«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қазақ шекарасы бекемделгеніне 100 жыл

3022
Қазақ шекарасы бекемделгеніне 100 жыл

Осыдан 100 жыл бұрын Қазақ АССР-і құрылды. Бұл қазақ халқының 70 жылдық тарихын алып жатқан советтік билік құрамындағы мемлекеттік құрылым болатын. 1920 жылғы 26 тамызда В.И. Ленин мен М.И. Калинин және А.С. Енукидзенің қолы қойылған "Қырғыз (Қазақ) АКСР-нің құрылғаны туралы" декрет шықты. Декретте Қырғыз (Қазақ) АКСР-нің географиялық аумағы анықталды.

Жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай қазақ шекарасының белгіленуіне тікелей алашордашылар әсер еткенін айтады. Яғни Ақпан төңкерісінен кейін алаш қайраткерлерінің дербес ел болуға, өзгелермен тең құқық алуға деген үміті ояна түскен болатын. Алайда большевиктерді билікке әкелеген Қазан төңкерісінен кейін қазақ оқығандары орыстан анағұрлым іргені алыс салуға бар жігерін салды. 

1917 жылы 28 қараша күні Түркістан автономиясы, 5-12 желтоқсан арасында Алаш автономиясы құрылып, Алашорда үкіметі өмірге келді. Алайда екі жылға созылған азамат соғысының нәтижесінде ақыры қызыл үкімет басым шықты. Екінші жағынан әуелгі уәделесіп, сенім артқан ақгвардияшылардың да ниеті белгілі бола берді. Осындай қысылтаяң кезеңде алашордашылар кеңесіп, неде болса Совет үкіметімен ымыраға келейік деп шешеді. Әрине ендігі жерде советтік билікке бағына отырып, большевиктердің арасында жүріп қазаққа қызмет қылуға, іште жүріп күресуге бел байлайды. Бастапқыда жасалған Қазақ автономиясының жобасын әрі қарай жүзеге асыруға белбуды. Осы мақсатта 1919 жылы 11 шілдеде құрылған Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару жөніндегі революциялық Комитетке Ахмет Байтұрсынұлы да мүше боп кіреді. Осы жылдарда ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның жылдар бойғы тәжірибесі мен қазақ жері туралы білімі және өзге алашордашылардың да күш-қайраты осы іске шоғырланды. 

Әлихан Бөкейханның осыған дейінгі Шербина экспедициясына қатысуы, «Қазақ» газетінде, басқа да баспасөз беттерінде жазған мақалаларынан – оның ең негізгі тақырыбы, арман-мұраты жер мәселесі екенін аңғаруға болады. Дәл осы қазақ шекарасын белгілеуде Әлекеңнің жанында жүріп, көптеген тәжірибе жинаған Әлімхан Ермековтің рөлі бұған дейін де көп айтылып жүр. Тұрсын Жұртбай өзінің «Ұраным – Алаш» атты үш томдық зерттеу еңбегінің бірінші томында «Көтеріліп басылған жанартау» атты бөлімде жап-жас Әлімхан Ермековтің ерлігін егжей-тегжейлі баяндайды.

342-1.jpg

Журналист, сыншы Болат Мүрсәлім: «Әлімхан Ермеков автономия мен шекара мәселесі бойынша Мәскеуде бес ай бойы Бүкілодақтық атқару комитетінде, Ұлт істері жөніндегі комиссариатта, Ішкі істер комиссариатында, Халық комиссарлары кеңесінде, одан  басқа қаншама жиындар мен комиссияларда баяндама жасаған. Бұдан бөлек, Уәлитхан Танашев, Ережеп Итбаев, Мұхтар Әуезов, Сейдәзім Қадірбаев сияқты белді тұлғалар осы мәселені шешуге атсалысты. Ғұбайдолла Әлібеков, Әліби Жангелдин, Мұхамедияр Тұңғашин сияқты азаматтарды да осы қатарға қосуға болады», - дейді. Сондай-ақ, болат Мүрсәлім Автономия және шекара мәселесін шешуге Мәскеудегі кеңестік билік басшылығының да мүдделі болғанын айтады. Осыған қарай қазақ делегациясының да тақымдай түсуі, нақты дәлелдермен, құжаттармен батыл тойтарыс бере білді. Ахмет Байтұрсынов, Ғұбайдолла Әлібеков, Әлімхан Ермеков 1920 жылдың маусым айында құрамына экономистер, статистер, этнографтар, тарихшылар кіргенін 22 адамнан тұратын комиссия құру туралы шешім шығарған. Олар елдің географиялық ахуалын, тұрмысын, экономикасын, тарихы мен өмір салтын ескеріп, ғылыми негізі жоғары, түпкілікті жоба жасауға қажет еді. Өйткені, шекараның әр шақырымы Сібірревкомы, Түркістан, Астрахань, Челябі сияқты іргелес көршілермен талқыға түскен. Осының өзі-ақ қазақ шекарасын бекіту мәселесіндегі алашордашылардың рөлін анық байқатып тұрғандай.

