«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев
Бұл күн тарих бетінде

Қалбан Ынтықханұлы: Ұлы Ұйғыр қағанатының мұрагерлері сары ұйғырлар

2887
Қалбан Ынтықханұлы: Ұлы Ұйғыр қағанатының мұрагерлері сары ұйғырлар

Біраз жылдар бұрын Қытайдың Гансу провинциясында тұратын сары ұйғыр атты, саны аз ұлттың бар екені туралы, оның қазақ халқына жақын жақтары туралы ақпараттар естіген едім. Кейін белгілі тарихшы, аудармашы Қалбан Ынтықханұлымен жақын таныса бастағанда осы тақырыпқа қайта оралған едік. Ақыры сары ұйғырлар туралы егжей-тегжейлі сұқбаттың реті келіпті.

– Қалбан аға, сіз түркі тарихына байланысты көптеген мақалалар жазып жүрсіз, тарихи аудармалармен де айналысасыз. Біраз жылдардан бері түркі жұртынан бөлек қалған, көп уақыт белгісіз болып келген сары ұйғырлар туралы бірнеше рет пікірлескеніміз есімде. Енді бүгін осы туралы көсіліп сұқбат берудің реті келген секілді. Сары ұйғырлар деген кімдер жалпы?

– Сары ұйғыр жалпы жағынан түркі-монғол жұртының бір тармағы болып есептеледі. Азғантай ғана сары ұйғырдың тілінде диалект бар, атап айтқанда сары ұйғыр тілі батыс сары ұйғыр тілі және шығыс сары ұйғыр тілі болып екіге жарылады. Батыс сары ұйғыр тілі ежелгі түрік тілінің ерекшкліктерін сақтаса, шығыс сары ұйғыр тілі монғол тілінің ерекшелктерін сақтаған. Оның себебін асықпай түсіндіріп өтейін.

Шығыс диалектісінде сөйлейтін сары ұйғыр болсын, батыс диалектсінде сөйлейтін сары ұйғыр болсын түгел өздерін «иоғыр» деп атасады. Тарихта, ұқсамаған дәуірлердегі Қытай тарихнамаларында ұйғырларды атау әр түрлі болған. 回纥(хұйхы), 回鹘 (хұйху), 袁纥 (юанхы), 畏兀儿 (вейуыр) деген атаулар ұйғыр, иохыр атауларының қытай тілінде ұқсамаған иероглифтермен дыбысталуы болып табылады. Қытайдың Соң династиасы тұсында осы Гансуды мекендейтін ұйғырларды «黄头回纥» сары бас ұйғыр деп атаған, Юань патшалығы тұсында оларды «撒里维吾» сары ұйғыр деп атаған, Миң патшалығы тұсында оларды «撒里畏兀儿» сары ұйғыр деп атаған, Чиң патшалығы тұсында «西喇古儿黄番» сары ұйғыр-сары тибеттер немесе «锡喇伟古尔» сары ұйғыр деп атаған, одан кейінгі ҚХР құрылғанға дейінгі замандарда ұйғырша сөйлейтін тибеттер, монғолша сөйлейтін тибеттер деп атаған. Мұндағы қытай иероглифтерін бөлектеп көрсетіп отырғанымыздың себебі – жазылған иероглифтер әр түрлі болғанымен оқылуы өте жақын. Олардың бұлай әр түрлі жазылуы оны жазған авторға байланысты болып отыр.

Бірақ «сары ұйғыр» атауы тек сырт көздің немесе билік өкілдері тарапынан берілген атау. Біз де қалыпқа түскен атау бойынша «сары ұйғыр» деп ала береміз. Алайда сары ұйғырлар өздерін еш қашан сары деп атамайды, олар өздерін мақтанышты түрде иоғыр деп атайды. Бұл қытай жылнамаларынан кездесетін 乌纥 (ухэ) ұғырмен байланысты болуы әбден мүмкін.  

Жаңа Қытай үкіметі құрылған алғашқы жылдарда сары ұйғырлар біраз уақыт сары ұйғыр болып аталып жүрді. 1953 жылға келгенде мемлекеттің үкімет тараулары мәслихаттан өткізіп иоғыр деген атаудың дыбыстық аудармасына жақын келетін қытайша үйгу (裕固) ды сары ұйғырдың ұлт атауы етіп тұрақтандырды. Үйгу сөзі қытай тілінде «бай да, мығым» деген мағынаны білдіреді.

