«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

ГУЛАГ-тың кадрлық саясаты

5383
ГУЛАГ-тың кадрлық саясаты
Лагерлер Бас басқармасы – Мәскеуге ғана тікелей бағынған «мемлекет ішіндегі мемлекет», ал азаптау құралының күштілігі жағынан «Даладағы тамұқ» деген атқа ие

ГУЛАГ Мәскеудегі НКВД-ға тікелей бағынған. Республикалық, облыстық партия және совет органдарының лагердің жұмысына іс жүзінде ешқандай ықпалы болмаған. Шындығында «ҚарЛАГ» мемлекет ішіндегі мемлекет болған. Өзінің нақты билігі бар, қару-жарағы, көлігі және пошта, телеграф байланыстары берік жүйеленген. Қарлагтың құрылымы мөлшерден тыс үлкен және көптеген құрылымдық бөлімдері жұмыс істеп тұрған. Арзан жұмыс күші, негізгі қордың арзандығы, амортизациялық шығындардың төмендігі өндірістің пайдалылығын арттырып, оның жан-жақты дамуына мүмкіндік туғызды.

1930 жылы сәуірде ГУЛАГ-тың БМСБ «Жаңа ұйымдастырылған лагерьге чекистердің ішінен еріктілерді жетекшілік қызметке жазылу» жөнінде жарғы шықты. Құжатта көрсетілгендей, 1929 жылы 11 шілдедегі КСРО ХКК-нің «еңбекпен түзету лагерьлер туралы» қаулысына сәйкес БМСБ-ға тапсырма берді. Совет Одағы төңірегінде әлеуметтік қауіпті оңашалау тәсілін қолдана отырып еңбекпен түзету. Осы аталған тапсырманы орындауда кешендеуде өте қолайлы деп табылған Сібір, Солтүстік өңір, Қиыр Шығыс және Орталық Азия болып табылды. Жаңадан құрылған лагерлерді басқарған чекистер мен соловецкийліктер ССРО-ның шет аймақтардағы мәдениет пен шаруашылықты қайта құруда маңызды рөл атқарды.

ГУЛАГ-тағы ең басты кадр жүйесіндегі бірізділік таппаған мәселе – қатардағы жауынгер мен сержанттардың құрамы. ҚарЛАГ-қа сержанттар мен қатардағы әскерді қызметінде қызыл армияның жұмысшы шаруалары таңдалынып алынды, сонан соң Совет армиясы. ҚарЛАГ-қа әскериленген күзет күшін тарту жұмысы Совет Одағының барлық жерінде әскери бөлімдерде, партиялық комитеттерде, облыстық әскери комиссариаттарда, комсомол комитеттерінде, спорттық қауымдастықтарда жүргізілді. 1937 жылғы НКВД-ның ҚарЛАГ-ты басқару жөніндегі бұйрығы бойынша Қызыл әскердің жұмыс шаруаларының арнайы дайындалған күзеті құрамы Полоцк, Түмен, Камышлов қалаларынан алынды. 1938 жылы ҚарЛАГ-тың әр күзет бөліміне 40-тан 60-қа дейін Қызыл әскердің жұмысшы шаруалары келді. Лагердің жанынан құрылған штабта арнайы сынақтан өткізіп әскери атқыштар күзетін құрды.

Әскериленген күзет пункті жұмыс күшін жинау, құрамын қайта қарау, жұмыс міндетін бөлу сұрақтары бойынша қалалық және облыстық ұйымдармен бірлескен жұмыс жасады. Одан өзге әскери күзет бөліміне тағы жұмысшыларды тартумен қатар оларды үйрету, оқыту жұмыстары және қауіпсіздік жүйесін қамтамасыз ету міндеттері де жүргізілді. Партия отырысының күнделікті жұмыс тізімінің бірінші кезегінде кадр мәселесін шешу тұрды, ондағы басты міндет: сапалы, арнайы мамандандырылған әскерлерді шоғырландыру. Мысалы 1938 жылғы ҚарЛАГ штабындағы жиында әскери міндетін өтеп келген жұмысшыларды тарту мәселесіне талдау жасалды.

Дегенмен мұның да өзіндік қиындықтары туындады, атап айтқанда әскери міндетін өтеп келгендер сауатсыз және қарабайыр болды. ГУЛАГ-та Қызыл әскердің кіші командирлері «алтын қор» болып есептелді, ал кадр мамандары оларды «жалпы ұйымдарға арналған университет» деп санады. Олардың пікірінше кіші командирден гөрі әскерде болған қара жұмысшылар артық саналды, себебі олар нағыз әскерлер олар келісімге, бітімге келу емес тапсырманы нақты орындайды немесе жазаны өздері тартады. Осыдан келіп ҚарЛАГ-қа қандай деңгейдегі әскерлердің таңдалып алынғаны белгілі. 1929 жылы Совет Қызыл әскерінің жалпы жиынында әрбір офицер мен командирге егер міндеттелген тапсырманы орындамаған жағдайда қажетті деген шараны қолданыңдар делінген, оның артында не тұрғаны айтпай-ақ түсінікті. Міне осыдан келіп саясатта ғана емес, әскерде де тоталитарлық жүйе басым да анық орын алды.