Сондай бір үлкен талас-тартыспен Қазақ АССР-і құрылды. Оның құрамы төмендегідей болды.

1. Семей облысы – Павлодар, Семей, Өскемен, Зайсан, Қарқаралы уездері.

2. Ақмола облысы – Атбасар, Ақмола, Көкшетау, Петропавл уездері жəне Омбы уезінің бір бөлігі.

3. Торғай облысы – Қостанай, Ақтөбе, Ырғыз, Торғай уездері.

4. Орал облысы – Орал, Ілбішін Темір, Атырау уездері.

5. Маңғыстау уезі, Закаспий облысы Красноводск уезінің 4,5-адай

болыстары.

6. Астрахань губерниясының бір бөлігі (Каспий теңізінің солтүстік шығысы).

7. Бөкей Ордасы жəне Каспий теңізі жағасындағы округтерге жақын жатқан болыстар.

1921 жылы Ақмола жəне Семей облыстары Сібірревкомы қарамағынан Қазақ АССР-іне берілді. 1921 жылы Жайық, Ертіс өзендері бойындағы бұрын казактар иеленіп келген 10 шақырымдық өңір қазақ халқына қайтарылды. Орта Азияны ұлттық-мемлекеттік жағынан межелеу барысында қазақ жерінің біртұтас Қазақ республикасы болып қалыптасуы аяқталды.

Сырдария облысының Қазалы, Ақмешіт, Түркістан, Шымкент уездері, Əулиеата уезінің көп бөлігі, Ташкент, Мырзашөл уездерінің бір бөлігі, Самарқан облысы, Жизақ уезінің бірнеше болысы, Жетісу облысының Алматы, Жаркент, Лепсі, Қапал уездері, Пішпек уезінің бір бөлігі Қазақстанға қарады.

Болат Мүрсәлім мынадай дерек келтіреді: «Тарихшы Дина Аманжолова осы тақырыптағы тыңғылықты жазылған мақаласында қызықты бір дерек келтіреді. Ә.Ермеков қазақ автономиясының құрамына кіретін жердің ауданын 3 миллион 467 мың 922 шаршы верст деп есептепті. Бұл жерлерде 5 миллион 500 мың қазақ тұрады. «Қазақтар аталған территорияның 81 пайызына орналасқан. Бірақ бұл жерлердегі қазақ халқының үлесі – 54 пайыз» депті Ә.Ермеков. Бұл – Д.Аманжолованың еңбегінде келтірілген Ермеков баяндамасынан үзінді. Нақты сандар, нақты жоба. Қызық үшін кейін өзім де есептеп көрдім. Егер шаршы верстті шаршы шақырымға шақсақ, Қазақстанның қазіргі территориясы ол жердің 69 пайызын құрайды екен». Яғни алашордашылар бекемдеген териториялық аумақтың 31 пайызға жуығынан бүгінге дейін айырылып қалғанымыз байқалады.

Дегенмен, 100 жыл бұрын құрылған Қазақ АССР-і бүгін үшін өткен тарих, бөлек құрылым. Осы туралы тарихшы, академик Мәмбет Қойгелді Қарағандыда ұйымдастырылған 24 тамызда өткен Қазақ АССР-інің 100 жылдығына арналған конференцияда мынадай пікір айтқан болатын. Соны толық беруге тырысып көрейік.