– Сіз сары ұйғырлар түркінің бір тармағы деп отырсыз. Ал олардың жалпы түркі жұртынан бөлініп қалуы қалайдан қалай болған оқиға? Жалпы тарихы, түп атасы туралы түсінік бере кетсеңіз.

– Қытайдың жазбаша ескерткіштеріне негізделер болсақ, жыл санаудан бұрынғы ІІІ ғасырдың соңғы кезеңінде, Қытайдың солтүстігі, атап айтқанда Хуаңхэның солтүстігінде көптеген көшпенді тайпалар өмір сүрді, олардың барлығы кейінгі ғұн империясының құрамына кірді. Кейін осы ғұндардан тарайтын оғыз, түрік, ұйғыр ұлыстары жарыққа шықты. Сондықтан ғұндарды бүгінгі сары ұйғырдың арғы ата-бабасы деп айтуға да болады. Хань және үш патшалық тұсында ұйғырлардың арғы атасы болып есептелетін деңлеңдер ғұн империясының орталығы саналатын Монғол үстіртінен біртіндеп іргелерін айыра бастады. Олар алғашында Хыши дәлізіндегі аңғарға, бүгінгі Жиучуань, Хыйхэ, Увей жерлеріне қоныстанды. Сөйтіп кейінгі ұйғырлардың Хэши өңіріне келуіне алғашқылар болып жол ашты. Ғұндардың негізгі бөлігі батысқа көшіп кеткен соң, Мнғол үстіртіндегі көшпенділерге роурандар билік жүргізді. Роурандардан ейін, бүкіл Еуразия даласына ұйғырлармен аталас, қандас келетін түріктер билік жүргізді.

VI ғасырдың соңына қарай ұйғыр, богу, тоңыра, байырқы сияқта тайпалар ұйғырларды ұйтқы еткен тайпалық одақ құрды. Олардың ең жоғарғы билеушісі «іркін» деген атаққа ие болды. Ұйғырлар өз ішінен тағы тоғыз руға бөлінген, ұйғырлардың тайпа көсемдері сол тоғыз рудың ішіндегі яғлақар руынан тағайындалып отырды. Таң патшалығы иоңлың жылнамасының орта шенінде, жыл санауымыз бойынша 680 жылы ұйғырлардың арасындағы яғлақарлар Орхон, Енисей топырағында орда тұрғызған түрік қағанаттығынан бөлініп Хэши дәлізіндегі Ганжоу (Жаңие), Лияңжоу (Увей) жерлеріне қоныс аударды. Олар кейінгі Ганжоу ұйғыр қағанаттығын құрған яғлақарлар еді. Яғлақарлар қазіргі сары ұйғырдың құрамындағы бір ру ретінде күні бүгінге дейін сақталып келеді. Сондықтан да сары ұйғырдың түп атасы яғлақар деп айтудың негізі осында жатыр.

– Осы тайпа әуелгі Ұйғыр қағанатын құрушылар болған ба?

– Иә, бірақ тарихи желісімен былайша айтайық. Таң патшалығы Шуанзоң тиянбао жылнамасының үшінші жылы, жыл санауымыз бойынша 744 жылы ұйғыр көсемі Құтылық боғра ұйғыр қағанаттығын құрды, ол тарихта «құтылық білге көл қаған» деп аталды. Осы қағанатта яғлақар тайпасы негізгі билыкті ұстады. 840 жылы шөлдің терістігіндегі ұйғыр қағанаттығы қырғыздар тарапынан күйретілді, ұйғыр тайпалары төрт төңірекке бытырап кетті. Олардың көп бөлігі Шығыс Түркістан аумағына қоныс аударды. Солардың бір тармағы Хыши дәлізін бойлап Чилиян тауын сағалап, бұрынғы ғұндардан қалған ата қоныстарын қайта тапты, осылайша олар тарихта «Хэши ұйғырлары» деп аталды. Кейінгі сары ұйғыр ұлтының қалаптасуына солардың ықпалы зор болды.

