Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Түркі әлемінің теңдессіз әдеби мұралары жарық көрді

1618
Түркі әлемінің теңдессіз әдеби мұралары жарық көрді  - e-history.kz
Астанадағы Халықаралық Түркі академиясының қаржыландырумен түркі әдеби мұраларынан теңдессіз төрт кітап жарық көргенін сүйіншілей хабарлап, қысқаша таныстырамыз

Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен Түркі дүниесінің әдебиет айдынында бірегей төрт кітап жарық көрді: «Манас. Сағымбай энциклопедиясы», «Манас» эпосының түсіндірме сөздігі, «Тоқтағұл Сатылғановтың таңдамалы шығармалар жинағы» мен «Шыңғыс Айтматов және қазіргі түркі әлемі». Кітаптардың тұсаукесері 2015 жылы 28 тамызда Бішкек қаласында, Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының үлкен залында өтеді. Мерейлі салтанатқа Қазақстан мен Қырғызстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері, әдебиетшілер қатысады деп күтілуде. 

Қырғызстан Ұлттық Ғылым академиясы мен Ш. Айтматов атындағы Тіл және Әдебиет институтымен бірлесе отырып баспаға дайындалған Манас энциклопедиясы мен сөздігі Қырғыз Республикасында жарық көрді. 

Белгілі манасшы Сағымбай Оразбақов нұсқасының негізінде дайындалған бұл еңбектерді әзірлеуге қырғыз академигі Абдылдажан Ақматалиев ғылыми жетекшілік етті. «Манас. Сағымбай энциклопедиясын» теңдессіз деп атауға толық негіз бар. Себебі, бұл – ел арасында «Чоң манасчи» деген атпен белгілі манасшының шығармаларын бір жүйеге біріктірген алғашқы еңбек. Энциклопедияда Сағымбай Орозбаковтың өмірі мен шығармашылығына қатысты зерттеулер мен барлық дерлік мәліметтер жинақталған. 1500 беттен тұратын еңбекте манасшы тұлғасы туралы зерттеушілердің жұмыстары қамтылған. Сағымбай Орозбаковтан жазылып алынған нұсқадағы аудармалар түсіндіріліп, аудармашылар бойынша да толық мәліметтер берілген. 

80770238ef4724bbb3f497e3953dcefc.jpg

Бұдан бөлек, аталған энциклопедияның, яғни ұлы мұра «Манас» эпосының сөз байлығын оқырмандарға кеңірек түсіндіруге септігін тигізеді деген игі мақсатпен «Манас» сөздүгү» де баспаға әзірленді. Сөздіктің жазылуына «Манас» эпосының орасан зор көлемі түрткі болды. Ұсынылған басылымда этнонимдерге, топонимдерге, салт-дәстүрлерге, антропонимдерге, зоонимдерге түсініктер берілген. Әсіресе, архаизмдердің және басқа халықтардан енген кірме сөздердің мағыналары ашықталған. Кітап Ы. Абдрахманов, К. Юдахин, С. Мусаев, Р. Сарыпбеков, Э. Абдылдаев, Р. Кыдырбаева, К. Кырбашев, А. Жайнаков, Х. Карасаев сынды авторлардың еңбектері негізінде құрастырылып, толықтырылды. 

6411a6cd828caff4e21894fd0d5b243d.jpg

«Тұғырлы тұлғалар» сериясымен жарық көрген байырғы түркілер поэзиясына тән төкпе жырдың шын жүйріктерінің бірі, қырғыздың халық ақыны Тоқтағұл Сатылғановтың таңдамалы шығармалар жинағы да әдебиетсүйер оқырмандарды қуантары хақ. Өткен жылы Халықаралық Түркі академиясының ұйытқы болуымен ақынның 150 жылдық мерейтойы түркі дүниесі кеңістігінде ауқымды аталып өткен болатын. Сол шараның жалғасы ретінде Академия Тоқтағұл ақынның таңдамалы өлеңдерін қазақ тіліне аудартып, тұңғыш рет толық жинақ етіп шығарып отыр. Қырғыз тілінен аударған – ақын Жанат Әскербекқызы. 

3a1fc908fbae8a5bb242cc8e457ac980.jpg

Қырғыз халқының ғана емес, адамзаттың Айтматовы атанған көрнекті жазушы Шыңғыс Айтматовтың 85 жылдығына орай Халықаралық Түркі академиясы халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізген болатын. Сол конференция материалдары мен ұлы қаламгер туралы мақалалар топтастырылып «Шыңғыс Айтматов және қазіргі түркі әлемі» деген атпен көлемді кітап боп жарық көрді. Онда көрнекті жазушы мұрасын зерттеп жүрген Әзербайжан, Қырғызстан, Қазақстан, Түркия, Өзбекстан елдерінің, Ресейдің Татарстан аймағының ғалымдары мен ізденушілерінің баяндамалары, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің естеліктері берілді. Сондай-ақ кітапқа қаламгер туралы мерзімді баспасөзде жарияланған қазақ, қырғыз ғалымдары мен жазушыларының мақалалары енгізілген. 

84593572dcfeb61c47ac0d4d297c6833.jpg

Жалпы бұл – бір реттік жоба емес, жалғасын табар игі бастама. Халықаралық Түркі академиясы алдағы жобаларының бірі ретінде «Тұғырлы тұлғалар» сериясымен түркі тілдес елдердің ұлы мұралары мен дана тұлғаларына қатысты зерттеулерді жалғастырып, осындай энциклопедиялар мен кітаптар шығаруды дәстүрлі шараға айналдырмақ ойда. Бұл бауырлас елдердің тұлғаларын танытуға зор үлес қосары сөзсіз әрі ғылыми ортадағы үлкен жаңалық болатыны айқын. Аталған төрт кітап Халықаралық Түркі академиясының қаржыландыруымен жарық көрді. 

 Халықаралық Түркі академиясының Баспасөз қызметі

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?