Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Атыңнан айналайын азаттығым...

1468
Атыңнан айналайын азаттығым... - e-history.kz

Осыдан 102 жыл бұрын Семей шәрінде жарық көрген «Абай» журналы өзінің №4 санында Алошорда автономия алғанда былай деп исі қазақтан сүйінші сұрап жазған еді.

«Ал, Алаш! Қабағың қатып, көңілің жабығып тұр едің, ілгері басқан аяғың кейін кетуге таянып еді. Бодандық көліне түсіп жоғала жаздап едің... Құдай берді, жарылқады. Ақ түйенің қарны жарылды! Өмірі, қазақ-қазақ болғалы көрмеген қуаныш басыңа келді – көрдің. Кеудесінде жаны бар, денесінде қазақтың қаны бар, жүрегінде алаштың намысы бар, ары бар, алаштың баласы! Көтер басыңды! Қуанышың құтты болсын! Тойың тойға ұлассын! Тіріл, Алаш! Сілкін, Алаш! Қуан, Алаш! Жаса Алаш!» деп бір шат-шадыман болып қуанған еді.

Дәл алаш арыстары жар салған осыбір қуаныштың лебі бүгінде әр желтоқсан жақындаған сайын, әр қазақ баласының кеудесінде тайдай тулап, ерекше бір сезімге бөлейді деген ойдамын. Алаш арыстарының жан-тәнімен аңсаған осыбір ақжолтай арманы 1991 жылдың 16 желтоқсанында толыққанды орындалып өз тәуелсіздігімізді алдық.

Иә, он алтыншы желтоқсан - қазақ тәуелсіздігінің символы. Дәл осы күн үшін дарядай қан, теңіздей тер төгілді. Осы күн үшін ұлы даламызда үш жүзге жуық үлкенді кішілі қантөгістер мен соғыстар орын алды. Тарих мамандары азаттық жолында төгілген қанның мұнанда көп екендігін алға тартады. Асылында, осыбір ұлы күн үшін батырларымыздың басы оққа тігіліп, арыстарымыз абақтыға тоғытылды. «Алаш» деп жан тәсілім етті.

Он алтыншы желтоқсан - қазақ халқына Алла мейірленген күн. Мейірленгені сол, осы күні алашқа  азаттық таңы келді. 

Енді біз үшін ең ұлық мерекеміз  қаншалықты дәрежеде ұлықталып жүр? Осыбір мәселелеге де азын-ауылақ тоқталып өз пікірімізді білдіре кетсек.

Не десек те он алтыншы желтоқсан  өз-өзімізге есеп беріп,  тәубаға келетін, ең бастысы ұлттың рухани тазару  (катарсис)  күні болуға тиіс. Ол үшін біз төмендегі дүниелерді ел болып бірге атқарсақ деген ниеттеміз.

  • Осы күні біз символикалық тұрғыдан еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін  мешітке барып, азат жолда жанын қиған шаһиттер рухына құран бағыштап, Жаратқаннан еркіндігіміздің баянды, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуын ел болып тілесек деймін. 
  • Бұл күні мемлекеттік телеарналар концерт пен шоу атаулыны толығымен тоқтатып, тарихымызға позитивті призмада қарап, намысымызды жанып, рухымызды тіктейтін тек танымдық бағдарламаларды ғана берсе дейміз.
  • Қасиетті де, қастерлі осы күні мадақ пен мақтанды тақырып қылмай,  елімізде  күнге бүгінге дейін орын алған  келеңсіздіктерді шенейтін, сондай-ақ  еліміздің болашақтағы  прагматикалық  дамуына нақты сараптама жасаған ғылыми публицистикалық жұмыстар мен көркем әдебиетке байқау жарияланса. Ол енді әділ өтсе дейміз...

 

  • Біздің сонау Әбілқайыр ханнан бастап 1986 жылғы жастар көтерілісіндегі жеңілісімізге дейінгі аралыққа нақты ғылыми сараптама жасалып, осыны ашық түрде деректі немесе көркем фильм арқылы көрермен қауымға көрсетсе дейміз (Біздің бұл күнді ұлттың рухани тазару  (катарсис)  күні болуға тиіс деп отырғанымыздың да себебі мінекей, осы ғой).    

Катарсис  дегеннен шығады ғой, егер мемлекет өз тарихында осындай орын алған кемшіліктер мен келеңсіздіктерге дер кезінде тарихи баға беріп, сараптап отырмаса, онда келесіде жүрер прагматикалық бағдарының да кескін-келбетін еш анықтай алмай қалады ғой. Біз қателіктің де шегі мен өз лимиті бар екендігін естен еш шығарып алмасақ екен.

Біз өзіміше осылай дедік...

Әгәрәки, бұған қосымша ой айтып, пікір қосамын десеңіздер тек ғана мархаббат дейміз...

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?