WhatsApp Image 2020-07-26 at 17.04.55.jpeg

Хэши дәлізіндегі ұйғырлардың екі үлкен шаруашылық тірегі болды. Оның біріншісі, малшаруашылығы. Хэши ұйғырлары жылқы, түйе малдарын көп өсірген. Чилиян тауы мен Хыши дәлізіндегі табиғи жайлымдар Хыши ұйғыр қағанаттығының мал өсіруіне тамаша шарт-жағдай жасап берді. Екіншісі сауда. Хыши ұйғырлары батыс пен шығысты тұтастыратын маңызды жолдың бойына орналасқандықтан олардың сауда істері де дамып жоғары деңгейге көтерілгенді. Ұйғырлар осындай қолайлы шарт-жағдайлардан ұтымды пайдаланып сауда жұмысын жақсы дамытты. Олар шығыста бес патшалық елдеріне, солтүстік Сұң еліне, Қидан еліне, батыста Памирге, Парсы жеріне дейін сауда жүргізіп отырды.  

Шамамен Х ғасырдың басында терістіктен келген ұйғырлар Хыши дәлізінде Ганжоу ұйғыр қағанаттығын құрды. Таң патшалығының соңы мен бес патшалықтың былыққан тұсында Хышидағы бытырап жүрген ұйғыр тайпалары бір араға топтасып Ганжоу ұйғыр қағанаттығы болып қалыптасты. Осындай ерекше тарихи шарт жағдай астында олар біртіндеп күшейіп, басқа өңірлердегі ұйғыр топтастықтарынан өзгеше мәдениеттерді қалыптастыра бастады. Бұл кейінгі сары ұйғыр ұлтының қалыптасуна ерекше тарихи маңыз алады.

– Ганжу жері – бұл қазіргі Қытайдың қай жері?

– Ежелгі Ганжоу бүгінгі Гансу өлкесіндегі Жаңие жері. Қазір Жаңие деп аталатын осы аймақтың солтүстігі сары ұйғырдың мекені – Сунан ауданы. Бұл өңір ежелден сары ұйғырлардың харекет етіп қозғалыс жасаған маңызды аймақ болып табылады.

ХІ ғасырдың басында Ганжоу ұйғыр қағанаттығы Таңғұт Ли юанхау жағынан күйретілген соң ондағы ұйғырлар тұс-тұсқа бытырап кетті. Жазба деректерге негізделер болсақ, Ганжоу ұйғыр қағанаттығын құрған яғлақар руының бір бөлігі Шажоудың (Дунхуаң) оңтүстігіне шегініп шығып дәстүрлі мал шаруашылығымен айланысып, көшпенді өмірлерін қайта жаңғыртты.

Ганжоу ұйғыр қағанаттығын таңғыттар күйреткен соң Хыши дәлізіндегі ұйғырлар Чилиян тауына, Аржин тауына, Сайдам ойпатына және бүгінгі Гансу, Чиңхай, Шыңжаң шекараларының түйілісіндегі жерлерге қоныс аударып сол жақтарда көшіп-қонып жүрді, осы жерлерге топтасқан ұйғырлар кейінгі сары ұйғырлардың негізін қалаушылар болып табылады.

WhatsApp Image 2020-07-26 at 17.05.24.jpeg

Аржин тауының солтүстігінде Құмтағ шөлі, оңтүстігінде Сайдам ойпаты орналасқан, батысы Такламакан шөлі. Аржин тауы Тибет жотасының солтүстік жиегі болып келетіндіктен ол жерлеррдің теңіз деңгейінен орташа биіктігі 3000 метрден асады. Ауарайы жайсыз, жауын шашыны аз, қысы қатты, жазы қысқа, жыл бойы жел соғып тұрады, қыркүйек айларынан бастап қар жауып, мұз қатады. Жауын-шашын мөлшері де төмен, үнемі терістік батыстан жел соғатындықтан жердің кебуі мен шөлге айналуы жоғары деңгейде болады. Сондықтан бұл өңірлерге егін салудың ешқандай мүмкіндігі болмайды, тек қана мал өсіруге болады.

Осындай ортаға байланысты сары ұйғырлардың негізгі шаруашылығы мал өсіру ғана болды, аздаған адамдар қол-өнеркәсібімен айланысқан. Юан патшалығының соңы мен Миң патшалығының алғашқы кездеріндегі кей жазабаша деректерде осы арадағы сары ұйғырлардың түйе мен қойды көп өсіретіндіктері айтылады.    

