Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қанағат Жүкешев: Қазақ тілін өз мәртебесіне лайық етуге толық мүмкіндік бар.

1135
Қанағат Жүкешев: Қазақ тілін өз мәртебесіне лайық етуге толық мүмкіндік бар. - e-history.kz

Баспасөз беттерінде қазақ тіліне, жаңа қоғамға тән мемлекеттік, қоғамдық құрылыстарға қатысты тың пікір білдіріп, және осы мәселелердің шешу жолына жүйелі түрде ұсыныстар беріп жүрген тәуелсіз зерттеуші, философия ғылымдарының кандидаты Қанағат Жүкешев ағамызға қазақ тілі мәселесінің төңірегінде толғандырып жүрген бірнеше сұрағымызды қойған едік.

– Бір ғасырдан астам уақыт бұрын жарық көрген «Қазақ» газетінде де тіл мәселесі айтылыпты. Тіл мәселесінің туындауы мен қазақтың қалаға қоныстанып, ғылым-білімге ынталана бастаған уақыты да сәйкес келіп тұр. Міне 100 жылдан асып кетсе де сол мәселе жеңілдеу орнына тек зорайып, ұлғайып бара жатқан секілді. Мұның сыры неде?

– Қазақ тілінің бір ғасыр бойы ұлт тілі ретінде қоғамдық өмір аяларының бәрінде қолданылуға қол жеткізе алмай келе жатқанының себептерін түсіну қиын емес. Тілдің тоқырауы елдің тәуелділікке түсуіне байланысты, қазақ ұлтының ана тілін табиғи қалыпты дамыту құзіретінен айырылып қалуынан басталды. Метрополия қазақ тілінің қоғам өмірінде белсенді қызмет атқаруына шектеу қойды. Кеңес Одағы құрылғаннан кейінгі алғашқы онжылдықтарда А. Байтұрсынұлы бастаған алаш қайраткерлерінің қолымен жасалған игі бастамалар жалғасын таппай, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін КОКП-ның «тілдерді жою, ұлттарды қосып жіберу» саясатына сәйкес өзіндік ағысқа жіберілді. Метрополия тәуелді халықтардың тілдерін дамытуды ойламады, ойлауға тиісті емес те болатын. Тілді қолдануға қатысты формалы нұсқаулар шыққанымен, олардың пәрмені болмады.

1958 жылы Қазақстанда «Қазақ тілі мен әдебиеті» ғылыми-әдістемелік журналы шыға бастаған. Әдетте, салалық шаруашылық басылымдарын шығару құзіреті республиканың өз қарауында болса да, дәл осы басылымға қатысты шешімді Мәскеу шығарып, екі-үш саны шыққан соң жаптырып тастаған. Мақсат айқын: ғылыми журнал шыққан соң қазақ тілінің мәселелері ғылыми тұрғыдан зерттеле бастайды, оның арты тілге, тиісінше, көркем өнерге, мәдениетке тұтастай, мектептегі білім беруге, тілдің саясатта, экономикалық айналыста қолданылуына қатысты мәселелер түйдегімен көтеріле бастайды. Ары қарай оның салдары бұл мәселелердің шешілуін талап етуге алып келеді. Істің осылай бет алуына, әрине, Орталықтың тіл саясатын жүргізіп отырғандар жол бере алмады. Әлеуметтік психологияның, психолингвистиканың заңдарына сүйеніп, ұлт тілін өзіндік ағысқа қоя беру арқылы түбіне жету амалын таңдап алды. Демек, қазақ тұрмыста өз тіліңде сөйлей береді, газет-журналдарын шығара берсін, көркем әдебиетін баса берсін. Тек тілді жан-жақты дамытуға ғылым араласпасын. Бетімен жіберілген іс өздігінен-ақ құрдымға бағыт алады.

Кеңес үкіметінің қазақ тіліне қатысты жүргізіп отырған жою саясаты осылай жүзеге асырылды. Ғылыми-теориялық зерттеулерден тыс, өмірлік практика ағысымен жіберілген қазақ тілінің даму екпіні жыл өткен сайын солғындап, ақыры тұрмыстағы қолданыстың өзінен шығып бара жатты, өзінен өзі жойылуға бағыт алды. Ал «қалаға қоныстанып, ғылым-білімге ұмтылғандардың» тілге септігі тимеуінің себебі олар орыс тілінің үстемдік ететін шеңберіне кіріп кетті. Өйткені, ол кезде қала қазақтарының үлесі тым аз болатын.