– Осы күні тарихты оқытқанда, зерттегенде, біз бір мәселеге жете көңіл аудармай жүрміз. Яғни 1920 жылы қазанда құрылған өкімет пен қазақ ұлт-азаттық қозғалысының ара-қатынасы қандай деген сұрау бар. Мәселеге оның осындай қырынан қарағанда, бір неше сұраулар туындайды.

Бірінші сұрау, Қазақ қоғамы үшін маңызы жағынан алда тұратын 1905 жылдан басталған қазақ ұлт-азаттық қозғалысы ма, әлде империялық өзгерістерге алып келген орыс революциялық қозғалысы ма? Бұл екеуі негізі альтернативтік құбылыстар. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы Алаш қозғалысына, Алаш партиясының құрылуына, Алашорда үкіметінің құрылуына тіке алып келген. Ал Алаш қозғалысы деген жай құрғақ сөз емес, бұл XX ғасыр басындағы тұтас қазақтың оқығандары, Әлекең, Ахаң, Жахаң (Міржақып Дулатұлы) бастаған мыңға тарта адамнан тұратын буын. Олар қазақ қоғамын өзгерткен, қазақ қоғамын жаңа сапаға көтерген буын болатын. Сонымен қатар оның жауларының да қазақ қоғамына қарата қатынасын өзгерткен буын болатын. Ресейдің басқарушы элитасының қазаққа қарата, қазақ жеріне қарата көзқарасын өзгерткен буын. Яғни Алаш қозғалысы Ресейдегі Октябрь революциясын даярлаған большевиктік қозғалысқа альтернативті қозғалыс ретінде қарауымыз керек.

Екінші сұрау, жалпыресейлік революциялық өзгерістер нәтижесінде өмірге келіп, орныққан Қазақ АССР-іне бүгінгі көзқарас қандай болуы керек? 1920 жылы өмірге келген Қазақ АССР-і өмірден өтті. Осыған байланысты оның қазақ өміріндегі рөлі қандай болды? Не бітірді, немен аяқталды деген сұрауларға жауап іздеуіміз керек.

Сонымен бірінші сұраудан бастап көрейік. Алдымен терминдер жөнінде айтайын, «Кеңестік» дегеннен көрі «Советтік» деп алғанымыз дұрыс деп есептеймін, бұл өзі халықаралық термин, бұл туралы кезінде жазушы Мұхтар Мағауин де мәселе көтерген. Әлі күнге айтылып жүрген мифтер бар, алдымен осы аңыздардан арылмай болмайды. Бірінші миф, «Совет үкіметі қазақ халқына мемлекеттік автономия алып бергені» туралы аңыз. Екінші миф, «Совет үкіметі сол мемлекеттік автономияның шекарасын анықтады» дейміз. Үшінші миф, осы шараларды іске асырудағы Лениннің рөлі, оны асыра бағалаудың негізі жоқ, қазірдің өзінде кейбір тарихшылар «Ленин болмағанда біздің шекарамыз анықталмайтын еді» деп жүрген. Осы процестердің астарында қандай күштердің, қандай партиялардың және топтардың еңбегі жатыр, осыны анықтай білу керек. Осының бәрін жүзеге асырған Совет үкіметі деп ұғатын санадан бас тартуымыз керек. Бүгінгі дербес мемлекетке сай деңгей, дәрежеде дербес ойлануымыз керек.

