Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлытаудың ежелгі тау-кен ісі мен металлургиясы

2493
Ұлытаудың ежелгі тау-кен ісі мен металлургиясы - e-history.kz

Ежелгі металлургияның жылдам дамуының негізі мыс еді. Бұл металл қазақ жерін әлемдегі тау-кен, металлургия орталықтарының біріне айналдырды. Евразия аумағында көне металлургия өндірісінің пайда болып, дамуы барысындағы ірі орталықтардың бірегейі – Орталық Қазақстан болып табылады. Археология мен топонимика деректері бұл жердің мұрасы ежелден-ақ тау-кен орындары және металлургия өндірісімен тығыз байланысты екендігін куәландырады. Сарыарқаның мыс кеніштері Жезқазған, Кенқазған, Қоңырат, Жездінің тарихи мәні өз зерттеушілерін қызықтырары анық. Осындай іргелі кешендердің бірі Жезқазған өңірінде орналасқан.

Қола дәуірі, соның ішінде Беғазы-Дәндібай дәуірінің мәдениеті басқа кезеңдермен салыстырғанда ірі металлургиялық ошақтардың пайда болуымен ерекшеленеді. Металлургияның тез дамуы өз кезегінде өндіруші күштердің жедел жетілуіне, қоғамда шаруашылық салалар бойынша маманданудың күшеюіне, сонымен қатар, қоғамдық өмірге де ірі өзгерістер әкелді. Сондай өзгерістер қатарында(жерлеу құрлыстары негізінде) рулық қауым ішінде мүлік теңсіздігін айқын көрініс табуы байқалады.

Орталық Қазақстанның көне металлургиясы және шикізат тарихы жайындағы деректер Қазан төңкерісіне дейінгі саяхатшылар, ғалымдардың еңбектерінде бар. С.А. Попов өз кәсібін негізгі Орталық Қазақстанның шығыс бөлігінде (Баянауыл және Қарқаралы өңірлері) жүргізді. Н. Рычков күнделігінде (1771ж) Ұлытау маңында Жезді-Кенгір өзені аңғарында көп мөлшерде мыс орындары кездесетінін жазған. ХІХ ғасырдың 30 жылдарынан бастап, Ресейлік кәсіпкерлер мен барлаушылар кен орындарын ашумен, зерттеумен шұғылданады. С.Г.Белл 1910 жылы кен орындарын зерттегенде, Жезқазған алқабындағы ежелгі кеншілер 1 млн тонна руда шығарып, одан 10 мың тонна мыс алынғаны жайында мағұлмат берген [1, c. 169–173].

ХVIII–XIX ғғ. И.П. Шангин, Б.Ф. Герман, П.С. Паллас, П.И. Рычков, А.И. Шренк, В.В. Радлов сияқты авторлардың еңбектерінде тау-кен ісі жөнінде көп мәліметтер бар. Бұл ғалымдардың еңбектері бүгінгі таңға дейін өз маңызын жоғалтпаған [2, с. 74].

XX ғасырдың 30 жылдарында тұңғыш рет академик Қ.И. Сәтбаев бірқатар мақалаларында Жезқазған көне және орта ғасырларда металлугия мен кен ісінің ірі орталықтарының бірі болғандығын атап өтті. Оның Жезқазған көне өндіріс орталығы екендігі жайындағы пікірлерін екінші дүние жүзілік соғыстан кейін өңірде қазба жұмыстарын жүргізген Ә.Х. Марғұлан мен Н.В. Валукинский дәлелдеді.

Бұл өлкенің көне металлургиясына байланысты материалдарды осы саланың маманы С.А. Берденов өз еңбегінде жинақтап қорытты.

Жезқазғанның ежелгі кеніш орыны Қарағанды облысы Жезқазған қаласынан батысқа қарай отыз шақырым жерде орналасқан ірі кешен болған. Өткен ғасырдын 30 жылдарының басына дейн Жезқазғанның төрт жүздей ежелгі кеніштері және ежелгі кен қазушылар мен металлургтер қоныстарының орындары сол қалпында сақталып келген. Мұның барлығы кейінгі жылдары карьерлерде жүргізілген жұмыстар нәтижесінде жойылды. Сондықтан 90-жылдардың басында ашылған ежелгі металлургтердің қонысы – Талдысай нағыз ғылыми жаналық болды.

