«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Беловодскідегі жер сілкінісі

1322
Беловодскідегі жер сілкінісі

Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның таулы аймағының сейсмоактивті аймақта орналасқаны құпия емес, бұл жерде ежелден-ақ күшті жер сілкіністері болып, қоршаған ортаға ғана емес, сонымен қатар отырықшы халыққа да аса ауыр зиян келтіргені мәлім. Бұл өңір үшін жер сілкінісі пәлендей бір жаңалық емес. Мысалы, Верный қаласында 1868 – 1888 жылдар арасында отызға жуық жер сілкінісі болып, олардың көпшілігі аса бір зиян келтіре қоймаған. Qazaqstan Tarihy порталы «И вздрогнула земля…»: Из истории землетрясений в Семиречье. 1885-1912 гг.» (құрастырушы И.М. Самигулин) құжаттар мен материалдар жинағына сүйене отырып, XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Жетісуда болған төрт ірі жер сілкінісі туралы әңгімелейді. Жетісу өңірінде болған, құжатқа түсірілген ең ірі жер сілкінісі болып 1885 жылдың 21 шілдесінен 22-не қараған түні Беловодскіде болған жер сілкінісі саналады.

Сілкіністің эпицентрі Қырғыз жотасының солтүстік тау бөктерінде болса да, жер сілкінісі Жаркенттен Ташкентке дейін, Балқаштың оң жағалауынан Әндижанға дейінгі зор аймақта сезілген. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық архивінде Дала генерал-губернаторы Г.А. Колпаковскийге Жетісу облысы әскери губернаторының көмекшісі Н.А. Аристовтың 1885 жылғы 22 шілде сағат таңғы 5-тен 50 минут кеткенде жазған хатының түпнұсқасы сақтаулы. Ол хатында жер сілкінісінен Беловодск және Сукулук ауылдарының қирағанын жазады. Өз кезегінде Колпаковский империяның Ішкі істер министрлігіне хат жолдайды, ол хатта былай делінген: «…Землетрясение в ночь на 22 разрушило два селения Токмакского уезда Семиреченской области – Беловодск и Сукулук. Народа погибло много. Беловодская церковь пала. Землетрясение в окрестностях Пишпека продолжается по настоящее время. Дальнейшие подробности неизвестны. Означенные селения возникли в начале 70-х гг. В первом считается населения 742 души обоего пола, во втором – 335. Расстояние между ними 17 верст…»   Архивте Беловодск апатына қатысты тағы бірнеше хат сақталған. Солардың бірінде генерал-губернатор Колпаковский Жетісу облысының әскери губернаторына зардап шеккендерге көмек беру үшін земстволық несиені жұмсауға рұқсат береді, өңірге фельдшерлерімен және дәрі-дәрмекпен бірге төрт дәрігерді және жергілікті Қызыл Крест Қоғамын жіберуді тапсырады. Бұл хатты алысымен Н.А. Аристов облыс дәрігері Н.Л. Зеландқа тоқмақтық дәрігерді апат орнына жіберуге өкім еткенін және Зеландтың өзіне Беловодскіге баруды ұсынып, хат жолдайды. 1885 жылғы 22 шілде сағат 12:15-те апаттың алғашқы салдары белгілі болады. Тоқмақ уездік басқармасының іс жүргізушісі Л.Л. Зауэрдің хатында былай делінген: «Беловодскіде түбірімен қираған ғимараттарда 37 адам қаза болды [оның ішінде 19 бала – ескертпе], жарақат алғаны – 43. Қарабалтада 17 адам қаза тауып, 20 адам жарақаттанды. Үйлердің түгелге дерлігі қираған, оның ішінде училище және шіркеудің бір бөлігі де бар»