– Соғыстан кейінгі, тәуелсіздікке дейінгі кезеңде бізде Ғылым Академиясы, оның құрамында Тіл білімдері ғылыми-зерттеу институты жұмыс істеп тұрды-ғой. Сөздіктер құрастырылып, монографиялар жазылып жатты. Кейінірек энциклопедиялар шығарыла бастады. Сонда, қазақ тілін ғылыми дәйекті теорияларға сүйеніп дамыту қамтамасыз етілмеді деп қалай айта аласыз?

– Мінеки, қазақ тілінің мехнатына қатысты бар сойқанның сыры осы сұрақтың жауабымен ашылады. Иә, ғылыми-зерттеу институты тіл мәселелерімен айналысып жатты. Оқулықтар басылып, қазақ тілінде дәріс беріліп жатты. 50-60 жылдары газеттер мен журналдардың таралымы қазақ зиялылары үшін құптарлық деңгейде болды. Кітаптар басылып жатты. Ол кезде сырттай бәрі орнында сияқты болып көрінетін. Алайда, осындай уақытша жетістіктердің қойнауларында бықсып жатқан тылсым құбылыстардың, болашақ рухани апаттың сырларына кезінде жеткілікті көңіл аударылмады.

Оның салдары тілден айырылуға, мәдениеттің барлық салаларындағы үлкен тоқырауға әкеліп соқтырды. Қазақ тілі мейілінше шұбарланып, түсініксіз тілге айналып, репрезентациялық қабілетін жоғалта бастады. Көркем әдебиет тақырыбы мен мазмұны жағынан сұйылып, рухани азық болудан қалды. Қазақ тілінде жазылған әдеби кітаптар дүкен сөрелерінде өтпей тұрды. Аталған кезеңде 700-дей қазақтілді мектеп жабылып қалды.

Енді мына кереғарлыққа көңіл аударыңыз. Тілдің толық тоқырауы кезіндегі қалыптасқан ахуал қандай еді? Сырттай қарағанда, бәрі жақсы болатын. Рухани тоқырау республикадағы қазақтардың жалпы тұрғындар арасындағы үлесі қарқынды өсіп келе жатқанда; қазақ жазушылар одағы дүрілдеп тұрған кезеңде; жиырмаға жуық педагогикалық институттар қазақ филологиясы бойынша мамандар шығарып жатқанда; қазақтілді журналистердің де көбейіп жатқан кезінде; жүздеген ғалымдары мен ғылыми қызметкерлері бар А.Байтұрсынов атындағы тіл білімдері ғылыми-зерттеу институты жүмыс істеп тұрғанда;.. жүзеге асырылды. Аталған кереғарлық, сырттай алып қарағанда, тіл мен мәдениеттің дамуына кедергі жоқ болып көрінетін жағдайда орын алды.

Мұның себебін қазіргі күнге дейін ешкім айта алмайды, өйткені ешкім оны аңғарған жоқ. Мәселе мынада болатын. А.Байтұрсынов атындағы тіл білімдері ғылыми-зерттеу институты Орталықтың қатаң бақылауында болды. Ол жақтың кәсіпқой психолингвистері қазақ тілінің перспективасын қамтамасыз ететін бағыттардың жолына ашық тосқауыл қойып, тілді тығырыққа тірелтетін бағыттарды білдірмей қолдап отырды.

Ашық тосқауылдың мысалы мынадай. Өткен ғасырдың 50-70 жылдары қазақ тілінің этимологиялық сөздігін жасау жұмысы жүргізілген. Г. Бельгердің еске алуы бойынша «1953 жылы қазақ тілінің алғашқы этимологиялық сөздігін басуға дайындап жатқанда Қазақ КСР Ғылым Академиясының қорында (картотекасында) 180 мың сөз болған. Ал 1972 жылы бұл картотекада 2 миллион 550 мың сөз жиналған. Сонан кейінгі кезеңде билік тарапынан бұл жұмысты ары қарай жалғастыруға тиым салынған» [Казахское слово, 2001].

