Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#Түрік әлемі: халқымыздың тау-кен және қолөнер шаруашылығы

2625
#Түрік әлемі: халқымыздың  тау-кен және қолөнер шаруашылығы - e-history.kz
Қазақ табиғатынан көшпелі халық. Негізінен мал шаруашылығымен айналысқан. Сонымен қатар, егіншілік, балықшылық, аңшылық, орман шаруашылығы және кен байыту секілді кәсіптерді қоса меңгерген.

Тау-кен өндірісі яғни кен өндіру кәсібімен біздің ата-бабаларымыз тым ертеден бастап шұғылданған. Көптеген зерттеушілер қазақ даласында металл балқытып, кен қорыту жұмыстарының біздің дәуірімізге дейінгі екінші мыңжылдықта басталғанын айтады. Әрі бұл жұмыстарды қарапайым тәсілдермен игере білген. Кен-рудаларын алып жер қабатынан ажыратып алып, арнайы саздан құйылған құтыларға салып, арнайы пештерде балқытқан. Оған еліміздің әрбір өңірінен табылып жатқан ежелгі кен қорыту орындары дәлел бола алады.

Белгілі зерттеуші Зейнолла Сәніктің еңбектерінде сонау Қола дәуірінің (біздің заманымызға дейінгі XII-VII ғасырлар) өзінде-ақ қазақ даласында кең қорыту, кен барлау, алу кәсібі болғаны айтылады.

«Қазақ жерінде мыстың, қалайының және алтынның бай кендері бар екендігі ежелгі уақыттан белгілі болатын. Көптеген көне кен орындары - мыс (Жезқазған, Қаршыға, Жалтыр, Ащылы, Ұратөбе, Күшікбай), қалайы (Атасу тауы, Қалба және Нарым жоталары), алтын (Қазаншұңқыр, Балажал, Ақжал, Дайбай, Майқапшағай, Ақабек) кен орындары бұл аймақтың ежелгі металлургия орталықтарының бірі болғандығын көрсетеді» («Қазақстан тарихы», 1-том, 107бет).

Ең жұпыны есептің өзі Жезқазған өңірінде балқытылған мыстың көлемі шамамен 100 мың тонна болғанын көрсетеді. Кен қазылып алынған орындардың аумағы мен шығарылған кеннің көлемі мыс, қалайы, алтын кеніштерінің талай ғасырлар бойы пайдаланылып келгендігін аңғартқан. Өндірудің түрі мен әдісі руда қабатының жағдайына байланысты болған. Ұңғып алу, қарапайым жолмен «қайлалап» алу тәсілдері, қaйлaлaуға келмейтін тығыз рудаларға отпен уату әдісі қолданылған. Тас әбден қызған кезде отқа су құйылған, босаған қабат тас шотпен ұсатылып, ағаш күрекпен тері қапқа салынған. Міне, бұл - ата-бабаларымыздың ең алғашқы кен алу тәсілдері ретінде тарихқа түскен естелік», - деп жазады этнограф.

094a5b1e868584c637fbc3b89603d8ef.jpg

Автордың жазуынша, қола дәуіріндегі қазақ жерінде мекендеген тайпалардын зергерлік өнерінің тамаша бұйымдары - алтынмен апталған қола әшекейлер, құлаққа тағылатын әртүрлі сырғалар, күрекше тәрізді түйреуіштер, тармақты және сопақша ілгектер болған.

Сол уақыттың өзінде-ақ адамдар әйнек тәрізді жылтыр ұнтақ ала білген, одан моншақ тізбектер жасауды ұққан... Сонымен бірге олар сүйектен жасалған бұйымдарды дайындауды да білген.

Ол үшін ірі қараның жіліктері, қабырғалары. жауырындары пайдаланылған. Одан әр түрлі пышақтар, жебенің ұштары, біз, түйреуіш, ыдыстарға өрнек салатын тарақ тәрізді тегіс қалыптар, ұршық бастарын, тоғалар, сүйек моншақтар, түймелер жасай білген. Бұлан мен бұғының мүйізінен кетпен, тесе, қайла жасаған. Ең маңыздысы – олар сүйекті балшық ыдыста ерітіп, одан өздері қалаған әртүрлі бұйымдарды жасауды меңгерген.