Жер сілкінісінің Пішпектегі салдары бізге облыстық инженер Б.Д.Родзевичтің 1885 жылғы 23 шілдедегі хатынан белгілі, онда әйелдер училищесінің, ояз бастығының қосалқы үйінің тұруға жарамсыз болып қалғаны, ояз бастығының үйі мен ерлер гимназиясының қатты бүлінгені, түрме, шіркеу, ояз қазынашылығының жеңіл бүлінгені, ақша қоймасының бүлінбегені, Жылағаш бекетінің бүлінгені туралы хабар алынғандығы, базардың бүтіндігі туралы жазылған. Сукулук туралы да Родзевич жазған: «Сукулукта училище, ескі бекет толығымен бұзылған; жаңа бекет іргесіне дейін қираған». 1885 жылғы 10 тамызда «О Беловодском землетрясении и его последствиях» атты мақала шыққан. Онда трагедияның алдында болған оқиғалар және қирау көлемі туралы егжей-тегжейлі жазылған. Мақалаға сәйкес, түнгі сағат екілер шамасында Шу даласының тұрғындары жер сілкінісінен оянған. Беловодское ауылы жер сілкінісінің дәл эпицентрінде болғандықтан тұрғындардың көбі үйлерінен шығып үлгермей, қирандының астында қалған. Таңертең Беловодск түгел қирандының астында қалған. Тұрғын үйлер, училище, пошта стансасы, шіркеу түгел қираған. Беловодскімен қатар оған жақын орналасқан Қарабалта мен Сукулук ауылдары да біршама қираған. Алайда Сукулук пен Беловодскінің ортасында орналасқан дұнғандардың Александровское селосы қирамаған. Тілші бұны үй салудың дұнғандық жүйесімен түсіндіреді. Пішпек қаласы да қираған: ерлер және әйелдер гимназиясы, ояз бастығының қосалқы үйі, түрме және жергілікті команданың казармасы және басқа да құрылыстар құлаған. Дегенмен де, болуы мүмкін жер сілкінісіне кейбіреулер дайын болған. Мақалада қалалық бақтың бағбаны Фетисовтың жер сілкінісі болардан алты күн бұрын толқуларды байқағаны туралы жазылған. Алайда, өзінен басқа ешкім толқуларды сезбегендіктен, ол да мән бермей, денсаулығыма байланысты болар деп шешкен. Ол тірі қалған. Зардап шеккен қазақтар туралы тілші: «Пішпек пен Қарабалтаға қарсы Александров жотасы шатқалында қырғыздар мен олардың малы тас пен үйіндінің астында қалған. Әзірге қолда бар мәліметтер бойынша бір қырғыз қаза тауып, бесеуі жараланған»,-деп жазады. Алайда, тау инженері И.В. Игнатьевтің Тоқмақ уезінде жүргізілген зерттеулері туралы 1885 жылңы 2 желтоқсандағы есебінде бірқатар елді-мекендегі қираған ғимараттармен қоса, бірнеше қазақтың да қаза тапқаны туралы жазылған. Толканов болысында екі қазақ, Қарабалта болысында екі қазақ, Аламедин болысында бір қазақ қаза болған. Б.Д. Родзевичтің 1885 жылғы 20 тамыздағы баяндамасында Самсы стансасынан бастап Пішпекке дейінгі стансалардың болар-болмас қирағаны туралы айтылады. Одан әрі ол Верныйдан гөрі Пішпектің көп зардап шеккенін жазады. 24 шілдеде Родзевич Беловодскіде болып, ондағы қираған ғимараттардың тізімін жасаған, олардың ішінде пошта стансасы, шіркеу, қоңыраухана, училище, қоғамдық үй, қоғамдық ғимарат, болыс басқармасы, дьяконның үйі бар. 25 шілдеде Сукулуктағы қираған ғимараттардың тізімі жасалған, олардың ішінде пошта стансасы, өткінші командаларға арналған барак және училище бар. Материалдық шығындар туралы Б.