75f6df577557ba1c5e7a5a4558e8b632.jpg

Бірінші миф «Совет үкіметінің қазақ халқына мемлекеттік автономия бергені» жөнінде. Бұл тұжырым советтік идеялогияның өнімі деп қаралуы керек. Совет үкіметін қазақ ұлтын жарылқаушы, оның әкесі және анасы ретінде көрсетудің әрекеті. Тарихи шындық солай, өзін жаулап алған, немесе еріксіз қосып алған халыққа өз еркімен мемлекеттік берген империя болған емес, Ұлыбританияны алыңыз, Францияны алыңыз, Қытайды алыңыз, ешқайсысы өз еркімен қоластындағы отар халыққа мемлекеттік автономия берген емес. Бұл ақиқат Ресей империясына, Совет үкіметіне де тиесілі. Мәселе қалай қалыптасты, мен осыған қысқаша тоқталайын. Иә, рас советтердің 1917 жылдың соңына қарай қабылдаған декларациясында «біз империя құрамындағы қаналған халықтарға мемлекеттік дербестік береміз» дегені бар. Бірақ оны орындады ма? Октябр революциясы жеңе салысымен Совет үкіметі екі мемлекеттің тәуелсіздігін мойындады, Польша мен Финляндияға бірден мемлекеттік дербестік берді. Осы жылдың аяғына қарай үш Балтық жағалау елдеріне дербестік берді, Эстония, Литва, Латвияға. Бұл шындық. Ал большевиктердің осы ұстанымы ары қарай жалғасын тапты ма? Осы сұраққа келгенде бәріміз де іркілеміз. Шын мәнінде Ленин мен Сталин бастаған үкіметтің осы әрекеті одан әрі қарай жалғасын тапқан жоқ. Неліктен?

Осы тұста мына нәрсеге көңіл аударғым келеді. Біздің тарихымыз туралы жазып, зерттеп жүрген шетелдік, еуропалық, АҚШ-тық авторлардан байқаған бір нәрсем туралы айтайын, бәрінің еңбектерінен шығатын нәтиже «Қазақ қоғамының тарихын шешкен бір-ақ күш, ол – патша үкіметі, содан кейін Совет үкіметі» деп қарайды. Шын мәнінде өзінің проблемасын өзге халықтың элитасының қолына беріп қоятын, біз соншалықты бейшара халық болдық па? Әрине, соншалық бейшара емес едік. Мұнан шығатын қорытынды, біз әуелі XX ғасыр басындағы Алаш зиялыларының, сосын советтік қазақ зиялыларының еңбегін өз дәрежесінде бағалай алмай келе жатырмыз. Осы тұлғаларға қатысты деректерді батыс қоғамына жеткізе алмай жатырмыз. Бұл жұмысты Фрация тарихшылары бастаған болатын, Алаш қозғалысы туралы құжаттар жинағын шығарды, т.б. жұмыстар жасады. Біз соны жалғастырып алып кетуіміз керек еді. Бүгінгі таңда, құдайға шүкір, Алаш қозғалысы туралы, совет кезіндегі қайраткерлер туралы еңбектер жарық көріп жатыр, бірақ соның көбі шетелге аударылмай отыр. Шетелдік авторлар біздің еңбектерді көрмегендіктен, көрсе де оқи алмағандықтан осындай тұжырымға келіп жүр.

Осы жерде бір неше құжатқа тоқталайын. Бірінші құжат, 1920 жылы мамыр айында Ахмет Байтұрсынұлы Ленинге хат жазды, хат тікелей Ленинге бағытталды. Хаттың тұтас мазмұнын айтып отырмай-ақ қояйын, ең бастысы бұл хатта «егер Совет үкіметі қазақ халқына мемлекеттік автономия берсе ол қандай болуы керек?» деген сауалға жауап айтылды. Ол былай деді: «Бұрынғы патша кезінде қалай басқардыңыздар, солай басқара берулеріңізге болады. Яғни қазақ жерін бір неше генерал-губернаторлыққа бөліп басқара беру. Егер бұл жолға түссеңіздер, онда мемлекеттік іргелеріңіз осал болады. Екінші жол, қазақ халқының қазаққа жаны ашитын тұлғалары бар, ұлттық интелегенциясы бар, соларға сеніңіздер, олар қателесуі де мүмкін, бірақ ешқашан өз халқының мүддесін сатпайды. Билікті солардың қолына ұстатыңыздар» деді.

