Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Қабуснамадағы» педагогика және шешендік өнер хақында

1687
«Қабуснамадағы» педагогика және шешендік өнер хақында - e-history.kz

«Қабуснама» һәм Кайқаус

«Қабуснама» – 1082-1083 жылдары жазылған туынды. Оның сол заман үшін аса құнды педагогикалық мәні болды.

Х-ХІІ ғасырда Орта Азия мен Иран өлкесінің феодалистік қоғамы едәуір өркендеп, мәдениеті мен әдебиеті, оқу мен білімі кемелдене түсіп, саяси-экономикалық, мәдени жағынан өсті. Бұл кезеңдегі тұрғындар түрік және Иран мәдениетін арабтың және араб тілі арқылы келген грек, Рим мәдениетін, іргелес үнді мәдениетін сіңіріп қорыта білді. Келесі жағынан саяси, таптық, ұлттық мәдени-әдеби тіл қайшылықтары шиеленіскен орталық болды. Бұл жағдай бүкіл адамзаттың мәдениеті мен әдебиетіне, ғылымына үлкен үлестер қосқан, байытқан алып тұлғаларды дүниеге әкелді.

Әбілқасым Фердоуси, Абу-али-Ибн Сина, Омар Хайям, Абдулхасан Рудаки, әл-Фараби, Насир Хисрау, Абурайхан әл-Бируни, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет Яссауи, Мұхамед Хорезми, Баласағундық Жүсіп, Ахмед Югенеки, Насыр Хисрау, Низамул Мүлік сияқтылардың ғылыми еңбектері мен түрлі әдеби шығармалары сияқты «Қабуснама» да Х-ХІ ғасырдағы өз өрнегін сала білген өзгеше туынды.

«Қабуснаманың» авторы – Кайқаус. Ол Каспий теңізінің оңтүстік жағалауында мекендейтін Гилан ру-тайпасындағы ұсақ феодал отбасында 1021-1022 жылдар шамасында өмір есігін ашқан.

«Қабуснаманы» Кайқаус 63 жасқа келіп қартая бастаған тұста өзінің ұлы Гиланшахқа арнап өсиет ретінде жазады. Шығармада өзінің қартайғанын баяндай келіп: «Менің дүниедегі жиып-терген ең қымбат асыл заттарым – саған арнап жазған осы үгіт-насихат кітабым»,– дейді.

Барлық қоғамдар секілді феодалдық кезеңде де бала тәрбиесі, мінез-құлқы, этика мәселелеріне қатты мән берген. Алайда бұл шығарма бірінші кезекте әкенің тек ұлға арнағаны болса, екінші кезекте дәстүр боп келе жатқан ортағасырлық феодалдық жүйені қорғауды міндет еткен, соны өсиет еткен шығарма. Көптеген тұстарында бүгінгі қоғам қабылдай алмайтын өсиеттер кездеседі.

Қайқаустың атасы Шамсал Маолий Қабус қатал, зұлым болды және өз заманындағы феодал үстемдігіне қажетті барлық ілімдерді үйренді. Ол әрі әдебиетші, әрі фарсы, араб тілінде өлеңдер жазатын ақпа ақын болатын. Классикалық араб әдеби тілінде жазылған «Намалардың» авторы болумен қатар, өз қол астына белгілі әдебиет пен мәдениет, ғылым қайраткерлерін топтастырды және Жүржани қаласын ірі мәдениет орталығына айналдырды.

Кайқаус та өз заманын тани білген, көп жағдайынан хабары бар зиялы боп өсті, өз дәуірінің білімділерінің қатарында болып, музыка және табиғаттану іліміне зор құштарлық танытты. Оның сол кезеңде жақсы дамыған ғылымдардан хабардар болғаны автордың «Қабуснама» шығармасынан байқалады.

Кайқаус «Қабуснаманы» жазар алдында өзінен бұрын өткен ғалымдар мен зиялылардың шығармаларымен кеңінен танысады. Өткен дәуірде жазылған педагогикалық шығармаларды оқып шығады, өз дәуіріндегі мәдени орталығы бар мемлекеттермен танысады. Бұхар, Самарқанд, Хорезм өлкелерін аралап, ол жердегі ғалымдармен сұхбаттасып, олардың ғылыми-тәрбиелік пікірлерінің жиынтық айнасы іспетті болған «Саһодатнама» және «Рушнойнама» шығармаларымен танысып, көптеген пікір қабылдайды.