1.jpg

 Сурет – Талдысай қола дәуірі металлургтерінің қонысындағы қазба жұмыстары

Жезқазғанның металлургиялық және кен ісінің көне ескерткіштерінің тарихы мәселелерін қарастыру тарих ғылымында көкейкесті тақырыптардың бірі болып табылады. Мұны біріншіден тақырыптың маныздылығын Жезқазған аймағының көне тарихын тану арқылы,қазақ жерінің өткенін білуге жетелуінен,екіншіден өлкедегі автохонтты тұрғындардың материалдық мәдениетінің пайда болып қалыптасу тарихын білу арқылы олардың антропологиялық құрылымын қайта келтіруге маңыздылығынан, үшіншіден тақырыптың аз зеріттелуімен түсіндіруге болады.

Қола дәуірінде адамзат қоғамының дамуында көптеген түпкілікті өзгерістер әкелді. Оның ішінде малшаруашлығы , жер өңдеу , металлургия және руданы өндіру, металдан қоладан еңбек құралдарын және қару мен әшекей дайындау, тұрғын үй салу дамыды. Сонымен қатар адамдардың рухани өміріне бірқатар өзгерістер енгізіле бастады. Бұның барлығы жерлеу ғұрптық және алғашқы қауымдық дүниетанымдағы мифологиялар және басқа өмір туралы концепциялар адам өміріне өзергістер енгізді.

Металл балқыту ісі көне металлургия білім мен біліктілікті, мол тәжірибені талап етті. Мұның барлығы от шеберіне көнеден бері ерекше құрмет және үлкен қорқынышпен қарауға итермеледі. Металлургия сырын тайпа ішіндегі тек қана арнайы бірнеше адам білгендігі этнографиялық деректерде кездеседі, сондай-ақ аталған адамдар ғана мыспен басқа металлдарды балқытуға құқылы болған. Бұл құбылыс құпия түрінде болған және шебер оны тандаулы адамға ғана үйреткен.

Көне қоғамда металл қорытуға қатысты көптеген ғұрыптық жоралар жасалған,яғни ғұрыптардың тазалығы тікелей әсер ететініне сенімді болған тұрғындар жаңа салынған пештерді қасиеттеп , астына сиқырлы заттарды көмген. Ал, малшылар құрбандыққа мал шалған деген болжам да жасауға болады. Осындай ғұрыптар мен жоралғылар жүйесі таза өнім алуға бағышталған. Металл қорыту жұмысы күрделі тыймдармен де белгілі, мысалы Африкадағы зулус металлургтері кен қорытуды адам жүрмейтін тасаларда жүргізген, себебі олардың жұмсытарын ешкім көрмеуге тиіс болған. Сондай –ақ, металлдың таза өнімін алу үшін руданы адамнын майымен аластау керек деген үғым бар, ал ол үшін адамды құрбандыққа шалған. Сондықтан да, металлургтерден айналадағылар қорқып, ұстаханаларды мүмкіндігінше айналып өтетін болған. Ал ,егер де, металл қорыту техникалық себептерден дұрыс өнім бермеген болса, онда ғұрыптар дұрыс жасалмаған немесе металлург рухтарға жақпаған деген пайымдармен түсіндірген [3].

