Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#Түрік әлемі: халқымыздың егіншілік дәстүрі

2661
#Түрік әлемі: халқымыздың егіншілік дәстүрі - e-history.kz
Қазақ табиғатынан көшпелі халық. Негізінен мал шаруашылығымен айналысқан. Сонымен қатар, егіншілік, балықшылық, аңшылық, орман шаруашылығы секілді кәсіптерді де қоса меңгерген.

Егіншілік кәсібімен біздің ата-бабаларымыз тым  ертеден бастап шұғылданған. Қазақ даласындағы көне үңгірлер мен ескі қоныс орындарын зерттеу барысында темір соқаның басы және басқа диқаншылық жабдықтарының шығуы олардың өз кезінде мал шаруашылығымен қоса егіншілікпен де шұғылданғандығын аңғартады.

Зерттеу жұмыстары қазақ жерінде, соның ішінде Еділ бойы, Орал өңірі, Алтайдың далалық өңірін мекендеген ежелгі тайпалар сонау қола дәуірінің өзінде малшылықпен бірге егіншілікпен шұғылданғанын көрсетіп отыр.

Белгілі зерттеуші Зейнолла Сәніктің еңбектерінде Алтайдың батыс бөлігіндегі Үсті-нарым қонысынан бұғы мүйізінен жасалған және тастан жасалған кетпендерді, ағаш орақтарды, дән үгітетін тас түйгіштерді, сондай-ақ қола, мыс орақтар мен шалғыларды, өзен аңғарларынан шағын егіс андыздары табылғаны айтылады. «Отырар қаласына жүргізілген археологиялық зерттеуден мынадай қорытынды жазылған: «...Екі бөлмелі үйдің бір бөлмесі қойма болған, онда әртүрлі ыдыс-аяқтар қойылған және тары, бидай, арпа, күріш, ас бұршақ сақталған. Ошақтың қасындағы еденде дән үккіштер немесе диірмен жатыр. Олардың әр үйден дерлік тұтас күйінде немесе сынықтары табылды. Кей үйлерде диірменге арналған арнаулы тұғырлар салынған... Диірмендердің көлемі бірдей — 25 см-дан 35 см-ға дейін. Олардың алдында сәл дөңестеу жер бар, күл қабаттарына қарағанда оған ғұрыптық от жағылса керек» («Қазақстан тарихы», 1-том, 280-бет). Міне, бұл - біздің заманымыздың алғашқы ғасырларына тура келетін тарихта болған, біздің атабабаларымыздан қалған егіншілік кәсібінің іздері. Мұның өзі біздің заманымыздан бұрынғы ХХ ғасырлар мен XII-VIII ғасырлардың аралығына тура келеді», - деп жазады зерттеуші.

Халқымыздың егіншілік дәстүрін жоғары деңгейде меңгере білгенін ауыз әдебиеті жырлары мен нақыл сөздерінен-ақ байқауға болады. Халық арасына тараған «Диқан баба», «Жер-ана» жөніндегі мифтік аңыздар мен «Егін жайын еккен білер, арбаның жайын жеккен білер», «Атақ тергенше, масақ тер», «Күріштің арқасында күрмек су ішіпті» секілді мәтелдер осының дәлелі.

З.Сәніктің халқымыздың егіншілік кәсібі туралы зерттеулерінде ел аузынан жеткен аңыз деп мынадай бір хиқаят айтылады:

