Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Грек-рим күресінен ең үздік 5 қазақ балуаны

3502
Грек-рим күресінен ең үздік 5 қазақ балуаны - e-history.kz
Грек-рим күресі бойынша ең үздік қазақ балуандары

Қажымұқан Мұңайтпасұлы – әйгілі қазақ балуаны, классикалық күрестің мейталманы, грем-рим және еркін күрестен дүние жүзінің бірнеше дүркін жеңімпазы. Омбы, Мәскеу, Петербор, Париж, Лондон, Берлин қалаларында өткен кәсіпқой күрес чемпионаттарына қатысқан. Ол – күрестен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы. Ал 1927 жылы Қажымұқанға «Қазақ халық батыры» атағы берілді. Күресші Алекс Аберг, Иван Шемякин, Георг Лурих (джиу-джитсу спорт түрі бойынша), Иесс Педерсен, Иван Поддубный, Станислав Збышко-Цыганевич, Иван Заикин, Джондофу  Саракики сынды әлем чемпиондарын бәрін жеңіп, төрткүл дүниеде теңдессіз екенін танытқан.

Сонымен бірге, Қажымұқан Мұңайтпасов – еркін күресінен әлем жеңімпазы және джиу-джитсу спорт түрінен Еуропа біріншілігінің чемпионы. Ол «Патша Сигизмундтың белбеуі» атағының иегері.

cc3dfbe466e2ed14afd7a52f946fa81b.jpg

Жақсылық Үшкемпіров – алтын алқа иеленген қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы (Мәскеу, 1980 ж.). Бұл мақсатқа жету үшін он жыл бойы бар күшін аямай жұмсап, көп кедергіден өтті. Олимпиаданың ең алғашқы белдесуінде мықты қарсылас әлемнің екі дүркін чемпионы, Еуропа біріншілігінің бес дүркін жеңімпазы Константин Александрмен айқасты. Содан кейін поляк Роман Керпачпен жекпе-жекке шығып, спорт алаңында жеңімпаз атанды. Венгр ұлтының өкілі Ференц Шереша және болгар Павл Христовты жеңіп, күллі әлемге Қазақстанның атын асқақтатып, туған Алматы қаласына алтын медальмен оралды. 1981 жылы қайтадан дүние жүзі чемпионы, ал 1982 жылы Әлем кубогының жеңімпазы атанды. 

074b0ed9238326ac7995c379185df8e7.jpg

Серіков Шәміл Керімұлы – әлемнің екі дүркін жеңімпазы, 1980 жылғы грек-рим күресінен Мәскеу Олимпиадасының чемпионы. Серіков туралы халықаралық күрес федерациясының мүшелері: «Шәміл – ғажайып! Мұндай дарынды балуанды көрерменге көрсетпеу күнәмен пара-пар», – деген. Күрес майталманы 1 минутта «арқадан асыра лақтыру» деген жаттығуды алты рет жасап, Гиннес рекордтар кітабына енді. ССРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада чемпионы, Әлем және Еуропа біріншілігінің жеңімпазы Шәміл Серіков «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

8bca35d1e3f71970caee8da5e5c12bf3.jpg

Тұрлыханов Дәулет Болатұлы – грек-рим күресінен дүние жүзі чемпионы, Әлем біріншілігі және Сеул, Барселона секілді қалаларда өткен Олимпиада ойындарының жүлдегері, ССРО-ның жеті дүркін чемпионы. Азия біріншілігінің үш дүркін жеңімпазы. «Дарынды балуан – бұл талантты композитор не суретші сияқты сирек кездесетін тұлға. Дегенмен де, жаттықтырушыларға балуандар дайын болып келе қалмайды. Республикамыздың жаттықтырушылар құрамы Тұрлыхановты байыппен дайындайды. Мұндай ықыласты және қамқор амал өзінің жемісін көрсетті», – деп жазған ССРО және Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы П.Ф. Матущак «Батыр из рода Турлыхан» атты кітабында. 

51ba086835272279ce5e0a75fd585018.jpg

Бақтияр Бағашарұлы Байсейітов – грек-рим күресінен әлем чемпионы, Азияның екі дүркін чемпионы, ССРО-нда өткен Олимпиада ойындарының жүлдегері. Бақтиярдың күреске бейімділігі жастайынан байқалды. 17 жасар бала ерлер арасында ел чемпионы атанды. Бапкері Танат Сағындықовтың айтуынша, Байсейітов қойған мақсатынан қайтпай, жаттығуларда жанын аямай тер төгіп, еңбектенді. Тізесіне жасалған сансыз операциялардан кейін де ол әлем біріншілігінің жеңімпазы деген жоғары марапатқа қол жеткізді. 

Мұрағат құжаттарын пайдалануға көмектескені үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасына алғыс білдіреміз. 

Мирас НҰРЛАНҰЛЫ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?