Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстандағы жәрмеңкелік сауда. 1-бөлім

2705
Қазақстандағы жәрмеңкелік сауда. 1-бөлім - e-history.kz

Әдетте, қазақ халқы тарихында XIX ғасыр орыс отыршылдарының қазақ жерін игеруге тырысуларымен және осының ізін ала беріп патша әкімшілігіне қарсы бас көтерген көтерілістермен байланысты деп саналады. Парадокс, алайда көтеріліс-ереуілдермен қатар еліміздің солтүстік өңіріндегі халықтар арасында сауда-экономикалық қатынастардың жаңа дәуірі туа бастайды. Qazaqstan Tarihy порталы ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы орыс-қазақ сауда – саттығы дамуының себептері мен шарттары туралы әңгімелейді.

Ресей тарихшылары екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың дамуын өңірді отаршылаудың жанама әсері деп түсіндіреді. Сонымен қоса олар бастапқы Қазақстанның ресей нарық өнімдерінің негізгі пайдаланушысы ретінде қарастырылмағанын, оның тек Бұхар Әмірлігіне, Қоқан хандығына, Шыңжаң, Қытай мен Моңғолияға тауар өткізуге мүмкіндік беретін жүк ауыстырып-тиейтін орын ретінде ғана қарастырылғанын нақтылайды. Алайда ХІХ ғасырдың бірінші жартысында-ақ Ресей коммерсанттары дәл осы Қазақстанмен арадағы сауда байланыстарын артық көрген. Бұл ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстан аумағының мал шаруашылығы шикізатының және шаруашылық тауарлар мен астық өткізудің  маңызды көзіне айналғандығымен түсіндіріледі. Бірақ та бастапқы кезде сауда тұрақты болмады және тауарлар негізінен Петропавл мен Орынбордың кедендері мен айырбас жәрмеңкелерінде өткізілген. Кейін бұл үдеріс негізінен Ірбіт, Нижегород, Ишим және Крестов жәрмеңкелеріне қарай қайта бағдарланды, ал Қазақстан тауары Батыс Сібір арқылы Ресей империясының еуропалық бөлігіне жөнелтілді. Сауданың басты құралы мал болды, сол себепті де далалық мал шаруашылығы нарық қажеттілігіне қарай бағыттала бастады.

«…Мал мен мал шаруашылығы өнімдерінің мол қоры болмағанда, далалық жәрмеңкелер өңірдің экономикалық өміріндегі өз рөлінен айырылар еді. Сауда келісімдерінің өлшемі, сипаты ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағыдан өзгешелене бастады, ол кезде малды үлкен партиялармен сатып алуды ұйымдастыру әлсіз болатын. Енді сауда-саттық мал шаруашылығы пайда болды. Жаңа байлар (қарасүйектер) малды өз қажеттіліктері үшін ғана емес, сонымен қоса нарық үшін де өсіре бастады. Саудагер байлар жәрмеңкелермен, оның ішінде қалалық жәрмеңкелермен байланыста болды, өз шаруашылығын нарық қажеттіліктеріне қарай бейімдей бастады...». 

Қасымбаев Ж.К. «1861-1917 жылдардағы Шығыс Қазақстан қалалары (әлеуметтік-экономикалық аспект)»  

 Патша әкімшілігі Қазақстандағы сауданың дамуын сауда желілерін құру арқылы аграрлық шет аймақты отарлаудың бір түрі ретінде қарастырды. Қолайлы жағдайдың жасалуына Дала нарығындағы орыс көпестерінің ахуалы сияқты Батыс Сібір нарығындағы қазақ саудагерлерінің ахуалы да әсер етті. Ол мүмкіндіктер «Сібір қырғыздары туралы Жарғыда» (1822) белгіленді, ол бойынша қазақтар қалаларда, кенттер мен өңір жәрмеңкелерінде өз өнімдерін саудалауға құқылы болды. 1835 жылғы қаңтарда шыққан жеке Жарлықта қазақ саудагерлеріне «Омбы облысының ішкі округтерінде немесе империяның басқа қалаларында немесе уездерінде» гильдияларға жазылуға рұқсат беріп қазақ саудагерлерін марапаттаған, ал циркуляр (1835) Орта жүз бен Ұлы жүз қазақтарына шетелдік сатып алушылармен сауда жасауға рұқсат берген. Қазақтар мен орыстар арасындағы сауда-саттықтың дамуына қатысы бар басқа құжаттар қатарына «Далалық облыстарды басқару туралы уақытша ережені» (Батыс Сібір жәрмеңкелерінде бұрындары қазақтардан әкелген тауарлары үшін алынатын пошлинаның жойылуы), сонымен бірге 1840-1850 жылдардағы жарлықтарды жатқызуға болады. Соңғыларында Ірбіт, Нижегород және Коренной жәрмеңкелері сияқты империяның үш ірі жәрмеңкесінде ортаазиялық саудагерлердің сауда куәлігін алмай-ақ сауда жасау құқығы айтылған. Бұндай жеңілдіктің берілуін Ресей империясының Қаржы министрлігі былайша түсіндірген: 

