Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Дихан Қамзабекұлы ф.ғ.д., профессор: «Алаш тақырыбында ақтаңдақтар көп»

1192
Дихан Қамзабекұлы ф.ғ.д., профессор: «Алаш тақырыбында ақтаңдақтар көп» - e-history.kz
Алаш мұрасы – әлі де жүйелі, тыңғылықты зерделеуді қажет ететін үлкен тақырып. Іс бітті деп тоқмейілсу ерте, сондықтан бұл кезеңнің ақиқаты алдағы күндерде толық ашылып, зерттелетін болады

- Дихан Қамзабекұлы, сізді көпшілік алаштанушы ғалым ретінде таниды. Бұл тақырыпты зерттеуді 1988 жылдан бастапсыз. Алаш атауын айтуға тыйым салған кезде бұл тақырыпқа қалай келдіңіз? 

- Барлығымызға белгілі, сексенінші жылдардың соңында КСРО-дағы «қайта құру» мен «жариялылық» саясатының арқасында көптеген ғалымдар Алаш тақырыбына бой ұрды. Сексенінші жылдардың соңында студентпіз, алғашқы ізденісіміз мұрағаттардағы Алаш тақырыбындағы материалдарды оқып, талдау бағытында жүрді. Алғаш «Владимир мен Зара» дейтін Клер Клермонт деген француз тілді ғалымның еңбегімен танысуым ХХ ғасырдағы көркем аудармаларға байланысты ізденістерім, біздің әдебиет тарихындағы ақтаңдардың мол екендігін көрсетті. Нәтижесінде ХХ ғасырдың басындағы әдебиетіміздегі ақтаңдақтарды ашып зерттеуді мақсат тұттым. Қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Ғылым академиясының жас ғалымдары үшін Алаш тақырыбы күн тәртібінде тұрды. Естеріңізде болса, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Бөкейханов туралы алғашқы мақалалардың жиі жарық көре бастағаны сол кездер еді. Бірақ ол кезде М. Дулатов, Ә. Бөкейханов жартылай жабық тақырып ретінде көрінді. А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов пен Шәкәрім ашық түрде айтыла бастады. 

Біз 1990 жылы Ғылым академиясына қызметке келген кезде зиялылардың барлық мұраларын жинақтауға қызу кірісіп кеттік те, кейінгі ғылыми зерттеу жұмысымыздың барлығы түгелге дерлік Алашқа қатысты болды. 1988 жылғы зерттеуім балаң түрдегі: «Шоқан, Ыбырай, Абайдан кейінгі Сәкен, Бейімбеттен басқа қазақ зиялылары қайда, әдебиетімізде басқа кімдер болды?» деген сұраққа өзімізше жауап іздегеніміз секілді еді. Екіншіден 1986-1987 жылдары Мәскеудің өзінде жазықсыз жазаланған тұлғаларды ақтау үрдісі жүріп жатты. Оның дүмпуі бізге 1988-1989 жылдары келіп жетті. Кеңес Одағы болғандықтан бәрі өзара тығыз байланыста болды. Қазіргідей, ақпараттың кең дамымаған, интернеттің болмаған кезі болса да, газет пен журналдардан-ақ бәрін біліп отырдық. Ол кездері әскери тарих пен түрлі музейлер, жазаланған тұлғалар тарихына байланысты жекелеген деректер жарық көріп жататын. Соны оқып отырып, біздің зиялыларымыздың осындай еңбектері қайда, олардың тағдыры не болды деген сұрақтар жанымды мазалай берді де, ақыры сол сұрақтар мені Алаш тарихын зерттеуіме алып келді. 

- Шоқан, Ыбырайлардан кейін ақтаңдақтар бар деп қалдыңыз. Астанада Алаш қайраткерлерінің бірі болған Қошке Кемеңгерұлы атындағы көше бар. Бірақ бұл кісіні көп адам біле бермейді. Бұл кісі кім және осы секілді есімі көпке белгісіз болып жүрген Алаш арыстары жайлы айта кетсеңіз? 

- Алаш арыстарынан ә дегенде, халыққа: Шәкәрім, А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, М. Дулатов, М. Жұмабаевтар кеңінен насихатталды. Алғашқы бес тұлғадан кейінгі басқа да қайраткерлерімізді халық білмей қалды. Олай болуына түрлі себептер бар. Біріншіден, насихат аздау болды сосын көбісінің еңбектері мектеп бағдарламасына ене қойған жоқ. Алаш зиялыларының санына келетін болсақ, саяси белсенділік танытып, баспасөзде жазып жүргендерінің саны кемінде жүзден асқан. Саясатта белсенділік танытқандарының саны үш жүзден асып жығылған. 

