Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Бізді қаныпезер қылмыскерлермен бірге қамап ұстады»

2017
«Бізді қаныпезер қылмыскерлермен бірге қамап ұстады» - e-history.kz
Степлаг лагерінің бұрынғы тұтқыны Иван Иванович Карпинский порталымызға арнайы сұхбат беріп, қамақта көрген қорлықтары, сол сұрапыл заманның әділетсіздігі мен қатігездігі туралы әңгімелеп берді

- Иван Иванович, Степлаг лагеріне қалай тап болдыңыз? 

- Ол 1953 жылы 8 наурыздан кейінгі күндердің бірі болатын. Жасым небәрі 16 да еді. Әскери киімдегі 8 адам үйіме басып кіріп, қамаққа алып кетті. Украинадан Қазақстандағы Степлагқа осылай түстім. 

dfbe5e85c0510e3604e351043b8c4add.jpg

 - 16-дағы өрімдей жігітті, яғни сізді қандай «қылмысыңыз» үшін Степлагқа қамады? 

- Антисоветтік үгіт-насихатпен айналысты деген сылтаумен. Ол кезде өз еліңнің тарихы мен әдебиетін оқу – ауыр қылмыспен теңелді. Бізді ұлттылығымыздан, түп тамырымыздан айыру үшін бәрін жасады. Ер жетіп, оқу-білімге қызығушылық таныта бастаған шағым болатын. Ақырында, «террорист және диверсионист» деген айыппен мені 25 жылға соттады. 

30b2bcc6877a72feffa9fdee836f6773.jpg

 - 1954 жылғы өзіңіз қатысқан тұтқындар қозғалысы туралы тарқатып айтып бересіз бе? 

- Бізді қаныпезер қылмыскелермен бірге қамап қойды. Тұтқындардың кеудесіне шифр-номер тағып, аты-жөнімен емес, сол сандармен атап шақыратын. Әр топ 15-20 адамнан құралды. Мыс кенін шығаруда қара жұмысқа жұмылдырылдық. Туберкулез және силикоз аурулары өршіп кетті. Азабымыз күннен күнге ауырлай түсті. Әбден мезі болған тұтқындардың жоғалтатын да ештеңесі қалмады, наразылық күшейе берді. Қиянат-қорлыққа ұшырап, не ішер асқа, не ұйқыға жарымадық. 12-14 сағат үздіксіз жұмыс жасатты. 1 түйір нан мен бір стақан су үшін табанымыздан таусылып тер төктік. Аштықтан бұратылып, қабырғамыз қайысты. Үңірейген көзден өзге ештеңеміз қалмады, құр сұлбамызды сүйретіп, әрең жүрдік. Ауруға шалдыққандар емделмек түгілі, еңбекке жарамсыздығы үшін соққыға жығылды. Барлығының шыдамы шегіне жетті. 1954 жылы 16 мамырда тұтқындар тарапынан көтеріліс өрті лап ете қалды. Бүкіл ГУЛАГ жүйесін дүр сілкіндірген наразылық 40 күнге созылды. Бұрынғы әскерилер, білімді интеллигенция өкілдері көтерілісті ұйымдастырып, басқарып, үкіметке қарсылық көрсетті. Бірақ көтерілісшілер асқан қатігездікпен басып жаншылды, танкпен тірідей тапталды. Шамамен 600 адам өліп, жарақаттанғанын естідік. Бұл Степлагтың қылышынан қан тамған қатігез уақыттың шарықтау шегі еді. Біз жеңілдік, алайда түрме басшылығы тарапынан сәл болса да жұмсару байқалды. Осылай, Степлагта 4 жыл 3 ай отырдым. 

b15c8207841bf65107242c26403c2c2e.jpg

 - Ал, Степлагтан кейінгі өміріңіз қалай өрбіді? 

- Тұтқыннан босағаннан кейін де біраз азапты күндерді бастан өткердік. Украинаға оралар жолымыздың бәрін жауып тастады. Құрылыс жұмыстарына араласып, аянбай тер төктік. Уақыт өте жағдай түзеле бастады. Қазір қаланы аралап жүріп, осындағы көп ғимараттардың бой көтеруіне өз үлесімді қосқанымды еске алып, өткен өміріме көз тастаймын. Мен үнемі қозғалыста болуға тырыстым. Тырбыңдап еңбек етуге талпындым. Өмір деген – қозғалыс. Аязда да, күннің аптап ыстығында да аш-жалаңаш жүрген лагерьдегі күндерден соң, төзімділікке үйрендім. Алайда, ішімдік немесе араққа үйір болған емеспін. Біздің жастық заманымыздағы атеисттік идеологияға қарамастан, мен Құдайға сендім, сол сенімімнен бір сәт арылған емеспін. Степлагтан шыққан соң, шаңырақ көтеріп, 2 қыз, 3 немерелі болдым. Бүгінгі жастар бақытты. Олар бейбіт өмірдің құнын түсінуі қажет. Тарихымызды білуі керек. Біздің елде Қарлаг, ГУЛАГ, АЛЖИР секілді лагерьлердің тарихынан сыр шертетін музейлер бар. Бұл – Қазақстан халқының, қазақ елінің өз тарихына, өткен өміріне, қыршынан қиылған боздақтарына деген зор құрметі. Ақиқат жолында құрбан болған асыл азаматтардың рухы ұрпағына разы деп ойлаймын. 

 - Әңгімеңізге рақмет! 

Гүлжанат ӘБДІМОМЫНОВА

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?