Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Түркі жұртының текті тұлғасы

2556
Түркі жұртының текті тұлғасы  - e-history.kz

Заманында Бірінші Дума депутаты, «Ғалия» медресесінің құрылтайшысы болған Сәлімгерей Жантөриннің атын білгенмен затын білмейміз. Оның да жөні бар, себебі Сәлімгерей Уфада туып, сол жақта дүниеден өтті. 

Мұстафа Шоқай Түркістан халықтарының тәуелсіздігі үшін қызмет етсе, Сәлімгерей Жантөрин барша түркі тілдес мұсылман жұртының мүддесін қорғады.

ХАН ТҰҚЫМЫ

Сәлімгерей – 1747-1758 жылдар Хиуаны билеген Қайып ханның ұрпағы. Қайыптан Жәңгір, одан Жантөре, одан Ахмет, одан Сейітхан (Сейіткерей), одан Сәлімгерей тараған. Сәлімгерейдің атасы Ахмет Жантөрин – Бөкей ханның жиені. Әкесі Жантөре Бөкей хан Нұралыұлының қызы Кәзікені алған. Ахмет 1841-1851 жылдары Кіші жүз қазақтары Шығыс бөлігінің сұлтаны болды. Полковник шенін алды. Қазақтың ауыз әдебиетін жинақтауға атсалысты. Шоқан Уәлихановпен жақсы араласып, Шоқанның Едіге жырын зерттеп, орыс тіліне аударуына себепкер болған екен. Тіпті Ахмет Жантөрин Шоқанға қызы Ғазизаны ұзатпақ болған көрінеді. Алтынсарин бастаған көптеген қазақ жастарының білім алуына жағдай жасаған. Ахметтің ұлы Сейітхан да полковник шенін алды. Ол да әкесі секілді ауыз әдебиеті үлгілерін жинады. Сейітхан Жәңгір хан Бөкейұлының қызы Хадишаны алған. Екеуінен осы Сәлімгерей туды. Яғни Сәлімгерей Жәңгір ханның жиені.

 

ахмет ж..jpg

Ахмет Жантөрин


Жалпы Жәңгірдің Зылиха, Хадиша және Тайша деген (Фатимадан туған) үш қызы болды. Үшеуі де Орынборда оқып, жоғары білім алды.

Зылиха Жәңгірқызы Орынбор мұсылмандары діни басқармасының мүфтиі болған Сәлімгерей Тевкелевке (1805-1885) тұрмысқа шыққан. Осы Сәлімгерейдің ағасы Сейіткерейдің Суфия деген қызын Сәлімгерей Жантөрин өзіне жар қылды.

БІРІНШІ ДУМА ДЕПУТАТЫ

Сәлімгерей Жантөрин 1864 жылы Уфа губерниясында дүниеге келді. Орынбор гимназиясын, Мәскеу университетінің физика-математика және Петербор университетінің заң факультеттерін бітірді. Алғашқы қызметін Уфа губерниясында судья, земство бастығы, губерниялық кеңес мүшесі секілді жауапты қызметтер атқарудан бастады. Кейін саяси жолды таңдап, автономияшылар одағын құрды, кадеттер партиясына өтті. Сәлімгерей негізінен мұсылман түркі жұртының баянды болашағы үшін тер төкті. Отаршылардың орыстандыру, шоқындыру саясатына қарсы болып, халықты, жерді, дінді қорғады. 1905 жылдан бастап Патша үкіметіне қарсы шығып, саясаттағы сара жолын қалыптастырды.

1906 жылы Бірінші Мемлекеттік дума құрылғанда Қазақ даласынан шыққан тұңғыш төрт депутат Ахмет Бірімжанов (Торғай облысы), Алпысбай Қалменов (Орал облысы), Әлихан Бөкейхан (Семей облысы) және Шәймерден Қосшығұловпен (Ақмола облысы) бірге, Дума депутаты (Уфа губерниясы атынан) болды.