Енді терісті білдірмей қолдаудың мысалына келейік. Сол кездің өзінде қазақ тілінің оқулықтарында ұшырасатын ережелер, ұғымдар мен терминдер түгел қате болатын. Мысалы, С. Аманжолов бастаған авторлар дайындаған мектеп оқулығында лексика мен стилистика ұғымдары шатастырып берілген («Тіл философиясын» қараңыз). Әдеби тіл, оның критерийлері, оған қойылатын талаптар, тіл стандарты, семантикалық жүйе, тіл стильдерінің ажыратылуы,.. сияқты негізгі лингвистикалық категориялардың кейбіреулері ол кездің оқулықтарында мүлдем болмады, болғандары теріс түсіндіріліп келді. Аталған автор басқарған 8-сыныптың оқулығы 9-сыныпта толығымен көшіріліп, жаңа оқулық ретінде қайта басылып, ондаған жылдар бойы қазақ балаларының нағыз бас қатырушы қызметін атқарып келді. Осындай қазақ тілінің алдындағы «керемет еңбегі» үшін авторлар сыйға бөленіп, мол материалдық игілікке ие болып отырды. Сол кезден басталған жалған ғылымның сұлбасы қазірге дейін тілмен айналысып жүрген «ғалымдардың» санансына орнығып алып, соның салдарынан қазақ тілінің оқулықтары әлі түзелмей келеді.

– Жақсы. Кеңес кезіндегі тіл мәселесіне қатысты қалыптасқан жағдай түсінікті болды дейік. Қазір де шеттен келіп, теріс бағыттарға дем берушілер әлі бар ма? Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болды. Өзіміздің отандық лингвистеріміздің тіл мәселесін түзетіп жіберуіне енді кім кедергі болып отыр?

– Отандық лингвистердің өздері кедергі болып отыр. Кәсіпқойлықтың кемшіндігі, ана тіліміздің алдындағы, халық алдындағы жауапкершілікті түсіне алмау,.. кедергі болып отыр. Оларға өткенде жіберілген өрескел қателіктерін мойындау қиынға соғуда. Қазіргі тіл шаруашылығы саласындағы лауазымды қызметтерде отырған адамдар жандарын жегідей жеген моральдық тығырыққа тірелуде. Олардың тілді дамытудың ғылыми бағыттарын өздері жасауға интеллекті шамалы, өзгенің жасағанын бағалауға адамгершілік деңгейі жетпейді.

Бізде лингвистика деген ғылым жоқ, ғылыми атағы бар «лингвистер» бар. Олардың санасына «қазақ тілі бай», «қазақ тілі – бейнелі тіл», «әдеби тіл дегеніміз – поэзияның тілі», «еуропа ғалымдары қолданған заңдылықтарды біздің қолдануымыз міндетті емес»,.. деген сияқты су айырығынан жіберілген қателер орнығып алған. Айтып жұрген сөздерінің, қылып жүрген қылықтарының бәрі қате. Метрополия да тілдің жыл өткен сайын аймаққа ығыстырылу жағдайын жасап отырды. Теріс бағыттар биліктен қолдау тауып отырды (мұндай құбылыс «лысенковщина» делінеді).

Біздің зиялыларымыз тіл мен мәдениеттің терең тоқырауын 70-жылдары ғана аңғара бастады. Оның өзінен қате қорытынды шығарды. Қазақ тілінің қалаға ене алмайтынына «көзі жеткен» олар енді қазақ жастарын ауылдан шығармау бағытын биліктен өздері сұрап, қаулы шығартып алды. 1974 жылдан бастап қойшылардың комсомол-жастар бригадалары дегендер құрылып, мектеп бітірушілерді қалаға оқуға жібермеу науқаны етек алды. Сол кезде мұның арты қазақтың дүниежүзілік өркениеттен, индустриялы қоғамнан жырақтап қалатынын, түбінде ұлтты апатқа апарып соқтыратынын бірер адам ғана аңғарды (О. Сүлейменов, Б. Момышұлы,..). Олардың ескертулері сауатсыз көпшіліктің қаперіне ілінбеді. Көркем әдебиет, мәдениеттің барлық салалары қазақты қалаға жібермеу идеясын үгіттеуге көшті. Осылай қазақ тілі де ауыл тұрмысы шеңберінен шыға алмай қалып қойды. Қазақ руханиятындағы жаппай тоқырау осы кезден жаңа қарқын алып, қайта оралмау нүктесіне қарай маңып бара жатты. Осыдан кейін қазақтың ойы да, әрекеті де, бар болмысы ауылдық сипат алып, заманауи өркениеттен жырақ, анклав жағдайында өмір сүруге көшті.

– Сіз «шаруа – ұлтты келбеттейтін, ұлттың негізін құрайтын тап емес» дейсіз. Қазіргі таңда қазақ тілін ең белсенді қолданатын тап та шаруалар. Енді сіздің тұжырым бойынша қарасақ, осы таптың күнделікті қазақша сөйлеуінен тілге ешқандай да мардымды пайдасы тимейді деп ұғуға бола ма? Неліктен?

