Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Астанада алғаш рет Кітап фестивалі өтті

3051
Астанада алғаш рет Кітап фестивалі өтті - e-history.kz
Астанада алғаш рет ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен 22 тамыз күні мерейтойлар мен оқу жылына байланысты Кітап фестивалі өтті.

22 тамыз күні Нұржол бульварында Қазақ хандығының 550 жылдығына, Ұлы Жеңіске — 70 жыл, Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толуына, сондай-ақ жаңа оқу жылының басталуына байланысты «Оқырман ұрпақ – Қазақстанның болашағы» тақырыбымен кітап фестивалі өтті. Аталған шараның негізгі мақсаты – кітапты насихаттау, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін арттыру, жастардың кітап оқуға, көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту. 

 Фестивальге еліміздегі белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Сондай-ақ Астанадағы шетелдердің Төтенше және Өкілетті Елшілері, елордалық баспалар мен кітап сатушы ұйымдар өнімдерін ұсынды. 

5ec324d3e60c9e5036304c56f6ff10be.jpg

Фестиваль бағдарламасы халықтың барлық категориясын қамтитын сан алуан іс-шаралар кірістірілген. Бұлар «Оқуға арналған сәт» флешбугы, «Бәрі кітаптан басталады» флешмобы, QR-код мобильді кітапханасының тұсаукесері, «Бір ел – бір кітап» акциясы аясындағы «Көшпенділер» романы – көшпелі өркениеттің айнасы іспетті» тақырыбында іс-шара, Е. Кочетовтың «Қазақстанды өзгерткен сөздер» атты кітабының тұсаукесері, «Қайсар Әлия» атты ерлік сабағы, кітап жәрмеңкесі, кітап сыйлау акциясы, «2015 жылдың мерейтой иелері – Нобель сыйлығының лауреаттары» көрмесі, «Жастар классиканы оқиды» атты оқырман жастармен кездесу өтті. 

fe5945a6f98735435090f750951c4dec.jpg

«Оқырмандар кеңесі» деген атпен фестиваль барысында Қазақстанның облыстық кітапханаларымен онлайн-кездесу болды. Сондай-ақ «Поэзия, саған мың алғыс!» тақырыбында поэзия марафоны, қазақтың белгілі жазушысы Тұманбай Молдағалиевтің 80 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ деген халықтың баласымын» тақырыбындағы поэзия сағаты, концерт ұйымдастырылды. 

18331d56dbf3e4a896111d2af787faf4.jpg

Бұдан бөлек, Ақмола облысы кітапханашылары «2015 жылдың мерейтойлық күндері» бағдарламасы бойынша іс-шара өткізді. Фестивальде жаңа кітаптармен танысуға, әйгілі ақын-жазушылармен кездесуге, таңдаулы авторлар туралы тереңнен танысып, уақытты барынша ұтымды өткізуге мүмкіндік берілді. 

11c84760665ef473b28128922de2cd87.jpg

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы директорының айтуынша, бұл шара жастар мен оқушылардың кітапқа деген ынтасын оятады. «Қала орталығында, ашық аспан астында кітап фестивалін ұйымдастыра отырып, еліміздің жетістіктерін, ақын-жазушыларымыздың жаңа шығармаларын насихаттауды мақсат тұтып отырмыз. Жалпы, біраз жылдан бері «қазақ кітабының оқырманы бар ма, жоқ па деген талас болатын. Осы ретте, Ұлттық академиялық кітапханаға келетін оқырмандарының саны бір жылда 120 пайызға артты, бұл – бүгінгі оқырман ынталы екенін көрсетеді. Біздің кітапхананың қорында 1 млн 500 мың кітап бар», – дейді Ұлттық академиялық кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаева.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?