Сонау-сонау атам заманда, адам жаңа ғана адам болып келе жатқанда, Аспан-ата мен Жер-ана «жан бергенге дән беріп» адамды аспаннан жарылқап тұрған екен. Диқан баба жыл сайын жаңбыр орнына арпа, бидай, қар орнына аппақ ұн жаудырып тұрыпты. Сонымен егін бейне жердің шөбі сияқты жыл сайын өзі өсіп-өніп, өз мезгілінде пісіп тұратын болыпты. Ол заманда ел-жұрт «сенікі», «менікі» демей, дайын астықты жинап алып, шетінен жей береді екен. Ашаршылық дегенді білмепті. Бір жылы астық ерепайсыз мол шығып, ішерге ауыз, қоярға жер табылмапты. Мұндай молшылықты көтере алмай астамсып алған адамдар: «Диқан баба, асырып бергенше артына қарап берсең болмай ма?» - деп күнәлі сөздерге басып, көлкөсір астықты аяқасты еткен екен дейді. Бұл астамшылыққа шамданған Диқан баба үш жыл ұдайы теріс қарап: «Ас қадірін білмесең, ашаршылық берсін жазаңды!» - депті де, көктен Дән жаудырғанды қойып, жердің өзінен де ештеңені өндірмей, мұқым елді түйір дәнге зар етіпті. Ашаршылыққа ұшырап, тентіреген қалың жұрт қайтадан Диқан бабаға жалынып жалбарынып барып, аяғына жығылыпты. Ақыры Диқан баба «алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» дегендей, оларды қайта жарылқауға мақұл болыпты. Бірақ бұрынғыдай аспаннан арпа, бидай, ақ ұн жаудырмай, оның орнына жазда - жаңбыр, қыста қар жаудырып: «Жауын-шашынның суына өздерің егін егіп, тер төгіп, керектеріне жаратып, қоректеріңді алып отырыңдар», - депті. Сонымен, адамдар өз қолымен егін егіп, астықтың оңайшылықпен қолға келмейтіндігін ұққан соң «нан тептілік» істемейтін, жоғарыдағыдай астамсыған сөздерді сөйлемейтін болған екен. Сонымен диқандар көктемде тұқым сепкенде:

Диқан баба атамыз,

Тисін бізге батаңыз.

Береке бер егінге,

Тер кетпесін тегінге, -

деп тілек тілейтін болыпты».

Әуелбек Қоңыратбаевтың еңбектерінде Оңтүстік Қазақстан өңірін мекендеген қаңлылардың Топырақ қала, Жамбас қала деп аталатын көне қалаларының жұртынан бір әйел адамның суреті табылғаны айтылады. Бала көтеріп тұрған әйелдің қолында жеміске толы дастарқан болған. «Бұл әйел егіншілік тәңірі (Қыдыр) болып саналған. Әйел суретінің бір жағында - Ай, бір жағында - Күн суреті, аяғының астында арыстан суреті болған» (Нығмет Мыңжан, «Қазақтың мифтік аңыздары», 66-бет).

«Қазақтың дәнді, асты, дәмді құрмет тұтуы, тату-тәтті өткен адамдарды «дәм-тұзы араласқан» деп ерекше еске алуы, біреуді қатты қарғаса, «дәм атқыр» деп жақсылық пен жамандықты Дәнмен, дәммен өлшеуі тегін емес. Бізге белгілі - ислам діні, мұсылмандар үшін Құран кітабы - ең қасиетті кітап. Дәретсіз мұсылман баласы оны ұстауына болмайды. Халқымыздың дәнді, нанды қадірлейтіні соншалық, асқа шақырса, арыстандай айбарлы хан да аттан түседі. Астың алмайтын жауы жоқ деп біледі, «ас - адамның арқауы» деп қарайды. «Нан қол жетпейтін биікте тұрса, сол қасиетті кітап - Құранды аяққа саты ретінде қойып, нанды алуға болады, бірақ, нанның үстіне шығып Құранды алу адамды күнәға батырады», - деп жазады З.Сәнік өз еңбектерінде.

Енді сол зерттеушінің еңбектеріне кезек берейік:

Халқымыздың егіншілік туралы түсініктері

Астық дақылдарынан халқымыз арпа, бидай, күріш, борми, қонақ, тары, сұлы, көкнайза сияқты дақылдар салып пайдаланғаны мәлім. Бұдан мың жыл бұрын жазылған Омар һаямның «Наурызнама» атты әйгілі еңбегінде арпа, бидай наурыз дәмі ретінде аталып, оның емдік-шипалык жактары да едәуір айтылған. Халқымыздың «Диқан болсаң топырақпен туыс, сумен сырлас», «Астық салсаң тыңға, шықтым дей бер шыңға», «Егін жайын еккен білер, арбаның жайын жеккен білер», «Атақ тергенше, масақ тер», «Күріштің арқасында күрмек су ішіпті» деген сияқты мақал-мәтелдері және «арпабидай ас екен», «арпа жеген аттай», «бидайша қуырды», т.б. сөз тіркестері тегін шықпаған. Ертегі-аңыздар мен қиссадастандарда халқымыздың тау сарымсақ, тау бұршақ, тау жуа сияқты көкөністер мен жабайы жеміс-жидектерден де өте ерте кездің өзінде-ақ пайдаланғандығы айтылады. «Жерден желкек теріп жесек те, жан бағамыз», - деп баяғы «қайың сауған» Қиын-қыстау күндердің азапты дәуірін ауыздан тастамай айтуында да қыруар хикая жатыр.