«…имея в виду, с одной стороны, пользу от усиления сношений с азиатцами, а с другой, что Тюмень лежит по дороге в Ирбит и, следовательно, представляет удобство для азиатцев, следующих в сей последний город, где ярмарка начинается с половины февраля… полагает в дополнение к ст. 207 свода Законов дозволять иностранным азиатцам, приезжающим в Россию со своими товарами, торговать без взятия торговых свидетельств…».  

Бұл отаршыларға елдің жетекші жәрмеңкелерін меңгеруге мүмкіндік берді. Шығарылған жарлықтардың арқасында, 1882 жылы Ірбіт жәрмеңкесіне әкелінген азиаттық тауарлар (байха шай, жібек және жібек маталар, халаттар, қағаз маталар, елтірі, кептірілген жеміс-жидек, түйе мен қой жүні және содан жасалған бұйымдар, киіз, азиат кілемдері) 69 млн 265 мың рубльдің 11-ші бөлігін – 6 млн 350 мың рубльді құраса, 1887 жылы жетінші бөлігін – 59 млн 827 мың рубльдің 8 млн 950 мың рублін құрады. 1870 жылы Ишим жәрмеңкесінде азиаттық тауарлар 2 млн 701 мың рубльдің жартысын – 1 млн 750 мың рубльді құрады. Қазақ мал иелері мен орыс көпестерінің арасындағы тауар алмасуда Батыс Сібір татарларының саудагер сословиелері мен бұхарлықтар делдалдық қызмет атқарды.  Кәсіпкер Варнава Ботовтың қызметі елдегі көтерме сауда дамуының жарқын үлгісі бола алады. Ол 1848 жылдың көктемінде Петропавлға бара жатқан табынға тауарымен қарсы шығып, Қарқаралыдан  50 шақырым жерде айырбас саудасын ашады. Шар жәрмеңкесін ұйымдастырушы Семейлік орыс көпестері де кейін осыны үлгі етеді. 1876 жылы ол Семей облысының әскери губернаторына мынадай хат жазады: «Ботов жәрмеңкесінің пайда болуына негіз болған Қарқаралы уезінің Қоянды бекетіндегі мал саудасының сәтті дамуын ескере отырып, кейбір семейлік саудагерлер бірнеше жыл бұрын Семей уезінің Қара мола мекенінде Шар өзенінің бойында Семейден оңтүстік-оңтүстік-батысқа қарай 60 шақырым жерде осындай сауда жүргізуге талпыныс білдірген болатын. Талпыныс зор табыспен аяқталып, қазір осы аталған жерде ешқандай ресми рұқсат және тіпті еш көмексіз-ақ жыл сайынғы екі жәрмеңке өткізіледі». 