«Біздің заманымыздан бұрынғы VI-III ғасырлар кезіндегі сақ тайпаларының жұртынан табылған қазындыларға қарағанда, олар қоладан және мыстан қазан жасай білген. Металл өңдеудің жоғары деңгейі мен көркем құйма өнері сақ заманында гүлденген деуге болады. Сақ жауынгерлерінің қоладан құйылған сауыт-саймандарын, қола дулыға, қола қалқан, жебе салынған қорамсақ, сақ жүгендері, үзеңгі тәріздес ауыздықтар, қоладан, сүйектен, мүйізден жасалған үш тесігі немесе ілгегі бар әртүрлі айшықтар табылып отыр. Біздің заманымыздан бұрынғы IV-III ғасырларға келгенде соғыс қарулары көбінде темірден жасалатын дәрежеге өтті. Сақ заманында металл өңдеумен бірге ыдыс-аяқ жасау, тас қашау, сүйек ою, тері илеу, жіп иіру және тоқыма сияқты қолөнердің басқа түрлері де болды.

Біздің заманымыздан бұрынғы III-I ғасырлар кезіндегі үйсін елінің жұртына жүргізілген зерттеулерге қарағанда, олар темір, мыс және асыл металды қазып алу, қорыту және өңдеу техникасын едәуір меңгергендігі байқалады. Қазындылардан еңбек құралдары, тұрмыс бұйымдары және сәндік бұйымдар, орак, пышақ, біз, шеге, қазан, құрбан шалатын ыдыстар, шағын мехраптар мен шырағдандар, соғыс қарулары, сәндік бұйымдар, білезік, сырға, сақина, алтынмен әшекейлеген ер-әйел киімдері, қару-жарақ әшекейлері және әртүрлі қаптамалар жасай білгендігі дәлелденіп отыр. Үйсін дәуірінін кезінде зергерлік өнер дамып әсемдік бұйымдарға әртүрлі тастан, сүйектен көз салу дәрежесіне дейін жеткен. «Ерекше бір көз тартатын нәрсе - Қарағандыдан табылған таты. Бұл - жалпы ұзындығы - 35 см., ені 4,7 см., екі бөліктен тұратын алтын жолак. Жолақтың жоғары жағына да, төменгі на ені 0,5 см., жиек жүргізілген. Оның ішкі беті курделі өсімдік тектес өрнектің ортасында тұрған аңдардың, құстардың, адамдардың бейнелері. Бұлар калыппен қысу әдісімен салынған. Мұнда басын артына бұрып тұрған ал одан соң үстіне адам мінген жолбарыс бейнеленген.

Демек, ата-бабаларымыз сол кездің өзінде-ақ осыншама күрделі әшекейлер салу өнерін меңгерген. Алматы манындағы Қарғалы қойнауынан табылған үйсіндердің ежелгі зергерлік өнерінің өрелі екендігін дәлелдейтін тағы бір белгі – сол әсемдік бұйымдарға ақық, гауһар, перуза, моншақ орнатылуы. Табылған заттардың ішінде айыр өркешті түйенің мүсіні салынған екі жүзік, тау текелерінің он мүсіні, адамды кеміріп жатқан тышқан бейнеленген сырға және бір қыдыру қаптырмалар бар екен», - дейді зерттеуші.

1200px-Gold-cat10d.jpg

Зейнолла Сәніктің пайымдауларына сенсек, ежелгі бабаларымыз тауды ерекше кие тұтып, бауыры байлыққа толы, баға жетпес байлыққа балаған.

«Қазақта «Арпа-бидай ас екен, алтын-күміс тас екен», «Асыл тастан, ақыл – жастан», «Тау белгісі тасынан» деген сияқты аталы сөздер болған. Осы сөздердің арғы түкпірінде атам заманғы тарихтың тарлан іздері жаткан тәрізді. Асылдың тегі - таста, тастың қоры – тауда, тарлан таулардың жынысты қатпарларында жатқандығы да – шындық. Біздің атабабаларымыздың ұғымында тау - Тәңірдің мекені, сол себепті олар тауға сиынған, тау үңгірлерін мекен тұтқан. Таудың тағы бір аты - кух (көк).