Сәлімгерей Думада мұсылман жұртшылығының маңызды мәселелерін көтерді. Осы бағытта түркітілдес мұсылман халқының бірігіп тізе қосуын қалап, Бүкілресейлік мұсылмандардың алғашқы съезін ұйымдастырғандар қатарынан табылды. Бұл съезде империяның отаршыл саясаты, мұсылмандардың құқының тапталып жатқаны ашық айтылды. Өкінішке қарай Бірінші Мемлекеттік дума күшпен таратылды. Осыған байланысты 1906 жылдың шілдесінде бірқатар депутаттар Териокиде жиналып, әйгілі Выборг үндеуіне қол қойды. Олардың қатарында екі қазақ Әлихан Бөкейхан мен Сәлімгерей Жантөрин болды. Олар үндеуге қол қойғаны үшін 3 айға түрмеге қамалып, бұдан былай Думаға мүше болу құқынан айырылды.

нннн.jpg 

1906 жылы Петерборда өткен Бүкілресейлік мұсылмандардың екінші съезі. Суретте үшінші қатарда сол жақтан екінші – Сәлімгерей Жантөрин, осы қатарда сол жақтан тоғызыншы – Уәлитхан Танашев.

ИТТИ­ФАҚ ӘЛ-МУСЛИМУН

Үшінші мұсылмандар съезі қарсаңында «Итти­фақ әл-муслимун» (Мұсылмандар одағы) партиясы құрылды. Осы съезде партияның қарары қабылданып, орталық комитеті сайланды, бірқатар қалалардан бөлімшесі ашылды. Партияның қарарында мұсылман балаларына арналған мектептер ашу, қазақтардың діни істерін Орынбор мүфтилігіне беру секілді бағыттар болды.

«Иттифақ әл-муслимун» партиясы Думадағы 24 мұсылман депутаттың басын біріктіруге ұйытқы болды. Партия сол кездегі Ресейдегі 20 миллионға жуық түбі түркі, діні мұсылман қауымының мүддесіне қызмет етті. Ғалимардан Топшыбаев – Фракция төрағасы, ал Сәлімгерей Жантөрин бюро мүшесі болып, аграрлық және реттеу комиссиялары құрамына кірді. 

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚЫРЫ 

Деректерде Сәлімгерейдің ірі жер иеленуші, меценат болғаны айтылады. Думаға мүше болу құқынан айырылған Сәлімгерей өзінің Уфадағы жерінің бір бөлігін Петербор университетінің студенті Мұстафа Шоқайдың атына жазып, Мұстафаны жер иеленуші ретінде келесі Дума сайлауына қатыстыруды жоспарлады. Алайда бұл жоспар іске аспады. Сәлімгерей ұлт қажеті үшін осындай көзсіз ерліктерге барудан тайынбады. Тек қазаққа ғана емес, түркі жұртының бәріне де шарапатын тигізді. Жапонияға Ислам дінін жеткізген дін қайраткері Абдурашид Ибрагимовтің «Автономия яки идараи мөхтәрият» (Петербор, 1906 жыл) кітабының шығуына осы Сәлімгерей ықпал еткен болатын.