Осы 1920 жылы тамызда Ленинге екінші хат жазылды. Ол хаттың атауы «обращение киргизского народа к Ленине» деп аталады. Бұл хатта жетекші рөл атқарған тағы да Алаш зиялылары. Әлихан Бөкейхан, Ахмет байтұрсынұлы қатарлылардың идеялары жатты хатта. Бұнда да қазақ мемлекеттігі қандай болуы керек деген сұрауға тиянақты жауап берді. Бұл күрестің көрінісі. Қазақ зиялылары ешуақытта қазақ тағдырын большевиктердің, орыс зиялыларының оңшыл, солшыл топтарының қолына беріп қойған жоқ болатын. Өз қолында ұстады, басын тікті, сол үшін күресті. Осының бәрін біз өз деңгейінде бағалауымыз керек деп білем.

Осыған байланысты 1919-1920 жылдарды Мәскеудегі советтік билікпен арада үлкен жұмыс жүрді. Советтік билікке үлкен сауалдар қойылды, қазақтар мемлекеттік сұрап жатыр, оған келісеміз бе? Келіссек ол мемлекет қандай болуы керек десті. Бұл сұрау тек қазақтардан ғана болған жоқ, Түркістан да осы ұсынысты қойды. Тұрар Рысқұлов бастаған түркістандық зиялылар Лениннің атына хат түсірді. Түркістан мемлекет болу керек деді. Рысқұлов Түркістанның өз партиясы, өз әскері болсын деген мәселеге дейін көтерді. Башқұрт пен татар да мемлекеттік мәселесін ортаға қойды. Заки Уалидов Тоған Әлиханмен ақылдаса отырып «Башқұрт-қазақ республикасын» құруды ұсынды, татарлар Татар-Урал республикасын құрмақ болды. Осындай кезде Ленин мен Сталин қандай шешім қабылдады? Польшаға, Финляндияға, Балтық жағалауы елдеріне көрсеткен сенімін Орта Азиядағы түркі халықтарына көрсете алды ма? Ленин мен Сталин берген уәдесінен тайқып кетті. Осы көп ұсыныстардың түсуі бір жағынан оларға пайдалы да болды. Олар түркі халықтарының бір-бірінен бөліп, бөлек-бөлек автономия беру шешіміне келді. Егер бірігіп конфедерация құратын болса олардың күшейіп кететінін түсінді.

Сондай-ақ Мәмбет Қойгелді Қазақ АССР-нің сипаты туралы тоқталғанда, мынаны айтты:

– 1920 жылы Қазақстанда совет үкіметін жариялаған съезд болды. Бұл съезді даярлау бастамасын Байтұрсынұлы өз қолында ұстағысы келді, оны қолдаған Тимофей Сидельников деген азамат болды, ол «қазақ ұлтшылы» деп аталды. Сонымен бірлесе отырып осы съездге депутаттар сайлау туралы ереже даярлады. Олардың даярлаған ережесі өтпей қалды. Ереже бойынша, делегаттарды сайлағанда табына қарамай, кәмелетке жасы жеткен барлық азамат дауыс берсін деді. Сол кезде Кулаков деген өз ережесін даярлады, оныкі өтті. Оның ережесі бойынша сайлаушылар тек кедей тап болуы керек болды. Соның нәтижесінде қазақтан 128, орыстан 127, өзге ұлттардан 18 делегат сайланып, солар Қазақ АССр-ін құрды. Қазақ пен орыстан 50/50 делегат сайланатындай бұл өлкеде екі халықтың үлесі бірдей ме еді. Олай емес болатын. Одан кейінгі атқару комитетінің құрамы да, бәрі орыстарды негізге алды. Тұтас жүйе советтік идеялогия негізінде құрылды.

Қорытындылай келе айтарым, Ахмет Байтұрсынұлы: «Біз Қазақ республикасы деген құр сөзді ғана малданып жүрміз, бұның аты қазақ болғанымен мазмұны біздікі емес қой, және иесі де біз емеспіз» дейді. Сондықтан Қазақ АССР-і қазақ халқы қалаған, армандаған мемлекет емес болатын. Оның иесі де, басқарушысы да Мәскеу болатын. Осыны ұмытпауымыз керек.

Құрметті оқырман, жоғарыда біз баспасөз беттерінде айтылып жүрген қазақ шекарасына байланысты, Қазақ АССР-іне байланысты пікірлерді назарларыңызға ұсындық. бұл тақырыптың әлі де зерделене түсері анық деп сенеміз.