Бұл күнде Шыңғыстау аталып жүрген тауды тарихшылар тегінде «найман кух» тауы, яғни «Найман тауы» еді деп түсіндіреді. Біз мекендеп отырған жердегі алып тау – Боғданың үңгірлерін кезінде керей Көкше әулие мекен тұтқан. Осы бір киелі жырауды өз кезінде сахара халықтары «Көк Тәңгір» деп атаған (Ә. Марғұланның жазбаларында «тәп тәңгір» - төбе тәңірі).

Біздіңше, «көк тәңгір» - тау тәңірі, яғни «Тәңірмен тілдесуші», «Тәңірдің елшісі» ретінде танылған.

Кезінде Тұғырыл хан да, Шыңғыс хан да ол адамды ұлы бақсы деп, осылайша құрмет тұтқан. Сүй патшалығының 581-618 жылдар аралығындағы жылнамасында біздің арғы ата-бабаларымыз туралы сөз ашып: «Олар әр айдың бесі, яки сегізінде бір орынға жиналып, өз ата-бабаларының аруақтарына шек беріп отырады. Бұл рулардың атақты ақсақалдары өздерінің арғы ата-бабалары шыққан қасиетті орын деп танылатын киелі тау үңгірлеріне жыл сайын барып, атабабаларының аруақтарына атап шек береді (құрбан шалады)», деп жазылған.

«Тянь-Шань тауы — Тәңір тауы, оның ең биік шоқысы Хантәңірі аталуы да тегін емес. Үнді мифологиясындағы рауаяттарға қарағанда, Тәңірлердің жазғы жайлауы — Хантәңірі, қысқы мекені Гималай болған екен» (Ә.Қоңыратбаев). Біздің Шыңжаң өңірінде тараған рауаяттарға қарағанда, Боғда шоқысы ежелгі Меркіт елінің батыры Боғданың таска айналған бейнесі екен. Ол жан-жағынан қаптап келген қалың жауға Боғда шоқысының дәу тастарын сақанға салып атып, айналасына еш пендені жолатпапты. Боғданың оңтүстігі мен солтүстігіндегі аңғарда жатқан дәу тастар сол батырдың сақпанға салып атқан оқтары-мыс. Камауда қалған батыр ақыры аштықтан бұралып отырып қалыпты. Жаулары қаптап барса, батыр сол қалпында биік шоқыға айналып, тас болып қалған екен. Осындай рауаят Сәкен Сейфуллин жырлаған «Ұйықтаған батыр» атты аңыз-дастанда да кездеседі. Жұртка сахарасының батысында туған «Қозы-Көрпеш - Баян сұлу» фильмінде әйелдер қауымының «Жарылқай гөр, Жаратқан, тәу еттім өзіне, тәу, тәу» деген салт бар. Қазақта жас жас ұрпақ қауымға, балаларына: «Таудай бол, қарғам!» - деп ақ тілек білдіретіні, тауға қарап тәуап қылып, ауға – жаратушыға қарап сиынатыны әлі күнге дейін бар.

Туркі халықтарының көне рауаяттарының бірінде жорықта жүрген бір жолғы сапарында бөрі бастап жүріп, Алтай тауының бір үңгіріндегі алтын кеніне барғаны айтылады. Демек, түркі жұртына таудан кен алуды, кен қорытуды өздерінің тотемі - бөрі үйреткен болып шығады. Міне, бұл - тау және оның қатпарлы қойнауында жаткан асыл кендердің қалай алынғандығы жөніндегі ата-бабаларымыздын алғашқы ұғымы», - деп жазады этнограф.

Mys-bal-ytu-tehnologiyasy-scaled.jpg

Этнографтың зерттеу еңбектерінде үйсін қоғамында тоқыма, жіп иіру, тастан, сүйектен бұйым жасау өнері де едәуір дамығаны туралы деректерді кездестіруге болады. Сонымен қатар, киіз басу, үйде жүннен киім тоқу жұмысы да едәуір ілгерілегені жазылған. Мәселен, «Ақтас-2» қыстау қонысын қазған кезде қазақтардың өрмегі тәрізді төрт тесігі бар сүйектен жасалған жіп тоқу жабдығы табылғаны туралы дерек бар.

