«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Алаш арыстарының Шәуешекке сапары

1464
Алаш арыстарының Шәуешекке сапары

ХХ ғасырдың басында, 1917 жылы Орынборда жал­пы Қазақ құрылтайы өтіп, Алаш­орда үкі­метінің басқару органы Семейге қоныстанған­нан кейін, яғни 1918 жылдың көк­темінде ұлт қайраткер­лері Алаш қаласына жиналып ақыл­дасады. Мұндағы мақсат – шеттегі қазақтарға барып, олар­ға Алаш идеясын насихаттау. Басқосуға Абай мек­тебінің өкілдері – Көкбай Жа­на­т­айұлы мен Турағұл Абай­­ұлы және атақты балуан Қа­жы­­мұқан Мұңайтпасұлы қаты­сады (1-сурет).

Осы жылдың жазында Қытай елін бетке алып Алаш көсемдері – Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Садық Аманжолов, Ра­йым­жан Мәрсеков төртеуі жолға шығады. Олар Зайсан-Ақсуат өлкесін басып өтіп, Шәуешек қала­сына барады. Кезінде Семей қаласында тұрып, қоныс аударған көпес Рамазан Шәнішевтің үйі­не түседі. Елді жинап, келген мақс­аттарын айтады. Осы кездесуда әйгілі әнші, ақын Әсет Най­ман­байұлы да болады. Ол кісінің екі жыл бұрын, 1916 жылы осы өлкеге біржола қоныс аударған кезі-тін.

Алаш көсемдерінің бұл сапарынан бізге мұра болып жеткен екі дүние бар. Біріншісі – Әсет ақының басқосуда айтқан шағын толғауы болса, екіншісі – Ахаң-Жақаңдар күтіп алушылармен бірге түскен суреті (2-сурет). Бұл суретті түсірген адам Шәуешекте орыс мек­тебінде оқыған әуесқой фотограф – Мұха­метжан Әбдікерімұлы. Ал Әсеттің толғауында:

Міржақып, өлең айт деп, қолқаладың,

Мен бе ақын, сен тұрғанда

ой табатын,

«Алаш» деп ағайынға сауға салып,

 Ахаң ер отырмай ма жол табатын,

– деп сөз бастаған Әсет ақын алаш арыс­тарына біршама наз айтады. Мысалы:

О, Аха, не дегенің – бүй дегенің,

Алашқа бар қазақты жи дегенің,

Сыртта жүрген ағайын суық бауыр,

Оған мысы жүрмейді түздегі елдің,

 Жарыссаң – төбеге озып

шықсаң нетті,

Белдессең – белін үзіп жықсаң нетті,

Тозған елден тойынар күй іздемей,

Өз халіңді анықтап ұқсаң нет­ті,

– деп келетін оғаштау айтыл­ған тіркестер бар. Ахаң мен Жа­қаңды Шәуешекке еріп барған Са­дық Аманжолов пен Ра­йымжан Мәрсеков жайында айтар бол­сақ, С.Аманжолов екінші жалпы Қа­зақ съезіне Жетісу облысы атынан қаты­­сып, Алашорда үкіметінің мүше­лігіне сайланғаны туралы дерек бар. Қу­ғын-сүргін жылдарынан аман өтіп, 1941 жыл қайтыс болған екен.

2021_01_21_12-11.jpg

Ал Райымжан Мәрсеков – Алаш­орда­ның шығыс бөлімше­сінің белді өкіл­дерінің бірі. Алаш полкын жасақтаған. Алаштың ұраны «Сарыарқа» газетін шы­ғарып тұрған. Азамат соғысы жыл­дары жергілікті халықты азық-түлік, киім-кешекпен қам­та­масыз ету үшін шы­ғыс­тағы Вла­дивосток қаласына барып, америкалық «Мейер» фирмасы­мен шарт жасап, Семейге 15 миллион сомның затын­ әкеліп, халықты қамтамасыз еткен қай­­рат­­кер. Жоғары білімді заңгер. 1922 жылы Семей губерниясының атқару ко­ми­те­тінде үлкен қызмет атқарып жүріп, бір түн­де Қытай еліне асып кеткен. Сон­да жүріп, 1939 жылдар шамасында атылған.

Осы Алаш арыстары қайтар жо­лында жайлауда отырған Таң­ғыт үкірдай­дың ауылына келіп ат суытқан. Артынан Таңғыт Ең­се­ұлына «Алашордаға бүйрегі бұрған» деген жала жабылып, 73 жасында бұл адам да атуға бұйырылған. Алаш арыстарының осы сапары кезінде бірге жүрген, дидарласқан адамдардың көбі артынан атылған, асылған. Бұдан біз жаппай жазалау науқаны Қы­тайда­ғы қазақтарды да айналып өтпегенін аңғарамыз.

СУРЕТТЕРДЕ: Ахмет Бай­тұрсынұлы мен Міржақып Ду­лат­ұлының 1918 жылдың көктемінде Шәуе­шекке аттанарда достарымен бірге Семей қаласында түскен суреті; oртада орындықта отырған: тақиялы – Міржақып Дулат­ұлы, сол жақ жанындағы – Ахмет Бай­тұрсынов, одан бергі – Райымжан Мәр­секов. Оң жақта жерде жеке отырған – әнші Әсет Найманбаев. Шәуешек қаласы, 1918 жыл.


Бекен Қайратұлы

www.egemen.kz