Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Грузияның тәуелсіздігін сақтап қалған қыпшақ әскері туралы

2240
Грузияның тәуелсіздігін сақтап қалған қыпшақ әскері туралы - e-history.kz

Осыдан тоғыз жүз жыл бұрын, 1118 жылы, екі жүз мың қыпшақ, ал бұл шамамен қырық мың шаңырақ, адам аспас Солтүстік Кавказ тауларынан өтіп, қазіргі Грузия аумағына барып қоныстанады. Грузия үшін бұл елеулі оқиғаны біздің арғы бабамыз, қыпшақ ханы Артықтың атымен байланыстырады. Qazaqstan Tarihy порталы XI ғасырдағы Қазақстаннан гөрі, есімі шетелде көбірек танылған көрнекті саясатшы әрі қолбасшы туралы әңгімелейді. 

Еуразия құрлығының дәл кіндігінде, қазіргі Қазақстанның аумағында мықты мемлекет – Қыпшақ хандығы құрылады. Ол өзіне көшпенділердің жауынгер тайпаларын біріктіріп, оғыздарды Орта Азия мен Солтүстік Қара теңіз даласына қарай шегіндіріп, оңтүстік пен батысқа қарай белсенді түрде ене бастады. Ешкімнен жеңіліп көрмеген әскердің жеңіс шеруі қалалар мен елдерге қорқыныш ұялататын. Шығысында Алтай тауларынан бастап батыстағы Карпат тауларына дейінгі, оңтүстігінде Талас өзенінен бастап солтүстігіндегі Батыс Сібір ормандарына дейінгі ұлан-ғайыр аумақты басып алған қыпшақ әскерлерінің даңқы күллі Еуропа мен Таяу Шығысқа дейін жетті. 

Қыпшақтардың алғашқы көшпелі тайпалары Еділден шамамен Х ғасырдың аяғы мен ХІ ғасырдың басында өтті деп саналады. 1054-1055 жылдары Киев Русінің оңтүстік шекарасына (шекара Киевтен сәл оңтүстікке қарай өтті) дейін жетіп, қыпшақтар Дешті Қыпшақтың батыс шекарасын қалыптастырады. Бұл аумақта қыпшақтар Византия империясының шекарасына дейін экспанциясын жалғастыра отырып, екі ғасыр тұрады. Бір жағынан Қыпшақ хандығының қуаты оларға бүкіл Еуразия аумағында әскери әрекеттерін жалғастыра беруге мүмкіндік бергенімен, осымен қатар мемлекеттің бөліне, оның ыдырау үдерісі де қатар жүріп жатты. Өйткені Дешті Қыпшатқың әр бөлігінің өз билеушілері болды, солар өздеріне бөлінген даланың бөлігінде өз биліктерін мықтап бекіте бастайды. Бұл жергілікті билеушілер өз әулеттерін құрады. Моңғол шапқыншылығына дейін белгілі болған ең күшті әулеттердің бірін, орыс-қыпшақ соғыстарына қатысқан Өсен (кейбір деректерде Әсен) хан құрады. Артық ханның әкесі құдыретті Сары хан (кей деректерде Шаруқан) дәл осы әулетке жатады.

Қыпшақ тайпалары бүкіл Шығыс Еуропа аумағында белсенді саяси рөл ойнап, елеулі әскери күш танытқан. Өңірде далалықтарға басты қарсылықты Киев Русі көрсетті. Дегенмен қыпшақтардың ежелгі орыс князьдықтарымен қарым-қатынасы күрделі болған. Бастапқы кезде олар шапқыншылықтар жасап отырған, кейін ұзақ уақыт бойы мәдени байланыс орнаған, азамат соғыстарына жиі қатысатын, князьдар арасындағы өзара тартыс кезінде туыстары қай жағына шықса, сол жақты таңдап отырған, өйткені ежелгі орыс князьдары қыпшақ қыздарына үйленсе, қыпшақтар – князь қыздарына үйленген. Дегенмен, мемлекеттер арасында соғыстар болып тұрған кезеңдер де болған. Таққа Владимир Мономах князь отырып, бытырап жүрген князьдықтарды біріктіргеннен кейін екі мемлекет арасындағы күрес ушыға түседі. 