Сондықтан да «Қабуснама» тәлім-тәрбиелік мәні жағынан ХІ ғасырдағы феодалдық шығыс педагогикасы тарихында аса құнды шығармалар қатарынан орын алды.

Мақсат қылған мазмұн

Шығарманың негізге алған мақсатына келсек, оны әуелі өзі айта кетеді. «Ей, перезентім, мен қартайдым, тәнімді күн сайын қуатсыздық жайлап келеді, өлім уақыты да жақындап қалды. Тірілікте мәңгі өлмейтіндердің бірі – кітап, оны құртып жіберетіндей құдіретті күш жоқ. Мен өзімнің төрімнен көрім жақын екенін сезіп, өлім жарлығы қолыма тимей тұрған шақта, білген ақыл-кеңесімді кітапқа жазғым келді. Әр бір қиын істі жеңіп, соңғы ұрпақтарға үлгі болатындай жақсы атақ қалдыру үшін әрекет жасау жөнінде бірнеше әңгіме баяндаймын, сен ғибырат алғайсың, ал мен аталық парызымды өтеймін», – деп бастайды әуелі. Яғни негізгі мақсаттың мәні «әр бір қиын істі жеңіп, соңғы ұрпақтарға үлгі болатындай жақсы атақ қалдыру үшін әрекет жасауға» нәсиқат айту. Ары қарай: «... өсиетімнен үлгі алып, жақсы атағыңды шығаруға тартынбай талаптан...» делінеді. Сонда «Қабуснаманы» жазудағы басты мақсат – соңғы ұрпағының ата жолын қуып, белді, беделді болуын көздейді. Атадан балаға ауысқан мәртебемен бірге оның тәрбиесі де, адами болмысы да өзгермей сақталса екен деген ниет аңғарылады.

«Шарап ішудің шарттары туралы» деген бөлімінде: «Ей, перезентім, егер шарап ішпесең, екі дүниеде қор болмайсын...»,– дейді. Соңына қарай, «... егер сен шарап ішкің келсе, шарапты қалай ішудің тәртібін біл» дейді. Бұл арада кезіккен «екі дүние» сөзі түпкілікті терең тартылмаған. Жалпы шығармада мұсылман әлеміне тән имандылық мәселесінен гөрі, осы дүниелік қам-қарекеттің маңындағы тағлымдар сөз етіледі. Яғни, Осы өмір дүниесінде қалай бақытты болу шарттарын қарастырады. Бұл әл Фарабидың «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасына» да ұқсамайды. Себебі, утопиялықтан шынайылығы басым.

«Егер сен менің сөзімнен үлгі алып, одан тиісті қортынды шығарсаң, басқалар да саған еліктеп, айтқан үгітімді іске асыру үшін тартынбай ат салысады» деген сөйлем арқылы шығарманың жазылудағы түпкі мақсаты, жалғыз ұлына ғана ақыл айтып, оң жолға салу емес, барша жастарға үлгі, өнеге шашу екендігі байқалады.

«Ей, перзентім, сен осы үгітімді ұғып іске асырсаң, мен аталық парызымды өтегенім. Білгенің жөн, ертеден келе жатқан дәстүр бойынша, тірлікте адамзат елден ел, жерден жер кезіп жүріп, азды-көпті жиған-терген асыл заттарын артына қалдырады да, оны өзінің жақсы көрген адамына тапсырып кетеді. Менің дүниедегі жиған асыл заттарым – осы сөздерім. Ал жақсы көрген адамым да, үмітім де өзіңсің. Сондықтан бар асылымды өзіңе тапсырдым, сен оны дұрыс пайдаланып, қисық жолға қадам баспағайсың...» деп өзінің білген ақыл, өсиетін аманат етеді.

Яғни, жазылу мақсаты, әуелі, жалғыз ұлының бақытты, беделді болуына көмек ету арқылы елінің ертеңін қамтамасыз ету, осы дүниелік бақыттың жолын көрсету, сосын жалпы жастарға үлгі шашу, аталық мирас қалдыру деп жіктеуге болатындай.

