Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жоралғылы жорық

2052
Жоралғылы жорық - e-history.kz
Бөліп-бөліп ұсынылып отыратын бұл жолсапар жазбада қазақтың соңғы ханы Кенесарының басын іздеу экспедициясының жолы анық әрі нақты баяндалады

Сүйегіңді қорлатпа! 

Кенесары ханның сүйегi қай жерде жатыр? 

Елiнiң тәуелсiздiгi, ұрпағының болашағы үшiн отаршылдармен арыстандай алысып, қапияда мерт болған қайран Кенекемнiң мәйiтi қайда жерленген? 

Патша ағзамға сыйға тартылған басы қайда?.. 

Осындай күрмеуi мол күрделi сауалдар шақшадай басымды шарадай етiп, жиi мазалайды. Қанша ойлансам да жауабын таппай дал боламын. Қиналамын. Еңсем езiледi. Рухым жаншылады. Қорланамын... 

Отаршылдар жеңiлдi. Тәуелсiз ел атандық. Бәрi осымен бiттi ме? Жоқ, жан жарасы әлi жазыла қойған жоқ. Жоғарыдағыдай жауабы жоқ сұрақтар қарақотырланған жараның аузын қайта тырнайды... 

Ескi отаршылдар күйрегенiмен, жаңа отаршылдар ауыздарын арандай ашып, тас төбеден төнiп-ақ тұр. Осынау өлара шақта Кене ханды еске алуымыз, рухын жоқтауымыз — заңды құбылыс. Онсыз Кенекемдердiң қанымен суарылып тамырланған Тәуелсiздiк баянды бола ма? 

Кенекем бауырлас қырғыз халқына неге соқтықты? Тектi ұлды бұған итермелеген қандай күш? Неден мүлт кеттi? Қандай жағдайда қолға түстi? 

Ханның басын алған кiм? Патша ағзамға не үшiн сыйға тартылды? Оның астарында қандай саясат жатыр? Бас сүйегiнiң одан кейiнгi тағдыры нендей күй кештi?.. 

«Басы шабылды, iшек-қарны ақтарылып түстi...» деген дерек бар. Ал басы жоқ дененiң одан кейiнгi тағдыры немен аяқталды? 

Бұл сауалдарға нақты жауап беретiн уақыт әлдеқашан жеттi. Оны ешкiмнiң бүркемелеуге, ағайынгершiлiктi көлденең тартуына немесе бiреулердiң шамдануына хақысы жоқ. Өйткенi болған тарих сол күйiнде, бұрмаланбай хатқа түсуi керек. Жоғарыдағы сансыз сауалдарға нақты ғылыми жауап берiлуi тиiс. Сонда ғана әдiлеттiлiк салтанат құрып, тарих халыққа қызмет етедi. Халық тарихтан сабақ алу арқылы өсiп-өркендейдi. Онсыз даму жоқ. 

Өткен тарих үшiн халықтардың алтыбақан алауыздыққа салынуына ешқандай негiз жоқ. Олай болатыны, өткен тарих – өткен тарих. Ата-бабаларымыздың жүрiп өткен жолы, соқпағы, сүрлеуi. Бұл жолда жеңiстермен бiрге жеңiлiстер де, жетiстiктермен бiрге кемшiлiктер де, жақсылықтармен бiрге жамандықтар да болмай қоймайтынын ескеруiмiз керек. «Сүрiнбейтiн тұяқ жоқ, жаңылмайтын жақ жоқ!» Сондықтан қателiктер де болмай қоймайды. 

10b8a7df266a176561e601eeb9284da2.jpg

Қазақстанның халық суретшісі Ә. Ысмайылов жазған Кенесарының портреті

Иә, сонымен, Кенесары ханның сүйегi қайда? 

Хан сүйегiн iздестiру мәселесi тәуелсiздiк алған алғашқы жылдары күн тәртiбiне өткiр қойылып, осы бағытта түрлi экспедициялар да ұйымдастырылған болатын. Соның бiрi қырғыз жерiне де сапар шеккенi жұртшылықтың есiнде шығар. Бiз ең алдымен осы экспедицияның құрамында болған «Атамұра» баспа корпорациясының президентi, ғалым, айтулы кәсiпкер Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаға жолығып, оның нәтижесi туралы айтып беруiн өтiнген едiк. 