Ганжоу ұйғырларынан бөлініп кеткен осы саны аз ұйғырлар қытай тарихнамаларында көрсетілетін «Сары бас ұйғырлар» болатын. Олар сол тұста, Шажоудың оңтүстігі, Сайдам ойпатының оңтүстігі, батысы Лобнұр, Шақылықтың оңтүстігіне дейінгі кең өлкеде мал бағып арлы-берлі көшіп жүрді, кейінгі тарихта олар Шажоу ұйғырлары деп те аталды. Соң тарихы× Хотан баянында: «1081 жылы Хотан Қараханы Ашин деген елшісін жіберді, Шынзоң патша елшіден жол бойы көргендерін сұрады, елші жол бойынан сары бас ұйғырларды, көк таңғұттарды, кидан және соларларды көргенін айтты» деп жазылған. Осында айтылған сары бас ұйғырлар бүгінгі сары ұйғырлардың арғы аталары – ежелгі яғлақар тайпасы еді.

– Сары ұйғырлардың монғол шапқыншылығынан кейінгі халі қалай болды? Тарихта монғол шапқыншылығы көптеген географиялық жағдайды ғана емес, ұлттық этногенезді де өзгеріске ұшыратып кеткені мәлім ғой.

– Ол рас, бір кезде ауқымды қағанат құрған сары ұйғырлар да бұдан шет қалған жоқ. XIII ғасырда монғолдар батысқа жорық жасады. Юань тарихы, Субетай баянында: « Қаған шөлді басып алға ілгнрлеуге бұйрық берді. 1226 жылы сары ұйғырды бағындырып, Шажоу ұйғырлары мен сары бас ұйғырлардың жайлымдарын тартып алды» делінген. Юань патшалығы түрік тілінде сөйлейтін сары ұйғырларды өз қарамағына алып, Гансу өлкесінің басқаруына қаратты, ол кезде Гансудың билік орталығы Ганжоу (бүгінгі Жаңие қаласы) болатын.

Монғолдар орнатқан Юань патшалығы батыс жорығын ашу үшін әскер шығарып сары ұйғыр жерінде бекіністер салды әрі сол жерде ұзаққа дейін әскери бекіністі ұстап тұрды. Сол заманда осы Хэши дәлізінде Юань патшалығы орнатқан Увей шиниң бектігі болды. Кейін тағы Бин бектігі болып қайта құрылыды да оған Шүбай және оның ұрпақтары бек болады. Шұбай Шыңғыс ханның бесінші ұрпағы, Шағатайдың шөпшегі, оның әкесі Алухұн. Шұбай шағатай хандығына тәуелді бектердің бірі болатын. Орта Азия жерінде Хайту дүрбелең шығарғаннан кейін Огедей әулетінен хал кетеді, осыдан соң олар Ханбадықтағы Құбылайды паналағаннан басқа жол таба алмады. Шұбай юань хандығының алғашқы жылдарында, Хайту мен Дуаның егесі өршіп тұрған кезеңде соғысқа барып, азды көпті бас көрсетіп жүрді. 1304 жылы юань хандығы оны Увей шиниң бктігінің бегі етіп тағайындайды. Шұбай өлгеннен соң, оның ұрпақтары Увей шиниң бктігінің және Бин бектігінің бектік орын тағына мұрагерлік етті. Осы Увей шиниң бектігінің бектік орынтағына ұмрагерлік еткен Шұбай ұрпақтары кейін келе сары ұйғырлардың құрамына кіріп, екі үлкен топтан құралатын сары ұйғыр ұлтының монғол нәсілді тобын-шығыс сары ұйғырларды қалыптастырды.

Біз жоғарыда пайымдалған мазмұндарды негізге алатын болсақ, Ганжоу ұйғыр қағанаттығынан бастап Шажоу ұйғырлары деп аталатын сары бас ұйғырлаға дейінгі үш ғасырдың арадығында түркі тілінде сөйлейтін сары ұйғырлар қалыптасқан. Олар ұлт болып қалыптасу үдерісінде өзгеге ұқсамайтын өзгеше мәдениет қалыптастырды. Олар Тияншаньның түстігіндегі алты шаһарлы ұйғырларға мүлдем ұқсамайтын мәденинт қалыптастырған. Сондықтан, Ганжоу ұйғырлары сары ұйғырлардың арғы тегі деп айтуға толық негіз бар. XIII ғасырда Шажоу ұйғырлары мен сары бас ұйғырлар монғол империясының үстемдігіне бағынышты болды, монғолдар осы бір ежелгі этостың өзіндік қасиеттерін өзгеріске ұшыратты, атап айтқанда ежелгі ұйғыр қағанаттығының хан әулетінен тарайтын яғлақарлардың ұрпақтары мен монғол ордасының алтын әулетінен тарайтын Шұбай ұрпақтарының қаны араласып бір біріне сіңісті. Монғол үстіртінен қанат жайған, Алтай тілдері жүйесінде сөйлесетін ұйғырлар мен монғолдар ортақтасып, бұрынғы сары ұйғырларға ұқсамайтын жаңаша бір ұлттық топтастықты қалыптастырды, ол – бүгінгі сары ұйғыр ұлтының алғашқы бейнесі еді.

