Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстанның тарихи туристік 10 нысаны

4591
Қазақстанның тарихи туристік 10 нысаны - e-history.kz
Қазақ даласының табиғаты көркем, суы мөлдір өлкелері көп. Көне дәуірлерден сыр шертетін, құпиясы да мол өңірлер баршылық. Солардың ішінен іріктеп, демалуға лайықты 10 туристік орынды ұсынамыз.

Айғайқұм 

4c5c787ed2cc763e026aecec6291e027.jpg

Айғайқұм мемлекеттік ландшафттық табиғат паркі – Кіші және Үлкен Қалқан тауларының раасында орналасқан. Ол – ел назарын аударатын ерекше жер. Сондықтан туристер жақсы көріп көп жиналады. Дүние жүзінде мұндай табиғи айрықша құбылыс (феномен) байқалатын жерлер Қытай, Ресей, Арабия мен Америка сияқты елдерде ғана бар. 

Биіктігі 150 метрлік құмды таудың ауа райы ашық күндері дыбыстар шығаратыны ғалымдар үшін әлі де жұмбақ. Олар біресе органның әуеніне, енді бірде реактивті ұшақтың гүріліне ұқсатады… Ал физик ғалымдар болса, бұл жағдайды құрғақ құмдардың үйкелісі және кристалдық электрлену деп түсіндіреді. 

Бірақ жергілікті тұрғындардың өз пайымдаулары бар: бірі – барқанның ішінде қара ниетті адамның жаны қысылып жатыр десе, келесі біреулер дуаланған сұлу қыз жатыр дегенге келтіреді. Сусымалы құмның төбесіне шыққан адамның ежелгі арманы орындалады, ал адасқан адам үлкен күнәһар деген наным да ел арасында кең тараған.  

Алакөл 

dafc89f23b2ee9bfbbb7126102fddf10.jpg

«Алакөл» атауы ежелгі түрік және моңғол сөздерінен аударғанда «ұлы көл» немесе «таулы көл» деген мағына береді. Тарихи деректерде Алакөл маңынан Ұлы Жібек жолы керуені жүріп өткені айтылады. Алыс жолдан келген саяхатшылар жағалауда демалып, көл суынан нәр алған екен. Алакөлдің табиғи суы емдік, шипалық қасиеттерге бай келетіні сондықтан. Онысы қазіргі заманауи медициналық зерттеулер жүргізу барысында да дәлелденген. 

Алакөлге келушілердің көбі демалудан гөрі шипа, ем іздеп келеді. Көл суы радикулит, артрит, тері ауруларына шипа болып, адам денсаулығына жағымды әсерін тигізеді. 

Алматы қаласы 

1bea59dc002affb12df20ba6b25a4c44.jpg

Алматы – Қазақстанның ең үлкен қаласы. Ол Қазақстан Республикасының оңтүстік-шығысындағы Іле Алатауының баурайында орналасқан. 2015 жылғы статистика бойынша, Алматыда 1 552 349 адам тұрады. 

Алматы қаласына жолы түскен адамның демалатын жерлері өте көп: Шымбұлақ тау шаңғысы курорты, Көктөбе, «Медеу» мұз айдыны, 28 панфиловшылар паркі, Тәуелсіздік монументі, Сегіз Көл Park Resort клубы, «Маралсай», «Алма-тау» шипажайлары, т.б.

Республика жерінің оңтүстік-шығыс бөлігіндегі Іле Алатауының солтүстік беткей баурайында, теңіз деңгейінен 700-1000 метр жоғары Үлкен және Кіші Алматы өзендері аңғарларында орналасқан Алматы қаласының жалпы аумағы 170 шаршы шақырым. 

Қаланың тарихы тым тереңде: Б.з.д. 10-9 ғғ. қола дәуірінде қазіргі қала аумағында ертедегі жер өңдеушілер мен малшылардың қонысы болған. Ал б.з.д. 7 ғ.-б.з.д. сақ дәуірінде Алматы сақтардың, кейіннен үйсіндердің қаласы деген деректер бар. 

Бекет Ата жер асты мешіттері 

cb154c62c1e1854d03721a6f9594deaa.jpg

Бекет ата ескерткіш ғимараттары – Бекет Ата есімімен байланысты жер асты ғимараттарының ортақ атауы. Олар туралы халық жадында сан алуан аңыздар сақталған. Әулие, батыр, сәулетші Бекет Атаның білімдарлық, батырлық, әділдік, еңбексүйгіштік, көріпкелдік қасиеттерімен даңқы кең тараған.  

Бекет Ата төрт мешіті бар. Жергілікті адамдардың көрсетуінше, бірі Оғыландыда, екіншісі Бейнеуде, үшіншісі Жем бойында, төртіншісі Арал жағасындағы Баялыда. Бекет Ата бұл мешіт-медреселерде құдайға құлшылық етіп, бала оқытқан екен. 