Қазақ халқы егістікті «суармалы егістік», «шөл егістік» деп екіге бөлген. Суармалы егістік алғашқы кездері өзен жағалауындағы түбектерге, су шығаруға қолайлы жазықтарға түскен. Өйткені ол үшін тоған тартылып, арық шығарылады. Атыздың дөңестеу жеріне су шығару үшін қыр яки жал тартылады, егіс атыздарының суды алаламай тегіс ішуі үшін бораздалар бойынша соғылған шағын қырларды жағалатып отырып суарады. Суды «бір құлақ», «екі құлақ» су деген өлшем бойынша су басқаратын «көкбасылардың» белгілемесі бойынша - кезек бойынша алып отырады. Жердің су сақтау қуатына және егіннің өсу жағдайына қарай отырып бір жазда 3-4 рет суарылады. «Егін салсаң арық қаз, су келер жерін тауып қаз» дегендей, егін суарып, атыз баптаудың өзі үлкен техникалық білімді қажет етеді. «Егін өнімі майсасынан байқалады» дегендей, сол майсасына қарай баптау жұмысы жүргізіледі. Егіншінің үміт-тілегі соған артылатындықтан халық «Көктен тілеген өкінер, жерден тілеген жетiлер» деп бекер айтпаған. Әрине, бұл баптау көктемде жер жыртып, тұқым сіңіру кезінен басталады, алдымен, жер дер кезінде жыртылуы, тұқым дер кезінде шашылуы, сосын оны өз уағында маналап, топырақтың астына түсіріп, мана яки сүйретпе деп аталатын егіс жабдықтарымен атыздың бетін майдалап жіберу керек. Арық тартып, қыр шығару жұмысы да - егін көгі жер бетіне тебeндeп шығудан бұрын орындалатын жұмыстар.

Біздің бабаларымыз ең алғашында «тіс ағаш» деп аталатын ағаш соқамен жер жыртқан, кейін екі ат немесе екі өгіз жегіп жер жыртатын темір соқалар, одан соң трактормен сүйрейтін тіркемелі соқалар пайда болды. Бала кезімізде диқандар жерге тұқым шашқанда: «Менің қолым емес, Диқан бабамыздың колы», - деп тілек тілеп жатқанын талай естіген едік.

Шөл егістік дегеніміз - Әдетте таулы жердің етегінде жатаған жерлерді көктемде жыртып, тұқым сіңіріп, шығымын көктен - жаңбырдан тілеп, күзде келіп орып. бастырып алатын, кең даланың мейірінен ләззат алатын егін шаруашылығының ежелгі түрі. Жаңбыры мол жылдары мұндай егістіктен адамдар астықтың астында қалады. Жанбыры аз жылдары ішерлiк қана алады, жаңбыр жаумаған жылдары жерге қарап қалатын жағдайлар да болады. Мұндайда қазақтардың жиылып, «тасаттық» деп аталатын көктен жауын тілейтін ескілікті ырымы бар. Бұл - ежелгі шаман дінінің «Тәңірге табынатын» ғұрып-әдетінің қалдығы. Бұл тілеуге шаман дінінің бақсылары да, ислам дінінің молдалары да қатынасады. Жұрт бір бұлақтың басына жиылып, мал айтып сойып, Жаратушыдан жауын тілейді, бақсылар мен молдалар да тілек тілеп, өз оқуларын оқиды. Осындай тілектің орындалып кетіп, ай бойы, апта бойы жаумаған жауынның сол тілектен кейін жауатын кездері де болады.