Д. Родзевич: «…Қарабалтада бағалау бойынша 15 425 руб. 20 тиын сомасындағы 90 үй мен 100 тұрғын үй емес ғимарат және шаруалар салған, 3000 рубльден кем тұрмайтын училище, 2800 рубль тұратын өткінші командаларға арналған барак, 2700 рубль тұратын пошта стансасы қираған. Беловодскіде 24 370 рубль сомасындағы 152 жер үй және 134 басқа да ғимарат, дін қызметшісінің үйі 1000 рубль, 5000 рубль тұрған шіркеу, қазнадан 1942 рубль субсидия бөлінген училище, қоғамдық үйлер қираған: дьяконның үй 570 рубль, болыс басқармасы 650 рубль және қоңыраухана 2000 рубль. Пошта стансасы құлаған. Сукулукта 5305 рубльге бағаланған 57 үй қираған, училище қатты зардап шеккен - 800 рубльге дейін, қазынаға 2300 рубль тұрған барак бұзылған. Пішпекте 5765 рубль сомасында 70 үй зардап шеккен, әйелдер училищесінің қабырғасы бұзылған, зардап 800 рубльді құрайды; 502 рубль 7 тиынға ерлер училищесі зардап шеккен (бастапқы құны 6500 рубль); шамамен 300 рубльге қазынашылық зардап шеккен; уезд бастығының 1750 рубль тұратын үйі 800 рубльге зардап шеккен; 250 рубльге гауптвахта және 100 рубльге шіркеу зардап шеккен. Фетисов мырзаның Чунхурчактағы ірімшік қайнататын зауыты 400 рубль; Александров ауылындағы 11 үй 273 рубль; Аламединде 22 үй 285 рубль; Иссыгатада 26 үй 630 рубль; станса шамамен 100 рубль және өткінші командаларға арналған барак 30 рубль, Пішпектегі дәл осындай барак 120 рубльге зардап шеккен. жалпы есеп бойынша 48 996 рубль 20 тиынға жекеменшік ғимараттар, 22 505 рубль 7 тиынға қоғамдық ғимараттар зардап шеккен, жалпы зардап 71 500 рубльді құрайды, бұл есепке қозғалатын мүлік, өлген мал есебі кірмеген». Тоқмақ уезіндегі қырғыздардың жер сілкінісінен тартқан зардабы туралы Ведомостьта, уездің алты болысында (Тынай, Қарабалта, Толканов, Сукулук, Аламедин) жалпы сомасы 8169 рубльге 348 жылқы, 243 қой, 11 түйе мен 10 сиыр өлгені туралы жазылған. «Ведомость частным домам и постройкам в г. Пишпеке, подвергнувшимся разрушению и повреждению от землетрясения, бывшего с 21-го на 22-е число июля сего 1885 г.» деген құжатта апатта зардап шеккен жетпіс адамның аты-жөні келтірілген. Солардың ішінде 30 рубльге екі пеші мен қамбасынан айырылған Мұхаммед-Галей Курбангалиев, Максутбай Якупбаев (мұржасы бар бір голланд пеші – 10 р.), Муфтий Абушахметов (мұржасы бар үш голланд пеші, қамба қабырғасы мен қосалқы үйлер – 120 р.), Гайнула Гумеров (шатыр және үш пеш – 200 р.), Осман Ходжа (үй шатыры, мұржасы бар екі пеш – 100 р.), Миндагазис Токтамышев (мұржасы бар екі пеш – 20 р.), Абдул-Назар Ваганов (үй шатыры, мұржасы бар екі пеш – 60 р.), Салих Мамашев (үй шатыры, мұржасы бар екі пеш - 60 р.), Хусаин Темиргалиев (мұржасы бар үш голланд пеші – 30 р.) және Сеит-Акрам Мурзабаев (үй шатыры, мұржасы бар екі пеш – 150 р.). Жалпы 70 адамның жоғалтқан мүлігі 5765 рубльге бағаланған. 1885 жылғы 12 тамыздағы облыстық дәрігер Н.Л. Зеландтың жараланғандар туралы баянатында: «Пішпекке келісімен, жараланғандар жоқ болғаннан кейін мен қалған верныйлық дәрігерлермен әрі қарай зардап шеккен ауылдарға аттандым, ол жерде уездік фельдшер Фрунземен бірге зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетіп жүрген дәрігер Поярковты көрдік. Алты науқастың жарақаты ауыр екен: біреулерінің жамбасы мен қабырғалары сынған, енді біреуінің аяғы сал болып қалған, біреуінің бұғанасы сынған, басқаларының жағдайы қанағаттанарлық»,-делінген.

Жалпы, Беловодск жер сілкінісі көптеген афтершоктармен ілесіп жүрген, олар негізгі сілкіністен кейін күн сайын 5-6 ай бойы қайталанып тұрған. Ең күшті афтершоктар 4, 23 қыркүйек пен 13 қазанда түнгі сағат 2-де байқалған, соның салдарынан Пішпек қаласының кейбір үйлерінде жарықшақтар пайда болған. Беловодск жер сілкісінің зардабын тау инженері И.В. Игнатьев, геологтар И.В. Мушкетов пен Г.П.Романовскийлер зерттеп, сипаттап жазған.

Автор: Аян Аден