Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Егемендік туралы декларация. ІІ бөлім

3776
Егемендік туралы декларация. ІІ бөлім - e-history.kz

Осыдан отыз жыл ілкіде «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы» қабылданды. Осы құжаттың негізінде 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігімізге қол жеткізген едік. Бұл заңнамалық құжаттың еліміз үшін атқарған қызметі, қазақ тарихындағы орыны хақында елімізге белгілі заңгер, Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының бұрынғы депутаты Еркеш Қалиұлы Нұрпейісов мырза сұхбат беріп, сол кезеңдердегі болған жағдайларды емен-жарқын баяндап берген болатын.

- Декларацияның міндеті қандай еді? Билікті орталықсыздандыру процесін жылдамдату ма? Экономикалық проблемаларды өңірлерге жүктеп, оларды шешу ме? Немесе қалай болғанда да республикалардың тәуелсіздігі ме?

- Декларация жалпыодақтық билікті орталықсыздандыруда рөл атқаруы керек болды. Барлық шешімдерің одақтық орталықта қабылданатыны республикаларды жалықтырған еді. Сондықтан да орталықсыздандырудың осы мәселелері тым болмағанда экономика саласына, әлеуметтік-мәдени өмір саласына еркіндік берумен байланысты болды. Бір қарағанда, әлеуметтік-мәдени салаға еркіндік беруге де болар еді, алайда партиялық органдар тарапынан цензура болды.

Егемендік туралы Декларация 1990 жылдың қазанынан 1991 жылдың желтоқсанына дейін жасады. Құжат ең аз өкілеттіктермен КСР Одағын сақтауға бағытталды. Одақтық бағыныста, біріншіден, елдің қорғанысы, екіншіден, бүкіл Одақ шеңберіндегі Ұлттық қауіпсіздік, үшіншіден, одақ пен одақтас республикалардың егемендігін қорғау және төртіншіден, сыртқы саяси байланыстар сақталды. Бұл мәселелерді одақтық органдар, қалған барлық мәселелерді одақтас республикалар шешуі керек еді. Сонымен бірге мәселелерді шешкен кезде одақтас республикалар бір-бірімен шарттық қатынастарға түсуге мәжбүр болды. Бұл өкілеттікті кеңейту әрекеті болды. Мемлекеттік егемендік туралы Декларация өзінің міндетін, тарихи миссиясын орындай алмады деп айтуға болады, өйткені Қазақстан басқа саяси шындықта тап болған еді.

- Жұртшылық процеске белсене араласты. БАҚ-та «Демократиялық Қазақстан» тобының «Егемендік туралы декларацияның» балама жобасы ұсынылды. Неге оны қабылдамады. 

