Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Панфилов ескерткіші – парасат биігіндегі құрмет

2859
Панфилов ескерткіші – парасат биігіндегі құрмет - e-history.kz
Астанада Совет Одағының батыры, генерал-майор Иван Васильевич Панфиловтың ескерткіші ашылды.

Қошқарбаев пен Жұмабаев көшелерінің қиылысында орналасқан астаналық «Жерұйық» саябағындағы мемориалды ашуға Президент Н. Назарбаев келіп қатысты. 

49af766db3bcc8910cfb28168096e5f1.jpg


Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Елбасы: «Бұл ескерткіш тек Совет Одағының батыры Иван Панфиловқа ғана қойылған ескерткіш емес. Бұл фашизмге қарсы ұлы шайқасқа қатысқан қазақстандықтарға және сол шайқас алаңында қаза болғандар мен сұрапыл соғыстан қайтып келіп, еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқандарға деген мәңгілік құрмет белгісі», – деді. 

1105e22f12876503ecdccf6e9ac350ec.jpg


Совет Одағының Батыры, генерал-майор И. В. Панфилов ескерт-кішінің авторы – мүсінші Ренат Әбенов. Биіктігі 2,5 метрлік ескерткіш қоладан құйылған. Мемориалдың бір жақ бетінде Мәскеуді қорғау үшін шаһит кешкен 28 панфиловшы-жауынгердің туған жылдары мен қаза тапқан күндері жазылған, табиғи граниттен биік тақталар жасалған. Бұл жерде Совет Одағы Батырының «Алтын Жұлдызы» медалі бедерленген 28 стелла қаз-қатар сап түзеп тұр. 

Айтулы шараға батырдың ұрпақтары да қатысып, өз ойларымен бөлісті. «Ескерткіш батырға лайық екен. Менің ойымша, бұл жерде оның жалғыз емес, барлық 28 панфиловшымен бірге тұруының үлкен мәні бар. Сонымен қатар, бұл үлкен саябақ та сондай әдемі. Сондықтан бұл жер Қазақстандағы осындай батырларға арналған саябақтардың бастамасына айналып кетуі-де мүмкін. Өйткені біздің байтақ елімізде атам сияқты батырлар өте көп», — деді А. Байқадамова. 

Генерал-майор Иван Панфилов басшылық еткен 316-атқыштар дивизиясы 1941 жылы жазда Алматыда құрылған. Оның құрамы Қазақстан мен Қырғызстаннан әскерге шақырылған азаматтардан жасақталған. Сол жылы күзде Мәскеу түбінде гитлершіл басқыншыларға қарсы ерлікпен шайқасқан дивизияның қолбасшысы Панфилов 1941 жылы қарашаның 18-і күні жау минасынан 48 жасында қаза тапқан. 

67e18eafaced7036fc7c00f69bc18055.jpg


Жиырма сегіз гвардияшы панфиловшы – Ұлы Отан соғысы жылдарында Мәскеуді ерлікпен қорғаған қазақстандық жауынгерлер. 16-армияның құрамында Алматыда жасақталған генерал-майор И. В. Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы (кейіннен 8-гвардиялық-панфиловшылар дивизиясы) Мәскеу түбіндегі Волоколам тас жолын қорғады. 16-қарашада жау Волоколам бағытында ұрысқа шығып, Дубосеково разъезіндегі 1075-атқыштар полкі 4-ротасының 2-взводы тұрған бекініс шебіне шабуыл жасады. Ротаның саяси жетекшісі В. Г. Клочков басқарған взвод жауынгерлері – барлығы 28 адам мылтықпен, жанармай құйылған шөлмектермен, гранаталармен қаруланып, жаудың 20 танкісімен 4 сағатқа созылған ұрыс жүргізді. Жаудың 14 танкісі қиратылып, панфиловшылар арасынан да бірнеше адам қаза тапты. Жау ұрысқа тағы 30 танк шығарды. Қазақстандық жауынгерлер соғыс тарихында сирек кездесетін ерлік жасап, жаудың болат құрсанған машиналарына төтеп берді. 28 панфиловшының 23-і қазаға ұшырады, бірақ жау танкілері олардың шебінен өте алмады. ССРО Жоғарғы Советі Президиумының 1942 жылғы 21 шілдедегі Жарлығымен бұл жауынгерлердің барлығына Совет Одағының Батыры атағы берілді. Олар: 

1. Николай Яковлевич Ананьев

2. Григорий Михеевич Безродных

3. Николай Никонорович Белашев

4. Яков Александрович Бондаренко

5. Илларион Романович Васильев

6. Иван Евстафьевич Добробабин

7. Петр Данилович Дутов

8. Петр Кузьмич Емцов

9. Нарсұтбай (Нұрсұлтан) Есболатов

10. Дмитрий Митрофанович Калейников

11. Василий Георгиевич Клочков

12. Абрам Иванович Крючков

13. Григорий Ефимович Конкин

14. Әлиасқар Қожабергенов

15. Әлікбай Қосаев

16. Николай Гордеевич Максимов

17. Гавриил Степанович Митин

18. Митченко Никита Андреевич

19. Иван Васильевич Москаленко

20. Иван Моисеевич Натаров

21. Григорий Алексеевич Петренко

22. Мұсабек Сеңгірбаев

23. Дмитрий Фомич Тимофеев

24. Николай Игнатьевич Трофимов

25. Иван Демидович Шадрин

26. Иван Алексеевич Шепетков

27. Григорий Мелентьевич Шемякин

28. Дүйшөнкул Шопоков. 

Алматы қаласындағы 28 панфиловшы-гвардияшылар паркінде, Мәскеу түбіндегі Дубосеково разъезінде және батырлардың туған жерінде ескерткіштер орнатылып, мемориалдық мұражай ашылған. Енді міне, осылардың қатарына Астананың «Жерұйық» саябағындағы алып мемориалдық кешен қосылып отыр.

Заңғар КӘРІМХАН

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?