«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

«Қасиетті Қазақстан» ғылыми экспедициясы Қостанай облысында

703
«Қасиетті Қазақстан» ғылыми экспедициясы Қостанай облысында

«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жоба аясында үш жыл бойы ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Биылда орталық қызметкерлері Қазақстанның әр өңірлеріне ғылыми экспедициялар ұйымдастырып, тарихи-мәдени мұралардың зерттелу және насихатталу жәй-күйлері туралы деректер жинастыруда. 

Үстіміздегі жылдың 3-5 қыркүйек аралығында «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы солтүстік бағыттағы ғылыми экспедициясы аясында Қостанай облысына ат басын тіреген болатын. Экспедиция мүшелері өңірдегі бірнеше қасиетті орындарды аралады.

Осы ретте ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы, ҚР Ұлттық музейі Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы және Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі мекемесімен бірлесіп «Қазақстанның заманауи мәдениетіндегі қасиетті кеңістік: дәстүр мен жаңашылдық» атты онлайн дөңгелек үстел өткізді. 

Іс-шараның басты мақсаты – Қазақстан тарихындағы геомәдени кеңістіктегі ерекше қасиеттілік құбылысын, топонимдерді, белгілі тұлғалардың қызметі мен жерленген қасиетті орындарын зерттеу арқылы рухани және білім беру саласын дамыту, әлемдік мәдени мұраның ажырамас бөлігі ретінде Қазақстан Республикасының қасиетті нысандарының сақталуын және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету.

kruglyj-stol-foto2.jpg

Дөңгелек үстел жұмысына Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Зарқын Тайшыбай, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев, К.Ақышев атындағы археология ҒЗИ директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Марал Хабдулина, философия ғылымдарының докторы Р.И. Иманжүсіп, тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбес, тарих ғылымдарының кандидаты Ә.Т. Жәнісов ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Ақылбек Шаяхмет, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова, Ақмола облысы мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» МКМ директоры Серік Ысқақов, Қостанай қаласы білім бөлімінің №28 мектеп-гимназиясының мұғалімі Б.Қ. Қайпаева, сондай-ақ жергілікті өлкетанушылар, музей саласының қызметкерлері, ЖОО тарих мамандығында оқитын студент жастары қатысты. 

Дөңгелек үстелді Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов құттықтау сөзімен ашты. Zoom платформасында өткен іс-шараға қатысушылар өңірлердегі қасиетті орындарды сақтау, насихаттау жұмыстары жайында, белгілі тұлғалардың қызметі мен жерленген орындарына қатысты, жойылып кетуге аз қалған киелі орындарды зерттеп-зерделеудің қажеттігі жайында пікірлермен бөлісті. Дөңгелек үстелдің модераторы – «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Батырхан Жұмабаев осы уақыт аралығында қасиетті нысандар тізіміне енген орындарды жаңғырту, насихаттау, тұрғындар арасында дәріптеу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылғанын тілге тиек етті.

Сондай-ақ дөңгелек үстел соңында қасиетті орындарға қатысты инфрақұрылымды дамыту, әдістемелік кеңестер беру және басқа да мәселелерге ұсыныстар жасалды.

118769017_630680680971371_3099771569036995237_o.jpg

«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының Қостанай облысына жасаған ғылыми экспедициялық тобы Ы. Алтынсарин ауданындағы өңірлік маңызы бар «Омар құдығы» (Ы.Алтынсариннің туған жері) қасиетті нысанына және Сарыкөл ауданында орналасқан жалпыұлттық маңызы бар Барақ Жанұзақұлы кесенесіне барды. Өзекті ақпаратты зерделеу мақсатында далалық экспедицияға қатысушылар фотосуреттер, бейнежазбалар түсірді, инфрақұрылымды зерттеді, сонымен қатар жергілікті өлкетанушылармен сұхбат жүргізді.

Еске сала кетер болсақ, 2017 жылдың сәуір айында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланып, халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жасау туралы айтылған болатын. Нәтижесінде Ұлттық музейдің жанынан «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, Қазақстанның киелі нысандарын анықтау бойынша жұмыс жүргізіле бастады. Аталған жоба негізінде діни сәулет ғимараттары, қалалар, елді мекендер, қорғандар, қорымдар, ғибадатханалар тізімделіп, олар туралы тың деректер жинақталып, нәтижесінде «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары», «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» атты еңбектер жарыққа шықты.