«Заманымыздың I-IV ғасырларында қазіргі Қазақстанның оңтүстік аймақтарын мекендеген қаңлы елінің ескі жұртына жүргізілген археологиялық зерттеулерге қарағанда, олар үйсіндерге қарағанда одан ары ілгерілеп, қала құрылысын кауырт дамытқан. Сонымен, әсемдік бұйымдар одан ары өңделе түскен, ыдыс-аяқ өнеркәсібі тың белеске көтерілген. Қазындылардан табылған кезелер, саптыаяқтар, табалар, құмғандар, шүмекті құмыралардың сапа жағынан әлдекайда ілгері екендігі байқалады. Ежелгі Отырар маңындағы қазындылардан табылған алтын сырға, бір жүзді пышак, темір қанжар, сүйекпен әрленген ағаш садақ, қара тастан көз салып орнатылған әсем ыдыстар, қорамсақ пен садаққа арнап ағаш қабығынан жасалған кап, т.б. қолөнер бұйымдары өзінің техникалық өресі жағынан едәуір биікте тұрғандығын дәлелдейді.

Міне, осыдан барып кейінгі кезде орта ғасырлар мен таяу заман ғасырларында ірі тау-кен өнеркәсібі, машиналы өнеркәсіп, жоғары техникалы әсемдік өнеркәсібі, сәулет өнері, қала құрылысы өнері дүниеге келіп, олар көбірек қалалар мен қалашықтарда шоғырланды. Ал сахарадағы қазақ ауылдары өзінің баяғы қара дүрсін жолымен алға қарай ілгерілеп отырды», - делінеді оның зерттеу еңбектерінде.

slide-32.jpg

Автордың жазуынша, біздің заманымызға дейінгі ХІІІ ғасырдан заманымыздың ІV ғасырына дейінгі аралықта ата-бабаларымыздың он жеті-он сегіз ғасырлық тау-кен кәсібі мен қолөнеркәсібінің даму сатыларын бастан өткерген. Бұл бабаларымыздың келешек ұрпаққа қалдырған ғажап мұрасы.

Бұл мұра ХХ ғасырының 30-40 жылдарына дейін жалғасып келді. Кейін заман талабына сай кен өндіру ісі толықтай машиналандыруға өтті.

Енді зерттеушінің еңбектеріндегі атадан-балаға мұра болып еш өзгеріссіз келе жатқан ұлттық өнер түрлеріне тоқталсақ:

Киіз басу - сонау үйсін-қаңлы заманынан келе жатқан халқымыздың байырғы қолөнері. Ол - көбінде күз айларында күзем жүн алынып болған соң, ауылды суы мол орынға апарып қондырып, содан кейін жүргізілетін науқанды әрекет. Әуелі күзем алынып, жүн сабалады. Ол үшін тулақ, сабау және қолы қарымды қыз-жігіттер шақырылады. Олар жүн сабау жұмысын өлеңдетіп, әндете отырып әзіл-қалжыңмен, көңілді орындайды. Сосын сабалып, әбден тазартылған, ұлпа қалыпқа келтірілген жүнді тәжірибелі әйелдер жұқа-қалыңдығын бір келкі сақтай отырып, киіз басатын шилерге тартып, шабақтайды. Содан кейін жүн тартылған шиді ыстық су құйып домалақтап, ортасынан дөңгелететін жіптер тағып біреу дөңгелетіп отырады да, аяғы қарымды қыз-жігіттер бар пәрменімен тепкілейді. Тәжірибелі әйелдер «киіз кірікті», «киізге айналды» деп межелегенге дейін киіз дайындау жұмысы жүргізіле береді. Соңынан оңды-солды ауыстырады. Одан кейін білекпен пісіреді, ең соңында «карпу» деп аталатын өткелден өткен соң ол ресми киіз санатына қосылады. Қалған тәртіптері қатысты тарауларда айтыла жатар.

