«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қазақстан полициясының тарихы мен бүгіні

1612
Қазақстан полициясының тарихы мен бүгіні
1992 жылғы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі полицияның қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт болып табылатын «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдады. 2007 жылы 5 маусымда ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен 23 маусымды – Полиция күні деп бекітті. Содан бері әр жылы осы күн полиция күні ретінде аталып өтіп келеді.

Полиция – қоғамдық тәртіпті қадағалайтын, азаматтардың өмірі мен мүлікінің қауіпсіздігіне тікелей жауап беретін орган. Ол толыққанды мемлекеттіктің бір белгісі. Осы орайда қазақ полициясының тарихына қысқаша тоқталып өткенді жөн көрдік. Бүгінгі Қазақстан полициясы 1992 жылғы аталған заң негізінде дүниеге келді. Алайда өткен тарихта қазақтардың полиция (милиция) атымен аталатын адамдарды алғаш көрген тұсы Ресей отаршылығы кзеңі болды. Олар негізінен халықтың жарлыққа бойсұнуын, патшаға бағынуын қадағалады. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті де қадағалап отырды. Өктемдігімен, зорлықшылығымен есте қалды. Кейінгі Кеңес үкіметі кезеңіндегі милиция да осы шаблоннан ауытқи қойған жоқ. Алайда тарихта қазақтың өз полициясы болған ба деген бір сұрақ жиі туындайтыны анық. Сұрақтың туындау себебі де заңды, өйткені кез-келген мемлекеттің, елдің ішкі тәртібін қадағалайтын, ішкі қарым-қатынастарды реттеп отыратын органдары болуы заңдылық. Онсыз мемлекет деп атау да қиын болар еді. Осыған байланысты ескі деректерді, аңыздар мен дастандарды бір електеп өткізіп қарасақ, онда «хан шабарманы», «ханның жендеті» деген сөздер жиі кездеседі. Әрине өткен дәуірдегі, феодалдық қоғамдардағы полиция міндеті мен бүгінгі демократиялық қоғамдағы полиция міндетін салыстыру мүмкін емес. Сондықтан осы дастандарда кездесетін «хан шабарманы» мен «ханның жендеті» – тура Ресей империясы тұсындағы милициямен ұқсас ұғым екенін аңғаруға болады. Бұл туралы тарихшы, этнограф Жамбыл Артықбаев: «Ерте кездерде, көне хандықтарда да, жыл санауымызға дейінгі сақ, ғұн дәуірінде де патшалардың, тәңірқұттар мен қағандарының өзінің арнайы қызметкерлері болған. Ішкі тәртіпті көбіне қадағалап отырған төлеңгіттер болған. Ол тұстағы төлеңгіттер – бүгінгіше мемлекет қызметкерлері. Орта, төменгі деңгейлерде қызмет ететіндерді – төлеңгіт деп айтады. Жоғары деңгейдегілер аталықтар болады. Ал енді төлеңгіттер ішкі тәртіпке, сауда керуендері мен елшіліктердің аманшылығына жауап берді. Ішкі қорғаныс пен тәртіпті ұстанып отырды» деген пікір айтады.

1529934316_article_b.jpeg

Ал Қазақ хандығы тұсында хан жарлығы мен билер шығарғат билік шешімдерді орындайтын белгілі адамдар тобы болғаны мәлім. Олар арнайы атаумен, бөлек орған ретінде аталмаса да, жасақ арасынан белгілі бір топ осы міндеттерді атқарып отырғаны анық. Осыдан кейінгі нақты полиция қызметін мақсат еткен жасақ мәселесі Алашорда үкіметі тұсында көтерілді. 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда Екінші жалпықазақ съезі өтті. Осы съезде айтылған 10 мәселенің бірі «милиция туралы» болған. Бұл тақырыпты тереңдей зерделеп баяндама жасаған Халел Ғаббасов болды. Съез қорытындысында қазірше Алаш автономиясы атындағы болашақ ұлттық мемлекетті нығайтып, тағанын бекіту үшін «халықтық милиция» құру бағдарламасын бекітті. Бұл милиция алаш жасағы міндетін қоса атқаруы көзделді. Қаулы бойынша Алаш автономиясына кіретін өңірлерде жасақталуға тиісті милиция бөлімдерінің саны анықталып, оларды соғыс өнеріне үйрету, керекті қару-жарақ, киім-кешекпен және басқа да қажетті заттармен қамтамасыз ету жолдары айтылып, бекітілді.