Егін алғаш тебіндеп көктегеннен піскенге дейін диқандар қадағалап, «Көк жер бетін жасырды», «екі құлақ», «үш құлақ шығарды», «алқаракөк тартты», «бас жарды», «дән алды», «сүттенді», «дәні қатты», «буыны қатты», «жебесі сарғайды», «сарала тартты», «пісіп-жетілді», «егінге орақ түсті» деп әлденеше сатыға бөледі. Әрине, бидайдiң - ақ бидай, қызыл бидай, ор бидай, қара бидай, бәлтопке бидай, қылтанды бидай, Қылтансыз бидай деген сияқты түрлері болады. Олардың пісу уағы да парықты болады, мұның бәрінде де диқан қауымының өз есебі бойынша жұмыс жүргізіледі. Әдетте суармалы жердің астығына қарағанда, шөл егістіктің (мұны Шыңжаңның кей жерінде «бинам» деп те айтады) астығы қуатты, нәрлі келеді.

Қарт диқандардың айтуына қарағанда, суармалы жердің астығының қуатын су сорып кеткен. Егін піскеннен кейін қарбалас жиын-терін басталады. Бұған жұрт жаппай атсалысады. Сондықтан жұрт ішінде «елде көрмегенді егін басында көресің» деген сөз тараған. Қолқанаты кем, қиыншылығы бар адамдар бір малын сойып асар салады. Мұнысы - жиынтерінге көмек сұрағандық. Салт бойынша асарға шақырған адам көмекке барып, бір күндік тегін еңбекке қатынасады. Бір адамның орнына меншіктелген жер «сол» деп аталады. Әркім «солдың» басынан түсіп, аяғынан шығуы тиіс. Оракпен уыстап орып, сабағымен жиылған бидай «десте» деп аталады. Орақшылардың артынан баушылар жүреді. Олар бірнеше дестені біріктіріп, бір бау етіп байлап, арбаға яки шанаға басуға дайындап қояды. Егіс тасымалында қазақ диқандары «бел шана» деп аталатын шананы пайдаланған. Оны өздері жасап алады. Жеңді білекке таяу екі қарағай сырғауылдың арасын 6070 см-дей кеңдікте қалдырып көлденең ағаштар өткізіп, төмен жағына екі тік ағаш орнатады. Сосын өгізді ыңыршақтап, соның беліне арта салады да, сол бел шанамен бидай бауларын тасиды. Онымен шөп және басқа заттарды да тасуға болады. Төменде егін бастыруға қатысты атауларға түсінік бере кетелік.

Қырман - егін бастырып, астықты тазалайтын майдан. Қазақ диқандарында «Қырманыңды дөңге сал, құрсағыңды кеңге сал» деген аталы сөз бар. Өйткені дөңестеу жерге жел көбірек тиеді, астықты сабан-топанынан арылтып, тазалап алуға қолайлы. Қырман «жай қырман», «мұз қырман» деп бөлінеді. Мұз Қырман - су құйып, сосын шаңтаспен әбден шыңдап барып, топырағы қопсымайтындай етіп дайындалған тақтақ қырман. Мұндай қырманда ұшырылған астық шаң-топырақтан таза арылады, астыққа ұсақ тас ілеспейді.

Астық бастыру

Бұрынғы кезде астық баулары қырманға кең жайылып, сосын 5-10 жылқыны (ірілі-уақты) шыркөбелек айналдырып қуатын да, астықты мал тұяғымен бастырып, сол аралықта тегіс сабандап отырып, сабан дәннен әбден арылғанда топ жылқыны тоқтататын. Мұны «тұяқпен бастыру» дейді. Кейін астық бастыратын шаңтас пайда болды. Шаңтасты қазақ тасшылары шаңтасты жарамды ақшулан немесе сұрғылт тастардан арнайы шауып дайындайды. Әдетте, ол төрт қырлы, алты қырлы, сегіз қырлы болып келеді. Жеңілдері - бір аттық, ауырлары екі аттық болып дайындалады. Шаңтастың екі жағынан екі тесік дайындалады. Сосын ол тесікке ағаштан құлақ өткізеді де, сол құлаққа өткізілген дөңгелемелі қайыс арқан арқылы атқа жегіп, дөңгелетіп отырады.

Астық бастыру жабдықтары

Астық бастыруға айыр, тырма, сыпыртқы сияқты егіс құралдары дайындалады. Айыр көбінде ағаштан екі ақан, үш ақан, төрт акан етіліп дайындалады. Ол арқылы кырманға жайылған бидай бауларын аударыстырып, сабанға айналған соң арлы-берлі сабандап, дәннін толык сабағынан түсуіне пайдаланылады. Тырма бидай сабанын іріктеп алу үшін қолданылады. Сыпырткы көбінде май карағаннан ұсак шиден жасалады. Ол жай сыпыртқы және майкан сыпыртқы болып бөлінеді. Майкан сыпырткы көбінесе астықты қызылдайтын уақытта қолданылады.