– Яғни бүгінгі сары ұйғырлардың қалыптасуына монғолдардың тікелей ықпалы болғаны ғой?

– Жоғарыда айтқанымыздай, дәл солай. XIV ғасырдан XVI ғасырға дейін, сарыұйғырлар Сұң династиясының, таңғыттардың, монғолдың, Миң династиасы сынды алпауыттардың қыспағында болды, олардың барлығы сары ұйғырлар мекеніне өктемдік жүргізді.

Миң патшалығының хоң-у жылнамасы тұсында сары ұйғырлар патша тарабынан еленді, биліктің ондағы мақсаты батысынан келетін қауыптен сақтану үшін болды, дәл осы тұста сары ұйғырлардың көсемі алтын әулетінен тарайтын Боянтемір сары үйғырлардың ұлығы болып тағайындалды. Осыдан соң миң патшасы сарыұйғырлар мекенінде әскери міндетті қоса атқаратын сегіз қорғаныс мекемесін құрды, бұл тарихта « ұлы қорғанның сыртындағы сегіз қорғаныс» деп аталды. Осылайша сары ұйғырлар бір орталыққа, бір мекенге шоғырлана бастады. Жыңтоңның 11 жылы, жыл санау бойынша 1466 жылы Миң патшалығының Гансудағы жасақ басы «Шажоу қорғаныс мекемесі қарамағындағы сары ұйғырлар қорғанның ішіне кіріп Ганжоуға орналассын» деген бұйрық берді. Осыдан соң, басқа бекіністердегі сары ұйғырлар да қорған ішіне кіріп қоныстана бастады. Сондағы сары ұйғырлардың негізгі орналасқан жері Ганжоудың оңтүстігіндегі Чилян тауының теріскей баурайы болды.

Ганжоу жері сары ұйғырлардың мал бағуына қолайлы болды. Чилиян тауы ежелден көшпенділердің құтты мекені болғаны тарихтан белгілі. Сары ұйғырлар Қытай қорғанының ішіне қоныстандырылғаннан кейін Чилиян тауының сай салаларында мал бағумен және диқаншылықпен де айналысты. Малшаруашылығы баяғысындай сары ұйғырлардың негізгі шаруашылығы болып қала берді. Хыши дәлізіне орналасқан сары ұйғырлардың ішінде отырықтанып диқаншылықпен айналысқандары да көп болды. Мысалға бүгінгі Хуаңнибау, Лиянхуа жерлеріндегі сары ұйғырларды сондай отырақшы сары ұйғырлардың жалғасы деуге болады.

Ежелгі ұйғыр қағанаттығы тұсында болсын, Ганжоу ұйғыр қағанаттығы тұсында болсын, Юан, Миң патшалықтары тұсында болсын, Қорғанның ішіне қоныс аударған тұста болсын сары ұйғырлардың негізгі шаруашылығы мал өсіру болды. Олар қаншама қысымдарға ұшыраса да, қаншама жерлерге қоныс аударса да мал шаруашылығынан қол үзген емес, өйткені мал шаруашылығы олардың сонау ежелгі ұйғыр қағанаттығынан бері қарай жалғасып келе жатқан ата кәсібі еді.

Сары ұйғырлар қорғанның ішіне орналастырғаннан кейін Шыңғысханның алтын әулетінен тарайтын Андиң бектігінің бегі Боянтемірдің ұрпақтарын көсем ететін мұрагерлік түзімін ұстанды. Осыдан соң Андиң бектігінің бегі Боянтемір сары ұйғыр көсемдерінің арғы тегі болып қала берді.

