Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Президент тарихшы ғалымдарға маңызды міндет қойды

1044
Президент тарихшы ғалымдарға  маңызды міндет қойды - e-history.kz

ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтының  жетекші ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты Сейітқали Дүйсен  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына қатысты ойымен бөлісті.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің тәуелсіз дамуының 30 жылдығын атап өтуге қатысты жыл басталған сәтте республиканың бас газеттерінде беташар мақаласының шығуы дер кезінде және өте маңызды іс болды деп білеміз. Өйткені бұл жаңа мемлекет құру жолындағы маңызды белесіміз. Үш онжылдықта Қазақстан әлем таныған, мойындаған, бәсекеге қабілетті, бейбітшілік сүйгіш, кемел мемлекетке айналды. Қазақ елі әлемдік тарихқа «қазақстандық даму жолы» деген ұғымды ұсынды. Тәуелсіздікті қастерлі құндылық деп бағалайтын Президент қазақстандықтардың рухын көтеру үшін 2021 жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жариялағаны бәрімізге белгілі.

Тәуелсіздіктің 30 жылында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен жаңа мемлекет құру жолында жеткен жетістіктерімізді саралап, бағалай келе Президент - «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауал қойды және осы мәселеге қатысты өзінің ойларын ортаға салды" - дейді тарихшы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев ел болашағы жастардың қолында екенін ескере келе мақаласында тәуелсіздіктің құндылығын жастар жадында біржола шегеленіп мәңгі сақталуы үшін оның мән-маңызын, қадірін үйрету керектігіне назар аударады.

"Бұл білім, тәлім-тәрбие, үгіт-насихат арқылы ұлттық және тарихи сана қалыптастыру арқылы жүзеге асырылатын іс. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шынайы, әділ тарих ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртатына назар аударды.

Ұлттық тарихи білім, тарихи жад, тарихи сана тәуелсіздіктің рухани тірегі екенін ескере келе Мемлекет басшысы тарихшы ғалымдар қауымына сын бағыттап, сонымен қатар олардың алдына үлкен міндеттер қойды" - деді Сейітқали Жақияұлы. 

Президент мақаласында тарихшы ғалымдарға Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды қолға алуды тапсырды.

"Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылмағанын айта келе, оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып, қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтар негізінде тыңнан жазу керектігіне тоқталды. Ал мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған ұлттық тарих оқулықтары осындай іргелі еңбекке негізделіп әзірленеді. Төрт мыңжылдық Қазақ тарихын жаңаша зерделеп жазып шығу оңай шаруа емес" - деді ол. 

Тарихшы ғалымның айтуынша, кеңестік дәуірдегі Қазақстанның саяси, әлеуметтік, мәдени дамуына шынайы баға берудің өзі қиындық туғызуда. Коммунистік идеология қыспағымен Алаш қозғалысы қайраткерлерінің есімдері мен халқына сіңірген еңбектері жаңа тарихымызда орын алуы өте орынды. 

"Сонымен қатар кеңестік замандағы партия-кеңес, мемлекет қайраткерлері ғылым-білім, мәдениет саласындағы кейбір қайраткерлерге деген көзқарас мүлдем өзгеріп, есімдері көмескіленіп барады. Олар туралы сан түрлі пікірлер, көзқарастар, ұсыныстар орын алуда. Бұған әлеуметтік желідегі деректер «өз үлесін» қосуда. Кеңестік дәуірдегі кейбір оқиғаларды айтпағанның өзінде, сол кезде өмір сүріп еңбек еткен кейбір қайраткерлердің өзіне объективті баға берудің өзі қиындап кетті. Кезінде есімдері құрметтеліп келген – Әліби Жангелдин, Жұмабай Шаяхметов, Сәкен Сейфуллин, Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаров туралы сан-түрлі мағлұматтар, деректер жазылуда. Олардың қызметіндегі ақ-қарасын, дұрысы мен бұрысын, табысы мен кемшілігін жүйелеп әділ бағасын ғалымдардан ізденісті, терең білімді және уақытты талап етеді. Тарих ғылымы қоғам мүддесіне, қажетіне жауап беретін әлеуметтік функция атқаратын болғандықтан ел үмітін ақтау жолында тарихшы ғалымдардың жауапкершілігі де арта түседі" - деді Сейітқали Дүйсен. 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?