Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Назарбаев университетінен алғашқы білімгерлер түлеп ұшты

1663
Назарбаев университетінен алғашқы білімгерлер түлеп ұшты - e-history.kz
Биыл Назарбаев университеті 446 түлегін шығарып салды

«Мүмкін, бүгінгі күн сіздердің Университет қабырғасында өткізген соңғы күндеріңіз болар. Алайда, жарқын болашақтарыңыз осы сәттен басталғалы отыр... Кейбіреулеріңіз ғылым жолын қусаңыздар, қалғандарыңыз мемлекеттік басқару, бизнес немесе басқа салаларда қызмет жасайсыздар. Ал, болашақта баршаңызды Назарбаев Университетінің дипломы біріктіреді», — деді ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов.

Азат Құдайбергенов — Назарбаев университетінің Инженерия мектебінің түлегі: «Бұл университетте білім алғаныма өте қуаныштымын, өйткені оқудың бағытын айқындайтын профессорлық-оқытушылық құрамның арқасында сапалы білім алдық. Студенттер және профессорлар арасындағы қарым-қатынастар жылы, бірақ ұстаздар оқу барысында ешқандай жеңілдіктерді жасамайды. Оқу үдерісі нақты, жүйелі, ең бастысы — айқын жүргізіледі. Айта кету керек, университеттің әлеуметтік өмірі өте қызықты және жан-жақты. Университетте спортқа, сондай-ақ баскетболға қызығушылығым оянды. Мен университеттегі баскетбол құрамасын құру бастамасын көтердім. Кейін маған спорт орталығында жұмыс жасауды ұсынды. Енді төккен теріміздің жемісін көрудеміз. Көптеген студенттер құрамаға қызығушылық танытып, біздің қатарымызға қосылуға ниет білдіріп отыр. Осылайша, Назарбаев университеті маған білім беруімен қатар, өзімді спортшы және жаттықтырушы ретінде сынауға мүмкіндік берді. Осыдан бес жыл бұрынғы жағдайды есімізге түсірсек, ол кездегі студенттік атмосфера мүлдем дамымаған, клубтар мен ұйымдар болмаған еді. Бірақ, бұл — пайдалы тәжірибе. Біз университеттегі шаралардың барлығын өзіміз ұйымдастырдық. Егер мамандығыма келетін болсам, техникалық бағыт — менің саналы түрде жасаған таңдауым. Егер болашақта маған шетелге көшу мүмкіндігі бар жұмыс туралы ұсыныс түссе, одан бас тартамын, өйткені мен — өз елімнің патриотымын және мемлекетке қандай да бір үлесімді қосқым келеді».

Дина Шайхислам — Назарбаев университеті Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің түлегі: «Назарбаев университетінің басты сипаты — сапалы білім. Университетіміздің барлық профессорлары шетелден келген... Барлық достарым және қоршаған адамдар — ақылы биік, парасаты мол тұлғалар... Олармен бірге әртүрлі тақырыптарды талқылауға болады: кейінгі экспрессионизмнен бастап әлем әдебиетінің классикалық шығармаларына дейін. Университетте «Childrens charity club» қайырымдылық қорын ұйымдастырдым. Менің арманым — қорды заңды түрде тіркеп, оны мемлекеттік деңгейдегі қоғамдық қайырымдылық қорына айналдыру. Мүгедек балаларға арналған арнайы балалар үйіне барып тұрдық.  Сонымен бірге, ректорымыз Шигео Катсаға алғысым шексіз. Ол біздің клубымыздың мүшесі болып, өтіп жатқан шараларымызға белсенді атсалысады. «Ice bucket challenge» деп аталатын шарамызға да қатысты. Биыл мені «Жыл түлегі» номинациясына ұсынды. Мен бұған жеңіл қарап, көп үміттенбедім, өйткені менен басқа, танымал, беделі бар студенттер де осы номинацияға ұсынылды. Нәтижесінде «Жыл түлегі» номинациясында жеңіп шыққан Назарбаев университетінің бірінші түлегі болып атандым... Сонымен бірге, ең басты түйген ойым: Назарбаев университетіндегі білім — болашаққа жасалған ең жақсы инвестиция!»