Осылайша, дайындалған дайындалған киізден қазақ үйдің туырлықтары, әр түрлі төсеншіктер, кебенек, калпақ, байпак сиякты ен жасалған киімдер және басқа тұтыну бұйымдары жасалады. Оған қазақтың ою-өрнектерін түсіріп, киізбен бірге жасалады. Оған қазактын басылатындары да болады.


Тері өндеу, көншілік өнері.

Тері өңдеу үшін ең әуелі ан әбден ашыған айранға кебенек қосып жағады, ұсақ малдың терісінің иі бірер жұмада канады. Тері иінің канғанканбағанын парықтауды тек тәжірибелі адамдар ғана біледі, терінің иі өтіп кетсе, қажетке жарамайды. Тері иі канған соң кептіріп, оны орақпен немесе кырыктыктын бір сынарымен қырып-жонып, терідегі өлі еттер мен кырындысын шығарып, уқалап, жұмсартып, әбден тазалап болған соң, сары ағаштың, алманың жапырағын қайнатып, соның суымен тусін бояп, сары, құрымсары қалыпқа келтіреді. Кейбіреуін ақ күйінде қалдырады. Содан соң өңделген теріден тон, шалбар, ішік, баскиім тігеді және басқа тұрмыстық тұтыну бұйымдарын жасайды.

Ал көншілік көбінде ірі қара терілерін өңдеуге қаратылған. Оны үлкен астауға дайындалған малмаға салып, әбден иін қандырады. Малмаға салынатын терілердің жүні сыпырылып тасталады, оның да шарты, мерзімі бар. Содан соң оны қарт қарағайдың, қарт талдың қабығын қазанға қайнатып соның суына салып құрымға айналдырады. Осылайша, әбден піскен серкенің, тайыншаның терісінен саба дайындалады. Өгіздің, сиырдың, жылқының «пісірілген» терісінен көн (былғары) дайындап, одан аяқкиім, тоқым және басқа тұтыну бұйымдарын дайындайды.

Етікші.

Зауытта жасалған былғары немесе көншілер жасаған көннен етік дайындайтын, етік ұлтаратын (етіктің басын қайтадан жаңалайтын), кебіс, мәсі тігетін шеберлерді «етікші» деп атайды. Олар етікке етік табанын орнататын шегелерді қайыңнан жасайды, етікті салатын қалыптарды да қайың сияқты қатты ағаштардан өздері жасайды. Етікті тігетін жіптерді ірі қараның тарамысынан есіп шығып, қазақ әйелдері өздері жасайтын қара сабынмен жұмсартады. Етіктің өкше жағына «қайыңтоз» деп аталатын қайыңның жұқа қабыршақтарын орнатады. Түріне қарай етік «түзу табан», «кисык табан», т.б. деп бөлінеді. Етікшілер көп жағдайда былғары тоқым, жартылай былғары тоқым сиякты әртүрлі токымдарды пішу, тігу, әртүрлі шытыралармен, өрнектермен әсемдеу жұмыстарын да істейді.

c5aa31ab8309481f64e2a18f908dc8ee.jpg

Өрімші.

Ірі қараның терісінен тілінген таспалардан қамшы, құйысқан, өмілдірік, пыстан, жүген, нокта, айыл және басқа ер-тұрман әбзелдерін дайындайтын шеберлерді «өрімші» дейді. Тек қамшының өзі алты таспалы, сегіз таспалы, он екі таспалы, алты қырлы, сегіз қырлы, қос өрімді, т.б. болып бөлінеді. Жүген, құйысқан, өмілдірік сияқты әбзелдер де әртүрлі өрімнен өрнек шығарылып, шытыралар, күміс өрнектер салынып, өте әсемделіп жасалады.

Өрмек тоқу

Өрмек току - дала қолөнерінің ең алғашқы анасы. Оның басты тәсілдері «қазақ қолөнері» бөлімінде айтылады.