– Ұлт және оның пайда болуы туралы ғылыми-философиялық еңбектер көп. Олардың тобықтай түйіні мынаған тіреледі: ұлт өнеркәсіпті қоғамда қалыптасады. Ұлттың қалыптасуына негіз болатын факторларға өнеркәсіптің дамуы, тауар өндірісі, нарықтық негізде тауар-ақша қатынастарының орнығуы жатады. Бұлар ұлттық әдеби тілдің, мәдениеттің, ұлттық психологияның айшықтана көрінуіне негіз болады. Бұл бағыттарды жүзеге асыратын таптар өнеркәсіп жұмысшылары мен зиялы қауым. Шаруаның бұларға қатысы шамалы.

Ұлт – адамдар қауымдастығының тұрақты формасы. Ұлт пайда болғаннан кейін шаруа тап ретінде кейін ысырылып, қоғамдағы рөлі мейілінше азаяды. Шаруа – тұрақты қауымдастық бола алмайды. Катаклизмдерге төтеп бере алмайды, қырылады, шетке қашады,.. Қазіргі дамыған ұлттарда шаруа табының үлесі мейілінше азайған. Батыс елдерінде жалпы тұрғындардың 1-3 пайызын ғана құрайды. Ұлттың қалыптасуы, ондағы қалалықтар мен ауылдықтардың орны, рөлі туралы О.Шпенглердің «Закат Европы» деген еңбегінде кеңінен әрі түсінікті талдау жасалған.

Ұлттың қалыптасуы тілдің де әдеби нормаларға – стандартқа түсірілуіне, сөздердің тұлғалық және мағыналық жүктемелерінің айқындалуына, көпмағыналылық пен көптұлғалылықтан арылуына тура ықпал етеді. Тілдегі ұғымдар мен терминдер бірізділікке түсіріледі. Тек осыдан кейін ғана тіл экономикалық айналыста, тауар өндірісінде, саясатта, құқықта, мемлекетті басқаруда қолдануға дайын болады. Қазіргі қазақ тілінде мұндай жұмыстардың бірі де жүргізілген жоқ.

Тілдің белсенді қолданылуы деп мемлекетті басқаруда, экономикалық айналыста, халықаралық қатынастарда, қаржы, құқық, саясат, аяларында мемлекеттік шенеуніктердің толыққанды қолдануын айтуға болады. Біз соңғы онжылдықтарда осыны талап етіп күнде жырға айналдырып келеміз. Ал қазіргі қазақтардың мал шаруашылығында, ауыл тұрмысында, тойларда сөз қолдануы әдеби нормадан алыс, белсенді қолданысқа жатпайды. Әдеби нормаға түсірілмеген тілде ақпарат алмасу практикасында тіл аномалиясына жол берілуі табиғи құбылыс. Ол мынадай формаларда көрініс беруде: мәтін құрауда бастауыш-баяндауыш жүйесі толық бұзылған. Бұл пунктирлік форма деп аталады. Мұндайда ақпарат беруші сөйлемінде тұрлаулы-тұрлаусыз мүшелердің толықтығын ескермейді, тіркестерді тізеді, тоқтап қалады, сонан кейін, алдыңғы тіркесіне байланыссыз өзге тіркеске ауыса салады, тұтығады, ыңқылдайды. Ұғымдарды шатастыру, ойды бұрмалау, паразит сөздерді қосып сөйлеу, будан сөздермен сөйлеу барлық жерде көрініс береді. Сөзге қосымшалар да дұрыс жалғанбайды. Теледидардан сұхбат берушілердің сөздері 90 %- ға дейін синтаксистік қателерден тұрады. Журналистер мен әдебиетшілердің көбі сөйлемін дұрыс құра алмай, ойын жеткізуге қиналып отырады. Шаруаның тілі ұлттық әдеби тілге жатпайды.

– Қоғамда қазақ тілінде сөйлеуден бас тартқаны үшін қатаң айыптау, күстаналау басым секілді. Егер біз айыптаудан бұрын не үшін қазақ тілінде сөйлегісі келмейтінін түсінсек мәселенің шешімін оңайырақ табар ма едік?

– Қазақ тілінде сөйлеуден бас тарту деген түсінік мүлдем қате. Ешкім, соның ішінде орыстілді қазақтар да, қазақ еместер де қазақша сөйлегісі келмейді деген қорытынды жалпы қазіргі қазақ тілінің онтологиялық күйін білмеуден туындаған теріс пікір. Толып жатқан тіл үйрететін курстар жұмыс істейді. Солардың ішінде қымбат бағалылары бар. Сол курстарға адамдар барып жатады, курстан өтіп жатады, Сұраныс бар тіл үйренуге. Тек сол курстарға қатысып, тіл үйреніп шықтым деп айтатын ешкім жоқ.