9e968a227da9e8d3c5e32e90b8653beb.jpg

Жәрмеңкені ұйымдастыру кезінде қиындық туғызуы мүмкін қазақ халқының көшпелі тұрмысын да орыс көпестері назардан тыс қалдырмады. С.Е. Толыбеков пен Н.Э. Масанов сияқты зерттеушілер сырттан келген көпестер қазақтардың көшу мерзімін анықтап, соған сәйкес жәрмеңкені өткізетін жер мен уақытты белгілеген деп жазады. Бұл аса қиын шаруа емес, өйткені жазда қазақтар бір судың бойынан екінші судың бойын көшетін. Осындай жазғы көшу негізінде Ақмола мен Семей облыстарының көптеген ішкі жазғы жәрмеңкелері пайда болды. Сондай жазғы жәрмеңкелердің бірі – Тайыншакөл жәрмеңкесі, ол Петропавл-Ақмола жәнек Қарқаралы-Ботов жәрмеңкелерінің керуен жолында орналасты. Тайыншакөл жағасындағы 15 маусымнан 15 шілде аралығындағы сауда кезінде екі қатарға 200-ге жуық көпес киіз үйлері тігілген: бір қатарында фабрика тауарларын саудалайтын орыс көпестері, екінші жағында жергілікті көпестер, Троицктен келген көпестер, қазақ тігіншілерінің бірнеше киіз үйі, сағат жөндейтін шебер, тіпті шаштаразға дейін орналасқан. Сауда қатарларына қарама-қарсы уезд әкімшілігі, мал дәрігерлері және басқа да шенеуніктер орналасқан. Сауда алаңын айнала өз тауарларын әкелген мал иелерінің киіз үйлері мен шатырлары орналастырылды. Дегенмен де ірі жәрмеңкелердің көпшілігі көктемнің аяғы мен жазда өтетін. Далалық өлкенің жәрмеңке жүйесі Жетісу облысында көктемгі жайылымда сәуірден басталып, әрі қарай Батыс Сібір шекарасына қарай жылыстайтын. Ыстық түсіп кететіндіктен жаз мезгілінде малдың жылдам жылжуы кідіретін. Малды сумен қамтамасыз ету басты мәселе болатын. Жаз кезінде ірі су қойнауларының жанында көш ұзағырақ тоқтайтын, осыны пайдаланып көпестер өз тауарларын әкеліп, жәрмеңкелік сауда ұйымдастыратын. Далалық жазғы жәрмеңкенің басты мақсаты – жаз бойы күллі Далалық өлкеден мал жинап, оны Батыс Сібір базарларына жеткізу болатын. Жазғы жәрмеңкелердің ерекшелігі – олар ашық далада, жергілікті кәсіпорын мен сауда орталықтарынан 500-900 шақырым алшақта орналасуы.  Ол жерледе Семей, Ақмола, Жетісу облыстарының шет жерлерінен айдап әкелінген 10 мыңнан 40 мыңға дейін мал басы саудаланатын. Сонымен қатар жазғы далалық жәрмеңкелерге Ресей губернияларымен бірге, Түркістан өлкесінен және басқа да Орталық Азия аумағынан зауыттық және мануфактуралық тауарлардың мол қоры әкелінетін. Жәрмеңкелердің екінші толқыны көшпенділердің оңтүстікке қарай қозғалған қайтар жолында болатын. Күз кезінде көптеген мал иелері малын қысқа дайындап, оның жартысын азыққа, енді бірін сатуға соятын да, ішкі өнімін казактар тұратын қоныстардың жанындағы жәрмеңкелерге апаратын. Сондықтан да күзгі-қысқы жәрмеңкелерде айналым аз болатын. Оған әдетте жақын жерегі көштердің мал иелері келетін, ал қыстаулары алыста орналасқандар қыркүйектің екінші жартысынан бастап оңтүстікке қарай жылжитын да, бұл жәрмеңкелерге қатыспайтын. Жәрмеңкелік сауда үшін қысқы көшу циклі ең қолайсыз мезгіл болатын. Сауда – саттық кезінде тауар сапасының белгілі шкаласы болған, алайда сатушылар үшін «тауарды көзбен көру» маңызды болды. Өнеркәсіптік тауарлар саудасынан өзгешелігі деп жәрмеңкелік газет тілшісі былай деп жазады:   

«…при непосредственном обмене степных продуктов на европейские произведения торговля не может производиться по образцам… требуется собственный взгляд хозяина на степные товары, состоящие в совершенной зависимости от климатических случайностей…». 

