяғынан оқшау жерінен балаларымен біраз серуендеп үйге келсем, Ақаң шыттай киініп, бізді асыға күтіп отыр екен. Ұлы мен қызы серуеннен әкелеріне арнап хош иісті неше түрлі дала гүлін сыйға әкелетін. Ақаң ондайда қатты қуанып, гүл шоқтарын мейірлене иіскепеп, өз бөлмесіне қоятын еді. Бүгін серуенге шығар алдында: «Рай, жусан иісін қатты сағынып жүрмін. Балалар біле бермейді ғой, өзің ала кел»- деп тапсырған. Сол тапсырмасын орындап келген болатынмын. Бір топ жусанды насыбай иіскегендей елтіп, ұзақ тұрды да «жарықтық, Желтаудың ту өскен жусаны мен қамшы сабындай тау жуасынына не жетсін. Оны жеген қойдың етінен де жусан иісі аңқып тұратын еді. Осы бір сөзді Ақаң аса бір ықыласпен айтты. Сонан соң әлгінде ғана Жақып мырзаның үйіне келіп түскенін, жол-жөнекей Смахан бауыры қолқалап үйіне қонақ етуге әкеткенін зайыбына айтып түсіндіріп жатты. Қонаққа Ақаң көбіне жалғыз баратын. Бұл жолы екі баласын, зайыбын сәнді киіндіріп өзімен бірге ертіп жүрді. Қаланың шет жағындағы көкжелек көмкерген, ағаштан қиып салған еңселі үйге келіп ат басын тіредік. 

Бізден бұрын келген үш пәуескенің аттары қаңтарылып тұр екен. Шеткері тұрған қос қылаң біздің ат қораның аттары. Көшірлері сол маңда екен. Бізді көрді де жарылып жол берді. Жақып мырзаны іздеп жүрген әлгі томар мұртты отағасы да осында екен. Мен балаларды пәуескеден түсіріп, Ақаңды сыртқы дарбазаның есігін ашып ішке енгіздім. Бір топ ер азаматтар күтіп, үйге кірмей отырса керек. Әңгімелерін сап тиып, бәрі де дүр көтеріліп Ақаңды қаумалай қарсы алды. Томар мұртты мені күтіп тұр екен, жаны қалмай әңгімесін айтып жатыр. «Бүгін ат қорада менің бағыма ешкім де болмай шығып Әлімхан Ермеков мырза Жақып ағамызды қарсы алатын болып, іздегенім көктен түсті. Қарашордың ұрпағы емес пе, жатсынбай сөйлесіп, елдің амандығына бір қанып қалдым. Ана шеткі тұрған көк күйме осында арнайы шақырылған қонақтардың бірі Жүсіпбек Аймауытов деген азаматтың пәуескесі. Қазақта бұлардан асқан оқымысты да, дана да жоқ» деді томар мұрт маған жымия күліп.

(жалғасы бар)

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?