Осы кезеңдегі Алаш милициясы туралы тарихшы, қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлы Әлихан Бөкейханның «милиция деген жасақ деген сөз, яғни ол қазір бізде бар» деген сөзін мысалға ала отырып, сол кездегі милиция қызметінің болғанына дәлел етеді. Деректерге қарағанда сол тұстағы Алаш жасағының саны үш мыңға жеткен деседі. «Алайда құқық қорғау органдарының қазіргі жұмысына сай тергеу, анықтау, ішкі тәртіпті қадағалау жұмысымен айналысып үлгерген жоқ. Тарихи жағдайлар мүмкіндік бермеді» дейді.

b1ec917e91c1671a5f0f73d536d8fd89.jpg

Осы деректерге қарай отырып, Қазақтан полициясының шынайы тарихы 1992 жылғы 23 маусымнан басталады деп айтуымызға болады. Содан бері Қазақстан халқының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, қоғам тәртібін сақтауда полицияның атқарған міндеті өте зор болды. Ел ішіндегі аса қауіпті оқиғалардың белортасында жүрді. Құрылғаннан бері полиция қызметін азаматтық қоғамға сай етуге, елдің ішкі қауіпсіздігін арттыра түсуге бағытталған көптеген шаралар жүзеге асырылуда. Сондай ауқымды істердің бірі соңғы жылдарда қолға алынған ішкі істер органдарын реформалау жол картасы. Бұл бағыттағы полиция реформасының негізгі мақсаттарының бірі – халық сенімін күшейту. 1992 жылдан 2018 жылға дейінгі аралықта ҚР ІІМ құрылымдық тұрғыда орнығып, материалдық-базалық, нормативтік негіздері толығымен қалыптасты. Солай болса да, мемлекеттегі саяси-экономикалық және құқықтық-азаматтық модернизация жағдайында полицияның алдында тың жүктемелер бар. Сол үшін ҚР ІІМ органдарын жаңалау жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды. Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың айтуынша, реформаны жолға қойған былтырдан бері министрлік қызметкерлерінің саны 11 пайызға қысқарған, бұл 10 592 адам. Бұрын ел бойынша 100 мың адамға шаққанда полицей саны 471 болса, енді ол көрсеткіш 393-ке дейін түскен. Бұл сан Еуропа Одағына мүше елдердің көрсеткіштерімен бара-бар. Бұл шешімнің нәтижесінде 16 млрд теңгеге жуық қаражат үнемделіп, ол қызметкерлердің жалақысын өсір және қызметтік ортасын жақсарту жақтарына пайдаланылған.

Министрдің айтуынша, былтырдан штат саны қысқартылды, полиция қызметкерлерінің жалақысы өсті, сонымен қатар тұрғын үй сертификаттары беріліп, оқу орындары қысқартылып, қысқамерзімді оқыту курсы жоспарлануда. Бұрындары полиция қызметкерлері міндетіне алған көптеген нысандар енді жеке күзет компанияларына беріліп, полицияны қызметі тек қоғам қауіпсіздігі жұмысына бағытталуы мақсат етіліп отыр.

25_01_6.jpg

Аталған реформаның оң нәтиже беруі үшін полиция органы қоғамдық менталитетті ескеріп, Қоғамдық кеңестің қызметін жетілдіріп, ақсақалдар кеңесі, үкіметтік емес ұйымдар, партиялар, белсенділер және жастармен өз іс-қимылын келісіп отыруға міндеттелуде. Бұл әрекеттер қоғамдық пікірді жақсы жағынан қалыптастырып, оған деген оң көзқарас тудырады. Бұл жұмысқа жастарды, қоғам дамуына бей-жай қарамайтын еріктілерді де жұмылдыру мақсат етілді. Биыл Қазақстандағы еріктілер жылы қарсаңында аталған істердің көрнекті нәтижесіне қол жеткізуге болады. Ал реформалардың нақты қадамын әрі қарай қоғамдық медиямен жиі бөлісіп отыру көзделуде.