Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жоңғарларға қарсы соғысқан Киікбай батыр Байқараұлы

2261
Жоңғарларға қарсы соғысқан Киікбай батыр Байқараұлы - e-history.kz
Өз заманында Жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлт азаттық күресте ерекше ерлік көрсетіп, аты аңызға айналған тұлғалардың бірі Киікбай Байғараұлы.

Өз заманында Жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлт азаттық күресте ерекше ерлік көрсетіп, аты аңызға айналған тұлғалардың бірі Киікбай Байғараұлы.

Киікбай батыр (1693-1741 жылдары аралығында өмір сүрген) - қазақ халқының жоңғар шапқыншыларына қарсы ұлт-азаттық соғысында ерлiк көрсетiп, аты аңызға айналған, есiмi 12 рулы Керей  елінің тұтастай бiр Шеруші-Бақат руының жолбасшысы, кесіп айтар биі бола білген айтулы тұлға.

Өз заманында атақты хан Абылайдың өзі аса жоғары бағалаған Киікбай батырдың денесі қазіргі Ақмола облысына қарасты Атбасар ауданының Сергеевка деп аталатын ауылы маңайында жерленгені белгілі.

Жақында сол батыр бабамыздың артында қалған ұрпақтары ұзақ жылдар бойы жаңбыр жеп, жел кемірудің салдарынан тоза бастаған ескі кесенені қайта жаңғыртып, төңірегін қоршап, абаттандырып, құран бағыштап ас берді.

71497621_134048891219287_4202635768402804736_n.jpg

Киікбай батырдың мазары 1995 жылы Атбасар ауданының 150 жылдығына орай ауданның сол кездегі әкімі Қасенов Тасболат Шоланұлының қолдауымен, аудан азаматтарының қаржылай күшімен тұрғызылған екен. Қызыл жалпақ тастан дөңгелек киіз үй пішінінде тұрғызылған бұл тас қорған периметрі – 22 м, биіктігі – 220 см болатын күмбез-тұғын. Қорған үстіндегі бес бұрышты темір күмбездің биіктігі – 4 метр. Ал жалпы айшықтың биіктігі -70 см болатын.

Араға 15 жыл салып барып батырдың кесенесі әкімшілік қолдауымен және Киікбай батыр ұрпақтарының күшімен тағы бір мәрте жөндеуден өтіп отыр. Бұл жолы да Атбасардың 175 жылдық мерейтойына орайластырып кешен-мазар шарбақпен қоршалып, абаттандыру жұмыстары жүргізілгенін айту керек.

Батырдың Көбеген есімді үшінші ұлынан тарайтын алтыншы ұрпағы Қазы Бәкейұлының айтуына қарағанда, ұрпақтары 5 миллион 250 мың теңге көлемінде қаржы жинап, кесененің қажетіне жұмсаған.

«Мазардың сыртына 24/14 мерт еурошарбақ тартылды. Шарбақтың кірпіш қақпасы 4 метр. Күн энергиясынан қуат алатын, биіктігі 6 метрлік алты көше шамы қойылып отыр. Мазар айналасындағы жалпы аумағы 150 метр жерге таскілем, 70 метрге бордюр төселді. Таскілем үстіне төрт мәрмар орнатылып, дәл ортасына «Фәтиха» сүресі ойып жазылған мәрмәр кітапша қойылыпты. 220 сантиметрлік мәрмар құлыптасқа Киікбай Байқараұлының есімі қашалып жазылған. Жол жөнделіп, нұсқама белгілер орнату жұмыстары жасалатын болады. Киікбай батыр кесенесі болашақта Атбасар қаласының мәдени көрікті жерлерінің біріне айналады деген ойдамыз», - дейді Киікбай батырдың ұрпағы әрі осы жобаның басы-қасында жүрген азаматтардың бірі Елімбек Қазыұлы.

Сонымен қатар, бұрынғы темір құрастырмалар (темір тақтайша, күмбез, айшықтар) қайта өңделіп, сырланған. Мазар ішіне мәрмардан қабіртас қойылып, сандықшаланған.

Мазардың күнбатыс қабырғасынан ішіне тамашалау үшін арнайы саты қойылыпты. Ол да мәрмардан жасалғанын айта кету керек.

Қабір айналасына батырдың төрт ұлының белгісі ретінде төрт ағаш отырғызылыпты.

2020_09_07_d6baffe2-7462-4438-83a8-d64136275ab5 (1).jpg

Тағы бір айта кетерлігі, барлығын ұқыпты қарастырып жоспарлай білген батыр ұрпақтары айналаның тазалығын сақтау үшін әжетхана, қоқыс жәшігі секілді дүниелер де назардан тыс алмаған.

Жаңартылған кесененің ашылу рәсіміне аудан әкімі А.Қалжановтың өзі келіп қатысты.