Борық

Астықты сабанынан арылтып болған соң топанымен қосып қырманның ортасына үйеді. Мұны «борык» деп атайды. Диқандар желдің қалыпты шыққан бір сәтті күні Кырман сапырып, борық ұшырады. Жел борықтың топаны мен шаң-тозаңын әкетіп, дәнін қалдырады. Мұны «қызыл» деп атайды. Қазақ диқандарының ежелгі нанымы бойынша жел иесі болады. «Жел иесі - Мырқайдар, қара тұман бұлтты айдар» деседі олар. Қазақ диқандары қырман сапырып дәнді желмен тазартқанда жел иесі «майдаға» сыйынады:

Желдет, майда?

Желдет, майда!..

Топанын сен айда,

Дәні маған пайда! - деп жел шақыратын.

 

Атақты этнограф Ә.Диваев Сырдария алқабындағы қазақ егіншілері жел иесін «Жалаңаш ата» деп атап, қырман сапырғанда сол «Жалаңаш атаға» сыйынады екен. Біздің бала кезімізде диқандар жел шақырғанда «Кабай, Кабай» деп айғайлап тұратыны есімде. Осыған қарағанда, әр жердің диқаны жел иесін өзінше шақыратын болса керек.

Қызылдау

Астықты борықтан арылтып, ауырынан жеңілдеткен соң қайта бір рет ұшырып, майкан салады. Майқан дегеніміз - жеңіл сыпыртқы. Ол қызылдың бетіндегі шарды, әртүрлі шөп-шаламды іріктеп, нақ қызыл дәнді сұрыптап, тазартуға қолданылады. Қырман сапыру жұмысы көбінде ағаш күрекпен орындалады. Кызылданған астық қапталып, іріктеліп болған соң қалған «шар» деп аталатын үгітілмей немесе жартылай үгітілген бидай бастарын мол болса қайтадан қырманға жайып, үстінен шаңтас жүргізеді. Аз болса бір атты мініп, бір атты жетектеп, ат тұяғымен үгітеді.

Осындай қарбалас жұмыс қырман аяғы үзілгенше істеледі. Сондықтан диқандар: «Егінді салуын әркім салады, алуын ердің ері алады», - деп қарайды. Астықты қызылдау кезінде бір мал сойып. оның қанын қырмандағы қызылға шашады. Мұны «Қызылды қандау» деп атайды.

Ұралау

 Әдетте, қазақтар астық өндірісінде «ішерлік астық» алуды ғана өлшем еткен. Ойда тұрақты мекен-жайы барлар артық астығын сонда қамбалайды. Ал жартылай көшпенді жұрт Қырманның аяқ шенінде сол қырман төңірегінен 1,5-2 метрлік тереңдікте ұра қазып, астықты сол ұраға сабанымен бөлеп отырып көміп тастайды да, көктемде қыстаудан қайта оралған кезде ашып алатын. Мұны «астықты ұралау» деп атайды. Ол кезде ел іші тыныш болғандықтан ба, әйтеуір иен далада қалған сол ұрадағы астық көктемге дейін аман тұратын. Бұл жартылай көшпенді халықтың астықты қамбалауда өзіндік әдісі болатын. Диқандардың «қырман байлық, қырман байлық бірақ айлық» дегеніндей, егін алудың бас-аяғы бір ай шамасында орындалады. Қырман үстіне келіп қалғандарға азды-көпті құдайы астық беріледі. Мұны «кеусен» деп атайды. Сонымен бірге хұшыр, зекет те беріледі.

Масақ

Егін орағы, жиын-терін кезінде атыздағы бидай, яғни астық баулары тасылып кеткен соң, бала-шағалар мен астық сала алмаған адамдар бидай андызынан масақ тереді.

Масақ деген - атызда шашылып қалған бидай бастары. Ерінбеген жандар мұнан да едәуір қаужал табады. Сондықтан халқымыздың «Атақ тергенше, масақ тер», «Еріншек егіншіден елгезек масақшы озыпты» деген аталы сөздері соған қаратылып айтылса керек.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?