1925 жылы 18 қыркүйектегі «Міндетті әскери қызмет» жөніндегі заңға сәйкес көрсетілгендей ССРО әрбір азаматы қандай жағдай да оны қорғауға міндетті. Бұл кезекте басты рөлді Қызыл әскер атқарды. ГУЛАГ өз кезегінде Қазақстандағы әскери саясатты қатаң түрде өз бақылауына алып, әскери күзет кадрларын даярлау, оқыту және қызметке тағайындау жұмыстарын белсенді түрде жүргізді.

Енді статистикалық мәліметтерге кезек берсек, 1939 жылы ҚарЛАГ-тың жеке құрамында 1443 күзетші қызметкер болды, оның 26-ы БКП (б)-ның мүшесі, 78-і БКП (б)-ның кандидаты, 559-ы БЛКЖО (ВЛКСМ)-ның мүшесі, қалған 46%-ы ҚарЛАГ-тың партиялық комсомолдар құрамынан тұрды. 1939 жылы 1 қыркүйекте ССРО Жоғарғы Советі жалпы әскери міндетті өтеу жөнінде жаңа заң қабылдады. Бірақта жаңа заң ҚарЛАГ-ты сапалы және арнайы мамандардмен қамтамасыз ете алмады.

Қызыл әскердің кадрлық саясатында В.И. Лениннің сөзі басты қағида етіп алынған-тұғын, оның айтуында жаңа әскери шеп құра отырып, біз командирлерді халық арасынан алуымыз керек, тек қана қызыл әскерлер ғана халық пен қатар солдаттар алдында мәртебеге ие және өздерін тыңдата алады деді. Осыған орай 1928 жылы 30 қазанда арнайы ереже бекітілген болатын, бірақ уақыт өте келе 30-ыншы жылдардағы зобалаң кезеңде әскерге жаппай тарту белең алды да, сан артып, сапа жайына қалды.

Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Қызыл әскерде кіші командирлердің жетіспеушілігі белең алды. Бұл тапшылық лагерьлердегі әскери мамандандырылған кадрларға да қатысты болды. Бұған дәлел 1938 жылы жалпы лагерьлерге басшылық қызметке 3 мыңнан астам коммунист пен 1200 астам оқуды енді бітірген маман жөнелтілді. Орталық комитеттен жүздеген коммунист ГУЛАГ-тың орталық аппаратына жіберілді.

ҚарЛАГ-тың әскери күзетіне қызмет еткісі келетіндердің саны уақыт ете келе кеми бастады. Себебі күзетшілер қиындығымен қатар жағдай жасалмаған және кәсіби өсу жоқ жерге аяқтары тартпады. Осыдан келіп жаңа құрам құруда қара халық арасынан көз көрінген, құлаққа іліккенді ала бастады. 1939 жылғы ГУЛАГ-тың жеке есебі бойынша кадр мәселесін шешу күрделі болғаны соншалық, оның құрамына екінші сортты ғана емес, төртінші сортты халық алына бастады. ГУЛАГ-тың қамауында болған А. Солженицын осыған қатысты ойын былай білдіреді: түрме-лагерьлік жүйе қызметіне қолынан титтей де адамзатқа пайдалы іс келетін адам баруы мүмкін емес деп қысқа қайырды.

1937 жылғы ОК (б) ақпан-наурыз пленумында лагерь қызметкерлеріне қойылатын міндеттер мен олардың өлшем-белгілері қаралып анықталды. Ең басты өлшем – берілген тапсырманы мүлтіксіз орындау болды. Осы тұрғыда Сталиннің бұйрығын бұлтықсыз орындайтын әрбір әскери кадр НКВД-ның қырағы комиссиясынан өтіп барып тағайындалды.

30-ыншы жылдардың соңына Сталиннің өз бұйыруымен тағайындалған ОК БКП (б) кадрлар басқармасының бастығы Г.М. Маленков кадрлық кедергілерді шешуді өз қолына алды, оның ішінде ГУЛАГ та бар. Осындай аумалы-төкпелі, келеңсіз кедергілерге қарамастан ГУЛАГ пен ҚарЛАГ-тың күзет кадрларын бірінші кезекте қамтамасыз етіп отырды.

1956 жылы 25 қазанда барлық еңбекпен түзету лагерлері жабылып, күзету, әскери комитеттер болып қайта құрылды.

ГУЛАГ азабынан өткен тағдырлар өмірдің ең қиын сынақтарын бастап кешірді. 30-ыншы жылдары одан өзге индустрияландыру, ұжымдастыру, ашаршылық міне мұның барлығында сол кезеңде әрбір екінші адам басынан кешті. Бірақ, мұндай ауыр сынақтың бірі де адамзат баласын мойыта алмады. Зобалаң заман Ұлы Отан соғысына жалғасып, Отан қорғау жолында өз ерлігі мен бірлігін көрсеткен халық оны да жеңіспен аяқтады.

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)