Ірбіт жәрмеңке парақшасы № 16 18 ақпан 1870 жыл

Жәрмеңкелік сауданың жылдам дамығаны соншалық, көп ұзамай күзет және ветеринарлық қызметті ыңғайластыру туралы сұрақ туындайды.  Бей-берекет жәрмеңкелік сауда кезінде сауда көп жағдайда антисанитарилық жағдайда, ашық аспан астында, арнайы бөлінген орындарсыз, ауыз судың қажетті қорынсыз жүргізілетін, ал бұл ретті басты тауар – қора-қора мал болатын. Жәрмеңкелер мал арасындағы инфекцияның таралу көзіне айналды. Ветеринарлық қызметті ұйымдастыру үшін мал саудасынан ерекше алымдар әзірленіп, олар жәрмеңкедегі санитарлық бақылау бойынша шығындарды өтеуге жұмсалды. Осындай алғашқы алымдар 1871 жылғы 7 және 15 ақпандағы «Об учреждении денежного сбора со скота, продаваемого на ярмарках Актюбинского и Иргизского укреплений Тургайской области» жарлығымен белгіленді, 1874 жылғы 17 желтоқсанда Орал облысы жәрмеңкелерінде, 1878 жылғы 7 ақпандағы жарлықпен Семейдегі Қоянды жәрмеңкесіндегі алынатын алым құны (жылқы басынан 5 тиын, ірі қара мал басынан 3 тиын, қой басынан 1 тиын және түйе басынан 10 тиын) белгіленді. Сонымен қатар бұл алымдардан жәрмеңкені басқару, жәрмеңке алаңын жайғастыру, келетін жолдарды жайластыру ұйымдастырылды, сонымен қоса «жәрмеңкедегі ветеринарлық-полиция бақылауын жайластыру бойынша шығындарды жабу және басқа да сауда-өндірістік қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін» жұмсалды. Ақмола облысының жәрмеңкелері үшін 2-3 ветеринар бақылауы, қарауыл және Батыс Сібірге өткізілетін малды қарау және өткізу бекеттерін қою ұсынылды. Қаражат Ақмола облыстық басқармасының арнайы қорына келіп түсетін де, кейін бекітілген смета бойынша жұмсалып, жыл сайын есеп берілетін. Жәрмеңкелердің бей-берекет пайда болуы оны ұйымдастыру туралы сұрақты көтерді. Ресей империясынан өзгеше, Қазақстанда жәрмеңке ұйымдастырылуын Ішкі істер министрлігі мен империяның Қаржы министрлігінен бөлек,  Әскери істер министрлігі де бақылады. Мысалы, Қоянды жәрмеңкесінің жәрмеңке комитеті 6 мүшеден және төрағадан тұрды, оның функциясын Қарқаралының уезд бастығы атқаратын. Уезд бастығы болмаған кезде төрағалық жәрмеңке комитетінің сайланған мүшесіне жүктелетін. Қоянды жәрмеңке комитеті барлық істі бақылайтын: саудагерлерді жәрмеңкелік билеттермен қамтамасыз ету, мал басы үшін ақшалай алым жинау, сауданың статистикалық есебін жүргізу, санитарлық бақылау, мал айдап өтетін тракттарды жайғастыру, саудагерлер арасындағы дау-дамайды шешу, жәрмеңке алаңын жайғастыру мәселесі. Сонымен қоса, жәрмеңкені басқаруда азаматтық және әскери әкімшілік ерекше рөл атқарды. Олар сауда кезіндегі тәртіпті бақылады және жәрмеңке аяқталғаннан кейін көпестердің сауда жасауына жол бермеді. Бұл мақсатта әкімшілік қарауына 15 атты және 20 жаяу казак пен еркін жалдамалылар берілді. Қоянды жәрмеңкесі аласа Тоқпан тауларымен қоршалған жазықта орналасты. 1876 жылы саудагерлер тұрақтаған 16 барақ пен 120 киіз үй болса, 1883 жылы 110 барақ және 205 киіз үй болған. Барлық үй-жайлар екі топқа бөлінді: дүкендер мен ләпкелер (лавка) және жәрмеңкелік сауда үй-жайлары. Олар бұл жайларды 8-ден 30 рубльге дейінгі ақыға жалға беретін жеке тұлғаларға тиесілі болған. Жәрмеңке әкімшілігі үшін Ақсары болысы байларының киіз үйлері қолданылды.  