Бурабай 

c90922050a1e3c9969ccdfda2d66bafb.jpg

Ақмола облысының солтүстігінде «Бурабай» ұлттық паркі орналасқандығы баршамызға мәлім. Бурабайдың тау-тасы да, көлі де, жазық даласы да ертегілер мен, аңыздарға толы. Мәселен, «Жұмбақтасты» бір қырынан қарасаңыз, бұрымды жас қызға балайсыз, екінші қырынан қарасаңыз, орамал тартқан келіншекке ұқсайды, үшінші қырынан қарасаңыз, бетіне әжім түскен кемпірге ұқсатып таңқаласыз. 

Бурабай көлдеріне Бурабай, Шортанды, Үлкен Шабақты, Кіші Шабақты, Қотыркөл жатады. Сонымен қатар, Сарыарқаның, Көкшетау тауларының аралығында бір-біріне жақын орналасқан, суының мөлдірлігімен, тазалығымен ерешеленетін ұсақ көлдер тобы бар. 

Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының «Бурабай» мемлекеттік табиғи ұлттық паркі 2000 жылы тамызда құрылды. 

Жидебай 

76d2fb668fe7d6cec1bd5928c75f9633.jpg

Жидебай қорығы – тарихи-мәдени, әдеби-мемориалдық және экологиялық аймақ. Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында орналасқан. 1995 жылы Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының 150 жылдық мерей тойы қарсаңында ұйымдастырылды. 

Қорықтың жалпы аумағы 64 шаршы шақырым. Қорық құрамына Абайдың әдеби-мемориалдық мұражай-үйі, Абай, Зере, Ұлжан, Оспан және Шәкәрім, Ахат, Құдайберді, Ғабитхан молда, Шәукен бай, Еркежан зираттары, т.б. тарихи-мәдени ескерткіштері жатады. 

Жидебай қорығы – республика тұрғындары, алыс-жақын шетелдіктер туристік саяхат жасайтын қасиетті орын.

Катонқарағай 

f1364390e61e60172b23023352277518.jpg

Катонқарағай ұлттық табиғи паркі – Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының аумағында 2001 жылы ұйымдастырылған саябақ. Солтүстігінде Қызылқарағай және Қатын жотасына ұласа отырып Ресеймен шектессе, шығысында Үкек даласымен (Ресей, Алтай Республикасы) және Қытаймен, ал оңтүстігінде Темірқаба өзенін бойлай Марқакөл қорығымен шектеседі. 

Саябақ жері табиғат және мәдениет ескерткіштеріне бай. Тархан геологиялық қимасы, Рахман бұлағы, мәдени-тарихи ескерткіш болып табылатын Берел сақ қорғаны мен Көккөл кеніші, Ұлы Жібек жолының солтүстік алтын тармағы, марал шаруашылығы орналасқан. 

Қозы Көрпеш – Баян сұлу ескерткіші

da117d6abfb1cfff063685207d205834.jpg

Қозы Көрпеш – Баян сұлу ескерткіші бүгінде Х-ХI ғасырдың мемориал-ескерткіші ретінде орнатылған. Лиро-эпостық поэманың кейіпкерлері тағдырын суреттейтін мазар біздің күнге дейін жеткен ежелгі Қазақстан ескерткіші болып табылады.

Мазар табаны төртбұрышты тағантүрінде, жоғары қарай сүйірленіп, күмбезделіп өрілген. Қабырғасы гранит қалақ тастан сабан аралас балшықпен қаланған. Есігі шығыс жақ бетте. Жалпы биіктігі 11,65 м.

Махаббатқа соғылған ірі ескерткіш туралы XIX ғасырдың кейбір зерттеушілерінің жазбалары сақталған. 1856 жылы көрген әйгілі саяхатшы Ш. Уәлиханов күмбездің биіктігіне тоғыз адам бірінен соң бірі шығып жететініне таңқалған. Ғалым мазардың жанындағы төрт тас мүсіннің нобайын қағазға түсірген. Кейін бұл тас мүсіндер жоғалған.

Түрген сарқырамасы 

2db38f63cea32bf02973676ca6fb0e12.jpg

Түрген сарқырамасы – туристер көп баратын Алматы облысындағы демалыс орындарының бірі. Іле Алатауы ұлттық саябағының ішіндегі сұлу шатқалында орналасқан Түрген шатқалында 7 сарқырама бар. Солардың ішінде саяхатшылардың жиі баратыны: біріншісі «Аюлы» және екіншісі «Қайрақ». 

Шарын шатқалы 

b6682da2c9c333ff0181dc57dce1c13d.jpg

Шарын шатқалы – жасы 12 миллион жылға жуық шөгінді тау жыныстардан қалыптасқан табиғат ескерткіші. Каньон құздарының биіктігі 150-300 метрге жетеді. 

Шатқал Алматы қаласынан 195 шақырым шығысқа қарай орналасқан. 2004 жылдың 23 cәуірінен бері Шарын ұлттық паркінің құрамында. 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?