Нұрсұлтан Зиябеков — Назарбаев университеті Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің түлегі: «2010 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-қа және Назарбаев университетіне оқуға түстім. Назарбаев университетін таңдадым. Қазіргі кезде бұған еш өкінбеймін. Менің ойымша, шетелден шақырылған профессорлар өз міндетін жақсы атқарды, өйткені олар бізге жоғары деңгейде білім берді. Университет қабырғасында ағылшын тілі басым болды.  Көптеген профессорлар Қазақстанда туылмағандықтан, оларға ұлттық мәдениетімізді, рухани байлығымызды көрсетіп, қазақ тілі және қазақстандық патриотизмді насихаттау керек деп шештім. Бұл кезде «Сәруар» студенттік ұйымын аштым. Сонымен бірге студенттік журналдың негізін қаладым. Студенттік өмір қызықты өтті,үнемі ізденіп жүрдім. Біз Тұңғыш Президентіміздің күніне орай, алғашқы студенттік бал және көптеген басқа шараларды ұйымдастырдық. Назарбаев университеті бізге жан-жақты, сыни тұрғыдан ойлануды үйретті».

Әйгерім Сәденова — Назарбаев университеті Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің түлегі: «Назарбаев университеті студенттеріне көп мүмкіндік береді. Профессорлық құрамы өте мықты, барлық профессорлар доктор атағына ие. Студенттеріміз интеллектуалдық тұрғыдан құзыретті және сыртқы ортаға тез бейімделеді. Олардың қызығушылықтары да әртүрлі. Мысалы, мен Назарбаев университетіндегі спорттың дамуына атсалыстым. Өз бетімен құраманы жинадым. Нәтижесінде, қазіргі кезде жаттықтырушымыз да, құрамамыз да, құраманың формасы да бар. Университеттегі ең алғашқы баскетбол құрамасы бізден басталды... Биыл жеңізпаз атандық, мен үшін бұл — ірі жеңіс пен марапат... Назарбаев университеті жыл сайын, күн сайын, минут сайын даму үдерісінде болды. Мен үшін Назарбаев университетінің алғашқы түлегі болу — үлкен мақтаныш!»

Ғалым Жұмабеков — Назарбаев университетінің Инженерия мектебінің түлегі: «Менің ойымша, университет бізге өте сапалы білім берді. Әсіресе, студенттің өз бетімен жұмыс жасауына көп мән беріледі. Мұнда маған небір идеялар келді. Мысалы, жаңалықтарға шолу жасап, әзіл жаңалықтар дайындап жүрдім. Досыммен бірге «HD shot» ұйымын құрып, қысқа метражды фильмдер түсірдік... Назарбаев университеті сапалы білім беріп, ізгі ойларымызды іске асыра білуге тәрбиелейді!»

Айжан Қонақбаева — Назарбаев университеті Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің түлегі: «Назарбаев университеті кең ауқымды ойлауды, жан-жақты көзқараспен қарауды үйретеді. Шындығына келгенде, университеттің қоғамдық өміріне белсене атсалыспадым. Мен жобаны дайындап, Түркиядағы конференцияға бардым... Менің жұмысым конференцияның жыл сайынғы кітапшасында жарық көрді. Сонымен қатар, кейтеринг деп аталатын бизнестің түрін аштым. Егер осы университетке түспесем, осындай жобалармен айналыспас едім... Сонымен бірге, студенттеріміз репетиторлық қызмет көрсетеді. Олар ағылшын пәнінен сабақ береді. Назарбаев университетінің арқасында ғылым және бизнеске деген зор сүйіспеншілігім пайда болды».

Мирас НҰРЛАНҰЛЫ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?