Сарыұйғырлардың қорған ішіне қоныс аударуындағы тағы бір себеп сол тұста қорған сыртындағы сары ұйғырлардың жеріне жұт жүріп, оба тараған. Соның кесірінен олардың саны азайды, өрісі тарылды. Сары ұйғырлар Ганжоу жеріне қоныстанған соң бұрынғысындай көшпенділер мәдениетін ұстанып, мал бағып аң аулаумен айланысты. 1628 жылы Миң патшалық үкіметі Ганжоудан (бүгінгі Жаңие қаласы) оңтүстік батысқа қарай 70 шақырым жерден Лиюан бекінісін салып, әскер тұрғызды, бұл жер содан кейінгі көп замандарға дейін сары ұйғырлардың әкімшілік және мәдениет орталығына айналды.

Сары ұйғырлардың шығысқа Ганжоу жеріне көшуіне исламның Құмыл, Тұрпан жеріне келіп жетуі де себеп болды. Сары ұйғырдың жыр аңыздарында «Атамыз біздің Шижы-хажыдан көшіп келген» деп айтылатын жерлері көп. Ендеше Шижы-хажы деген қай жер? Осы турасында біраз сөзді түгендей кеткеніміз дұрыс. Біздіңше шижы-хажы деген сөз қытай тіліндегі Шижоу-хуожоу дегеннен шыққан. Қытай жазба деректері мен жер-су аттарын түсірдіретін сөздікткрінде Шижоу-хуожоу бүгінгі Тұрпан қаласы деп көрсетілген. Тұрпан жері көп замандарға дейін будда мәдениетінің маңызды ошақтарының бір болған. Тұрпан маңындағы ежелгі будда ғибадатханаларының орыны, жар бетіндегі будда үңгірлері бүгінге дейін сақтаулы. Жалпы ұйғыр тарихында ұйғырлардың ұзаққа дейін будда дінін ұстанғаны белгілі.

– Яғни бұл сары ұйғырдың бір бөлігі Тұрпаннан барған дегенді білдіре ме?

– Дәл солай. Сұқбат барысында айттық, екі реткі ұйғыр қағанаты жойылғаннан кейін де олардың бір бөлігі Орта Азияға қарай ауып кеткен. Яғни бұл қайта қайтып келгендер де сол қағанаттан бөлініп кеткен аталас сары ұйғырлар болатын. Тарихи дерек бойнша, XІV ғасырдың ортасында Шыңғыс ханның Шағатайдан тарайтын ұрпағы Тұғылық Темір хан Шығыс Түркістанның шығысындағы Тұрпан, Құмыл жерлеріне дейін жорық жасап будданы бұзып, ұйғырларға исламды қабылдатады. XV ғасырдың соңына келгенде осы өңірдегі будизм толықтай ықпалынан айрылады. Сол тұстарда, бір бөлігі исламды қабылдап қалып қойса, исламды қабылдағысы келмеген бір бөлім ұйғырлар шығысқа, атап айтқанда Шажоу, Ганжоу жеріне қоныс аударған әрі сол жақта буддмзмді жалғастырған. Сары ұйғыр жырларындағы «Біздің бабаларымыз Шижы-хажыдан келді» дейтіні осыдан шықса керек. Бұны қазіргі Құмыл, Тұрпан жеріндегі ұйғырларға қарап та аңғаруға болады. Олардың өң-кейіптері қазіргі сары ұйғырларға, монғолдарға және қазақтарға қатты ұқсайды.

WhatsApp Image 2020-07-26 at 17.04.20.jpeg

Кейін миң династиясын қиыр шығыстағы көшпенді ұлыс манжұрлар құлатып, бүкіл Қытайды өздеріне бағындырып Чиң династиясын құрды. Чиң династиясы құрылғаннан кейін сары ұйғырларды патшалық үкімет өз бақылауына алып, оларды «сары ұйғыр, сары тибет» деп атады.

1698 жылы Чиң патшалығы Ганжоудағы сары ұйғырларды бұрынғысындай Чилиян тауының түстігі мен терістігін мекендене береуіне рұқсат берді. Шулы өзенінің басқы ағарындағы бұрынғы Аньдиң қорғанысына қарайтындарды Каңдиң жеріне орналастырды, тағы бір шағын бөліктерін Хихэ өзенінің шығысындағы Ежынисұмынның төңірегіне орналастырды, бұл екі топ кейін келе көсем тайпасы және мантай тайпасы сынды екі үлкен тайпа болып қалыптасты.

