Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«ХVІІІ ғасырдағы «Ежелгі жер» арманы және Байтайлақ батыр» атты халықаралық конференция өтті

1426
«ХVІІІ ғасырдағы «Ежелгі жер» арманы және Байтайлақ батыр» атты халықаралық конференция өтті  - e-history.kz
Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында Абылай хан заманының батыры Байтайлақ Бәйімбетұлын еске алу шаралары бас қала Астанада жалғасын тапты

Бүгін Елорда төріндегі Еуразия ұлттық университетінде Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар аясында «Ақтабан шұбырынды» заманында хан Абылай басшылығындағы қазақ батырларының бірі және ер Жәнібектің ақылшысы, сенімді серігі болған Байтайлақ батырды еске алуға арналған «ХVІІІ ғасырдағы «Ежелгі жер» арманы және Байтайлақ батыр» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. 

Игі шараға ҚР Парламент мәжілісінің депутаттары, тарих ғылымдарының докторлары, профессор ғалымдар, ЖОО студенттері мен магистранттары және де Қытай мен Моңғолиядан келген батырдың ұрпақтары мен құрметті қонақтары қатысты. 

4216aeece25edc00bc57e298b73b1e64.jpg

Конференцияның пленарлық мәжілісінде мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков ашып, құттықтау сөз сөйледі. Алқалы жиынды Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филолог-ғалым Дихан Қамзабекұлы жүргізді.

Конференцияда Шыңғысхан академиясының академигі, тарихшы-ғалым Шынай Рақметұлы, философия ғылымдарының докторы, экс-сенатор Ғарифолла Есім, ҚР Парламент мәжілісінің депутаттары Бақытбек Смағұлов, Камал Бурханов, ҚХР Алтай аймағының экс-әкімі, зерттеуші ғалым, батырдың ұрпағы Қадыс Жәнәбілдер сөз алып, баяндама жасап, әйгілі Байтайлақ батыр жайында тың деректермен бөлісті. 

«Ата-бабасын сыйлаған ұрпақ ол мәңгілік болады. Ата-бабасын сыйламаған ұрпақтың келешегі болмайды. Мына Байтайлақ бабамыз туралы айтқан кезде Байтайлақ батырдың өмір сүрген уақытына назар аударуымыз керек. Яғни Байтайлақ батыр 1703 жылы дүние келіп, 1781 жылы қайтыс болды. Бұл уақыт – он сегізінші ғасыр. Қазақ тарихында он сегізінші ғасырдың алатын орны ерекше. Біздің қазақ ұлтының қазақ болып қалыптасқан, ел болып бекіген заманы. XVIII ғасырда мынадай жағдай қалыптасты. Хандық, билер институты құрылды. Одан бөлек ақындар, шешендер, батырлар институттары қалыптасты. Соның ішінде батырлар институты деген ер баланың бойында асыл қасиеттерін көрсе, оларды батырлыққа тәрбиелеу жүйесі болды. Сөйтіп оны қолбасшылыққа дейін дайындады. Байтайлақ батыр сол батырлар институтында тәрбиеленіп шықты, қолбасшы баһадүр батыр болды. Батыр деген барып шауып келе салатын адам емес, парасатты тұлға болды. Ендеше тарихта есімі ұлықталған батыр Байтайлақ – парасатты, дана тұлға. XVIII ғасырдың уақыты үшін Байтайлақ батырдың сіңірген еңбегі зор, ұлт тарихында ойып орын алатыны сондықтан», – деді Ғарифолла Есім өз баяндамасында. 

22e9f0d097d45636c88bab56c3075c52.jpg

Тағы бір атап өтерлігі, бүгінгі таңда айтулы батыр туралы деректі фильм түсірілді. «Байтайлақ батыр» атты деректі фильмді түсіруге батырдың ұрпақтары Қадыс Жәнәбілұлы мен кәсіпкер-меценант Ділдехан Дәлелұлы мұрындық болды. 

Байтайлақ батырдың Қытай жазба деректеріндегі, моңғол жазба деректеріндегі батырлық, ерліктері туралы тарихшы ғалым Шынай Рақметұлы баяндамасында толықтай айтып көрсетті. «Тарихи деректерге жүгінсек Абылай ханмен, Ер Жәнібек, Қожаберген батырлармен бірге моңғолдың азаткер қолбасы Әмірсанамен достасқан Байтайлақ батыр дарабоз Қабанбай, уақ Барақ батырлармен қарулас болып жоңғар басқыншыларын талқандаған. 1728 жылы жоңғардың бетін алғаш қайтарған Бұланты шайқасында ерлігімен танылған, 1750 жылдардағы жоңғар мен шүршітке қарсы ұрыстарда да батыр серіктерімен үзеңгілес жүрген. Әмірсананың Абылай хан, Ер Жәнібек, Байтайлақ, Қожаберген батырлармен достасқаны туралы моңғол ғалымы Ишжамцның «Моңғол халқының 1755-1758 жылдардағы тәуелсіздік жолындағы күресі» кітабында және «Цин мемлекетінің хан сарайы жылнамаларында» жазылған», – деді Ш. Рақметұлы. 

f9c89fbe33a8ab093dd5054ef2957f81.jpg

«Руына ұран болған батырдың бүгінгі тарихта алатын орны ерекше. Ешкімде мықты, парасатты тұлға болмаса ұранға айналмаушы еді» деп сөзін қорытқан Мәжіліс депутаты, ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұлов Байтайлақ батырдың қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойында ел есіне алынып жатқаны құптарлық шара болғандығын атап өтті. 

Сондай-ақ айта кетер болсақ, Абылай хан заманындағы қазақ батырларының бірі, жүздік әскерді басқарған қолбасшы Байтайлақ Бәйімбетұлы – қазақтың «Ақтабан шұбырынды» заманында ерлік көрсетіп, Бұланты шайқасында қолбасшылық жасаған баһадүр батыр. Аласапыран заманда халқына қорған болған, Керейдің он екі руының бірі шеруші руына ұран болған Байтайлақ батырды елі бүгінде ұлықтап, құрметтеді. Ұрпақтары күні кеше ғана Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының Қалбатау баурайындағы «Байтайлақ қорымы» деп аталатын жерде батырдың 17,3 метр биіктікте еңселі кесенесін тұрғызды. 

c534bc4580e92bfecddb061f06d3ceb5.jpg

Республика және шетелден келген белгiлi ғалымдардың, тарихшылар мен әдебиетшiлердiң қатысуымен өткен бұл келелi басқосуда ел тарихындағы толғақты оқиғалар таразыланып, Байтайлақ батыр бабамыз жайлы тың деректер айтылды. Батырдың ұрпақтары Байтайлақ батырды еске алу шаралары әлі де жалғасын табатынын тілге тиек етті. Конференцияда айтылған келелі мәселелер, батырдың ерлігі туралы тарихи деректер кітап болып басылып шығатын болды. 

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?