– Бұл құрамында Манаш Қозыбаев, Карл Байпақов, Жәкен Таймағанбетов сияқты тарихшы ғалымдар болған iрi экспедиция едi. Бiз онда қырғыздың Тоқмақ деген қаласының маңындағы Алмалысай деген аймақтың төрт жерiнде қазба жұмыстарын жүргiздiк. Өкiнiшке орай, көңiл қуантатындай ештеңе таба алмадық. Одан кейiн кейбiр деректердiң iзiмен Омбы мен Санкт-Петербургке барып, iздестiру жұмыстарын жалғастырдық. Тағы да тауымыз шағылды. Кенесарының басы патшаға сыйланған ғой. Оны Шоқан да көрген деген сөз бар. Ол бағытта да түрлi iздестiру жұмыстары жүргiзiлдi. Санкт-Петербургте бiр бас табылды. Бiрақ ол Кенесарынiкi болмай шықты. Ғалымдардың зерттеуiнше, бұл баста шабылған кезде тұлым болған екен. Сондықтан оны жиырмалар шамасындағы қалмақтың ханзадасының басы деп шештiк. Расында да солай болуы мүмкiн. Мiне, осылай Кенесары ханның сүйегiн iздестiру жұмыстары әзiрше өз нәтижесiн бермей тұр, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза. 

Осыдан кейiн академик Манаш Қозыбаевқа жолыққымыз келдi, бiр бiлсе сол кiсi бiрдеңе бiлер деген оймен қызмет бөлмесiне бас сұқтық. Нендей шаруамен келгенiмiздi бiлгеннен кейiн ғалым ағамыз: 

– Қазiр бұл мәселе туралы сөз қозғау керек пе? – деп бастады сөзiн немкеттi ғана. – «Қазақ пен қырғызды соғыстырайын деп жүр» деп Шаханов үстiмнен арыз жазды. Оның үстiне бүгiн сенiмен сөйлесуге уақытым да жоқ. Көрiп тұрсың ғой шаншыла жұмыс iстеп отырғанымды... 

– Ендеше, келесi аптада хабарласайын. 

– Жоқ. Мен – жоспармен жұмыс iстейтiн адаммын. Әр күнiм есептеулi, бос уақытым жоқ. 

– Көп уақытыңызды алмаймын. Бес-ақ минөтiңiздi бөлiп, осы мәселе төңiрегiнде бiр-екi ауыз пiкiрiңiздi айтсаңыз жетiп жатыр. 

– Жоқ. Уақытым жоқ дедiм ғой. – Ол кiсi ашуланған сыңай танытты. – Бұл айда ыңқ етерге уақыт жоқ! 

Пiкiр бiлдiруден қашқақтағаны, әлденеден қорқақтағаны көрiнiп тұр. Неден үрiктi, не үшiн қашқақтады?.. Ол жағы бiзге белгiсiз, Манаш ағаның өзi жауабын бере жатар... 

Ғалымдардың көпшiлiгiнде осындай бiр үрей бар. Шындықты айтудан жасқанады. Жалтақ. Бұл – ғалымның ең басты һәм ең жаман кемшiлiгi. Әрi ғылымның соры! 

20dd4497be7f450dffad63222358cf35.jpg

Қазақстанның халық суретшісі Ә. Қастеев жазған Кенесарының портреті

Иә, сонымен, Кенесары ханның сүйегiн iздестiру, табу не үшiн және кiмдерге қажет? Ұлттық рухтың оянуы мен аруақты бабамыздың алдындағы парызымызды өтеу үшiн және ол өткендерден гөрi қазiргi һәм болашақ ұрпақ үшiн ауадай қажет! Сондықтан бiздiң халық үшiн Кенесары ханның сүйегiн iздеп табу кезек күттiрмейтiн көкейкестi мәселе болуға тиiс. Онсыз еңсемiздiң көтерiлуi, рухымыздың түгенделуi екiұштылау. Ондай ұлттар дәрменсiз саналады. Ал дәрменсiз ұлттың тарих толқындарына шыдас беруi қиын. Сол себептi де қалайда хан сүйегiн iздестiрiп-тауып, туған топырағы – Көкше жерiне алып келiп, арулап жерлеу қажет! Iргелi ұлттар ең әуелi өзiнiң iрi тұлғаларының сүйегiн түгелдеп алады. Рухын түгелдеу үшiн. 

