Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Хантау – Қазақ хандығының алғашқы астанасы

3283
Хантау – Қазақ хандығының алғашқы астанасы - e-history.kz
Қазақ хандығына қатысты ең жауапты шешімдер хан ордасы ретінде Қозыбасыда қабылданғанын білдіреді. Демек, Қазақ хандығының алғашқы астанасы – Хантау қаласы деп айтуға əбден болады

Биыл Қазақ елі үшін ерекше жыл деп айтсақ еш қателеспеген болар едік. Өйткені, биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың 70, ҚР Конституциясы мен Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығы қатар келіп отыр. Міне осы мерейтойлардың ішінде Қазақ хандығының 550 жылдығының орны ерекше. Себебі, Керей мен Жәнібек құрған мемлекет ең алғаш рет қазақ деген атауды тарих сахнасына шығарып, өз алдына бөлек отау тікті. Сондықтан да, айтулы датаны ұмыт қалдырып, атап өтпеуге ешқандай қақымыз жоқ. 

d3a467f48cc53adfd1d3a878c16905a4.jpg

Күні кеше еліміз Астанада Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын жалпыұлттық деңгейде атап өтті. Бұл әрине жұртшылықтың көне тарихқа, шын мәнісінде тәуелсіздікке деген құрметі болса керек. Өйткені, қазақ ұлты ежелден тәуелсіздік аңсап, арайлы күнге әзер дегенде қол жеткізді. Сондықтан да тәуелсіздік дегенде астана мәселесіне ерекше екпін берілетіні тегін емес. Себебі, елдің ел екенін көрсететін негізгі белгі бір орталықтан басқаралытын астана екені көпшілікке белгілі жәйт. Мәселен, Қазақ хандығының астанасы десе есімізге ең біріншіден Түркістан қаласы түседі. Себебі, аталған қалада ұлтымыздың тағдыры талқыланып, болашағымызға бағдар берілген. Сол себепті де Түркістан қаласында қазақтың небін игі жақсылары жерленіп, тыным тапқан. Сондай-ақ, қазақ хандығы тарихында Ұлытау мен Ордабасының алар орны ерекше. Бұдан бөлек, ұлт тарихында ондаған тарихи орындар мен жерлер жетерлік. Алайда солардың ішінде Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданына қарасты Хантау қаласының бәсі жоғары. Себебі, 1465 жылы Жәнібек пен Керей қазақ хандығының туын дәл осы Хантауда тіккен. 

14d4282f92123d77360f774fa019934a.jpg

Жалпы, Қазақ хандығының 550 жылдығын тек той тойлау үшін ғана емес, ой толғау үшін атап өтуіміз керек. Той тойлау демекші Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ұлы тойдың қорытындысы Астана мен Жамбыл облысылында аталып өтілуі тегін емес. Өйткені, Керей мен Жəнібек хандар Əбілқайыр хандығынан бөлініп, Моғолстанның батысындағы Шу өзені бойындағы Қозыбасы өңірінде қоныстаған. Бұл дегеніңіз Қазақ хандығына қатысты ең жауапты шешімдер хан ордасы ретінде Қозыбасыда қабылданғанын білдіреді. Демек, Қазақ хандығының алғашқы астанасы — Хантау қаласы деп айтуға əбден болады. Осы ретте, Шу өзенінің бойында Қозыбасы деп аталатын бірнеше жер болғанын ұмытпаған жөн. Мысалы, Іле Алатауының солтүстік-батысында Қозыбасы аталатын жота бар. Сондай-ақ, аталған жер Жамбыл ақын «Сұраншы батыр» дастанында жырлағандай Қордай асуында, Мойынқұм ауданы Хантау іргесінде жəне Іле Алатауының солтүстік-батысындағы Қозыбасы деген шоқыда кездеседі. 

Жалпы төрт Қозыбасы да Шу атырабымен іргелес жатқандықтан Керей мен Жəнібек құрған хандықтың орталығы Хантауы болды деп нық сенім мен айта аламыз. Белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелдінің айтуынша, Қазақ хандығының алғашқы астанасы нақты қай жерде болғанын анықтайтын арнайы экспедиция жасақталуы керек. Ол сонда ғана тарихи шындыққа көз жеткізіп, нақты қорытынды жасауға болатынын айтады. 

ed61abe9c71a1722a7aeeb8f9afa3ea4.jpg

– Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» атты еңбегінде «Қазақ хандығының бой көтерген жері Шу өзені бойын дағы Қозыбасы шоқысы» деп жазылған. Алайда, аталған Қозыбасы шоқысы қай жерде дегенде тарихшылардың арасында пікір қайшылығы бар. Өйткені, Жетісу өңірінде Қозыбасы деп аталатын үш-төрт жер кездеседі. Біз осыдан бірнеше жыл бұрын Мойынқұм ауданына қарасты Қозыбасы деп аталатын жерде болдық. Аталған жерде Хантауы сияқты əр түрлі тарихи атаулар бар. Менің ойымша дəл осы Хантаудың іргесіндегі Қозыбасы шоқысы Қазақ хандығының алғашқы астанасы болған сияқты. Себебі, Қозыбасы шоқысы шаруашылыққа жайлы əрі сол кездегі қазақ хандығына қарсы жаулардан алыстау орналасқан. Оның үстіне Владимир дейтін археолог тарихшы «Шу бойындағы хандар» атты еңбегінде «Мойынқұм өңірінің халқының аңыз əңгімелерінде Жəнібек пен Керейдің Хантауында билік құрғаны туралы жиі сөз болады» деп жазады. Алайда, Қазақ хандығының алғашқы астанасы нақты қай жерде болғанын анықтайтын арнайы экспедиция жасақталуы керек. Осы экспедиция Керей мен Жəнібек құрған Қазақ хандығының орталығын анықтауы тиіс. Жалпы, Шу өзені Қырғыз Алатауынан басталып Мойынқұм ауданына дейін не бəрі 100 шақырым ғана болады. Сондықтан да экспедиция жұмысы археолог тарихшыларға анау айтқандай ауыр болмайды деп ойлаймыз, – дейді Мәмбет Қойгелді. 

Иә, расында Қазақ хандығының астанасы болған жерді анықтау анау айтқандай қиын шаруа емес. Өйткені, жуырда бір топ тарихшы ғалымдар Мойынқұм ауданына қарасты Хантау қаласынан Керей ханның қыстауын тапқанын сүйіншіледі. Профессор Мадияр Елеуовтың айтуынша, «Керей» атындағы сай мен сол сайдың бойынан Керей ханның бес бөлмелі қыстау үйі табылған. Жергілікті ақсақалдардың жол көрсетуімен анықталған бұл қыстауды тарихшылар аса құнды жәдігер деп бағалап отыр. Себебі, Керей хан қыстауының Мойынқұм ауданынан табылуы Хантау қаласының Қазақ хандығының алғашқы астана болғанын әйгілейді. 

Серік Жолдасбай

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?