Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жат жерде жерленген жауынгерлер...

1343
Жат жерде жерленген жауынгерлер... - e-history.kz
Ағамыздың қабіріне туған жерінің топырағын салып, алып барған белгімізді орнаттық, жусан байлап, құран оқыдық.

Соғыс күнделіктері 
Қайырлы түн! Жер — Анам! Көк аспанды жамыл да, Таңға дейін дін-аман тәтті ұйқыда дамылда! М. Мақатаев. 

Соғыс!.. Қандай суық сөз! Сол қанды жылдарда қаншама жан жер құшты, қанша бала әкесінен, ана баласынан айырылды, қаншама қара шаңырақ қаңырап қалды?!. Ауылдан сән, өмірден мән кетті. Бейбіт өмірдің астаң-кестеңі шықты. 1418 күнге созылған сұрықсыз кезең басталды. Бұл алапат әр жанға, әр отбасының өміріне жазылмас жараның ізін қалдырып кетті. Ұлы Отан соғысына бір жарым миллионға жуық қазақтар аттанды. Олар: Бауыржан Момышұлы, Талғат Бегельдинов, Сергей Луганский, Иван Павлов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Боран Нысанбаев және тағы да басқалары. Сонау сұрапыл сұм соғыста көзсіз ерлік көрсеткен ата-бабаларымыздың, аға-апаларымыздың арқасында қол жеткізген Ұлы Жеңіске 70 жыл толды. Қираған қала қайта салынды, от оранған далалар егіс алқабына айналды, окоптар орны тегістелді, соғыс салған жарақат жазылды. Алайда орнында тыртық қалды. Тән жарасы жазылғанмен, жан жарасы жазылған жоқ. Соғыс іздері өшкенмен, жаңғырығы әр жанның жадында сақталды. Бір өкініштісі, ардагерлер арамыздан күн санап азаюда. Бір жұбаныш — осы күнге дейін белгісіз болып келген майдангерлер көбірек табылып, кеш болса да олар туралы тың деректер теледидар жаңалықтарында, баспасөз беттерінде жариялануда. Менің кейіпкерім де — солардың бірі, бір әулеттің соғыстан оралмаған зарыға күткен әкесі. 

Бірде соғыс тақырыбынан сөз қозғаған ұстазым Сәния апай майданда хабарсыз кеткен ағасы (әкесінің ағасы) туралы деректің 74 жыл өткен соң табылғанын жүрегі жарыла баяндағаны бар. Сол туралы тереңірек білгім келетінін айтып едім, ол оқиғаны апасы Маржанның егжей-тегжейіне дейін білетінін айтты. Маржан апай 4 баласынан он шақты немере сүйіп отырған зейнетке шыққан бақытты әже екен. 

74 жыл күттірген хабар

Атырау облысының «Есбол» аудандық газетінің 2014 жылдың тамыздағы бір нөмірінде «Туыстары хабарласса дейміз» деген мақала жарияланыпты. Онда былай делінген: «Атырау облысының Қорғаныс істері жөніндегі Департаменті Новгород облысы қоғамдық ұйымының Н.И. Орлов атындағы «Долина» іздеу экспедициясы 2014 жылғы көктемде Новгород облысы, Плещевицы Валдайск мунипалды ауданында Ұлы Отан соғысының майданы болған жерлерді іздестіру жұмыстары кезінде әскери қызметшінің сүйегін тапқанын мәлімдеді. Оның денесіндегі өңірлік медальонында төмендегі мазмұнда мәліметтер анықталған», — деп, одан әрі жауынгердің аты-жөні мен туған жылы, әскери шені мен туған жері және Есбол аудандық әскери комиссариатынан соғысқа алынғанын жаза келіп, сүйегінің Новгород облысы, Плещевицы Валдайск мунипалды ауданында 08.05.2014 жылы әскери молаға жерленгенін жазыпты. Отан қорғаушының туыстары болса Индер ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөліміне хабарласуын сұрапты, — деді Маржан апай. 

