Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Атбасар ауданында Киікбай батырдың мазары жаңғыртылды

919
Атбасар ауданында Киікбай батырдың мазары жаңғыртылды - e-history.kz
Қыркүйек айының 4-і күні Атбасар ауданында Киікбай Байқараұлының абаттандырылған зират-кешенінің ашылу рәсімі болып өтті. 

Аталған нысан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған идеяларды жүзеге асыру бойынша, жергілікті әкімшіліктің қолдауымен 2017 жылы «Арыс» баспасынан шығарылған «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясына енгізіліп, арнайы чип-тақташа орнатылған болатын. 2020 жылы Қаз Бәкейұлы бастаған бір топ Киікбай батыр ұрпақтары Атбасар қаласының 175 жылдығына орай аталған тас мазарды өз қаржыларымен абаттандыру туралы Атбасар ауданы әкімі Аманбек Қалжановқа өтініш білдірген еді.

Бұл ұсыныс әкімдік тарапынан қолдау тапқаннан кейін, ынталы топ іске кіріскен болатын. Көктем мен жаз бойы Киікбай адыры басында құрылыс жұмыстары жүрілді. Жаңа сурет-жоба бойынша атбасарлық азаматтар тұрғызған тас қоршау сол қалпында қалдырылып, сыртына қоршау жасап, қақпа тұрғызу, мәрмардан құлпытас, көше шамын орнату, таскілем төсеу, орындықтар қою, ағаш, гүлзар отырғызу, төңіректі санитариялық талаптарға сәйкестендіру, нысанға дейінгі жолды жөндеу жоспарланған болатын. Жол жөндеу мәселесі аудан әкімшілігінің мүмкіндігінше қолдау жасауымен ұзақ мерзімді жүзеге асырылуда. Ал мазар аумағына байланысты жұмыстар көзделген уақыт межесінде толығымен аяқталуына байланысты, 4 қыркүйек күні мазар-кешеннің салтанатты ашылуы болып өтті.

Салтанатты ашылуға Атбасар ауданының әкімі Қалжанов Аманбек Әмірхамзаұлы бастаған аудан басшылығы мен зиялы қауым өкілдері, Ақмола облысы мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» МКМ директоры Ысқақов Серік Базарбекұлы, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы мамандары, Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Атбасардан келген БАҚ өкілдері, жергілікті тұрғындар мен Киікбай батырдың республиканың түкпір-түкпірінен келген ұрпақтары қатысты.

 Салтанатты ашылуда құттықтау сөз сөйлеген аудан басшысы Аманбек Әмірхамзаұлы: «Қадірлі атбасарлықтар, қадірлі қонақтар! Бүгін Атбасар халқы үшін ерекше айтулы күн! Қазақ-жоңғар шайқастары заманында өмір сүрген Байқараұлы Киікбай батыр мазарына жөндеу жұмыстарынан кейінгі ашылу салтанатына қош келдіңіздер! Біздің елімізде 2020 жыл айтулы даталар, оқиғаларға толы болуымен ерекше. Олардың мәні тек біздің мемлекетіміз үшін ғана емес, бүкіл өркениетті әлем үшін де маңызды. Әлемдік ұлы ғұлама, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150, Алтынорданың құрыуына 750, қазақтың ұлы ойшыл-ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы және басқа да маңызды мерейтойлар өтіп жатыр. Атбасар ауданы тұрғындары үшін Атбасар қаласының құрылғанына 175 жыл толуы – ерекше мерейлі мереке болып отыр. Осы салтанатты ашылуымыз да Атбасар қаласының мерейтойына байланысты өткізіліп жатыр. Осы мерейтой жылына орай Атбасар ауданы тұрғындарының ықыласы арқасында батыр, туған халқының, елінің бостандығы үшін күресіп аңызға айналған Киікбай батырдың ұрпақтары батырдың құрметіне тарихи мұра нысанды жаңарту, салу мүмкіндігіне ие болды. Киікбай батыр 1693 жылы туып, 1741 жылы дүниеден өтті. Оның өмір сүрген заманы – қазақ-жоңғары соғыстарындағы батырдың ерліктері туралы аңыздар мен әңгімелер халық арасында кеңінен тараған. Бұл қасиетті нысанның жоғарғы тарихи-мәдени, моральдық-идеолгиялық маңыздылығын баса бағалау мүмкін емес. Бәкейұлы Ақсақал Қаз бастаған бір топ азаматтар, қамқор тұрғындар мен меценаттардың күшімен осы әдемі мазар қайта жаңғырды. Атбасар ауданы тұрғындары мен жеке өз атымнан Киікбай батыр ұрпақтарының осы бастамасы үшін үлкен ризашылығымды білдіремін. Сіздердің бұл іс-әрекеттеріңіз жас ұрпақ үшін шынайы патриотизмнің үлгісі болды», - деп атап өтті.

Ақмола облысы мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» МКМ директоры Ысқақов Серік Базарбекұлы сөз алып: «Бүгін Атбасар ауданы Киікбай адырында үлкен жиын болып жатыр. Бұл әйгілі батыр Киікбай бабамыздың мазар кешені ашылуы. Қазіргі таңда Ақмола облысында 1793 мәдени ескерткіш бар. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы жұмыстар барасында бұл ескерткішті біз аймақтық нысандар тізіміне енгізген болатынбыз. ҚР Мәдениет министрлігіне барып, дәлелдеп, бекіту нәтижесінде,Ақмола облысындағы 46 мәдени ескерткіштердің бірі ретінде Киікбай батыр Байқараұлының кесенесі де енгізіліп отыр. Бұл аймақты туристік маршрутқа да қосқан болатынбыз. Қаз ақсақалмен тікелей телефонмен хабарласқан болатынмын. Игі істеріңіз құтты болсын! Келешек ұрпақтар үшін осындай киелі жерлер барлығын мақтанышпен айтып, көрсетуге болады деп білемін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» - деп ізгі тілегін білдірді.

Бұдан соң аудан әкімі атынан осы іске белсене атсалысқан Қаз Бәкейұлы бастаған бір топ азаматтарға қазақтың ізгі дәстүрімен шапан жабылып, марапаттау куәліктері тапсырылды. Абаттандырылған кесененің лентасы қиылды. Ақмола облысы, Атбасар ауданының 175 жылдығы аясында атқарылған игі істердің бірі осылайша жалғасын табуда.

Фоторепортаж: Қасиетті Қазақстан: Киікбай батыр кесенесі

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?