- Менің ойымша, бұл мемлекеттік егемендік туралы Декларация саяси тұрғыдан алғанда Қазақстанның егемен республикалар одағының құрамында болуына есептелген қалыпты құжат болды және декларацияда ерекше егемендік құқықтары қарастырылмады, сондықтан да балама жоба қабылданған жоқ. Логикалық тұрғыдан алғанда, декларацияны емес, мемлекеттік тәуелсіздік туралы заңды қабылдау қажет болды. Жоғарғы Кеңестің Төрағасы Серікболсын Әбділдиннің басшылығымен Жоғарғы кеңесте өткен жұмыс тобы отырыстарының бірінде мен декларацияны қабылдаудан бас тартуды ұсындым. Заңгер ретінде мен декларация міндетті құжат емес, тек ниет білдіру екенін айттым. Сондықтан мен басқа одақтас республикалар сияқты мемлекеттік тәуелсіздік туралы заң қабылдауды ұсындым. Содан кейін мен осы декларациядан кейін Қазақстанның халықаралық-құқықтық жоспардағы мәртебесі қандай-да бір түрде өзгермейді, біз халықаралық қатынастардың субъектісіне айналмайтынымызды айттым, дегенмен бізге онсыз да барлық тараптан, әсіресе шетелдік бизнес құрылымдардан жіті назар аударып отырған еді. Соңғы рет талқыланған осы нұсқадағы декларация Қазақстанға егеменді тәртіпте мәселелерді шешуге негіз бермеді. Бұған С.Әбділдин маған: «қазірдің өзінде шешім қабылдануға шақ қалды, біз бүгін соңғы нұсқаны талқылаймыз, артқа шегінуге болмайды, Тәуелсіздік туралы заң қабылдамаймыз»,- деп қарсылық білдірді. Мұндай жағдайда пікірталасқа түсудің еш мәні болған жоқ, бірақ мен дауыс беру кезінде Декларацияны қабылдауға қарсы дауыс бердім. Сәл күтіп, Декларацияның біздің саяси өмірімізге жаңа ешнәрсе енгізбегеніне көз жеткізгеннен кейін мен мемлекеттік тәуелсіздік туралы заң жобасымен жұмыс істей бастадым. Мен Талғат Данақовпен бірлесе жұмыс істедім, ол кезде біз онымен Мемлекет және құқық институтында жұмыс істедік, қазір ол Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы. 1991 жылдың тамызына қарай біз заң жобасы бойынша жұмысты аяқтадық. Бұл жұмысты біз өздігімізден бастадық. Тамыз төңкерісінен кейін егемен республикалардың жаңа одағы болмайтындығы белгілі болды. Мемлекеттік тәуелсіздік туралы заң жобасы Жоғарғы Кеңестің депутаты Сұлтан Сартаевтың қарауына жіберілді. Ол депутат ретінде заң шығарушылық бастамаға ие болатын, және заң жобасын Парламентке енгізді. Бірақ процедуралар ұзаққа созылып, заң жобасы уақытында қаралмады. Сартаев заңның уақыты келмегенін, жобаны әлі де болса қайта қарау керектігін айтты. Біз де оның соңғы нұсқа еместігін, депутаттар құжатты талқылай бастағанда біз бірден араласамыз деп ойладық. Барлық жағдай Нұрсұлтан Назарбаевтың біздің заң жобамыз туралы естігенінен және Беловеж орманынан Алматыға оралғаннан кейін бірден талап етіп, оны күн тәртібіне шығаруды ұсынғанынан тұрады. Заң жобасы Жоғарғы Кеңестің күн тәртібіне шығарылып, біз берген түрінде қабылданды.

 Біз талқылаймыз деп ойладық қой, алайда ол қажет болмай шықты. Ең бастысы - бұл Заңда Қазақстан басқа мемлекеттермен қарым-қатынастарын халықаралық құқықтық нормалар негізінде құратын дербес, егемен, тәуелсіз мемлекет болып табылатыны жазылған еді.

Сол күні Қазақстан халықаралық құқық субъектісі ретінде әлемдік қауымдастыққа қабылданды. Сол күні Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып Түркия президенті таныды. Бізге керегі де осы еді!

- 1990 жылы қарашада Декларация негізінде «Қазақ КСР-індегі мемлекеттік билік пен басқару құрылымын жетілдіру туралы» Заң қабылданды. Президент атқарушы биліктің басшысы болды, Министрлер Кеңесі Министрлер Кабинеті болып қайта құрылды. Биліктің мазмұны өзгерді ме?

- Декларация конституцияға үлкен өзгерістер енгізуге түрткі болды. Декларация президентке немесе жоғарғы кеңеске ерік беріп, одақтас органдардың құрсауынан босатты. Біз өз егемендігіміз туралы жарияладық, мейлі ол бірқалыпты, шектеулі болса да жария еттік. Сондықтан осы егемендік аясында мемлекеттік органдар қайта құрыла бастады. Рас, бұл қайта құру декларация қабылдағанға дейін, 1990 жылдың сәуірінде, Президент лауазымы құрылған кезде басталған еді. Бұл үкімет құрылымындағы өте күрделі өзгеріс болды. Осы заңмен бірінші кезекте үкімет министрлер кабинеті болып өзгертілді. Бұрын Министрлер кеңесі болған, бірақ біз барлық кеңестіктен бас тартқымыз келіп, үкіметті министрлер кабинеті етіп өзгерттік. Президент пен Үкіметтің аппараттары біріктірілді. Президент осы жерде-ақ Мемлекет басшысы мен атқарушы биліктің басшысы ретінде белгіленді.

