Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ысқақ медресесі жайлы не білеміз?

2499
Ысқақ медресесі жайлы не білеміз? - e-history.kz
Бәріміз жақсы білетіндей, ағайынды Мамановтар мен Тұрысбековтердің бастамасымен 1899 жылы Қапал уезінің Қарағаш елдімекенінде ашылған Мамания мектебі Жетісу жеріндегі жәдидтік бағыттағы оқу орындарының бірі болды. 

Бұл медреседе қазақтың белгілі тұлғалары Ілияс Жансүгіров, Біләл Сүлеев білім алды. Осы секілді Жетісу жеріндегі тағы бір үлкен мектеп болды. Ол – Верныйдағы (қазіргі Алматы) Ысқақ медресесі.

Мұсылман халықтарын өркениетке тартуды көздеген жәдидтік қозғалыс ХХ ғасырдың бас кезінде Жетісу жеріне жетті. Аймақта жаңа бағыттағы мектеп, медреселер ашылып, ол жерлерде діни сабақтармен қатар, математика, география, тарих, биология секілді жаратылыстану пәндері оқытыла бастады. Деректерде 1909 жылы Жетісу облысында осындай жаңа әдісте білім беретін 18 мектеп болғаны айтылады. Соның бірі – Ысқақ (Искахия) медресесі. Бұл медресенің қабырғасы 1903 жылы қаланды. Медресені татар көпесі Ысқақ Ғабдувалиев салдырды. Оқу орнын көпестің «Ғабдувалиев және оның балалары» атты сауда үйі қаржыландырды.

«Жетісу өңірінде ескі қадымшылдықтан жәдидтік жолға түскен ең алғашқы оқу орны – 1883 жылы Верныйдағы татар мешіті жаныннан ашылған Ысқақ Ғабдувалиев медресесі болды. Бұл медресе 1904 жылы жәдидтік болып қайта құрылған еді. Осыған орай «Тәржіман» газеті 1904 жылғы санында: «Ысқақ Ғабдувалиев өз медресесіне жаңа оқыту жүйесін енгізді. Бұл оқиға жергілікті халық тарапынан қолдауға, зор ризашылыққа ие болды. Халық оянып, қазіргі өмір талабын түсіне бастады. Кертартпалық көзқарастар мен түсініктер өскелең өмір ағысымен біртіндеп ығыстырылуда» деп хабарланды» деп жазады тарих ғылымдарының докторы Нәзира Нұртазина.

Жаңа әдісте білім беру үшін медресеге Қазандағы атақты «Мухаммадия» медресесінің негізін қалаған дін қайраткері Ғалымжан Барудидің шәкірті Ахмедулла шақыртылды. Ол медресеге мұғалім ретінде қабылданып, шәкірт оқыта бастады. Сол замандағы атақты «Тәржіман» газетінде алматылық ұстаз Ахмедулла шәкірттерінің табысы туралы арнайы хабарлар жарияланған. Атап айтқанда, «Алматыдан хабар» атты мақалада («Терджиман-переводчик», 1904, №29) жаңа әдіс бойынша білім беретін мектепте емтихан өтіп, шәкірттер өте жақсы нәтиже көрсеткені хабарланған.

4c4e2368-0848-4069-a5b0-c952c1eca0ea.jpg

Кейін медресе шәкірттері санының өсуіне байланысты бұл мектеп тарлық ете бастайды. Сөйтіп Ысқақ Ғабдувалиев медресені кеңірек қылып қайта салады. Осы кезде мектептің оқу бағдарламасы да кеңейіп, араб тілінің негіздері, арифметика, география, тарих сабақтары енгізіледі. Жаңадан бой көтерген мектепке Қазан, Орынбор секілді қалалардан жаңа оқу жүйесі бойынша білім алған ұстаздар шақырылды. Солардың қатарында Мухаррам Бекболатов, Ғали Мугинов, Габдулбари Сайфуллин, Сафу Бекбаев, Біләл Хисамутдинов болды. 1905-1916 жылдары Ысқақ медресесін «Мухамадия» (Қазан), «Хусаиния» (Орынбор) және «Исхакия» (Троицк) медреселерінде білім алған Біләл Хисамутдинов басқарды.

Революциядан кейін медресенің тағдыры да күрт өзгерді. Ысқақ медресесі Гаспринский атындағы №4 мектеп болып өзгерді. Деректерде бұл мектепте қазақтың болашақ мемлекет басшысы Дінмұхаммед Қонаевтың білім алғаны айтылады.

Қанқұйлы 30-жылдары мектеп толықтай жабылып, М.Бекболатов бастаған директоры мен мұғалімдері «Жапон тыңшысы» деген жаланың құрбаны болды. Көпшілігі 1937 жылдың қарашасында ату жазасына кесілді. Медресенің негізін салған Ысқақ Ғабдувалиев пен оның ұрпақтарының тағдыры да оңайға соқпады. Бай балалары Совет одағының қанды шеңгелінен құтылмады. Атақты жазушы Шыңғыс Айтматовтың нағашы атасы Хамза Ғабдувалиев (Нағиманың әкесі) пен Ысқақ Ғабдувалиев ағайынды кісілер болған. Өкінішке қарай, қазақ руханиятына өлшеусіз еңбегі сіңген Ғабдувалиевтердің ұрпақтары қайда екенінен хабарсызбыз.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?