Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ ИДЕЯСЫ

3098
ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ ИДЕЯСЫ  - e-history.kz
Қазақстанда ХХ ғасырдың басындағы индустрияландыру саясаты төңірегінде бірнеше бағыттағы көзқарастар мен пікірталастар бар. Алмағы мен салмағы тең индустрияландырудың оң-теріс жақтарына тоқталып өтсек

Қазақстанда индустрияландыруға бағыт алу 1925 жылы желтоқсанда өткен БК(б)П-ның ХІV съезінде Кеңестер Одағын индустрияландыру бағытымен бірге белгіленді. Өз кезегінде жаңа реформаны жақтаушылар санжаққа бөлінді.

Бірінші бағытты жақтаушылар — Қазақстан экономикасының орталыққа тәуелділігін, шикізат көзі ретінде дамуын жақтады. Олар мемлекеттік саясат негізінде, республиканың ерекшеліктерін ескере отырып, “партияның ауыл шаруашылығы шикізат базасы есебінде оның өнімдерін өңдеумен ғана шектелуін, ұсақ өнеркәсіпті дамыту жолын ұстануы бірден-бір дұрыс бағыт” деп мәлімдеді.

Екінші бағыт бойынша — Қазақстанды тек шикізат базасы ретінде пайдалану дұрыс емес екендігі, мұндағы индустрияландыруды жоғарғы жақтағылардың талабы бойынша жүргізбей, жергілікті қажеттілікті ескере отырып, өнеркәсіптер салу негізінде іске асыру керектігі баса айтылды.

Үшінші бағыттағылар — қазақ жерін индустрияландыруға қарсы болды. Олар көшпелі өмір — қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығы, ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік ерекшелігі. Ал қарқынды түрде индустрияландыру оның ұлттық болмысын бүлдіреді, «түйеден социализмге» тікелей өту мүмкін емес деді.

Келесі, төртінші бағытты жақтаушылар шовинистік көзқараста болды. Олар қазақ халқының индустрияландырудың қарқынына ілесе алатынына күмән келтірді. Қазақтармен «өнеркәсіп-қаржы жоспарын орындай алмайсың», «өндірісті қазақтандыру пайда бермейді», «қазақтандыру өндірісті қымбаттатып жібереді», «қазақ бәрібір жұмыс істемейді, ол қайтсе де далаға қашады» деп санады.

Оң жақтары:

1 Қарым – қатынас құралы

Түркістан-Сібір теміржол құрылысы қолға алынды. Ұзындығы 1445 км-ге созылған теміржол қаңқасы 1927 жылы сәуірде салына бастады. Құрылыс бүкіл халықтық сипат алды. 1930 жылы 25 сәуірде мерзімінен 17 ай бұрын аяқталып, 1931 жылы пайдалануға берілді.Бұл дегеніміз Қазақстан қалалары арасында бір-бірімен байланыс орнатылды. 1927-1930 жылдары магистраль құрылысында 20 мыңнан 30 мыңға дейін адам жұмыс істеді; олардың ішінде қазақтар қатары үздіксіз өсіп отырды. Олардың қатарынан Д.Ж. Омаров, М.Т. Қазыбеков, М. Қаптағаев, Б. Аспаев, О. Байтулаков т.б. сияқты беделді басшылар мен танымал теміржолшылар шықты.

2 Өндіріс әупірімі

1928 жылдың 1 қазанынан шартты түрде басталатын бірінші бесжылдық жылдарында Қарсақбай, Риддер сияқты кәсіпорындар, Ембі мұнай өндірісі, Степняк алтын кені және т.б. қайта қалпына келтірілді. Өңдеу өнеркәсібінің Семей тері, кірпіш, Петропавл ет комбинаты сияқты байырғы түрлері жөнделіп, қайта іске қосылды. Ал бес жылдың ішінде жаңадан салынғандары: Іле ағаш тілу, Балқаш мыс балқыту, Шымкент қорғасын, Ақтөбе фосфор тыңайтқыштары, Орал мен Алматыда ет комбинаттары, Гурьевте (қазіргі Атырау) балық консервілеу комбинаты, Мерке, Жамбыл және Талдықорғанда қант зауыттары ғана болды. Олардың өзі негізінен шағын аумақты қамтамасыз етуге бейімделген кәсіпорындар еді.

