Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жыр алыбы Жамбылмен қайта қауышты

1704
Жыр алыбы Жамбылмен қайта қауышты - e-history.kz
Ресейдің Санкт-Петербург қаласында қазақтың ұлы ақыны Жамбыл туралы кітап жарық көріп, таныстырылымы өтті

2015 жылы 16 қазанда Санкт-Петербургтің Таврия сарайында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықовтың «Жамбыл» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Тұсаукесер Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері – Парламентаралық Ассамблея кеңесінің мүшелері қатысатын «Еуразия тұрақтылығы және әлемнің өзекті мәселелері (Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 70 жыл)» атты халықаралық конференция аясында ұйымдастырылды. 

Санкт-Петербургте қазақ ақыны Жамбыл Жабаевтың есімі қайта жаңғырды: ленинградтықтар ақынның ұлы шығармасын алғаш рет осыдан 74 жылы бұрын естіген-ді. Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына және Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Мәскеудегі «Көркем әдебиет» баспасынан шыққан кітапқа алғысөзді Қазақстанның Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жазуы да бұл еңбектің аса құндылығын көрсетсе керек. 

412df55dc9063e5fc9ffadab8b08b541.jpg

Алғы сөзде жазылғандай, Жамбыл Жабаев туралы кітап ешкімді бейжай қалдырмайды, ойлы оқырманның жүрегіне жол табатынына сенімдіміз. Жамбыл Жабаев тағдырдың қалауына орай ақынға тән міндетті адал орындап кетті – жау қолы Ленинград пен Мәскеу есіктерінің алдында тұрғанда, ол тарихтың ең ауыр кезеңінде көпұлтты және көп миллионды халықтың рухын қолдады: «Ленинградттық, өренім!» атты өзінің теңдессіз өлең жырын жазып, жауынгерлерді жеңіске жігерлендірді. 

Жамбыл ақын жауға қаламмен қарсы шығып, «Ата жаумен айқастық», «Өлім мен өмір белдесті», «Ленинградтық өренім!», «Москваға», «Аттан, батыр, ұрпағым», «Кеңес гвардеецтеріне», «Кеңес жауынгерлеріне», «Майданға хат», «Сыйлық», «Тырналар қайтты көріңдер», «Отан әмірі», «Алынбас қамал», «Балама хат», «Воронеж батырларына», «Ленин өреніне», «Қамал бұзған қаһарман», сынды әрбір өлеңін жауға оқ етіп жаудырды. Өмір мен өлім белдескен шақта ақын қуатты жырларымен кеңес жауынгерлеріне жігер берді. Оның жырлары жыл құсындай болып майданға аттанды. Жауынгерлерге Ленинград, Москва, Сталинград сынды ірі қалаларды жау қолына бермеңдер деген ақын жырларында өршілдік рух басым. 

«Еуразияның тұрақтылығы және әлемнің өзекті мәселелері (Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 70 жыл)» атты халықаралық конференцияға Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ делегациясы арнайы қатысып, Санкт-Петербургтегі Жамбыл ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Содан соң делегаттар мұражайда қосымша ұйымдастырылған тұсаукесердің куәсі болды. Сондай-ақ Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің Шығыстану факультеті оқытушылар құрамы Ресей аудиториясына жол тартқан «Жамбыл» кітабын талқылап, өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?