Сонымен қатар бұл өсиеттік шығарма болғандықтан, әр заманда осындай шығармаға тән – әулетті қорғау, оның байлығын, әлеуетін, дамуы мен беделін арттыра түсу көзделеді. Осы күнге дейінгі әлет жинаған атақ-даңқ пен байлықты құртып алмау үшін балаға өзі білген бар өсиетін аманаттайды.

Педагогикалық ерекшелігі

«Ей, перзентім, ата-ананы құрметтеудің қажет екенін ақыл-ой, парасат тұғырынан байқап білгейсің. Өйткені әрбір перзенттің тегі ата-ана ғой. Не үшін ата-анама құрмет жасаймын деп ойыңа алма. Олар сен үшін өзін өлімге де қиятыны белгілі…» деп ата-ананы құрметтеуге шақырады әуелі. Олардың айтқан ақылын ұғып, қадірін біліп, көрсеткен жолымен тура жүруге нұсқайды. Олардың көңілін қалдырмауға, айтқандарын екі етпеуге үндейді. «Сен ата-анаңның қарызын ақтау ісіне дін деңгейінде қарамасаң да, парасат биігінен қарағын.» деп діни қағидаларға емес, әуелі ақылға, парасатқа салады. Құр ғана ата-анаңды сила демей, оның қадірін жүрекке түсіруге тырысады.

«Сені жан-ділімен жақсы көріп, тәрбиелеп жүрген ата-ананың көңілін қалдыратын құйттай іс жасасаң, сен ешқашан да жақсылыққа лайықты жан емессің, өйткені кімде-кім ата-ананың жақсылығын білмесе, басқа біреудің жақсылығын да бағаламайды. Егер сен, өз перзентім құрмет қылсын десең, сен де ата-анаңды құрметте, сен ата-анаңа не істесең, саған перзентің де соны жасайды. Перзент – жеміске, ата-ана – жеміс ағашына ұқсайды. Жеміс ағашын жақсы күтсең, жемісі де дәмді, жақсы болады. Сол сияқты ата-анаға деген ізгі тілегі қабыл болғаны.» деу арқылы ата-анаға қылғаның өзіңе оралады дегенді көрсетіп, алдымен жастың ата-ананы силауы керектігін, және оны баланың көзі жетерлік деңгейден түсіндіреді.

Содан ары қарай, «Ей, перзентім, егер сен перзент көрсең, оған жақсы ат қойғын. Ол нәресте алдындағы атаның бірінші қарызы болады. Ендігі біреуі — перзентіңді ақылды, мейірімді тәрбиешіге тапсыру. Есейіңкіреген соң, ол перзентіңді өнеркәсіпке үйреткін, егер әскери қызметкер болсаң, әскери өнерге, басқа өнермен шұғылдансаң, сол өзіңнің өнеріңе бейімделсін. Ол өнерлерді игеріп алса, дене шынықтыру, суда жүзу сияқты өнерлерді үйренсін» деп, енді бала тарбиесінің қыры мен сырына үңілтеді. Ата-ананың ақылын алып өскен ұрпақ енді өз баласына өз тағлымын көрсетер тұсты дәріптейді. «Мәселен, менің он жасымда Манзар Сахиб дейтін бір ұстазым атқа міну өнерін жақсы білетін. Райхан дейтін ұстазым ат үстінде найзаласу, бұқалық тастау, доп ойнау сияқты өнерлерді жақсы білетін. Осы екі ұстазымнан көптеген ат үстінде жаттығу, әскери өнерлерін үйрендім. Мен бұл өнерлерді жақсылап үйренген соң, Манзар хажиб, Райхан хадим мені атамның алдына алып барды. «Ей, өмір, егер мейірімді болсаңыз, ертең далаға шығып, перзентіңіз өмірзаданың үйренген өнерін көрсеңіз», — деді. Өмір «жарайды, келістік, көрсек көрейік»,-деді. Мен екінші күні барлық білген өнер-ілімімді атама көрсеттім. Атам оларға алғысын айтып, жақсы сыйлар берді. Соңынан атам оларға «перзентім үйреткен істеріңіздің бәрін жақсы біліпті, өнерлеріңіздің жақсысын үйретіпсіздер және бір қажет өнер қалыпты»,— деді. «Ол қандай өнер еді?»— деп сұрады. Атам: «Бұл үйреткен өнерлеріңізді қажет кезінде басқа кісі атқарса да болады, бірақ керек уақытында ұлымның өзі ғана орындап, басқалар атқара алмайтын өнерді үйрете алмапсыздар»,— деді. «Ол қайсы өнері»— деп сұрады олар. Өмір: «Суда жүзу өнері, оны басқа адам ұлым үшін атқара алмайды»,— деді. Содан кейін әмір екі кемешіні Абескүннен шақырып алып, мені соларға тапсырды. Олар маған суда жүзу өнерін үйретті. Мен қаласам да, қаламасам да үйренуге мәжбүр болдым. Және жақсы үйрендім де. Бір күні бірнеше кісілермен кемеге отырып, Джала дариясынан өтетін болдық.