Ағаш ұстасы (ағашшылық)

Ағаштан ойылып жасалатын астау, шелек, саптыаяқ, тостаған, кебеже, сандық, т.б. ағаш бұйымдары, әр түрлі қатты ағаштардан ер қосу, «қазақ үйдің сүйегі» деп аталатын шаңырақ, уық, кереге, есік (сықырлауық), т.б. дайындайтын ағаш басушы аталатындар осы ағаш өнерінің ішіне кіреді. Мұның да шаңырақтың күлдіреуіштерiн, уықтың қарынын, керегенің бастарын, сықырлауықтың қақпағы мен маңдайша-босағаларын алтынмен аптап, күміспен қаптап, ою-өрнекпен әсемдеп шығатын шеберлері болады. Ағашшылар айыр, тырма, ағаш күрек сияқты егіншілік жабдықтарын да жасайды.

Зергер

Алтын, күміс, меруерт, гауһар сияқты асыл тастарды ұстай білетін, осындай асыл заттардан сырға, білезік жүзік, алқа, жақтық, жырға, т.б. әсемдік бұйымдарды жасайтын шеберлер «зергер» деп аталады. Осындай жасану бұйымдары мен сәндік бұйымдары бұрын ауыл зергерлерінің қолынан шығатын.

Ұста

Теміршілерді қыр қазағы көбірек «ұста» деп атайды. Бұл жұмыс көрік, төс, балға, т.б. теміршілік жабдықтары арқылы орындалады. Ұста әр түрлі темірлерден, мыс, қоладан - казан, шәугім, темір шелек, темір мосы, ошақ, балташот, пышақ, орак, бәкі, темір аша, темір күрек, т.б. тұтыну жабдықтарын дайындайды. Сонымен бірге шебер ұсталар да осы дүниелерді өрнектеп, оларды алтын-күмістермен аптап, сабына немесе темір сандықтардың бетіне сүйектен немесе гауһар, меруерттен көз құйып, айырықша əсемдеп шығарады. Кезінде біздің жерімізде бұзылған шөп шабу машинасын дауысынан танитын, тігін машинасының «қайығын» қолдан салатын «пышақтың суын тауып», «шіркін, пәленнің ағы мен бәкісі-ай» дегiзген шебер ұсталар болды.

unnamed.jpg

Тасшылар

Ел арасында төрт қырлы, алты қырлы болып тін бір аттык, екі аттык, төрт аттык шаңтас шауып каратын, диірменнің тастарын дайындайтын, сондай-ақ уал туйетін, түйметас жасайтын арнаулы тас шабу шеберлері ие болды. Олардың айтуынша, барлық тастарды осы калыпка келтіру мүмкін емес. Тау арасында осындай тас жабдыктар жасауға лайық келетін шикіл түсті тастар кезігеді. Оны тек сол техниканы меңгергендер ғана парыктай алады.

Ши тоқу

Даланың атан шилері әбден жетілген сары күзде калың шилі өңірден арнаулы адамдар келіп, ши жұлады. Мұны «ши тарту» дейді. Шиді орып алуға болмайды, түбімен жұлып алады. Сосын Қыс күндері ауыз үйдің, тошаланың бір бұрышына ши тоқитын керме ағашты асып, шиді біріктіретін жіптердің басына мөлшері 300-400 грамм ауырлықтағы сопақ тас байлап, аршылған ши салынып болған соң арлы-берлі өткермелеп отырады. Әдетте, тоқылатын шилер көлеміне қарай - «кереге ши», «өреше», «Шыпта» деп, түр-түсіне қарай «ақ ши», «өрнекті ши» деп бөлінеді. Керме ағаш соған сай орнатылады. Өрнек салынатын кереге шилердің өрнегіне қажетті шилер алдын ала алуан түсті бояулы жүнмен оралып дайындалады. Сосын барып оларды өрнекке түсіріп тоқиды. Мұның өзінің қазақ үйдің керегесін және есік шиін әсемдеуде тамаша роль атқарады. Үйдің жылылығына, тазалығына да пайдалы.

Төменде қазақ қолөнеріне қатысты кейбір мақал-мәтелдерді келтіре кетелік:

Келісті келбет ерде, қабатты қазына жерде;

Тау белгісі - тасынан, бай белгісі - асынан;

Шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ;

Темірші көміршіге үйір;

Алтынды ұстай алмаған жез етеді;

Алтынның буында жез семіреді...

   

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?