Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ҰОС кезеңінің баға жетпес құжаттары табылды

1121
ҰОС кезеңінің баға жетпес құжаттары табылды - e-history.kz
«Қазақстан халқының майдандағы қазақ жауынгерлеріне жазған хатының» астында қол жинауға байланысты жаппай науқан жүргізілгенін растайтын алғашқы хаттар табылды.

Қазақстанда 1943 жылы 7 ақпанда «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған «Қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлеріне жазған хатының» алдында елімізде сол хатты халыққа жеткізу және соған қол жинауға байланысты жаппай науқан жүргізілгенін растайтын алғашқы құжаттар табылды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Құжаттану және мұрағат ісі жөніндегі ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» РММ директоры Алқия Рахымбаеваның айтуынша, бұл құжаттар таяуда ішкі түгендеу жұмыстарын жүргізу барысында кездейсоқ табылған. Әрине, аты-шулы хат және оған 2,6 млн. астам адамның қол қойғандығы туралы мәлімет газеттерде әр кезеңде басылып келеді. Бірақ, оның алдында соған қатысты бүкіл республикалық науқан жүргізілгенін растайтын құжаттар туралы еш жерде ашық айтылған емес.

«Біздің мұрағаттың кітапханасында үлкен газет қоры бар. Онда 281 түрлі атаумен аталған газеттер сақталған. Ең көне газет 1870 жылы Верный қаласында шыққан. Содан, біз өткен жылы сол қорды реттеу және каталогын жасау жұмыстарын қолға алған едік. Бұл қыруар жұмыс 1 жыл 2 айдан аса уақытқа созылды. Содан осы таяуда қыздарым келіп: «Алқия апай, бір түсініксіз тігінділер табылды. Газетке мүлдем ұқсамайды» — деді. Мен: «Қане, әкеліңдерші, қарайын» — дедім. Олар үлкен тоғыз тігіндіні алдыма алып келді», — деді Алқия Рахымбаева.

Бұдан әрі ол сол тігінділерді ашып қарап қатты таңғалғанын және қандай құжаттар екенін түсінген соң көзіне жас алғанын жеткізді.

«Бұл тігінділердің бізге кімнің, қашан өткізгені белгісіз. Бұл тұңғыш рет табылып отыр. Мен директор болғалы оны іздеп бізге ешкім келген емес. Құжаттардың жазылу мерзіміне қарасақ, халықтан қол жинау науқаны 1943 жылдың қаңтар айында жүргізіліпті. Сонда нақты не істелінген дейсіз ғой? Әр облыста хаттың мәтіні газеттік форматта көптеген тиражбен шығарылған. Және бір ерекшелігі мәтін соңына бос орын қалдырылған. Содан, жауапты тұлғалар, жер-жерді, колхоз-совхоздарды, ауылдарды түгелдей аралап, жиналыс өткізіп, осы хатты халыққа кәдімгідей таныстырған. Әрбір жиын бойынша хаттамалар толтырылған» , — деді А. Рахымбаева. «Душа радуется, когда вижу эти бумаги с подписями наших дедов и прадедов, дошедшие до наших дней, не затерявшись в глубинах истории. Оның айтуынша, бұл табылып отырған құжаттар — Қазақстан тарихы үшін баға жетпес құндылық. Соған қарап, осы кезде елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың қандай болғанын, елдімекендердегі тұрғындардың құрамын, нақты санын, кімдердің қалай қол қойғандарын білуге болады.

«Ата-бабаларымыздың тарих тезінен жоғалып кетпей, күні бүгінге дейін жеткен қолдарын, қағаздарын көргенде жаның елжірейді. Көзіңе еріксіз жас келеді. Соларға қарап-ақ, сол кездегі жағдайдың өте ауыр болғандығына көзің жетеді. Әркім әйтеуір тапқан қағаздарына, тапқан қалам, қарындаштарымен сауатының жеткенінше қол қойған. Тіпті қолының орнына плюс немесе сызықша қойғандар да бар. Бұл түсінікті ғой. Ол кезде елді мекендерде кімдер қалды? Шал-шауқандар, науқастар, соғыстан мүгедек болып оралғандар және бала-шаға. Бірақ бұл науқанға барлығы бір адамдай атсалысып, қатардан қалмай, майдандағы ұл-қыздарының, туысқандарының аман-есен елге оралуына тілектес болып, үлкен жүрекпен, үлкен рухпен осы хаттамаларға қол қойған. Халқымыздың рухының беріктігі, қиындықтарға мойымас қайсарлығы осы хаттардан айқын көрініс береді. Бұл бүгінгі ұрпаққа ой салатын, үлкен ғылыми зерттеулерді талап ететін дүниелер деп ойлаймын», — деді А. Рахымбаева. Айта кетелік, бүгіндікке барлығы 9 тігінді табылып отыр. Оларда Гурьев, Орал, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген хаттамалар ғана жинақталған.

Хаттың мәтіні жазылған газеттердің астына арнайы орын қалдырылып, ол жерге халық аты-жөнін жазып, қол қойған: әркім өз қолымен жазған, бір адам тізіп шыққан да иесі өз қолын қойған, жазулар кириллица, араб, латын және корей әріптерімен жазылған.

Шығыс Қазақстан облысынан — 15 809, Орал облысынан — 4 613, Гурьев облысынан — 17 511 және Қызылорда облысынан 7 602 адамнцң қол қойғандығы анықталды. Барлығы 45 535 қол жинақталған.

Егер жоғарыдағы хатқа барлығы 2,6 млн. астам адамның қол қойғанын ескерсек, алдағы уақыттарда облыстық мұрағаттарда осыған қатысты ескі тігінділердің табылып қалуы ғажап емес.

ҚазАқпарат сайтының мәліметтері негізінде дайындалған


Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?