Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Үшінші қазақ ғарышкері – Айдын Айымбетов

3088
Үшінші қазақ ғарышкері – Айдын Айымбетов  - e-history.kz
Қазақ тарихында үшінші ғарышкердің есімі алтын әріппен жазылды. Оның аты – Айдын Айымбетов.

Олай дейтініміз өткен сенбіде Елбасы «Союз ТМА-16М» ғарыш кемесінің халықаралық экипажын қарсы алып, БАҚ өкілдерімен шағын брифинг өткізді. Халықаралық экипаж құрамында қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов, ресейлік ғарышкер Геннадий Падалка және даниялық астронавт Андреас Могенсен болды. 

b3233bce808a6efb1369192d55c17067.jpg

Ғарышкерлер белгіленген уақыт бойынша 06:51 сағат шамасында Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 140 шақырым қашықтықтай жерге сәтті қонды. Көп уақыт өткізбей дәрігерлік тексеруден өтіп, Астана қаласына жол тартты. Астана Халықаралық әуежайында үшінші қазақ ғарышкерін қаумалаған қалың жұрт қол шапалақтап, ұлықтап қарсы алды. Ақ жауын мен күннің суықтығына қарамай, Ұлы Даланың ұланына құрмет көрсетіп, қазақтың ән мен күйінен шашу шашты. Одан кейін Елбасы Н. Назарбаев ғарышкерлерді қызыл кілемде қарсы алып, БАҚ шағын брифинг өткізді. 

cced9af9e81bc3a8480e508c234acdef.jpg

«Бұл маңызды оқиға, ең бастысы сіздер аман-есен жерге оралдыңыздар. Барлығыңыз үшін алаңдадық, күттік. Әрине, қазақстандықтар біздің үшінші ғарышкеріміз Айдын Айымбетов үшін алаңдады. Сіздермен бірге қуанып жатырмыз. Ал Қазақстан осындай мүмкіндікке ие болып отыр. Оған басты себепкер «Роскосмостың» қолдауы деп білеміз. Сондықтан алдағы уақтта Ресеймен ғарыштық байланыста біріге жұмыс атқарамыз деп ойлаймын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Ал ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы екінші қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаевтың айтуынша, Айдын Айымбетов сегіз күн ішінде толықтай жоспарды орындап, зерттеу жұмыстарын жүргізді. «Бүгін Қазақстанда тағы бір үлкен мереке. Өйткені ғарыштан тағы бір қазақ жігіті Айдын Айымбетов оралып келді. Айдынды шын жүректен құттықтаймыз. Оған тек қана жақсылық тілейміз. Қазақстан халқын осы жетістікпен құттықтаймыз. Айдын өзін жақсы сезініп тұр. Ол туған жеріне жету үшін асықты. Жезқазғанда қазақ даласының ауасын жүтіп, Ұлы Даланың кеңдігін көрді. Айдын толықтай зерттеу жұмыстарын аяқтады. Табысты оралды. Бізге сол зерттеу жұмыстарының пайдасы мол», – деді Т. Мұсабаев. 

3f4ba5a2e78651032578de9ae4199fe3.jpg

Ал «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» директоры Жұмабек Жантаевтың мәлімдеуінше, ғарышкеріміздің зерттеу жұмыстарына сегіз күн аздық етіпті. Десе де Айдын Айымбетов орталықтың дайындаған ғылыми жұмыстарын толықтай зерттеп үлгеріпті. Әсіресе Каспий теңізі айлағы мен Арал көлі маңының экологиялық азуалы толықтай зерттелді деп отыр орталық басшысы. 

БАҚ өкілдерімен өткен брифинг соңына қарай батырдың анасы сөз алып, барша қазақстандықтарды биылғы мерейтойларымен құттықтады. Журналистердің сауалына жауап беріп, батырдың анасы болу сезімін бөлісті. 

Жұмакүл Айымбетова (ғарышкердің анасы): «Ұлымның ортамызға аман-есен оралғанына қуаныштымын. Елбасымызға рахмет. Ресеймен келісімшарт шасасып, Айдынды ғарышқа аттандырғаны үшін. Өйткені ұлым бала кезден ғарышкер болуды армандады. Сол үміті, арманы орындалды. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Байқоңырдың 60 жылдығы, Ата заңымыздың 20 жылдығы құтты болсын. Халықтың қуанышы, елдің мерейі үстем болсын. Батырдың анасы болу – мен үшін қуаныш. Бірақ Айдын халықтың баласы. Қуаныш халықтікі», – деді. 

Амир Айымбетов (ғарышкердің ұлы): «Мен үшін ерекше қуанышты күн. Өйткені әкем қазақ тарихында үшінші ғарышкер атанды. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әкем үшін мақтанамын. Әкемді ғарыш капсуласынан алғаш көргенде «Әке» деп айғайладым. Басқа ештеңе демедім. Әкем жай ғана қуаныштан күліп, жымиды. Мен де болашақта ұшқыш болғым келеді. Сол үшін аянбай оқып, білімімді ұштай түсемін». 

45976fe01396727acffa64c8b052585a.jpg

Сондай-ақ салтанатты шарада үшінші қазақ ғарышкері Айдын Айымбетовтың жары Лилия Айымбетова мен қыздары Диана, Даяна да болды. Тарихқа сәл шегініс жасар болсақ. 

Осыдан 24 жыл бұрын Совет Одағы ыдыраған тұста, Тәуелсіз Қазақстанның азаматы тұңғыш рет көкке көтерілді. Ол бүгінгі батыр ағамыз, халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров болатын. Сол тұста қуанбаған, шаттанбаған халық болмады. Сол уақытта дүниеге есігін ашқан балалардың есім Тоқтар болды. Қазақ ырымдады. «Ұшқыш болсын, Тоқтар ағасындай даңқты болсын» деп. Араға бірнеше жылдың уақытын салып екінші қазақ Талғат Мұсабаев ғарышқа сапар шекті. Бір емес, үш рет ғарышқа аттанған қазақ батыры ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, көкте көп күндік жоспарларды орындады. Енді міне қазақтың үшінші ғарышкері Айдын Айымбетов те бұл қатарға қосылды. Ендеше ғарыш саласында жаңа тарих беті ашылды. 

72adbf6e9e41523721a3be1788886e78.jpg

Естеріңізге сала кетсек, Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесімен қыркүйектің 2-сі күні қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов ресейлік ғарышкер Сергей Волков және Еуропа ғарыш агенттігінің астронавты Андреас Могенсенмен ғарышқа аттанған болатын. Сергей Волков халықаралық ғарыш станциясында жұмысын жалғастыруға қалды. 

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Материалда фотограф, блогер Григорий Беденконың фотосуреттері пайдаланылды.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?