ec8847c5d9593d9dcac66b952ab73599.jpg

Медальон мен соғыс кезінде алған төсбелгілерді тапсыру кезі

0cfb54041da76bef73dbf4c5e95eb97a.jpg

Медальоннан табылған солдат туралы дерек жазылған қағаз

Апайдың әкесі Дәулетқалиев Сақан — зоотехник, қой өсірудің әйгілі шебері, «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері», Социалистік Еңбек Ері, республикалық дәрежедегі зейнеткер, 85 жастағы ақсақал. Сақан атаның ағасы Дәулетқалиев Қабдеш 1920 жылы Атырау облысы, Индер ауданы, Өрлік селосында туған. 1940 жылы әскер қатарына шақырылып, соғыс басталғанда бірден майданға аттанған. «Ертең соғысқа шығамыз» деп бір рет қана хат келген, содан соң хабарсыз кеткен. Туыстары «Бармысың бауырым» хабары арқылы да, интернет арқылы да іздестірген, бірақ нәтижесіз болған. Ұзақ жылдар хабарсыз кеткен ағасының Ресей жерінде жерленгенін естіген Сақан ата хабарды алысымен бірден байланысқа шыққан. Көп ұзамай ұлы Максим және қызы Маржан үшеуі қарашаның 14-і күні Мәскеуге қарай сапарға шығады. 

— Вагонға кіріп, орналасқаннан кейін әкеміздің өңі бұзылып кетті, жүрегі ауырып кеткен екен, қатты толқығаннан шығар. Мәскеуден әрі қарай Валдай қаласына поезбен түнде жеттік. Вокзалдан «Память» атты іздеушілер бригадасының командирі Титов Валерий күтіп алды. Біздер үшін үй жалдап қойған екен, соған орналастық. Ертеңіне Валдай қаласы әкімінің бірінші орынбасары Рудина Ольга Яковлевна қабылдап, журналистермен кездесу ұйымдастырды. Валдай қаласы туралы айтып, ерікті іздеушілермен таныстырды. 

— Ерікті іздеушілер тобы туралы толығырақ айтып беріңізші, — дедім мен сөзге араласып. 

— Іздеушілер тобындағы жігіттер әр жерде жұмыс істейді, іздеу кезінде ақысыз демалыс алады екен. Олар өз еріктерімен ақысыз жұмыс жасайды. 20-25 адамнан құралған бірнеше топ болады. Іздеу құралдарын, оқу аппараттарын, тамақтарын — бәрін өз ақшаларына сатып алады, яғни, іздеу кезіндегі қиындықтардың бәрін еріктілер өздері көтереді де, әкімшілік тек жерлеу кезінде табытпен және көлікпен қамтамасыз етеді. Іздеушілер тобы наурыздың аяғынан бастап 9 мамырға дейін жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында табылған азаматтарды жылда 8 мамырда бауырластар қабіріне жерлейді екен. Біздің ағамызды 2014 жылы 8 майда «Язвище» деревнясына жерлепті. 

c1c5a15478207cdae47c4d22de1b5fd9.jpg

Қабдеш Дәулетқалиевтің мүрдесі қазып алынған жер

bf83e1a3c740be11672196b2b7894a21.jpg

Үнсіз еске алу сәті

Кездесуден соң Валдай қаласынан 40-45 км жердегі ағамыздың жерленген жеріне қарай бет алдық, — деп әңгімесін одан әрі өрбітті Маржан апай. — Жолдан Семеновищина селосы әкімшілігінің өкілі Кумисина Зоя Михайловна күтіп алып, Язвище деревнясындағы ағамыздың жатқан қабір басына алып келді. 134 адамды 4 табытқа салып, бір жерге жерлеген екен. 

Ағамыздың қабіріне алып барған белгімізді орнаттық, жусан байлап, құран оқыдық. Құранның аяғында әкеміз қатты толқып, әрең аяқтады. Естелік суреттерге түстік. Қоштасу сәтінің қаншалықты қиын болғанын сөзбен айтып жеткізу қиын. Жүрегіміздің бір бөлшегін қалдырғандай қимай қоштасып, аттанып кеттік. 