Мысалы, сіз айтып кеткен Қошке Кемеңгерұлы баспасөз бен саясатта қатар белсенді болған. 1896 жылы Омбыда дүниеге келген. Жастай өз бетімен оқып жетілген. Омбыдағы негізгі оқу орындарының бәрінде білім алған. Фельдшерлік мектепте, ауылшаруашылық училишесінде білім алып, Сібір академиясында оқыған. Өзін-өзі тәрбиелеп, алғаш рет Қазақ тарихының оқулығын жазған. Бұл еңбегін 1921 жылдары бастап, 1924 Мәскеуде аяқтап, сонда баспа жарық көрген. Содан кейінгі еңбегі «Бұрынғы езілген ұлттар» деп аталады. Патша өкіметі тұсындағы қаналған 36 ұлттың тарихы мен тағдырына шолу жасаған. Тағы бір тарихи еңбегі еліміздегі тұңғыш театр сахнасында қойылған, «Алтын сақина» пьесасын жазып, оны театр сахнасында қойған. 

- «Еңлік-Кебек» емес пе? 

- Жоқ, «Еңлік-Кебек» емес. Көпшілікті шатастыратын жәйт. Нақтылап айтар болсам, 1926 жылы 13 қаңтарда Қызылордада «Алтын сақина» пьесасы қойылған. Ресми түрде афишасы шығып, артынша мақалалар жазылған. Тарихымызда мұның бәрі қаттаулы тұр. Артынша Қошкелер атылып кеткен соң, Совет өкіметі мұның бәрін жоққа шығарған. 

Тағы бір айта кетер жайт, ол 1925 жылы баспадан шыққан қазақша-орысша сөздіктің редакциясын да басқарған Қошке болған. Еуропалықтарға арнап, қазақтар жайлы екі томдық кітап та жазған. «Казахский язык для европейцев» деп аталған. «Грамматика казахского языка» деп аталатын еңбек жазған Архангельский деген ғалым, «бұл еңбегімді Қ. Кемеңгерұлы лекцияларының негізінде» жаздым деп айтып кеткен. Өз заманының үлкен әдебиет қайраткері әрі сыншысы. 1924 жылы Омбыдан Ташкентке қоныс аударады. М. Әуезов екеуі Орта Азия университетінде оқып жүргенінде айдалып кетеді. Кейін үш-төрт жылдай Воронежде айдауда болып, Омбыға қайта келіп, жұмыс істеп жүрген жерінде қайтадан сотталып, 1937 жылы жазықсыз атылып кеткен. 

Үш томдық еңбегін құрастырдық. Оның ішінде әңгімелері, пьесалары, аудармалары, оқу кітаптары барлығы енді. 

Астана қаласында ономастика мәселесі қиын жағдайда жүріп жатқан кезде қаланың шет жағындағы бір көше атауы тиді, бірақ көше атауының жаманы жоқ. Жаңылмасам қаладағы №49 мектептің атын сұраған, мораторийге байланысты бұл жұмыс тоқтап тұр. 

Мысалы, есімі көпшілікке белгісіз Қайреддин Болғанбай деген Алаш зиялысы өткен. Астана маңындағы Қорғалжын елді мекенінің тумасы. Ақмола өңірінен шыққан Алаш қайраткерлері аз да емес, көп те емес. Бұл солардың бірі әрі бірегейі болған. Қайреддиннің ерекше қасиеті, ел мен қазақтың бірлігі деген мәселелерді шығармашылығында көп көтерген. Заманында қажылыққа барған Әбдірахман Әбіш дейтін көзі ашық адамның ұрпағы. Орынбордағы медреседе білім алған. «Қазақ» газетіне мақала жазып, А. Байтұрсыновтармен араласқан. Ол кезде атақты байлар, балаларын оқыту үшін жаз айларында медресе шәкірттерін елдеріне алдыратын дәстүр болған. Қызылордадағы Шиелі жеріне атақты Әлібек, Әуелбек Қоңыратбаевдардың ағасы Қалжанның шақыртуымен келіп, ауыл балаларына сабақ берген. Ал, екі ағайынды кейін керемет классик ғалымдарға айналды. Қызылордадан кеткен соң, Мұстафа Шоқайдың қасынан табылып, «Бірлік туы» газетін шығарады. Оның редакторы да болады. Түркістан автономиясы Ташкентте жариялануы керек болғанымен, Қоқанда жарияланады. Автономияның бүкіл трагедиясын осы кісі қағазға түсіріп кеткен. Кейін ол жақтан қайтып, Түркістанда ірілі-ұсақты қызмет етеді. Білім саласына да еңбек сіңіреді. 1930 жылдары бір айдалып келіп, кейін 1937 жылы атылып кетеді.

