«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Көкшетау қаласында «Дорогами памяти» атты акция өтті

1669
Көкшетау қаласында «Дорогами памяти» атты акция өтті
Көкшетау қаласында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Дорогами памяти» акциясы өтті.

2015 жылдың 5 мамырында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған шаралардың аясында, Отан қорғаушылар күні қарсаңында, Көкшетау қаласының тарихы музейі Ақмола облысының мәдениет басқармасының қолдауымен «Дорогами памяти» акциясын өткізді. 

Іс-шара өз еліне деген мақтаныш пен құрмет сезімдерін қалыптастыруға, майданда қаза тапқан жауынгерлерді, ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін еске алуға, жас ұрпақтың Ұлы Отан соғысындағы ерлік оқиғалары және фашизмді жеңу жолындағы туған қаланың қосқан үлесі туралы тарихи білімдерін жинақтауға бағытталған. 

Көкшетау қаласындағы Ұлы Отан соғысына қатысы бар тарихи жерлер бойынша экскурсия Щучинск филиалындағы «ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық мектебі» РМҚК-ның әскерге шақырылғандары және Көкшетау қалалық Ардагерлер кеңесінің жанындағы «Ақбұлақ» клубының мүшелері үшін ұйымдастырылды. 

a98770b2178a146f7457ade6503af04c.jpg

Акция шағын митингтен басталып, кейін «Мәңгі алау» ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Ескерткіштің жанында ҰОС ардагері, Сталинград пен Курск доғасындағы шайқастарға қатысқан майдангер, бүгінде демалыстағы полковник, өз ғұмырын еліміздің Қарулы Күштеріндегіқызметіне арнаған Лесничий Владлен Тимофеевич және еңбек ардагері, тыл еңбеккері, «Ақбұлақ» клубының мүшесі Василенко Нина Петровна өз естеліктерімен бөлісіп, жас ұрпаққа өсиет сөздерін айтты. Шараға қатысушылар Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Одан кейін Көкшетау қаласы бойынша экскурсияға шықты. 

Соғыс миллиондаған адам өмірлерін қиды. Өз Отанын қорғаған майдангерлердің ерлігі зор, бірақ тыл еңбеккерлері де күні-түні зауыттарда, фабрикаларда, егін алқаптарында тер төгіп, еңбек етті. 

Соғыс кезінде Көкшетау тұрғындарыжауды жеңудегі ортақ іске өз үлесін қосып тылда еңбек етті.Әрбір төртінші көкшетаулық майданға аттанады. Көкшетау жерінің тумалары генерал-майор Иван Панфилов басқарған атақты 316-атқыштар дивизиясының, сондай-ақ 314-ші Кингисепп атқыштар дивизиясының, 27-гвардиялық дивизияның құрамында шайқасты. 

1941 жылдың күзінде Подольск қаласынан тігін машиналарының зауыты, Орджоникидзеден екі фабрика қалаға көшірілген. 

Сонымен бірге, Көкшетауға жедел көшірілген әскери госпитальдар қаланың ең көрнекті ғимараттарында ( облыстық аурухананың ғимаратында — № 1 корпус, Әуелбекова мен Қанай би көшелерінің қиылысында — № 3 корпус, қазіргі Көкшетау қаласының тарихы музейінде — қаладағы госпитальдардың штабы) орналасты. 

Орталық алаң (қазіргі кезде — Абылай ханның алаңы) қаланың өмірінде маңызды орын алған. «Соғыс басталды» деген суық жаңалық халықты дүрліктірді. Хабар осы алаңнан айтылды. 

Бұл жерден көкшетаулықтар өз жерлестерін соғысқа шығарып салып, майдандағы оқиғалар туралы білу үшін алаңға келетін. 

Экскурсияға қатысушылар Науан Хазрет атындағы мешіттің жанынан өтті. Соғыс жылдарында мұнда майданға баратын әскери бөлімдер жасақталды. 

Темір жолы да маңызды стратегиялық нысан болып саналды. Әскери зауыт үшін жабдықтау, оқ-дәрілер, азық-түліктер, нан, киім-кишек, пошта да темір жолмен жеткізіліп тұрды. Сонымен бірге, жарақат алған жауынгерлер де санитарлық пойыздармен тасымалданған. 

Көкшетаулықтар барлық объектілер және тыл еңбеккерлері туралы экскурсия кезінде білді. Экскурсияны музейдің ғылыми қызметкері Сәдуақасова Айнаш жүргізді. 

 Көкшетау қаласының тарихы музейі