Тағира дейтін жерде сарқырама қауіпті иірім бар еді. Шебер кемешілер сол жерден көп еңбектеніп өтетін. Біз кемемен сол жерге жеттік, кемеші онша шебер емес екен, кемені қалай етіп жүздіруді білмеді. Нәтижеде жиырма жеті кісі бірден суға қарық болдың. Солардың ішінен мен және мен аттас Кайкаус дейтін құлым судан жүзіп шықтың. Осы оқиғадан соң шын ықыласыммен атама шектен тыс алқысымды айтып, мүсәпірлерге қайыр-садақамды бердім. Атамның басынан да осындай оқиға өткен екен, сондықтан маған жүзу өнерін үйретіпті. Демек, әр түрлі өнер мен ілімді перзентіңе үйретсең, аталық парызын өтеп, оған мейір, шапағат жасап, дүниедегі түрлі пәлекеттерден құтылуға себепкер боласың. Адам өз басына қандай іс түсетінін білмейді..Қиыншылық жағдайда үйренген ілімің мен өнерің күніңе жарайды. Демек, перзентіңе ілім, өнер үйретуде кемшілікке жол қойма. Әрбір ілім үйретуде ұстаздары тағлым беру үшін ұрып-соғса да, сен перзентіңе араша түспегін.»

Осы бір басынан өткен жағдайды баяндай отырып, ол өзінің әкесінің бала тарбиелеудегі артықшылығын енді өзінің ұлына мирас етеді. Жалпы алғанда, шығарманың басынан аяғына дейін тұнып тұрған педагогика. Өмірдегі неше түрлі адамдармен араласу тәсілдері, біреуге жақсылық жасаудың дұрыс жолы, жамандықтан аман құтылудың шаралары сияқты алуан түрлі тақырыптағы мәселелерді кеңінен қозғап, көкейге орнықтырады.

Шешендік тақырыбы

Шығармада шешендік өнер турасында да аса құнды пікірлер білдіреді. Ол сөз өнерін барша өнердің алды деп көрсетеді. «Кісі сөз өнерін білетін, шешен болуға тиіс. Ей, перзентім, сен де шешен бол, сөйлей білгін, бірақ жалған сөйлеме, сөйлесең шындықты сөйлеп, туралықты айтумен атағың шықсын. Кейбір өте қажетті жағдайда айтқан жалған сөзіңе жұрттың сенуі мүмкін, бірақ сен оны әдетке айналдырмай, әрдайым айтқан сөзің шындық болу керек. Жұрт сенбейтін шындықты да айтпағаның жөн. Жалғанға ұқсаған шындықтан гөрі шындыққа ұқсаған жалған жақсы. Өйткені ондай жалған сөзге жұрт сенеді, ал жалған сияқты шындыққа ешкім де сенбейді. Демек, жұрт сенбейтін шындықты айтудан сақ бол, менімен Абу Субар Шапур1 бинни Абу ал-Фазл екеуміздің арамызда болған оқиға сенің де басыңа түспесін.

Әңгіме. Білгенің жөн. Өміралмуәминнің заманында Меккеден қайтып келе жатып, бір жыл бойы Ганжада болдым. Үндістанға көп шабуыл жасаған едім, сондықтан да Рұммен жүруді жөн көрдім. Сол кезде Абу Субар Ганжа қаласында ұлың падиша еді. Ол өзі жайдары, жарқын мінезді, әділ, саңы, рақымшыл жан еді. Бір күні мені көріп қалды да, ізет құрметін жасап, менімен әңгімелесуді көңілі қалап, турлі сөздер мен сұрауларын беріп, менен көңіліне қонымды жауаптар есітті. Менің сөздерім оған өте ұнап, шын ықыласымен көңіл қойып тыңдайтын, мен де оның ықыласына қарай көңілімде бардың бәрін жасырмай айтушы едім.