 ееее.jpg

Суфия Тевкелева-Жантөрина

Сәлімгерей Жұбайы Суфия екеуі қайырымдылықтан қаржы аямады. Қаншама Алаш арысын ұшырған, олардың қайраткер болып қалыптасуына септігі тиген «Ғалия» медресесін тұрғызуда табанды еңбек етті. Деректерде «Ғалия» медресесі құрылысына қажетті 42 мың рубльдің 18 мыңын осы Жантөриндер отбасы құйғаны айтылады. Сәлімгерей сондай-ақ «Ғалия» медресесі Қамқоршылар кеңесінің төрағасы болып, медресенің бүкіл ішкі қажеттілігін өтеп беріп отырды. Профессор Нұрбек Шаяхметов: «Сәлімгерей Жантөрин медресенің ішкі жұмыстарына басшылық жасады. Содан болар, көптеген қазақтар балаларын дәл осы «Ғалия» медресесіне беруге асықты. «Ғалия» медресесінен әр жылдары Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин, Сәбит Дөнентаев, Жиенғали Тілепбергенов, Абылай Рамазанов, Нұғыман Манаев, Манан Тұрғанбаев, Мұхаметғали Оразаев, Мұстақым Малдыбаев, Тайыр Жомартбаев, Ғабдулхамит Қайыров, Түсіпбек Темірбеков, Нығметолла Күзембаев және тағы басқа қазақ қоғамына еңбегі сіңген танымал тұлғалар түлеп ұшты» деп жазады. Сәлімгерей «Ғалия» медресесіндегі ғана емес, басқа да оқу орындарында оқыған қазақ жастарынан қаржылай көмегін аямады.

Ол сондай-ақ Уфадағы Мұсылман қайырымдылық қоғамының төра­ғасы, Мұсылман қарттар мен жетім балалар үйі қамқоршылар кеңесі мен Мұсылман кедейлер жөніндегі қамқоршылар басқармасының мүшесі болып, ақша аударып отырды. Петербордан шығатын татар тіліндегі «Миллет», «Мұсылман әлемі» («Әл-Ғалами әл-Ислами») газеттерін қаржыландырып, қолғабыс жасады. 

КЕЙІНГІ ӨМІРІ 

Қазақ зиялылары Алаш үкіметін құрған кезде Сәлімгерейдің де зор қолдау көрсеткені айтылып жүр. Алаш қозғалысы таратылғаннан кейін Сәлімгерей большевиктердің қысымымен саясаттан біртіндеп ығыстырылды. Кейінгі өмірінде Иркутск, Мәскеу, Қазан қалаларында қарапайым қызмет істеді. 1926 жылдың көктемінде 62 жасында дүние салды.

Жары Суфия Тевкелева Түркияға емделуге барып, 37 жасында сол жақта қайтыс болыпты. Деректерде Сәлімгерей мен Суфияның үш баласы болғаны айтылады. Қыздары Сара мен Зағира, бірі дәрігер, екіншісі мұғалім болған. Екеуі де Мәскеуде тұрған. Ұлы Жәңгір Жантөрин әскери қызмет істеген. Түркия ауып кеткен көрінеді. Соған қарағанда Сәлімгерейдің ұрпақтары Түркияда болуы әбден мүмкін.

ррр.jpg 

 

БІР СУРЕТТІҢ БАЯНЫ 

Сәлімгерей Жантөриннің Бірінші Дума депутаты болған кезінде түскен жалғыз-ақ суреті бары белгілі. Ал мына суретті жақында Қазан қаласындағы техникалық музей директоры Маргарита Бадрутдинованың кітабынан кезіктірдік (Кітаптағы Сәлімгерей суреті өте сапасыз екен. Сондықтан арнайы бағдарлама көмегімен тазаладық).

Айтайын дегеніміз, осы суретте Сәлімгерей әпкелі-сіңлілі татар қыздары Маги-Парваз және Сарамен бірге түскен екен. Маргарита Бадрутдинованың жазуынша, бұлар татардың белгілі ағартушысы Шахбаз-Гирей Ахмеровтің қыздары екен. Шахбаз-Гирей Ахмеров Маржани мен Радловтың қамқорлығын көрген, 1885-1890 жылдары татар, башқұрт және қазақ мектептерінің инспекторы, кейін кеңесші (статский советник) болған. Ал қыздары Маги-Парваз және Сара Петербор университетінен жоғары білім алған. Маги-Парваз татар қыздарынан шыққан алғашқы гинеколог болса, Сара татарға белгілі заңгер болған көрінеді.

  

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?