Осындай тұлғаны Қорғалжыңда жеткілікті түрде бағаламай отыр. Көше аты әрең берілді. Мектеп атын беру 2007 жылдан бері әлі созылып келеді. Қорғалжында Мұстафа Шоқайды фашист дейтіндер бар екен. «Фашисттің жанында жүрген адам, оған мектеп атауын қалай береміз» деп, мәселе көтерген адамдар да болыпты. Мына заманда оны айтып отырудың өзі ұят нәрсе.

Ал енді Қайреддин Болғанбай 1934 жылы түрмеде жатқан еңбегі Ыстамбұлда жарық көреді. Кейін Түркияға кеткен Зәки Уәлиди еңбектерінде әрдайым Қайреддин жайлы айтып отырған. Басмашылар қозғалысы болды ғой, соны басмашылар деп айтамыз негізі ол большевизмге қарсы Орта Азиядағы күрес болды. Сол оқиғаға Мағжан, Мұхтар, Қайреддиндер келіссөз жүргізуге барды деп Уәлиди естеліктерінде бірнеше рет жазған. 

- Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қабырғасынан «Алаш» рухани даму институтын аштыңыздар. Өзіңіз бір уақыттарда оны басқардыңыз. Институт аясында қандай жұмыстар атқардыңыз және бүгінгі таңда бұл институт қандай тірліктер тындыруда? 

- 2007 жылы Алаш үкіметіне 90 жыл толды. Жұмысты жандандыру керек болды. Сосын осы «Алаш» рухани даму институты ашылды. Мақсаты, Ақмола өңірінде практикалық шаралар атқарып, кездесулер ұйымдастыру қажет болды. Иә, мен бұл институтты басқардым, менен кейін-де бірнеше ғалымдар институт тізгінін қолдарына алды. 

Институт аясында Қошке Кемеңгерұлы мен Смағұл Сәдуақасұлының үш томдығын құрастырдық. Садуақас Ғылмани мен Қайреддин Болғанбайдың бір томдық еңбектерін жарыққа шығардық. 2011 жылы Смағұл Сәдуақасұлының сүйегінің күлін Мәскеудегі Дон зиратынан Астанаға әкеліп жерледік. Мұсылманшылықпен қарасақ, топырақтан жаралған жан иесі топыраққа жерленуі керек. 1991 жылы көтерілген мәселе араға 20 жыл салып өз мақсатына жетті. Сабыр Қасымов дейтін ағамыз Мәскеу қаласы үкіметімен келісуінің нәтижесінде бірінші Қарамолаға жерледік. Қазақтарда Қарамола деп уақытша жерлеуді айтады. Кейіннен барып Астана қаласындағы «Жастар» шағын ауданындағы Кенесары сарбаздары жерленген молаға жерлеп, шамамыз келгенше басына белгі орнаттық. Осындай азаматымызға құрметімізді осылайша көрсеттік. Бір қызығы, Мәскеудегі Дон зираты атеистік зират болғанмен бертін келе христиандық зират болып өзгереді. Смағұл ағамыздың сүйегінің күлі тұрған жерге крест ілініп, христиандық дәстүрлер атқарылып отырған. Сол үшін дін өкілдерінің кеңесін алдық. Осылайша бірнеше жылғы еңбегіміз өз жемісін берді. Бұл біздің ұрпаққа аманат ретінде қалдырар мұраларымызға қаншалықты дайын емес екенімізді де көрсетті. Біз біраз нәрседен дайын емес екенбіз. Көбісі абдырап қалды. Бірақ араға жылдар салып, мақсатымызға жеттік. 

Алаш зиялыларының мұрасын зерттейтін институт әлі күнге өз жұмысын жасап келеді. Әлихан Бөкейханның бірден-бір жүйелі зерттеушісі Сұлтан Хан Аққұлұлы деген ғалым бүгінде басқарып отыр. Ол қазір Әлиханның он алты томдық шығармалар жинағын даярлаумен отыр. Оның тоғыз томы жарық көріп үлгерді. Әлихан Бөкейханов энциколопедиясын дайындап, жүз жылдыққа байланысты кешенді жұмыстарды әзірлеу үстінде. 2016 жылғы ЮНЕСКО-ның белгілі тұлғалар тізіміне Әлихан Бөкейханов есімі енді. Бұл да біздің үлкен жеңісіміз. Қызықты дерек айта кетейін, соңғы он жылда балаларға Әлихан есімі көп беріліпті. 

- Әңгімеміздің соңы, Әлихан Бөкейхановқа ойысып кетті. Ол кісі заманында масон болған деген деректер шықты. Осыған не айтасыз? 