Қарағанды облысы Ұлытау ауданында орналасқан Талдысай металлургиялық қоныс орны көне кеншілер металлургтар өмір сүрген елді мекен, металл балқыту ісі мен басқадай қолөнерлер өркендеген өз заманының ірі шаруашылық өндіріс орталығы. Бұл жердегі археологиялық зерттеу жұмыстары 1994 жылдан басталған. Нәтижесінде шахталық типтегі пеш орындары, тұрғын үй -өндірістік кешендері, құрбандық алаңдары анықталған болатын. Металлургиялық қоныс орнында   құрбандық шалудың бірнеше түрлері ашылды. 1) Металлургиялық жұмсытардың кезекті цикылының басында берілетін құрбандықты металлургиялық шұңқырлар мен ошақтардың жанындағы еденнің кішігірім куыстарында жатқан төрт қозының қаңқасы сипаттайды: 2) Уйді тұрғызар алдында, не болмаса кешеннің қызмет көрсеті барсында жасалған құрбандық жануар сүйектері мен еңбек құралдары түрінде көрсетілген. Заттар тұрғын үй шеберханасының қабарғасы түбіндегі екі шаруашылық немесе құрбандық шұңқырларына жайғастырылған; 3) Үй-шеберхананы қалдырар кезде жасалған құрбандықа сатылы қабырғаға жануар сүйектері мен бір шоқ мыс кені және қабырға түбіне араластырып сүйек пен тас бұйымдары қойылған.

2.jpg

Сурет – Талдысай қола дәуірі металлургтерінің қонысындағы құрбандық орындары

Шығыс тұрғын үй өндірістік кешенінің оңтүстік –шығыс және солтүстік - батыс секторларында шартты түрде оңтүстік және солтүстік деп аталған екі құрбандық алаңы ашылды. Онда кезінде ірі қара сиыр малы және ұсақ малдың тұтас және бөлшектелген сүйектері анықталған. Малдардың тұтастай және және бөлшектенген сүйектерінің дене бөліктері шұңқырдың бетіне де , шығыс металлургиялық шұңқырдың түтіндігінде де қойылып отырған. Түтіндіктен солтүстікке қарай жануарлармен бір мезгілде немесе біраз уақыт үзілісінен кейін жерленген жұптасқан екі адамның қабірі ашылды. Басы батысқа қараған оңтүстік және басы оңтүстікке солтүстік мүрделер бірінің артынан бірі қол аяқын баурына алған күйінде жерленген. Солтүстік мүрде оңтүстік мүрденің аяғыда етпетінен қойылған. Шығыс металлургиялық пештің үстіндегі ірі малдың бас сүйегінің жанында төменгі жағы жоқ адам бас сүйегі жатты. Бұл жағдайдағы құрбандық металлургиялық өндірістің тоқтауымен және тұрғыдардың үйді қалдырып кетуімен байланысты болған. Өйткені сүйектердің орналасу сипаты кешеннің одан әрі қарай жұмыс істеуінің мүмкін еместігін көрсетіп отыр. Құрбандар үй –шеберхананың едені мен металлургиялық металлургиялық кешенді жайып тұрған қабатта орналасқан. Құрбандыққа тек қана жануарларды ғана емес, шамасы адамдарды да, еңбек құралдары мен ыдысты да қойған. Жануар сүйектерінің арасында сүйек пен тастан бұйымдар айтарлықтай көп. Талдысай қонысындағы ежелгі құдыретті күш белгілері ен алдымен металлургиялық өндіріспен байланысты болды [4].

Көне кеніштер қазіргі кезге дейін көне металлургтардың мекені ретінде қоныстар күйінде сақталған, қоныстардың бірі Талдысай. Бұл қоныстың мәдени қабаттарынан металлургияға қатысты көптеген мұралар табылды.

*ұсынылған мақала Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің қолдауымен жасалды (жобаның ЖТН-ы AP08052757)

Әдебиеттер:

1. Маргулан А.Х., Акишев К.А., Кадырбаев М.К., Оразбаев А.М. Древняя культура Центрального Казахстана. – Алма-Ата: «Наука», 1966. 455 с.

2. Маргулан А.Х. Бегазы-Дандыбаевская культура Центрального Казахстана. – Алма-Ата: Наука КазССР, 1979. — 360 с. с ил.

3. Құрманқұлов Ж.К., Ермолаева А.С, Ержанова А.Е. Талдысай қонысы көне металлургия ескерткіші. – Алматы, 2012.

4. Артюхова О.А., Курманкулов Ж., Ермолаева А.С., Ержанова А.Е. Комплекс памятников урочище Талдысай. – Алматы, 2013.


Искаков А.Ш.

«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының ғылыми қызметкері

Бирмуханова А.У.

Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының ғылыми қызметкері

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?