Одан кейін ағамызды қазып алған жерге апарып, сол жерде бізге рамкаға салынған медальонын табыстады. «Медальондағы қағазды төрт айда әрең оқып шықтым, себебі жазу кетіп қалған, түк көрінбейді», — деді Валерий. 2-3 значогі бар екен, оны да берді. Қандай значок екені көрінбейді, тот басып, уатылып жатыр. Біз де өзіміздің ризашылығымызды білдіріп, топ басшысы Титов Валерийге және ағамыздың денесін тапқан Орехов Михайлға шапан кигізіп, сыйлығын бердік. 

Қабдеш Дәулетқалиевтің мүрдесін тапқан еріктілердің бірі — Орехов Михайл

0d4790c1ae651334597b9211e7adcce4.jpg

Еріктілер бригадасының командирі В.Титовқа және М.Ореховқа қазақтың ұлттық шапанын сыйлау

Орехов Михайлдің сол қолы ортасынан жоқ, іздестіру кезінде табылған граната байқаусызда жарылып, қолының жартысын жұлып кеткен. Іздеушілер группасының мүшелері мен село әкіміне де сыйлықтар табыстадық. Сол жерден бізді Валдай қаласындағы еріктілердің өздері ұйымдастырған мұражайға алып келді. Онда қазу кезінде табылған әртүрлі заттар сақталған: солдат күректері, ыдыс-аяқтары, винтовка сынықтары, сағат, қайшы т.б. Тіпті немістің каскасын, кружкасын, медальонын да көрдік. 

923ba10ee1fbdcc95523769c18b4f8a1.jpg

Окоптардан табылған соғыс кезіндегі кұрал-жабдықтар

Сол мұражайға еліміздің көк туы мен картасын, ағамыздың үлкейтілген суретін, әкеміздің 80 жылдығына арнап шығарылған «Биік мәртебе» атты кітабын, «Бәйтерек», домбыра, киіз үй макеті сияқты әр түрлі сувенирлер тапсырып, ағамызға арнайы бұрыш жасап кеттік. 

4e35a906c74affc670de9f8230673e4c.jpg

Валдай қаласындағы мұражайдан Қабдеш Дәулетқалиевқа арналған бұрыш

Сол күні түнде Василийдің өзі бізді Мәскеу пойызына шығарып салды. Жеңістің 70 жылдығына үлкен шаралар ұйымдастырылатынын айтып, сол тойға келуімізді қатты өтінді. Ауылға келгесін садақа жасап, ағайын-тумаларға сапар туралы әңгімелеп бердік, — деп сөзін аяқтады Маржан апа. 

Бұл әңгімеден алған әсерім соншалықты — соғыс күнделігінің парақтарын ақтарғандай болдым. 

Мен тәуеліз елдің ұланымын. Мен бақыттымын. Болашығы жарқын, бағыты айқын, тәуелсіз елде өмір сүріп жатқаныма бақыттымын. Қазіргі таңда қаншама елдің бірлігінің бұзылған уақытында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан біздер, шынымен де бақыттымыз. Біздің бақытымыз — бейбітшілік. Бұл бақыт, бұл бейбітшілік аталарымыздың қанымен, әжелеріміздің көз жасымен келген сый — біздің бағымызға берілген тәңірдің сыйы. Ендігі жерде аналарымыз аңырамасын, балалары жыламасын, даламыз жұтамасын, соғыс өрті шарпымасын. Барлық адамзат баласының арман-тілегі де — бейбіт күн емес пе?! Жасасын Бейбітшілік! 

Бізге жеңіс оңай жолмен келген жоқ, 

Қан төгілді, жас ағылды селдей боп. 

Келер ұрпақ қамы үшін жауменен, 

Шайқасқанда үміттері сөнген жоқ. 

70 жыл да толды Ұлы Жеңіске, 

Оқ пен отты бағындырған ер іске! 

Тағзым саған, ардагерлер — батырлар, Майдангерлер, мәңгі өлмес періште! — деп жырлайды менің бала жүрегім...


Сүлейменова Мөлдір, 
Маңғыстау облысы, 
Ақтау қаласы,

 №21 орта мектебінің 8-сынып оқушысы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?