- Жасыратыны жоқ, ол масон ложасына кірген. Сұлтан Хан Аққұлұлының зерттеу еңбегі де жарық көрді. Біз не дейміз, түрлі пікірлер мен қайшылықты ойлар бар. Менің ойымша ол сол кездегі саны алты миллионға жеткен қазақ халқын жойылып кету мен жұтылып кетуден сақтау үшін масон ложасының әлемдік саясаттағы беделін пайдаланып, қазаққа теңдік әперуді көздеген. Әлиханның әрбір әрекеті мен мақаласы осы сөзіме дәлел. 

- Деректі фильмдерге сценарий жазып жүрсіз, Алашқа байланысты ойыңызда жүрген сценарий бар ма? 

Деректі фильм түсіруші Халиолла Омаровқа Смағұл Сәдуақасов туралы фильм жасайық деген ұсыныс айттым. Ол қарсы емес, бірақ мәселе қаржы мәселесіне келіп тіреліп тұр. Қазір жастардың көбісі пессимистік, немқұрайлылыққа бейім болып кетті. Жастардың рухын осындай тұлғалардың өмірін көрсете отырып көтерсек деген ойым бар. 

- Елімізде драматургия саласы кенжелеуде. Пьеса жазып, сахнадан көрсету ойыңызда бар ма? 

- Дұрыс айтасыз, Алашқа қатысты дүниелер драма жанрында жарық көрмеген. Бірақ әр түрлі идеялар бар. Естеріңізде болса, жақында Алаштың бұрын белгісіз болып келген мұрасын таптық. Мұхтызар Титықовтың «Мұрат үшін майдан» деген пьесасы табылды. Ерекшелігі, күллі Алаш қайраткерлері мұнда кейіпкер. Өкініштісі, бірнеше парағы ғана сақталған. Мұны табуға Айдын Ырысбекұлы деген азамат себепкер болды. Ал Өтен Ахмет соавтор ретінде пьесаны басынан бастап жазып шықты. Драматург емеспін, бірақ оларға қыл-кеңес беруге әрқашан даярмын. Болат Ұзақовқа «Алтын Сақинаны» қайта қоюға ұсыныс беріп жүрмін. 

- Соңғы сауалым, Алаштың мына бір тұсын зерттесем, қайта қарасам дейтін ойыңызда жүрген жоспарлар бар ма? 

- Әрине, бар. 1922-27 жылдары Алаш зиялылары Мәскеуде тұрып жұмыс істеген. Смағұл Сәдуақасов 1928 жылы Мәскеуге барып, 1933 жылға дейін тұрды. Алаштың Мәскеудегі сол қиын да күрделі кездерін зерттеу мен үшін күн тәртібінде тұр. Бұл кезеңге қатысты кітаптар өте аз. Өте бір күрестің кезеңі болған шақтар ғой. 

Біз аз зиялының өзін бөлуге даярмыз. Сәкен Сейфуллин мен Тұрар Рысқұлов большевиктік бағытта болды, Әлихандар Алаш бағытында қалғанымен саясатқа араласқан жоқ. Бірақ соның өзінде Тұрар мен Сәкеннің өздері қызмет еткен биліктің трагедияға алып келгенін сезінгендерін жеткізетін деректер бар. Сол деректерді жарыққа шығарсам деймін. Олар бірыңғай большевиктің бағытта болды дегенге де сенуге болмайды. 

Тұрар Рысқұлов Жаһанша Досмұхамедов пен бажа болған. Сондай, ақ, Тұрар атақты Мұхамеджан Тынышпаевқа Түрксіб темір жолының жауапты учаскесін сеніп тапсырған. Әлихан Бөкейхановқа барып, ақылдасып отырған. Тұрар Рысқұлов Жаһанша Досмұхамедовпен бажа болған. Сондай-ақ, Тұрар атақты Мұхамеджан Тынышпаевқа Түрксіб темір жолының жауапты учаскесін сеніп тапсырған. Әлихан Бөкейхановқа барып, ақылдасып отырған. 

Қаске Өтекин деген кісі деректерінде: «Сәкенді біз жылауық комиссар деп айтатынбыз. Себебі елге барып келген сайын еңкілдеп жылайтын. Халықтың жағдайын көріп іші ашитын» деп жазған. Адамның санасының екіге жарылуы, жеке басының трагедиясы деген осы емес пе? Анау большевик, мынау алашшыл деп жазатын авторлар да бар. Есесіне біз зиялыларымыздың арасынан байланыс іздеуіміз керек. «Бар қазақ – бір қазақ» дегендей, олардың қиын жағдайлардағы қарым-қатынастарын жаңа форматта түсіндіре алуымыз керек. Әйтпесе онсызда аз қазақты бөліп бөлшектегеннен біз ештеңе ұтпаймыз. Менің осы тақырыптардыы зерттеп, елге ой тастап көпшілік назарына жеткізсем деген ниетім бар.

 Сұхбаттасқан Олжас БЕРКІНБАЕВ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?