Айтпақшы, бұл жиында ҚР Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының Қарағанды облыстық филиалының басшысы, белгілі әнші Меруеш Башайқызы Сергеевка ауылының атауын Киікбай батыр ауылы деп өзгерту мәселесі көтеріліп жатқанын сүйіншіледі. «Алла жазса, жақын күндері қуанышты жаңалық болып қалар деп отырмыз. Қазіргі таңда құжаттар рәсімделіп жатыр. Сәті түсіп жатса, бабамыздың басына жиналып, тағы бір дүбірлі доданың куәгері боламыз деп сенемін», - деп атап өтті.

Шара соңында Киікбай батырдың кесенесінің қайта жөнделуіне мұрындық болған біраз азаматтарға аудан әкімінің арнайы алғыс хаты табысталды. Ақсақалдарға шапан жабылып, еңбегі сіңген біраз азамат арнайы сыйлыққа ие болды.

Осы шараның өтуіне мұрындық болған Қазы ақсақалға Киікбай батырдың әулеті атынан ат мінгізілді. Сонымен бірге Тұғырыл хан қорының атынан арнайы алтын медаль табысталды.

«Қазы ақсақалымыз биыл жасы сексенге келеді. Ұзақ жылдар бойы ұстаздық еткен зиялы ақсақал. Моңғолияның білім беру саласының үздігі. 1992 жылы осы Атбасарға көшіп келіп, ат басын тіреген. Ол жерде де белсенді қызметтер жасаған. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған әулеттің иесі. Балалары түрлі салада қызмет жасап жатыр. Бұл кісі Киікбай бабамызға байланысты 1993 жылдан бастап зерттеумен айналысты. Осының нәтижесі биыл шығып отыр. Көптеген мақалалар жазды. Билікпен тіл табысу, адамдардың басын қосу, түрлі құжаттарды реттеу секілді жұмыстардың басы-қасында жүрді. Бұл жердегі ең басты еңбек осы кісінікі. Осыған байланысты күллі іулет болып жиналып ақсақалымызға ат мінгізіп, шапан жаптық. Сыйымызды көрсеттік», - дейді белгілі журналист, зерттеуші Асылбек Байтанұлы.

19478ec4-5f32-4559-b0ec-97e84bd0af69.JPG

Советтік жүйенің солақай саясатының кесірінен сан ғасырлық тарихымыз мұрағаттарда шаңға бастырылып, ұзақ уақыт халқымыздың өткені мен шынайы тарихын айта алмай келдік. Осының салдарынан ұлт азаттық жолында от кешкен ұлы тұлғаларымыз бен батырларымыздың есімдері халық санасынан бірте-бірте ұмытыла бастады. Осындай себептермен бертінге дейін атақты батыр әрі би Киікбай Байғараұлы бабамыз өзінің нақты бағасын ала алмай келді.

Киікбай батырдың батырлықпен шықса, әкесі Байқара жас ботаның жілігін адамның сынған жілігіне жымдастыра білген оташылығымен тарихта қалған адам екен. Осыған байланысты Байқараны жұрт «Оташы аға» деп атаған дейді көнекөз қариялар.

Киікбай батырдан басында айтып өткеніміздей, Арық, Құл, Көбеген, Оңбай атты төрт ұл мен Аман, Оман есімді қыздары болған.

Киікбайдың сол төрт ұлынан тараған ұрпақ бүгінде Қазақсан, Моңғолия, Қытай Германия секілді елдерде тұрып жатыр. Шежірешілердің айуынша, олардың саны үш мыңдай түтінді құрайды.

Жұрт арасында Абылай мен Киікбай батырға қатысты мынадай аңыз  бар: Бір жорықта Абылай бастаған қазақ қолы дұшпанын ойсырата жеңіп, зор қуаныш, мол олжамен қайтып келе жатып жол бойы Абылай хан бір төбенің басына шығып сарбаздарынан: -Біз жауды жеңдік енді кімнен қорқамыз» деп сұрайды. Сарбаздары:«Біз еш кімнен қорықпаймыз»-деп шулап кетеді. Сонда Киікбай атын екпіндете Абылай ханның қатарына келіп: «Ел ішінде- бақталастық, бек ішінде- тақталастық деген болады. Бақталастық қылған елде береке болмас, тақталастық қылған бекте патуа болмас мен сол екеуінен қорқамын» - деген екен. Ол 1723-1756 жылдары аралығында төрт мәрте айналып соғып қазақтың үштен бірін бостырып жіберген «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атаумен тарихта қалған қалмақ қырғынына қарсы болған шайқастардың бел ортасында жүрген. Әрі осы ұрыс даласында ауыр жарақат алып, сол жарақатынан көз жұмады. Осындай сұрапыл соғыстардың бірінде қазақтар ойраттардан жеңіліп, амалсыздан жерін тастап батысқа қарай ығысады. Солардың қатарында амалсыз ығысып бара жатқан Киікбай батыр бастаған Шеруші руының көшіне қалмақ қолы шабуыл жасайды.  Бұл Көбеген, Қырбас секілді батырлардың жастау кезі болса керек.