Чиң дәуірінің Каңши заманында патшалық үкімет сары ұйғырларды жеті тайпаға бөліп орналастырды, бұл тарихта «жеті тайпалы сары ұйғырлар» деп аталды, сондай-ақ әр тайпаның өз көсемдері болды. Бас көсем «жеті тайпалы сары ұйғырдың» бас билеушісі болып тағайындалып, сары пешпет пен қызыл төбелі көк қауырсынды бөріктен шен белгісін алды. Кейнгі замандарға келгенде олардың монғол тілінде сөйлейтіндерін Лиюан басқармасына қартты, түркі тілінде сөйлейтіндерін Сужу әскери бас басқармасына қаратты. Артына келе жеті тайпаның күші әлсіреп тек шағын рулары ғана сақталып қалды.

Чиң дәуірінің янжың жылнамасынан кейін, Хуаңхэның басқы ағарының солтүстігіндегі монғолдар мен иоғорлар әлсіреп күйреді. XIX ғасырдың ортасында, тибеттің ароң тайпасы Анимайчин қарлы тауынан түсіп иоғырлардың Шикірібарыс, Шилагауту жайлымдарына және монғолдардың Молываң жеріне қоныстана бастады. Тибет пен сары ұйғыр арасында ешқандай қақтығыстар туылмаған, өйткені сол кездегі сары ұйғырлар өте әлсіреп кеткен болатын, сондықтан тибеттер сары ұйғырлардың жеріне оңай қоныстанып алған. Сары ұйғырлардың кей салт-дәстүрлерінің тибеттермен бірдей болатыны содан болса керек.

Қортындылап айтқанда, бүгінгі сары ұйғыр ұлтының қалыптасу тарихы өте ұзаққа созылды. Ежелгі түркі заманындағы яғлақардан Миң дәуіріндегі сары ұйғырларға дейінгі уақыттың өзі мыңдаған жылдарға жалғасқанын көреміз. Сары ұйғыр XV ғасырда ұлт болып толық қалыптасқан.

Чиң патшалығының Каңши, Янжың жылнамаларында сары ұйғырлардың тұрақты жайлымдары белгіленіп, ру-тайпалар бойынша үлестіріліп берілді, сол бөлініс бойынша сары ұйғырлардың қоныстануы ХХ ғасырға дейін жалғасты.

– Жаңа сіз сары ұйғырлардың этногенезінің қалыптасуына монғол шапқыншылығы үлкен өзгеріс әкелгенін айтып өттіңіз. Ал қазір тұтас бір ұлт ретінде ғана атала ма, әлде рулық бөліністер әлі де бар ма?

– Ежелгі ғұндардан бастау алатын көшпенділер болсын, одан кейінгі түркі қағанаттығы мен ұйғыр қағанаттығы болсын түгелімен ру тайпалардан құрамдалғаны тарихтан белгілі. Сондай түрік және ұйғыр қағанаттарының сарқыншағы спатындағы сары ұйғырлар да өз ішінен үлкенді кішілі тайпаларға бөлінеді. Осы ру-тайпалар бүгінгі сары ұйғырдың ұлт болып қалыптасуы жолында белсенді рөл атқарған. Сары ұйғыр ұлты түрлі ру-тайпалардың үзіліссіз өзгеріс жасауы негізінде қалыптасқан.

Сары ұйғыр тілінде ру дегенді «отоқ» деп атайды, сары ұйғырдың қытайланып кеткендері руын қытайша жия (әулет) деп атайды. Отоқ сөзінің түбірі от, ондай болса отоқ – отбасы, шаңырақ, әулет дегенді меңзеп тұрғаны анық. Рудың өзі бір шаңырақтан, бір отбасынан тарайды емес пе.