Дегенмен де бақылаусыз және жүйесіз жәрмеңкелер де болды, олардың көпшілігі қалаларда емес, ауқымды ашық кеңістікте орналасты. Олардың жәрмеңке алаңдары көбінесе қоғамдастықтардың қолданысында болатын, ал олар жалға беру құнын өздігінен белгілейтін. Өскемен тұрғындарының пікірінше, 1880-ші жылдары Екатерина жәрмеңкесінің қалалық басшылығы ләпкелер үшін жоғары баға қойғаны сонша, сырттан келген көпестер үшін сауда жасау тиімсіз болып қалған. Ал «Акмолинские губернские ведомости» парақшасында Баянауылда өтіп жатқан жәрмеңкеде жергілікті тұрғындар шеттен келгендерден кісі басына 2 рубль алыпсатар алымын алу туралы өзара жазбаша келісім жасағаны туралы оқиға жазылған. Бұл жағдай саудагерлерді Баянауылдан кетуге мәжбүрлейді. Батыс Сібір  жәрмеңкелері арқылы Қазақстан нарығынан транзиттік жүк тасымалдау ережесін әзірлеу жәрмеңкелік саясаттың ең маңызды мәселелерінің бірі болды. Бірінші кезекте бұл Батыс Сібірге оба, түйнеме, аусыл және басқа да ауруларды таратуы мүмкін мал саудасына қатысты болды. Батыс Сібірді індеттен қорғау үшін патша әкімшілігі құқықтық және әкімшілік шаралар қабылдады. Осылайша, ХІХ ғасырдың екінші жатысында Далалық өлкеден Батыс Сібір мен Орал пункттеріне мал айдап өткізетін және саудалайтын барлық тракттарда карантиндік пункттер құрылды. Өткізу пункттерінде қауіпсіздік кепілдігі үшін жаз мезгілінде 21 күндік, қыста 14 күндік карантин енгізілді. Карантин кезінде мал жалға алған жерде мал иесі есебінен ұсталды. Малды ветеринарлар бірнеше рет қараған. Егер табында ешбір ауру табылмаса, онда малдың саулығы туралы куәлік беріліп, ол әрі қарай өткізілген. Батыс Сібір трактары бойынша қозғалыс кезінде отарлар мен табындар жол бойында орналасқан қалалардың ветеринарлық-полицей қызметтерімен тексерілген. Куәлік болмаған жағдайда немесе үкімет бекіткен тракттардан ауытқушылық болған жағдайда мал табыны мен қой отарлары Ақмола облысына кері қайтарылған. Ауру мал анықталған жағдайда ұсталған мал иесінің есебінен жергілікті мал мен өтіп жатқан табындар үшін қауіпсіз жерге көшірілген. Оба табылған немесе күдікті мал өлтіріліп, иесіне ешқандай да өтемақы төленбеген. Қалған мал губерния шекарасы арқылы кері қайтарылған немесе жылдам сою үшін жақын жердегі мал сою орнына сатылған. Дала жәрмеңкелеріндегі тауарлар төрт топтан тұрған. Бірінші топқа қой малы, екіншіге мал шаруашылығының өнімдері, үшінші топқа «азиаттық тауар» атанған тауарлар (халаттар, көрпе, кілем, қағаз және жібек маталар, кептірілген жемі), төртінші топқа сырттан әкелінген өндірістік тауарлар және азық-түлік (ұн, шай, қант, кенеп, ағаш, шыны және фарфор ыдыс-аяқ, былғары және темір бұйымдары, қағаз, шұға және жүн маталар, бакалея тауарлары) жатқызылған. Бірінші және екінші топтағы тауарлар жергілікті өндірілген тауарлар болатын, үшінші топтағы тауарлар – көрші орналасқан Азия елдерінің тауарлары, төртінші топ – Сібір мен Ресейден әкелінген тауарлар болды.  Шарты түрде «мал шаруашылы», «мал» және «әмбебап» жәрмеңкелер деп бөлінді. Біріншісінде мал шаруашылығының субөнімдері, екіншісінде жаппай мал саудасы, үшіншісінде мал және мал шаруашылығы өнімдері саудаланды. Жазғы жәрмеңкелердің көпшілігі «мал» жәрмеңкесі болатын. Қысқы-күзгі жәрмеңкелерде, жаппай мал сою кезінде, көп мөлшерде мал шаруашылығы шикізаты саудаланатын.  

 

Мақаланы дайындаған кезде Т.К.Щеглованың «Ярмарочная торговля Западной Сибири и Степного края во второй половине XIX века» монографиясының материалдары қолданылды. 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?