"Министрлер Кабинеті" терминіне келетін болсақ, Министрлер Кеңесінің атауын осылай өзгерту сәтті болмағанын атап өтемін. Кейбір елдерде министрлер кабинеті – үкімет дегенді білдірмейді, бір жерлерде министрлер кеңесі, министрлер комитеті т.с.с деп атайды. Алайда үкіметте негізгі министрлер тобы болады, міне, соларды министрлер кабинеті деп атайды. Бұл заң іс жүзінде кеңессіздендіру процесін бастады. Жоғарғы Кеңес сол кезде президентке і өкілеттіктерді бөліп-бөліп берді. Алайда, президенттік вертикалды құру тенденциясы сол кездің өзінде-ақ байқалған еді. Бұл қайдан көрінді? Жергілікті жерлерде облыстық кеңестер, Алматы қалалық Кеңесі Жоғарғы Кеңестің қарамағында болды, президенттің оларға қатысы жоқ еді. Бұл кеңестердің атқарушы органдырының кең желісі болды, бұл атқарушы органдар да президенттен алшақ еді. Егер бұрын премьер-министрді тағайындау, үкімет құрамын құру Жоғарғы Кеңестің бастамасымен және шешімімен жүзеге асырылған болса, онда бұл жерде құру туралы бастама президентке тиесілі болды, бірақ оның ұсынысын мақұлдау Жоғарғы Кеңесте қалды. Басқару құрылымдарының біртіндеп өзгеруі басталды. Ең бастысы, Президентке облыстық кеңестердің төрағасын қызметінен босату құқығы берілді. Бұл өте салмақты альтернатива болды: егер оның кез-келген облыстық кеңестің төрағасын босатуға құқығы болса, демек олар арқылы ол өз саясатын жүргізе алады. Осылайша, ол қалай болғанда да, жанама ықпал ете алатын. Бұл кеңессіздендіру процесінің басы болды. Алайда сол кезде бұның өзекті болғанын естен шығармау керек. Қоғамдағы қарама-қайшылықтарды бөлетін күйреу, белгісіздік, перспективаның болмауы кезінде жеке биліктің мұндай күшеюі түсініксіз болды. Президент лауазымының орнауымен коммунистік партия саяси жүйенің өзегі ретіндегі өзінің артықшылықты жағдайынан айырылып, басқа саяси бірлестіктермен тең дәрежеге түсті.

- Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 18 қазандағы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Жарлығымен 25 қазан Қазақстан Республикасының Ұлттық мейрамы - Республика күні болып жарияланды. Алайда, 2009 жылы 22 сәуірде «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР Заңына түзетулер енгізіліп, оған сәйкес Республика күнін атап өтудің күші жойылды. Көріп отырғаныңыздай, мемлекеттік мейрам болмағандықтан, бұл оқиға біртіндеп өзінің тарихи маңыздылығын жоғалтуда. Мүмкін құжаттың қазақстандық мемлекеттілікті қалыптастырудағы маңыздылығын ескере отырып, оның мәртебесін қалпына келтіру керек шығарз?

- Мен "Республика күні" мерекесінің жойылуымен басынан бастап-ақ келісемін. Республика деген не? Республика – бұл егемен мемлекет. Шын мәнінде Декларацияға сәйкес, ешқандайда егемен мемлекет болған емес. Америкада штат штат деп аталады, Техас Техас Республикасы деп аталмайды, өйткені ол федерацияның субъектісі, ал бұл егемендігі жоқ ұйым. Біріншіден, оның егемендігі болмағандықтан, кейбір атрибуттары болғанымен, ол енді мемлекет емес. Екіншіден, мемлекеттік тәуелсіздік туралы заңның қабылдануы, әсіресе 1995 жылғы Конституция заңының қабылдануы, республиканың басқа көрінісін білдіреді. Егемендік туралы декларацияда көрсетілген республика емес. Сондықтан республиканы сол актіге байланыстырудың мағынасы жоқ. Менің ойымша, егер саяси-құқықтық тұрғыдан бұрынғы заңды қайталайтын немесе нақтылайтын жаңа заңдар қабылданған болса, онда бұрынғы заң өз күшін жоғалтады. Сондықтан Тәуелсіздік туралы заңның қабылдануымен Егемендік туралы декларация өзінің заңды күшін жоғалтты. Сондықтан, меніңше, мұндай байланыс, тіпті тарихи болса да, орынсыз болып көрінеді.

- Еркеш Қалиұлы, көп рахмет, сізге алдағы уақытта да шығармашылық табыс тілейміз! 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?