Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Ұлттық музейге сый тарту» акциясы – Қызылорда облысында

1723
«Ұлттық музейге сый тарту» акциясы – Қызылорда облысында - e-history.kz
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі 2015 жылғы 25 қыркүйекте, Қызылорда қаласындағы Ә. Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Ұлттық музейге сый тарту» акциясын өткізді

Шараға Тұрмағамбет Ізтілеуов, Ыбырай Жақаев, Ұлбала Алтайбаева, Сәлима Жұмабекова, Зейнолла Шүкіров, Асқар Тоқмағамбетов, Дүкенбай Досжан, сынды т.б ұлтымыздың біртуар перзенттерінің ұрпақтары мен туған-туыстары қатысып, олардың қолданған құнды жәдігерлерін Ұлттық музейге табыстады. 

Сондай-ақ, акция аясында сыр өңірінің тумалары, белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев пен даңқты спортшымыз Илья Ильиннің жеке заттарымен қоса, жергілікті суретші, мүсіншілердің де туындылары музейге тарту етті. «Кез-келген шет мемлекетке барсақ, ең әуелі мұражайына бас сұғамыз. Қандай да бір ұлтты танытып, оның рухани қазынасын насихаттайтын музейлер мен мәдени орталықтардың орыны ерекше. Ұлттық музейдің ұйымдастырып отырған акциясы ұлтты танытуда, оның рухани байлығын насихаттауда ерекше маңызы бар шара деп білеміз. 

Қазақ даласында өмір сүрген ежелгі мемлекеттердің біразының астаналары біздің Қызылорда өңірінде орналасқан. Қазір сол қалалардың орындарында археологиялық зерттеулер жүргізіліп жатыр. «Сыр елі жыр елі» деп бекер айтылмаған. Мәңгілік елдің рухани қазынасының үлкен бөлігі біздің облыс өңіріне де тиесілі. Сондықтан бұл өңірден де Ұлттық музей жәдігерлерінің қатарына қосылатын құнды мұралар көптеп табылады», – деді жиында сөз алған Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы. 

d690ac722e33fc4784e770c4e19349e7.jpg

«Ұлттық музейге сый тарту» акциясы биылғы жылғы 18 наурызда Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде салтаннаты түрде бастау алған болатын. Шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Кенен Әзірбаевтың ұлы Бақытжан Әзірбаев, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин, «Қадыр Мырзалиев» қорының төрағасы Донеділ Қажымов, Олимпиада чемпиондары – Серік Сәпиев, Бақыт Сәрсекбаев, Юрий Мельниченко сынды елге белгілі азаматтар, коллекционерлер, танымал тұлғалардың ұрпақтары, спортшылар, жеке адамдар қатысқан еді. 

Қызылордада өткен шарада Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директоры Дархан Мыңбай былай деді: «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы бұған дейін Астана, Алматы қалаларында ұйымдастырылды. Мұндай акция әлемдік өркениетті мемлекетерде бұрыннан бар. Бұған дейін бізге елге танымал, даңқты тұлғаларға қатысты жәдігерлер келді. Оларды қаншама уақыт бойы дұрыс сақтап отыру үшін арнайы орын болу керек. Адамдардың бізге аманаттап тапсырған жәдігерлерін Ұлттық музей барлық талаптарға сай арнайы орындарда сақтайды. Және болашаққа жеткізіп отырады. Біздің музейде кез-келген затты, мәселен темірден немесе былғарыдан, ағаштан жасалған мұра болсын оны өзіндік қасиеттері мен ерекшеліктеріне сай келетін орында ұстап отыруға жағдай жасалған. Халқымыз «Жер моласыз болмас, ел мұрасыз болмас» деп бекер айтпаған. Біздің еліміздің мұрасы бар және оны сақтап, келешекке жеткізіп отыратын орынымыз да бар. Музей ісіне дұрыстап көңіл бөліп, оның жұмысын жолға қоя білсек, өзге елдерге де таныламыз әрі туристерді тартуға да көп септігін тигізеді». 

fb70a552a73ad9bbe4c1edc8fa80c617.jpg

Акцияға қатысқан зиялы қауым өкілдері мен танымал тұлғалар да аталмыш шара жайлы өз ойларымен бөлісті. 

Шырынгүл Қазанбаева, Социалистік Еңбек ері: 

«Ұлттық музейдің қорына 50 жылдық тарихы бар, қолдан тоқылған көне кілемді тапсырдым. Бұл кілем таза қол еңбегінің жемісі. Оның тоқылу техникасы да ерекше. Кілемді музейдің қорына өткізбесек бүлдіріп алатынымызды өзіміз де біліп жүр едік. «Ұлттық музейге сый тарту» республикалық акциясын қолға алғанда қатты қуандық. Себебі Ұлттық музей қызметкерлерінің көне кілемді қабылдайтынын және оны тиісінше сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізетініне кәміл сендік». 

Сәлима Жұмабекова, Социалистік Еңбек ері: 

«Қазақ халқының мәдени ошақтарға зар болған кезі болды. Сонда қазіргідей музейлер мен театрлар ашылса ғой деп армандайтынбыз. Шүкір, арманымыз ақиқатқа айналып, Астанадан Ұлттық музей ашылды. Ол халқымыздың арғы бергі тарихын түгендеп, жәдігерлерді жинауды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. «Ұлттық музейге сый тарту акциясы» осының айқын айғағы деп білемін. Ұлттық музейдің дәл осы бастамасын «Мәңгілік ел» болуға ұмтылу жолындағы жарқын жоба, ілкі қадам деп қабылдау керек. Бұл берері мол акция. Оның болашақ ұрпаққа көрсетер өнегесі мен үлгісі көп болады». 

13 маусымда Алматы қаласында өткен акцияға Ілияс Жансүгіров, Тахауи Ахтанов, Қаныш Сәтбаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Әлкей Марғұлан, Серке Қожамқұлов, Әзілхан Нұршайықов, Еркеғали Рахмадиев, Ғарифолла Құрманғалиев, Кәукен Кенжетаев сынды белгілі тұлғалардың ұрпақтары, туыстары қатысып, олардың көзі тірісінде қолданған заттарын Ұлттық музей қорына тапсырды. Осы уақытқа дейін Ұлттық музейге барлығы – 918 зат табысталды (Астанада – 411, Алматыда – 507). 

414f3851c02e8f5f0ec478f1767060a7.jpg

Шара мақсаты – ұлттық тарихи-мәдени мұрамызды сақтау мәселесіне қоғам назарын аудару. Ел арасында елеусіз жатқан тарихи маңызы зор құнды заттарды, ұлтымыздың ірі тұлғаларының жәдігерлерін кәсіби тұрғыда сақтауға және көпшілік назарына ұсыну үшін Ұлттық музейге тапсыруға үндеу. 

Шарты: «Ұлттық музейге сый тарту» акциясына қатысушы өзінің коллекциясындағы құнды жәдігерді, ел тарихына қатысты елеулі мұраны немесе елге белгілі тұлғаның қолданған заттарын музейге сақтауға табыстайды. Барлық сый-тартуларға (жәдігерлерге) заңдық негізде қабылдап алу шарты жасалып, олар музейдің қорына өткізілетін болады. Сый-тартулар негізінде Ұлттық музейде арнайы көрме ұйымдастырылады. Акция жыл соңына дейін жалғасып, еліміздің барлық аймағын қамтитын болады.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?