Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Бекет батыр» жыры туралы

3309
«Бекет батыр» жыры туралы  - e-history.kz
«Бекет батыр» (кейде «Бекет-Ерназар» деген атпен кездеседі) – 1855-1858 жылдары Бекет Серкебаев батыр бастаған патшалық самодержавиенің отаршылдық саясатына қарсы қазақтардың көтерілісі туралы тарихи жыр.

«Бекет батыр» жыры - 1855-1857 жылдардағы көтерілісті сипаттайтын жалғыз халық поэмасы. Көтеріліс аяусыз басылғаннан кейін Бекет Серкебаев басқа көтерілісшілермен бірге 1857 жылы Сібірге жер айдалады. Жырда жер айдалып бара жатқан Бекеттің шешесімен қоштасуына ерекше назар аударылған. Зерттеушілер көтерілістің жергілікті, отаршылдыққа қарсы болғанын, дегенмен де бұқара жұртты тарта алмағанын атайды. Көбінесе осы себепті де ол аяусыз басып-жаншылды. Көтерілістің басты мақсаты жыр мәтінінде анық көрінеді:

...Қатарымның ішінде,

Озып туды өз басым,

Арманым бар демеймін,

Арыстандай хандардың,

Қолыммен бұздым ордасын.

Арыстан ханды өлтіріп,

Астынан міндім жорғасын.

Өзімнен бұрын жоқ қылдым,

Талтаңдаған төренің,

Өз қолымнан хан басын!

Артымнан ерген көп елге,

Үлестірдім олжасын...

Жыр, әсіресе, Ақтөбе, Арал, Қазалы өңірлерінде және қарақалпақ халқы арасында кең тараған. Бүгінгі таңда ғылымда жырдың жеті нұсқасы белгілі, олардың екеуі 1917 жылғы Қазан революциясына дейін-ақ басылып, жарыққа шыққан. Алғаш рет бастырып шығарған орыс этнографы, өлкетанушы Иван Васильевич Аничков, жыр 1896 жылы Қазанда «Памятники киргизского народного творчества. Киргизская былина о героях Иръназаре и Бекете» деген атпен шыққан. Екінші нұсқа белгілі лингвист-түркітанушы Әбубәкір Диваевтың 1897 жылы Қазанда шыққан «Бекет батыр» (600 жол) деген еңбегі. Қазақ әдебиетінің энциклопедиялық анықтамалығына сәйкес, тарихи эпостың Аничков басып шығарған нұсқасын Т.Шоханова аударған, әдеби редакциясын А.Никольская басқарған. Алайда 1941 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының қазақ филиалының Орталық ғылыми кітапханасына халық мұрасын жинаушы М.Құсниұлының 190 жолдық нұсқасы келіп түседі.

 Айта кетерлігі, М.Құсниұлының нұсқасы толғау жанрында жазылған. Эпостың жоғарыда аталған нұсқаларынан басқа, ғылымға 1936 жылғы нұсқа да белгілі (300 жолға жуық) ол көбіне Аничков еңбегіне ұқсас. Сол жылы А.Мыңбайұлы тапқан нұсқа да жарыққа шығады. Жырдың бұл нұсқасы 350 жолдан тұрады, мазмұны жоғарыда айтылған нұсқалардан едәуір өзгеше болып келеді. Бұл нұсқаның авторы белгісіз. Қазіргі уақытта жырдың барлық жеті нұсқасы да Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасы қорларында сақтаулы. «Бекет батыр» жыры тарихи жыр болып есептелетініне қарамастан, ол өзінің идеялық бағыты мен көркемдік деңгейі жағынан түрлі әдеби жанрлардан тұрады. Онда лиро-эпостың, балладаның, лирикалық және тұрмыс-салт өлеңдерінің нышандары да ұшырасады. 

1942 жылы Мұхтар Әуезов осы эпос негізінде төрт актіден тұратын тұтастай драмалық пьеса жазады. Бұдан басқа, өзінің «Әдебиет тарихы» еңбегінде ол эпостың қысқаша мазмұнын келтіріп, оның тарихи маңызына жеке тоқталады. Әуезовтың пікірінше, патша әкімшілігі сайлаған қазақ хандарының аярлығы мен зұлымдығы, елге келтірген ауыртпалығы, қалың елдің наразылығы көтірілістің шығуына түрткі болып, осы себептен жырды туғызған. Зерттеушілер жыршы тарихи оқиғаны жырға арқау етіп алғанымен, қиялына ерік беріп, еркіндікпен әңгімелеген дейді. Бұл ретте осы эпос негізінде пьесаны бірінші болып сахналандырған Әуезов еместігін айта кету керек. 1922 жылы Орынбор губерниялық театрының сахнасында орыс актрисасы әрі жазушы Нина Анненкова-Бернардтың пьесасы қойылған. Пьесада ол өзі Бекеттің анасының рөлін сомдаған.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?