Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Наурыз мерекесінің тарихи көріністері мен түркілік дәйектері

1683
Наурыз мерекесінің тарихи көріністері мен түркілік дәйектері - e-history.kz
Түркілік уақыт шеңбер немесе шыйыршық спираль бойымен жылжып, түркілік уақыттың тұрпаты өз құйрығын өзі тістеген жылан, болмаса екі басты жыланның кейпінде бейнеленген.

Түркілік жыл 4 тоқсандық мезгілге бөлінеді: Көктем — Табиғат көктейді/туындайды; Жаз — жазылады, керіледі/өнеді; Күз — күзеледі; Қыс — қысылады/қаңтарылады/өледі. Осы төрт маусымда материяның 4 күйі/дүлейі орын алады: Көктем — жылтоқсан — су/жылға; Жаз — оттоқсан — от; Күз — күзтоқсан — топырақ; Қыс — желтоқсан — ауа. Түркілік 4 мезгіл — 4 дүлей. Он екі жылдық мүшел — уақыт шеңберінің көрінісі. Жылдың тоқсандары туралы, Ақселеу Сейдімбектің «Қазақ әлемі» кітабында айтылған. 

Аңырақай тауындағы Таңбалы жартаста Наурызды мерекелеуде он екі мүшелдік айуан бейнелері мен Тәңір мен Іңір қашалып бейнеленген. Наурыз айы туғанда, Күн Тоқты шоқжұлдызындағы қозғалмайтын Амал жұлдызына беттеп, «көріседі» де, оның әсері жерге беріліп, жыл маусымы алмасады: тоқсан күн қыс 13 наурызбен бітіп, жылдың да, көктемнің де басы 14 наурыз болып есептеледі. 

14 (1 — ескіше) наурыз — түркілік жыл шеңберінің жігі, Көктемнің, жылтоқсанның әрі мүшелдік жылдың басы «Амал» деп аталады. «Амал» сөзінің арапша, парсыша жазбалардағы нұсқасы ҺАМАЛЕ болып келгенмен, бұл сөз арап тіліндегі Түркизм: ҚА — маңдай, төбе, көрнекті орын, МАЛ — ежелгі қой-ешкінің түркілік жыйнақы аталымы, «малта» — ұсақ ұғымын білдіретін сөз түбірі. ҚА+МАЛ сөзжасамы бойынша ҚА+ҚАН / ҚАҒАН — хандардың ханы, төбе хан, ҚА+ЫС — маңдайдағы күйе, ҚА+БАҚ — маңдайды бағушы секілді лексемалар туындаған. Бұл күн — Ресейде қалған қазақ аумағында (Сарытау, Астрахан, Волгаград…) — Қамал, Маңғыстауда — Амал, Оралда — Көрісу, Қызылордада — Қауышу, басқа өңірлерде — Наурыз аталып отырған — Наурыз мерекесінің басы. Бұған қатысты біршама тарихи айғақтарды келтірейі: 

І-айғақ. «Амал» үдерісін көктеммен байланыстырған Ортаазиялық ақын Рабғұзи (Насреддин) «Көктем» өлеңінде былайша суреттейді: Күн жетті де Тоқтыға, Амалменен беттесіп, Мұз бен қарды ерітті. Қайран қалған жұрт десті: Осы қыс, сірә, болды ма?

ІІ-айғақ. Шоқан Уәлихановтың қазақы күнтізбе туралы жазып, астрономиялық кескінін келтіріп салған суретінде үш тілдегі күнтізбе сипаттамасы Наурыз айынан басталады. 

ІІІ-айғақ. Абай «Жазғытұры» өлеңі: Жазғытұры қалмайды қыстың сызы, Масатыдай құлпырар жердің жүзі. Жан-жануар, адамзат анталаса, Ата-анадай елжірер күннің көзі. Жаздың көркі енеді жыл құсымен, Жайраңдасып жас күлер құрбысымен. Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал, Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен. Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып. Шаруа қуған жастардың мойыны босап, Сыбырласып, сырласып, мауқын басып. 

ІҮ-айғақ. Шәкәрімұлы, Ақаттың естелігіндегі Наурыз турасында: «Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1-март (14-март — ескіше 1-март), қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты — Наурыз, бұл фарсы тілі. Жаңа күн деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын ұлыс күні дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты — ұлыс. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы, ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» 

Ү-айғақ. Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің 8 күндік Наурыз мерекесіне куә болуы: «Жиырма тоғыз жасымда Бұхарай-Шәрифте Ғабдалахыд ханның наурыздама тойының сегіз күн ішінде болдым. …Қайда атақты асқан бай бар болса, наурыздаманы сол байға қылдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында наурыздаманың қадыр-құны астан, тойдан ілгері болады екен…«Толық жинағы. 8 том. Павлодар қаласында басылған. 

ҮІ-айғақ. Грек тарихшысы Квинт Руф (б.з.д. І ғ.), «Ескендір жорығы», VII–VIII тараулар: «Ұлыстың ұлы күні таң шапақ шашып, күн шығар сәтте қаған ордасының үстіне күн бейнелі жалау көтеріліп, қотанға шымқай қызыл мауытыдан киім киген 365 бозбала шығатын болған. Балаларды саны бір жыл ішіндегі тәуліктердің айғағындай болып, 365 өнерпаз бозбала тойдың шырайын келтірген. Бір жыл ішіндегі әрбір тәуліктің шежіре-баяны сияқты 365 күй тартылған. Сонан соң, бүкіл елдің батагөй абызы, Тәңірмен тілдес бақсысы ортаға шығып, қағанаттың үміт-тілегін Тәңірге жеткізетін 9 күй тартқан. Бұл 9 күй міндетті түрде қобызбен тартылатын болған. Мұнан әрі, Ұлыстың ұлы күнін тойлау бүкілхалықтық қуаныш-қызыққа ұласқан».

Қорыта келгенде, Наурыз мерекесі бірнеше мыңжылдықты қамтитын адамзаттық мереке, бірақ оның жөн-жоралғысы, рәсімдері бүгінде тек қана түркілер мен парсыларда сақталған. Қазақ Наурызының тарихи деректеріне қарағанда, Жыл басы 14 наурызда Амал жұлдызына Күннің таяп келуімен кіреді және Күн-Түн теңесуін қамтығанда Орта Азияда 8–9 күн ресми мерекеленген. 

Ерғали СЕРІК, мәдениеттанушы, публицист

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?