Бұл жерде біз бір ащы шындықты мойындауымыз керек. Ол – қазақ тілін үйрену және біреуге үйретудің қиындығы. Соңғы онжылдықтарда біз осы айғаққа келіп тіреліп отырмыз. Қазақ тілін мектепте мұғалім балаға үйрете алмайды. Қазақ жазушысы баласына немесе немересіне үйрете алмайды. Тұрмыс деңгейінде белгілі бір жерге, будандастырып, қыстырмалатып бірдеңе айтқан болатындай деңгейге жеткенен кейін бала орыс тіліне оңай ауысып кете береді. Мен біреулерге қазақтың нанын жегенді білесің, тілін неге білмейсің деп, өзге ұлттың адамын жерден алып, жерге салып жатқанын көргенде өзімнен өзім ұяламын. Өзіміз тапқан баламызға, немеремізге үйрете алмай отырып, өз әкесінің, атасының жазғандарын оқыта алмай отырып, тілі мен тіні бөлек адамға өлердегі сөз айтып, көзіне шұқу, жұмсартып айтқанда, түйтіктің кемшіндігі болып шығып жатыр.

Неліктен адамдар қазақ тілін білгісі келмейді деген сұрақ корректілі бола алмайды. Қазақ тілін білдіру үшін ұлттың рухани өміріне терең үңіле отырып, тілдің онтологиялық және философиялық мәселелерін терең зерттей отырып, отызға жуық саралы бағыттарда түбегейлі реформаларды жүзеге асыру керек. Қазақ тілін мемлекеттік мәртебесіне лайық міндетін атқара алатындай деңгейге жеткізуге толық мүмкіндік бар.

– Латын әліпбиіне көшу мәселесі – қазіргі қоғамда жиі-жиі халықтық талқылауға ұсынылып отыратын болды. Менің пікірімше, латын әліпбиінің үлгісін дайындау халықтың емес, тіл мамандарының ғана жұмысы секілді көрінеді. Екінші жағынан латын әліпбиіне көшу соншалықты маңызды қадам ба?

– Дүрыс айтасың, латын әліпбиінің үлгісін дайындау халықтың емес, тіл мамандарының жұмысы. Дәл қазіргі таңда мықтап кірісетіндей өзекті болып тұрмағаны да рас. Менің де бұл тақырыпқа қатысты айтарым аз. Себебі бұл трендті жүзеге асырудың уақыты келген жоқ. Алдымен қазақ қазақтілді және орыстілді болып екідайға бөлінуден құтылып алуы керек. Ұлт тұтастай қазақша толыққанды, еркін сөйлеуге жетіп алуы керек. Сонан кейін ғана, жаппай, бүкіл ел болып латынға бірақ көшуге болады. Қазақтілділерді латыншаға көшіріп, орыстілділерді кирилицада қалдырып, ұлтты рухани жағынан екі шепке бөліп тастаудың арты неге апарып соқтықтырарын ойша елестетудің өзі қиын. С. Хантингтон айтқандай, нағыз «жыртылған ұлтты» сонда көретін боламыз. Әзірше бұл трендті жүзеге асыруды белгісіз мерзімге кейінге қалдыра тұру керек.

– «Тіл философиясы» атты көлемді еңбегіңіздің ең соңғы сөйлемі: «Біз өткелдің қай тұста екенін білеміз...» деген сөйлем. Осы өткелге сәл ғана бағыт нұсқасаңыз. Және өз жоба-жоспарларыңыз туралы қысқаша айтып берсеңіз.

– Қазақ тілінің индустриялы қоғамға бет алар жолындағы ұлы өзеннен өтетін өткелдің қай тұста екенін көрсететін бағыт сол кітаптің «Шешілмейтін түйін жоқ» деп аталатын соңғы тарауында берілген. Бұған дейін лингвистика ғылымында көтерілмеген, тың бағыттардың өзі отызға жуық. Кітаптың сайтқа жүктелген (zhukesh.kz) қазақша нұсқасының әлі бірер редакциялауы жетпей тұр. Қазір тілге қатысты негізгі түйіндерімді ФБ-да (Facebook) жариялай бастадым. Қызығушылық білдірген зиялы адамдарға орыс тілінде басылып шыққан («Философия языка») кітабімді сыйға таратып жүрмін.

– Құнды пікірлеріңіз үшін рахмет!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?