Тағы бiр айта кетер нәрсе, тарихшы М. Әбдiров мырза ханның бас сүйегiн Омбы қаласынан iздестiру керектiгiн тiлге тиек етедi. Ғалымның айтуына қарағанда, «Бұл – бүлiкшi Кенесары Қасымұлының бас сүйегi» деп жазылған жазуы бар тақтайша Омбы қаласының мұражайында бертiнге дейiн сақталған көрiнедi. Осы дерек-дәйектемелердiң соңына шам алып түсер бiр зерделi зерттеушi табылса және оған мемлекеттiк тұрғыдан қаржылай қолдау көрсетiлiп, қадағалап отырса, Кене ханның басы табылып қалуы да мүмкiн. Бұл – бiздiң баба аруағы алдындағы азаматтық борышымыз. Тәуелсiздiк алып, дербес мемлекет атануымыз да осындай жаужүрек ұлы тұлғалардың есiмiмен тығыз байланысты. Егемендiктiң алғаш iргетасын қалаған да Кене хан секiлдi ел ұландары. Рухы қолдады, аруақтары жебедi... 

* * * 

Қазақтың мойнындағы бұғауды қайтсем үзем, қолындағы кiсендi қайтсем шешем деп күрескен, осы қасиетті жолда жанын пида еткен тағы бiр кесек бiтiмдi тұлға — Мұстафа Шоқай. Бұл кiсiнiң де сүйегi туған елiнен жырақта, сонау Германия жерiнде жатқаны әмбеге аян. Ұлы бабамыздың сүйегiн атамекенiне алып келу туралы мәселе қозғалғалы да бiршама уақыт өткенiмен, әлi күнге дейiн нәтижесiн көре алмай-ақ келемiз. Жалпы Мұстафа Шоқайдың сүйегiн елге алып келiп, қасиеттi Түркiстан қаласына арулап жерлеу жөнiндегi мәселенi ең алғаш көтерген Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы төрағасының бiрiншi орынбасары, жазушы Қалдарбек Найманбаев болатын. 

Жақсы бастама неге аяқсыз қалды? Нелер кедергi болып, кiмдер тосқауыл қойды? Осындай сауалдар тiзбектелiп жалғаса бередi. 

– Бiздiң бұл мәселемен айналыса бастағанымызға үшiншi жылға айналып барады, – дейдi Қалдарбек ағамыз. – 1996 жылдың аяғына таман «Мұстафа Шоқай және шетелдердегi қазақ диаспорасы» деген конференция ұйымдастырдық. Сол жиында ұлт көсемiнiң сүйегiн туған жерге алып келу туралы мәселе алғаш сөз болған едi. Одан кейiн Мұстафаның сүйегi жатқан жерiне барып, зиярат етiп қайттық. Бекей Өзтүрiк деген шырақшысы бар екен. 

Содан iле-шала Түркiстан қаласында «Түркi дүниесiнiң тарихы» атты ғылыми конференция өткiздiк. Жиында елуден аса ғалым баяндама жасап, сөз сөйледi. Намық Кемал Зейбек қатысты. Бүкiл түркi жұртына ортақ тұлғалардың сүйегi қойылатын қабірстан ашу мәселесi де осы кездесуде туындаған едi. Осыған байланысты Түркiстандағы Қазақ-түрiк университетiнiң аумағынан төрт гектар жер бөлiндi. 

1091aaa9f69d9552c8b063091febde1f.jpg

Азаттық күрескері Мұстафа Шоқай

Тағы бiр айта кететiн нәрсе, Мұстафа Шоқайдың көзi тiрiсiнде серiк болған, қайтыс болғаннан кейiн басын қарайтқан адам – жары Мәриям Шоқай. Қазiр ол кiсiнiң сүйегi Францияда жатыр. Мәриям апамыз Мұстафа Шоқайдың үлкен архивiн Францияның Шығыстану институтына өткiзiп кетiптi. Менiң айтайын дегенiм, осы қомақты қорды Қазақстанға алдырып, зерттеу жұмыстарын жүргiзу қажет. Сонымен қатар Мәриям апамыздың сүйегiн де алып келiп, Мұстафаның жанына жерлесек дұрыс болар едi. Бiз бұның барлығын мұсылманшылық жолымен рәсiмдеудi көздеп отырмыз. Өйткенi ислам дiнiнде бұл мәселеге байланысты ешқандай қайшылық жоқ екен. Өзiң бiлесiң, өлiмнен басқаның бәрiнiң ерте болғаны жақсы ғой. Сондықтан бұл мәселенiң тезiрек шешiлуiне бiз де өз үлесiмiздi қосамыз ғой деп ойлаймыз. 