3 Табиғи байлық мекені

Қазақстан металлургиясы. Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Қазақстан КСРО-дағы республикалар арасында металлургия бойынша екінші орынға шықты. Табиғат байлықтарының күрделі ошақтарын табу мақсатында бірінші бесжылдық жылдарында КСРО Ғылым академиясы кешенді ғылыми экспедициялар ұйымдастырды. Академик Н.С.Курнаков басшылық еткен Орталық Қазақстандағы геологтар мен геофизиктер тобы Қазақстан Республикасы “Кеңес Одағының тұтас металлогенді провинциясы” болып табылады деген тұжырым жасады. Ал Орал-Ембі аймағын зерттеген академик И.М.Губкин бастаған топ оның мұнайға аса бай екенін дәлелдеді. Кеңес үкіметі осы байлықтарды пайдалануға баса көңіл бөлді. Соның барысында соғыс басталғанға дейінгі кезеңде Қарағанды шахталары, Ембінің мұнай кәсіпшіліктері, Алтай мен Ащысай кәсіпорындары қайта жабдықталып, Зырянов, Риддер полиметалл, Балқаш пен Жезқазған кен-металлургия комбинаттары салынды. Қазақстандағы түсті металлургия өнеркәсіптің жетекші саласына айналдырылды.

4 Қарқынды қалалану

Қазақстанда 44 қала және қалашық болса, 1939 жылы олардың саны 81-ге жетті. Қала тұрғындарының саны 8,2%-дан 27,7%-ға өсті. Инженертехникалық, жұмысшы кадрларының білікті тобы қалыптасты. 1926 жылы халық шаруашылығында істейтін жұмысшылар саны 10,7%-ды құраса, 1939 жылы бұл көрсеткіш 33,8%-ға жетті.

5 Кадрлық қамдандыру

Қазақстанда индустрияландырудың өте кең көлемде және жоғарғы қарқында жүзеге асырылуы инженер-техникалық маман кадрларды қажет етті. 1933-1934 жылдары өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы жаңа құрал-саймандармен, машиналармен қамтамасыз етілді. Индустрияландырудың арқасында жоғары мамандандырылған инженер-техник жұмысшыларының кадрын дайындау үрдісі жүрді. Егер 1926 жылы халық шаруашылығындағы жұмысшылардың саны 10,7%, 1939 жылы олардың саны 33,8% болды.

Теріс жақтары

1 Тоталитарлық жүйенің қалыптасуы. Сен тұр, мен атайын

Мәселенің басы қасында 1925-1933 жылдары Қазақ өлкесін басқарған революционер Ф.И. Голощекин тұрды. Ол Қазақстанда сталиндік бағытты жүргізіп, «Кіші Қазан» идеясын жүзеге асырған басшы болды. Осы тұста тоталитарлықтың ызғары айқын білінді. Ф.И. Голощекинге қарсы оппозициялық бағытта Қазақ Республикасының мүддесін қорғау мақсатында күрес жүргізген қайраткерлер Тұрар Рұсқұлов, Смағұл Садуақасов, Сәкен Сейфуллин, Сұлтанбек Қожанов, Жалау Мыңбаев және басқалары қуғын-сүргінге ұшырады.

2 Кен-байлық – қолды болды. Қазақстан - шикізат шұңқыры

Қазақстанның табиғи байлықтары кең көлемде зерттеліп, табылды. Бірақ олар негізінен руда күйінде қазып алынған түсті металдарды өңдеумен айналысты. Тазартылып, өңделіп дайындалған түсті металл өнімдері шикізаттар ретінде орталықтағы ірі өнеркәсіп орындарына жөнелтіліп отырды. Қазақстанда өнім өндіретін арнайы өнеркәсіп орындары болмады. Шикізат күйінде алып шет елде өндіріліп өнім алынып, Қазақстанға дайын өнім түрінде жеткізілді.

3 Демографиялық кідіріс. Ұлттық азаю

Көші-қонымның нәтижесінде демографиялық өзгерістер болды, яғни Қазақстан көп ұлтты республикаға айналды. Большевиктер өлкеге жұмысқа басқа ұлттардың алдыңғы қатарлы өкілдерін әкелді деуге болмайды. Себебі кеңес үкіметі әртүрлі қылмысы үшін сотталып, түрмеде отырғандардың еңбегін арзан жұмыс күші ретінде пайдаланды. Голощекин әміршіл-әкімшіл басқару жүйесіне арқа сүйеп, небір сұмдық амал-айла, зымияндық әдіс қолдану арқылы қазақ зиялыларын бір-біріне айдап салды, «халық жауы» деп жала жауып, мындаған қазақ азаматтарының қанын төкті. Голощекиннің тікелей басшылығымен 1929 жылы — 31, 1930 жылы — 82, 1931 жылы — 80 жалған «контрреволюциялық ұйымдар» ашылып, бұл ұйымдардың мүшесі болды деген жаламен он мыңға тарта қазақтың бетке шығар азаматтары қамауға алынды.

Әзірлеген: Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?