Көңіл жарастығы себебімен бірнеше жылдар бойы Ганжада тұрып, әрдайым оның мәжілістеріне қатысатын едім. Патша менің әр түрлі әңгімелерімді тыңдаудан жалықпайтын. Бір күні менің мемлекетім, әсіресе, ондағы Гурган қыстағы туралы баяндауды өтінді. Сол үлкенің қызықты салт-сана, әдеғұрыптары жөнінде әңімелер айтылды. Сөз арасында" мен оған: «Гурган қыстағында Сиеваск дейтін ауыл, оның маңайында бір бұлақ бар» дедім. Көзе қолтықтаған әйелдер күнде бұлақ басына барады да, мөлдір суға толы күзелерін басына қойып, тізбектеліп ауылға қайтады. Әйелдердің біреуі көзе көтермей, басқалардан алға шығып, жолдық әне бойына көз сала жүреді. Оның себебі — сол жерде Сизақ деп аталатын көк түсті құрт болатын. Алда келе жатқан әйел сол құртты байқап қалған жағдайда оны жолдан аулақ жерге алып тастауға міндетті. Егер әйелдердің біреуі жолда жатқан құртты байқамай басып кетіп, өлтіріп қойса, көзедегі суларын төгіп, оны қайтадан жуып, бұлақтан таза су әкелуі тиіс. Мен осы әдет-ғұрыпты аитқанда, Өмір Әбу-Субардың қабағы түсті де, менен жүзін теріс бұрды және менімен бірнеше күндер бойы бұрынғысындай әңгімелеспей қойды. Бір күні Фирузан Дайлими маған қарап: «Өмір сен туралы әңгіме қозғап, пәлен кісі өте дана, ақылды жан-ау, бірақ жас балаларға айтатын жалған әңгімені маған баяндады. Сол сияқты адамның өтірік әңгімені айтуы жараспай-ақ тұрды» деді.

Мен бұл хабарды естіп, Ганжадан Гурганға арнайы бір кісі жіберіп, айтылған әдет-ғұрыпты дәлел-дейтін жергілікті жердің құламалары қол қойған әуанама-хатты жеткізудің әрекетіне кірістім. Гурганның беделді, құлама қазы, мұфтилері қол қойған айтылмыш әдет-ғұрып туралы қуанама-хат менің қолыма төрт айда тиді. Мен сол қуанаманы падишаға көрсеттім. Падиша хатты оқып, миықынан күлді де: «Сен сияқты кісінің мен сияқты падишаның алдын-да өтірік айтпайтынына кәміл сенемін, бірақ төрт ай ішінде бір елдің қазы, мұфти, құламалары куәлік жасаған жағдайда ғана сенуге болатын шындықты айтудың өзі дұрыс емес. Бұл сияқты шындық әңгіменің анық-қанығы анықталған соң ғана есепке өтеді» деді.»

Осындай мысалдар арқылы шығарманың құны да рата түседі. Бұл дүниелерді қосу арқылы өтірікке ұқсас шын сөздің зиянын ашып көрсетіп тұр. Кайқаус адамды үшке, сөзді төртке бөледі. «Адамдардың бірінші түрі — біледі және білген сайын білгісі келеді, бұлар қалымдар тобына жатады. Бұлардың айтқанына түнті тұру керек. Екінші түрі — біледі, біле тұра білмеймін дейді. Бұлар ұйқыдағы зұлымдар, олардан сақ болған жөн. Үшіншісі — білмейді және білгеннің тілін алмайды. Олар — ессіз, надандар. Бұл сияқтылардан аулақ жүру керек. Сөз төрт топқа бөлінеді. Біріншісі — білуге де, айтуға да қажеті жоқ сөздер. Екіншісі — білуге де, айтуға да қажетті сөздер. Үшіншісі — білуге қажеті жоқ, бірақ айтуға болатын сөздер. Төртіншісі — білу керек, бірақ айтуға қажетсіз сөздер. Негізінде, дүниенің бар жақсылығы — айту және білу үшін қажетті сөздерге тән қасиет. Бұл сөздер дүние үшін пайдалы болып, айтушыға да, тыңдаушыға да мән-мағынасымен әсерлі болуға тиіс.» деп парасатты толғам қосады. Бұл шығыстық шешендік өнердегі шешендікке ғылыми тұжырымдама берген маңызды еңбек деуге болады. Шығарманың өн бойынан да автордың шешендігі анық байқалады. Әр сөзін дәйектермен бекітіп отырады. Бұның өзі шеберліктің бір көрінісі.