Мұстафа Шоқайдың сүйегiн туған жерге алып келу мәселесi ешқашан ұмытылған жоқ. Ұмытылмайды да. Тек, «сабақты ине сәтiмен» дегендей, орайлы кезiн күтiп жатыр... 

* * * 

Мiне, бiр-бiрiне ұқсас екi тұлға, екi тағдыр. Екеуiнiң мақсат-мүддесi орайлас, таңдаған жолдары бiр. Екеуi де елiнiң мұңын мұңдады, жоғын жоқтады. Елiне теңдiк әперсек деген ниетпен күрестi. Ұрпағының қамын ойлады. Осы жолда бастарын бәйгеге тiктi. Әрине, екеуi де мақсаттарына жете алмады. Бiрақ еңбектерi еш кеткен жоқ. Өздерiнiң халқы алдындағы мiндеттерiн толық ақтады. Өйткенi Кене ханның да, Мұстафаның да өз дәуiрлерiнде бұдан артық жетiстiкке қолдары жетпес те едi. Бiрақ сол аласапыран кезең көзiмен қарасақ, тәуелсiздiк үшiн күрестiң өзi үлкен жетiстiк, iрi жеңiс едi. Себебi ұрпағының рухын оятып, тәуелсiздiк үшiн күресудiң озық үлгiсiн көрсетiп кеттi. Қазақ топырағына еркiндiктiң дәнiн септi. Сол дән қасиеттi топырақта жайқалып өсiп, өз жемiсiн бердi де. Мiне, тәуелсiздiк бiзге өзi келген жоқ, оны бiз осындай ұлы тұлғалардың жебеп-қолдауының арқасында жеңiп алдық. Бұл – тарихи шындық. 

Осынау қос тұлғаның тағдырлары қандай күрделi болса, өлiмдерi де сондай жұмбақ. Кене ханның өлiмi әлi күнге дейiн сырын ашпай келе жатса, қайран Мұстафа 1941 жылы 27 желтоқсан күнi құпия жағдайда Берлиннiң «Кранкенхаус» деген госпиталiнде көз жұмды. Өлiмiнiң себебi әлi күнге дейiн белгiсiз. 

Кiм өлтiрдi? Не үшiн, қандай жағдайда? 

Бұл сауалдарға да әлi нақты жауаптар берiле қойған жоқ. Жабулы қазан жабулы күйiнде қалуда. Оның түйiнi қашан шешiлерi де белгiсiз. 

Екi тұлғаның пешенелерiне жазылған тағдырлары қанша ұқсас дегенiмiзбен, Кенесары ханға қарағанда Мұстафа сәл бақыттырақ. Арулап жерленген. Басы қарайтылған. Кiшкентай болса да ескерткiш орнатылған. Тек бiр ғана қауiп бар. Күндердiң күнiнде атамыздың сүйегi жатқан жер техникамен тегiстелiп, үстiне зәулiм ғимараттар бой түзеуi мүмкiн. Өйткенi өркениеттi елдерде жердiң тарлығына байланысты белгiлi бiр мерзiмнен кейiн зираттарды тегiстеп, жермен-жексен етiп, орнын басқа бiр iске пайдаланатын дәстүр барлығы әмбеге аян. Сондықтан Мұстафадай ұлт көсемiнiң сүйегiн кешiктiрмей туған жерге алып келiп, Түркiстан топырағына тапсыру кезек күттiрмейтiн мәселенiң бiрi болуға тиiс. 

Қазақта «Сүйегiңдi қорлатпа!» деген өсиет сөз бар. Тәндегi жара жазылуы мүмкiн, ал сүйекке түскен таңбаның оңайлықпен кете қоймасы анық. Сондықтан сүйегiмiздi қорлатпаудың қамын осы бастан ойлануымыз керек. 

Қазақ екi нәрсеге ерекше көңiл бөлiп, қатты қадiрлеген. Бiрiншiсi – аруақ. Екiншiсi – ұрпағы. Аруақ – кешегi өткен жолымыз, тағдырымыз, тарихымыз. Ұрпақ – болашағымыз. Ал халық осы екi нәрсеге баса назар аудармаса, түптiң түбiнде ащы зардабын тартатыны бесенеден белгiлi. 

«Өлi риза болмай, тiрi байымайды!» 

Думан Рамазан, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

(Жалғасы бар...)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?