WhatsApp Image 2020-07-26 at 17.05.11.jpeg

Сары ұйғырлардың құрамындағы ру-тайпалардың да бізбен ұқсас жері өте көп. Оларда яғлақардан бөлек найман, қоңырат, ақ татар деп аталатын рулар бар. Бізге Шыңғысхан жасағының құрамы найман, керек, қоңырат, жалайыр секілді тайпалардан құралғандығы белгілі ғой. Яғни сары ұйғырлар құрамында осы рулардың бар болуының өзі Шыңғысхан жорығының ізі десек қате емес. Сонымен қатар біздегі Шыңғыс тұқымын төре дегеніміздей, олар да Шыңғыс ұрпағынан тараған руды ноян отоқ деп атайды. Бұл ру сары ұйғырлар ішіндегі ең беделді рулардың бірі. Ал біздегі қожа руы іспетті інжін тайпасы бар, інжіндердің арғы тегі тибеттер, олар сары ұйғырлар ішіне дін әкелген. Будда ламалары негізінен осы рудан шығады. Сондай тибет текті тағы бір ру – янга тайпасы. Ең қызығы сары ұйғырлар құрамында тіпті ғұн мен түрік кезеңінен қалған рулар да кездеседі. Даят руы – байырқырлардың ұрпағы. Ғұн деп аталатын бір руы тағы бар. Сары ұйғырлардың Ғұн мемлекеті құрамында болғанын айттық. Ру аты да осы тарихи мезгілмен қатысы бар болуы мүмкін.

– Осыншама қызықты тарихы мен ұлттық этногенезі бар ұлттың қазіргі мекені қалай аталады? Осы туралы да қысқаша мәлімет бере кетсеңіз.

– Қазргі замандағы сары ұйғырлардың мекені Қытай Халық Республикасы Гансу провинциясы Сунан үйгу (сары ұйғыр) автономиялы ауданы. Сары ұйғыр ежелден осы өңірдің тұрақты халқы, олар Қытайдың Гансу провинциясының кей жерлеріне аздап таралғаны болмаса дүниенің басқа еш жерінен кездеспейді. 2010 жылығы халық санағы бойынша Сары ұйғырдың жалпы саны 14300 кісі, осының ішінде 10 мың кісі Сунан үйгу автономиялы ауданына қарасты територияны мекен етеді.

Сунан ауданы Хыши дәлізінің ортаңғы бөлігі, Чилиян тауның солтүстік баурайында. Жібек жолы қақ ортасын жарып өтеді. Аудан көлемінде сары ұйғыр, қытай, тибет, монғол, дүнген сияқты 15 тен астам ұлт өкілдері өмір сүреді.

Чилиян тауы Қытайдың Чиңхай өлкесінің солтүстік шығысы мен Гансу өлкесінің батысына орналасқан, батыстан терістікке, шығыстан оңтүстікке созылған көптеген сілемдері бар. Теңіз деңгейінен биіктігі 4000 метрден асатын шоқылары жылдар бойы мұз құрсанып жатады. Сайлары мен жоталарының теңіз деңгейінен биіктігі 3000-3500 метр аралығында болады. Тау қыраттары биік, сай шатқалдары өте терең. Тау беткейлерін орман бүркеп жатады, сай жоталары табиғи жайлымдар, сай ауыздары жасыл алқапты болып келеді. Таудағы мұздықтардың қоры 15 миллиард 9 миллион купке жетеді, су қайнары көп. Хихэ, Шыяңхэ, Шулы өзендері осы таудан бастау алған. Сондықтан бұл жер Гансудың Хэши өңірі мен Ішкі монғол автономиясының батыс өңірінің «тіршілік қайнары» әрі «жасылдандыру су қоймасы» деп аталған.

Сары ұйғырлардың негізгі кәсібі мал бағу және егіншілік. Тибеттер сияқты буддалық лама дінін ұстанады. Бүгінгі сары ұйғырлар өз ішінен батыс сары ұйғырлар және шығыс сары ұйғырлар деп екі үлкен топқа бөлінеді. Оның қалай пайда болғанын айттық. Тілі Алтай тілдері жүйесінің түркі тілдері шаңырағына кіреді, әліпбиі жоқ. Қазіргі таңда қытай тіл-жазуынан пайдаланып білім алып қоғамның әр саласында қызмет жасауға бейімделген. Жалпы сары ұйғырлар туралы аса көп деректерді қамтыған «Сары ұйғыр ауыз әдебиетінің үлгілері» атты монографиялық еңбек жазған едік. Жақында баспаға ұсынуды жоспарлап отырмыз. Қызығушылық танытқан оқырман болса толықтай ақпаратты осы еңбегімізден таба алады.

– Сұқбатыңызға рахмет! Бұл тақырыпты әлі де қаузай түсеміз деп үміттенемін.