86v5aXnpQb4.jpg

Көш басындағы жауынгерлердің аздығын байқап әрі өздерінің көптігіне сенген жоңғарлар еш саспастан көштің алдына таяп келіп тоқтайды. Ішінен бір ірі келген батыры ат ойнатып ортаға шығып қазақтарды жекпе-жекке шақырады. Шықпақшы болған Көбеген, Қырбас бастаған жас жауынгерлерді тоқтатып жасы келіп қалғанына қарамастан Киікбай батырдың өзі жекпе-жекке шығады. «Үріккен ел ұзай берсін, шамам жеткенше ұзағырақ бөгеуге тырысармын» деп тұлпарын тебініп ортаға қарай беттейді. Екі батыр бірін-бірі ала алмай ұзақ уақыт айқасады. Киікбай батыр найза салудың орайы келседе қарсы жауын өлтірмей өз денесін қорғап жаудың шабуылына тойтарыс беріп қана жүреді. Сондағысы «бейбіт ел ұзап кетсін, босқа қырылмасын» деген ой еді.

Ақыры ет пісірім уақыт өткеннен кейін ұзын найзасымен қалмақ батырын шықшытынан бірақ ұрып аттан аударып түсіреді. Алайда анталаған жау батырының өлгеніне намыстанып Киікбай батырдың артында ұрандап тұрған шағын қолды әп-сәтте қоршауға алып, қырып жібермек болады. Көбеген, Қырбас сияқты сайдың тасындай шерушінің ер жүрек батыр жігіттері қалмаққа қырғындай тиіп быт-шытын шығарып қоршауды бұзып өтеді. Өкінішке орай Киікбай батырдың өзі бұл шайқаста ауыр жараланып қалады. Жау жағы беті қайтып амалсыз кері шегінді. Ауыр жараланған батыр Алғыдай, Ақши өтіп Арқалық деген жерге жеткенде мүлдем нашарлай бастады. Ақыры осы жерден топырақ бұйырады. Бұл қазіргі Ақмола облысына қарасты Атбасар ауданының Сергеевка деп аталатын ауылы маңайы.

Киікбай батырдың басқыншыларға қарсы соңғы шайқасы өткен бұл жер жұрт арасында «Киікбай адыры» деп те аталады. Мұндай деректерді белгілі өлкетанушы, жазушы Клара Әмірқызының «Қиылған ғүмырлар» атты кітабынан да оқуға болады. Тағы бір деректерде, Киікбайдың қазақ батырларының кейін естерін жиып жоңғарларға қарсы тойтарыс беру мақсатында ұйымдастырылған қарымта жорықтардың бірінде қаза тапқаны айтылады.   Киікбай қол бастаған батыр, сөз бастаған шешен ғана емес күн бұрын алдын болжап, жақсылық жамандықты біліп отыратын сәуегей көріпкелдік қасиеті бар адам болғанға ұқсайды. Ақтық демі үзілер сәтінде елде ұзақ уақыт бойы тыныштық орнамайтынын, артымнан ерген елді (шеруші-бақат руы) Қытайдың Алтай өңіріне апарып орналастырыңдар. Менің ұрпағымнан билік үзілмейтін болады. Батыр да, палуанда, шығады билік ұлдан-ұлға жалғасып барып үзілген кезде қыздан туған жиен-жиен шарға дейін жалғасып, тіпті бақат жұртынан қыз алған күйеуде де жұғатын болады деп аманат еткен. Батырды ақтық демі үзілген жерге жерлеген соң көш аз күн аял жасап, Алтай бетіне көшіп барады. «Бұл 1740 -1745 жылдары шамасында болған оқиға» дейді көнекөз қариялар. Тағы бір аңыздарда Киікбай батырдың жолбарыспен алысқаны айтылады: Шерушіге оңтайлы қоныс іздеп, қасында саңырау сүйекті Ырысқұл ұлы Қырбас батыр бар қалың қамысты аралап сарбаздарын бастап ат бойы алда келе жатқан Киікбай ұйықтап жатқан жолбарыстың үстінен түсіп қалады. Өзіне атылған жолбарыстың өндіршегінен найза салып жолбарысты шалқасыннан түсіріп ат үстінен найзамен шанышқан күйі өлтіреді. Киікбай Байғараұлы туралы деректер Ресей мұрағаттарында да кездеседі. Көрнекті орсы ғалымы И. Ерофееваның құрастыруымен шыққан «Эпистолярное наследие казахской правяшей элиты (1675-1821 годов)» атты жазба деректер жинағында Керей тайпасының Шеруші руының басшысы Байтайлақ батыр мен Киікбайдың дәрі-дәрмек алу Ресей патшалығына барғаны айтылады.

 

Киікбай ұрпақтарының шежіресі: 

Қазақ – Орта жүз – Керей – Абақ – Жусан – Мағыналы – Байлау –Шеруші – Күнтуған – Бақат – Сатыбалды – Байқара – Киікбай

Киікбай – Арық, Құл, Көбеген, Оңбай

Арық – Меңдібай, Нәзір, Зәбүр, Дәулет, Төлеп 

Құл – Қабанбай, Мош, Байшот 

Көбеген – Тортай, Ақтай, Бозтай, Ырысбай, Кәрібай 

Оңбай – Дәулетбай

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?