Орыс князьдықтары әскеріне бас болып 1103 жылы Владимир Мономах қыпшақтарға қарсы жорыққа шығады. Сары ханның ұлдары Сарыжан мен Артық шегінуге мәжбүр болады. Қыпшақтарға қарсы жорық 1111 жылға дейін созылады. Артық хан әскерімен қазіргі Донецк пен Харьков аумағынан Солтүстік Кавказ даласына дейін шегінеді. Осы кезден бастап қыпшақтардың Солтүстік Кавказ бен Қара Теңіз жағалауындағы тарихы басталады. 1117 жылы Артық хан әскері Солтүстік Кавказ аумағын, оның ішінде құрылысына Хазар қағанатының билеушілері қатысқан Белая Вежа («Ак орда») қаласын басып алады. Бір кездері бұл қала хазар қағандарының ордасы болған. 

1117 жылдан бастап ол бауыры Сарыжанмен бірге осы аумаққа билігін жүргізеді. Ол кезде жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұрған Грузия әлсіз мемлекет болатын. Өз алдына ыдырап жүрген князьдықтарда бірлік болмады, ал оңтүстіктен келген селжүктер едәуір грузин аумағын иемденіп алған болатын. Осындай күрделі кезеңде грузин тағына Давид атты жас патша отырады. 1089 жылы ол небәрі 16 жаста ғана еді. Ол Давид Құрылысшы, Грузия патшалығының негізін қалаушы аталып, әулиелер қатарына жатқызылады, бұның бәрі кейін, ал әзірге жас монарх қиын жағдайда болатын. 

Жас Давидтің еншісіне жан-жағынан жаулары анталаған, өздері бытырап, әбден тозығы жеткен мемлекет тиеді. Сол кезде ол жалғыз ғана дұрыс шешім қабылдайды – оның мемлекетін қорғайтын мықты әрі күшті одақтас табу. Таңдау белгілі еді – қыпшақтар. Олардың әскері мықты болатын. Давид қыпшақ ханы Артыққа елшілерін жібереді. Алайда қыпшақ ханы бас тартпас үшін грузин патшасы саяси айла қолданып, алдымен Артық ханның қызына құда түседі, өйткені хан әулетімен туыстық қатынас саяси одаққа және қыпшақтардың әскери қолдауына иек артуға мүмкіндік беретін. Артық хан грузин патшасы Давидтің ұсынысын қабыл алып, қызы Гурандухты оған күйеуге береді. 

Неке қиылғаннан кейін, 1118 жылы Давид патша тағы да Артық ханға барады, бұл жолы ол Грузияны селжүктер мен парсылардың агрессиясынан қорғауды сұрайды. Грузия мемлекеттілігіне басты қауіп төндіріп тұрған селжүктер оғыз тайпаларының бірі болатын, сол себепті де қыпшақтарға жақын, оның үстіне қыпшақтар сияқты олар да далалықтар, сөйленістері де бір, тамырлары да ортақ еді. Сонымен қоса. Дәл осы қыпшақтардың қысымына шыдамай, селжүктер туған адаласынан кетуге мәжбүр болған. 

Қыпшақтардың тамаша жауынгер екенін Давид білетін. Осыны білгендіктен ол селжүк қаупінен мәңгіге арылу үшін қыпшақтарды Грузияға көшірмекші болды. Осы үшін ол осетиндер мен қыпшақтар арасындағы қақтығысты басу үшін өзінің тәрбиешісі және досы Әулие Георгий Чкондиделиді Осетияға аттандырады. Осылайша 1118 жылы грузин мемлекеті тарихындағы ең елеулі оқиғалардың бірі болды. Патша IV Давид Құрылысшының шақыртуымен қыпшақ ханы Артық өзіне бағынысты жұртымен бірге адам аспас тау шыңдарынан өтіп, Грузияға келіп, табан тірейді. Биік таулы жазықтар мен шүйгін шөп, жайлы климат пен өзендердің көптігі қыпшақтардың саны жоқ үйір-үйір жылқылары мен қора-қора қойлары үшін таптырмас жайылым болатын. 