«Қабуснама» тәлім-тәрбиелік мәні жағынан ХІ ғасырдағы шығыс педагогикасы тарихында аса құнды шығармалар қатарынан орын алды. Оның педагогикалық құны феодалдық ортағасырда аса жоғары мәртебеге ие болып, дәстүрлі шығыс қоғамдарында әлі күнге дейін өзіндік рөлін көрсетіп келе жатыр. Адамдар арасындағы қатынас әр тіүрлі адамшылық өлшемдерін талап етеді. «Қабуснама» ортағасырылық қарым-қатынастардағы адамшылық өлшемдеріне жауап берген шығарма. Адамзат тарихы қаншалықты ұзақ болса оның тәжірибесі де соншалықты молыға түседі. Өсиет тәжірибе түйіні десек те болады. Адамзат алғаш рет отты қалай жағуды үйренсе, бидайды қалай егуді білсе – қазір де сол тәжірибенің негізінде дамып, биік өрелі технологияларға қол жеткізіп отыр. Тура сол секілді мың жыл бұрынғы бұл шығарма да адамзаттың этика, мәдениет, қарым-қатынас тарихындағы аса келелі бір кезеңнің айнасы, шежіресі. Бүгінгі таңдағы адам құны, қақы туралы жаңа либералдық тұжырымдар «Қабуснамадағы» ортағасырылық өсиеттерге қарсы келуі – оның құнын жойғанынан емес, керісінше осыншама жолдарды басып өткен адамзат түсінігінің дамуын көрсетіп тұр деп анық айта аламыз. Бұл шығарма да өз кезеңінде аса құнды тұжырымдарға ие, жаңа туынды болғаны анық. Осыған дейін шығарма әр түрлі тілдерге аударылып, молынан жарық көріп, әлемге тарады. Ол да оның құнының маңызын корсетері анық.

«Қабуснаманың» өзге тілдерге аударыла бастауы 1432 жылдан басталды. Алғаш осы жылы түрік тіліне, 1786-1787 жылдары – ұйғыр тіліне, 1881 жылы – неміс және татар тілдеріне, 1886 жылы – француз, орыс тілдеріне тәржімәланады. Ал 1953 жылы екінші рет орыс тіліне шығыс әдебиетін зерттеуші ғалым Е.Э.Бертельс аударған. Алишер Науаидан соңғы өзбектің атақты ақыны Огахи 1860 жылы Парсы, тәжік тілінен ескі өзбек тіліне тәржімелейді. Осының өзі ақынның шығармаға деген құрметін анық байқатса керек.

Ескі өзбек тілінде жазылған Огахи нұсқасы негізінде және оны толықтыру мақсатымен орыс тіліне аударылған Бертельс нұсқасын пайдалана отырып филология ғылымының кандидаты, республикаға еңбек сіңірген ғалым қайраткері Сүбітай Далимов 1967 жылы және кейбір өзгертулермен екінші рет 1973 жылы қазіргі өзбек тіліне аударып, жариялады.

Тұрсынәлі Айнабеков осы 1973 жылы өзбек тілінде шығарған нұсқасы негізінде қазақшалап, кейбір тарауларын 1898 жылы Қазан баспасында басылып шыққан Әбунасыр ұлы Әбдіхайымның (Хайюм-Насрий) татар тіліндегі нұсқасынан аударып, толықтырған.

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейтін халқымыздың даналық сөзінің байқатар ақиқаты да осы. Он ғасыр бойына өз мәнін еш төмендетпеген ғажайып жауһар мұраның өшпес, өлмес сапары әлі алда.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. «Қабуснама» Кайқаус. Шинжияң жастар-өрендер баспасы. Үрімжі. 2008 ж.

2. www.google.kz сайты.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?