Қыпшақтар жаңа жерге тез үйренді, ал Давид патша бастаған грузиндер оларды жылы қабақ таныта қарсы алды. Давид патша қонысаударушыларға қазіргі Грузия, Әзірбайжан мен Армения территориясынан ең шүйгін жерлерді бөліп береді, мемлекет басқаруындағы жоғары лауазымдарға тағайындайды, тіпті қыпшақ жігіттеріне грузин қыздарын тұрмысқа беруге рұқсат етеді. Грузияға келген қыпшақтардың басты міндеті – оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мемлекеттілігін нығайту. Осылайша, грузин патшасы Давид үлкен үміт артқан екі жүз халқы бар мың көшпенділер қуатты, кәсіби, тұрақты әскердің негізін қалады, қыпшақтар келгенге дейін Давид патшада небәрі 10-15 мың ғана әскері болған. Келген екі жүз мың адам қатарынан қырық мың адамнан тұратын әскер құрылып, Давидтің әскерін толықтырды. Бұл әскер Грузия мемлекеттілігін құруда үлкен рөл атқарды. Оның жанында «монаспа» деп аталатын бес мың адамнан тұратын жеке гвардиясы болды, солар арқылы Грузия аумағында ыдырап жүрген барлық феодалдық князьдықтар біріктірілді. 

Шындығында, Грузиядағы ең құрметті және беделді патшалардың бірі Давид Агмашенебели тек қыпшақ жауынгерлерінің қылышының көмегімен ғана мемлекеттің басын біріктіріп, басқара алды. Тұрғыны аз шағын елдің ішінде осындай алпауыт күштің пайда болуы ішкі әлеуметтік-экономикалық қатынастарға әсерін тигізбей қоймады. Әрине, әскерді ұстау үшін қаражат керек. Давид «қыпшақтарға арналған салық» деген салықтың жаңа түрін енгізеді. Әскер осы қаражатқа ұстайды: киім-кешегі, сый-сияпаты. Алайда бұл ретте грузиндердің өз шарттары да болды: әскерде иерархиялық саты бойынша өсу үшін қыпшақтар православие дінін қабылдаулары керек болды. 1121 жылғы 12 тамыз бүкіл Грузия және тұтастай Кавказ үшін ерекше тарихи мәнге ие күн. Дәл осы күні Дидгор даласында IV Давид әскері мен селжүк әскері арасында шешуші шайқас болып, басқыншылар ойсырата жеңіледі. Орасан зор селжүк әскерінің болмашы бөлігі ғана қашып құтыла алады. IV Давид әскерінің табысы келесіден құралуы мүмкін: 60 мың әскердің 45 мыңнан астамы қайын атасы Артық ханның таңдаулы салт атты қыпшақ әскерінен тұрды. Селжүктер үшін бұл тосынсый еді, өйткені әскери істі қыпшақтар селжүктерден кем меңгермеген әрі түрлі әскери айла-шарғы ойлап табуға шебер болатын. 

Грузияда Давид патшаның селжүктерді жеңген күні ұлттық мереке болып табылады. Альтернативті тарих аясында айту қиын, дегенмен Артық ханның дәл осы көмегі грузин халқының аман қалуына және дәл осы уақытқа дейін иемденіп отырған шекарасын сақтап қалуына септігін тигізуі әбден мүмкін. Осылайша, Дидгор шайқасы грузин мемлекетінің қайта жаңғаруының санақ нүктесіне айналды. Қыпшақтардың қолдауымен Давид одан сайын нығайып, Тбилисиді және басқа да қалаларды қайтарды, ал Артық хан мен оның әскері құрмет пен қошеметке бөленді. 

Алайда 1125 жылы Владимир Мономах князь өлгеннен кейін ағасы Сарыжан оны қайтадан елге шақырады. Бұл кезде Артық ханның Грузияда тұрғанына жеті жыл болған еді. Грузиядағы өзі және әскері қолжеткізген жеңіс пен құрметтен кейін, ол кері оралудың қажеттілігіне онша сенбейтін. Ағасы Сарыжан бауырын алып келуге Өр күйшіні жібереді. Ақынды құрметпен қарсы алады, ол болса мырзасының өтінішін орындап, Артыққа туған тілінде өлең айта бастайды. Артықтың жүрегінде туған елге деген сағынышын оятып Өр ақын ұзақ жырлайды, алайда Артық әлі де ой үстінде болатын. Сол кезде Өр Сарыжан ханның үйретуімен қойнынан бір уыс жусанды алып шығады, жусан иісін, туған жерінің иісін сезген Артық шыдай алмайды. Жеті жыл туған елден сырт жүріп Артық хан ақыры еліне оралады. Осы жеті жылдың ішінде батыр жауынгер, ақылды билеуші және адал дос өз халқының және бүкіл Кавказдың өмірінде үлкен із қалдырды.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?