Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мәдени серуен: Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейі

2732
Мәдени серуен: Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейі - e-history.kz
Көрнекті қазақ ақыны Жамбыл Жабаевтың (1846–1945) әдеби-мемориалдық музейі Алматы облысы Жамбыл ауданының Жамбыл ауылында орналасқан.

Бұл жерде, Шу өзенінің төменгі сағасында, Алатау тауының етегінде қазақтың осы суырып салма ақыны шыққан дулат тайпасының көктемгі жайылымдары мен егістері бар. Ол Жамбыл тауының етегінде дүниеге келгендіктен, есімі де солай қойылған. Анасы Ұлдан мен ағасы Қанадинның дарынды әнші, өнерпаздығының арқасында ол он екі жасында домбыра тартуды үйренді. «Қолыма домбыра тигенде, еркелігім жайына қалатын, — деп еске алатын Жамбыл, — маған сыңғырлап тұрған домбыра емес, жүрегім сияқты сезілетін».

027fbc63065cd2cdc7a50a22040cf4e5.jpg

Жамбыл Жабаев музейінің аумағы. Қазақстан, Алматы облысы, Жамбыл ауылы


1945 ж. 30 шілдеде Қазақстан Жазушылар одағы Республика ХКК-на Жамбыл музейін ашу туралы хат жолдады: «Қазақстанның ұлы халық ақыны, үш рет орден алған Жамбылды мәңгілік есте сақтау шаралары ішінде оның үй-жайын мемлекеттік әдеби музейге айналдыру баста орында тұр. Мұнда Жамбылға байланысты, оның күнделекті пайдаланған заттары мен киімінен бастап, еңбектері мен ол туралы зерттеулердің барлығы жиналуы керек. Жазушылар одағы төралқасы бұл шараны бірінші кезекте, әзірше ақынның үйі өзі өмір сүрген кезден өзгермей сақталып тұрған кезінде шешу керек деп есептейді. 

523c20a97123264e8ff04c698a581604.jpg

Жамбыл Жабаев музейінің аумағындағы ескерткіш

Жамбылдың үй-жайын музейге айналдыруды, орыстың ұлы ақыны А.С. Пушкиннің үй-жайы, В.В. Маяковскийдің Мәскеудегі музейі, Таганрогтағы Чеховтың үйі, Ясная Полянадағы Л. Н. Толстойдың музейі секілді ұйымдастыруымыз керек».

1946 ж. 13 ақпандағы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысына сәйкес Алматы қаласынан 70 км жердегі қазіргі Жамбыл ауылынан (Алматы облысы Жамбыл ауданы) Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды үй-музейі ашылды. Музей кешеніне Жамбыл өмірінің соңғы жылдарын өткізген (1938–1945) 12 бөлмеден тұратын бірқабатты ағаш қаңқалы үй, ақын 1938 жылға дейін тұрған үй, кесене мен саябақ (сәулетшілері И.И. Белоцерковский, В.В. Бирюков, А.К. Деев) кірді. 

88b4331141e417da98df9086d06db772.jpg

Жамбыл Жабаевтың үйі

Жамбыл Жабаевтың зиратының үстіне орнатылған кесене 1946 ж. салынып, 1958 ж. қайта қалпына келтірілді (жоба авторы сәулетші И. И. Белоцерковский, суретші Ә. Қастеевтің нобайы бойынша). Ол биіктігі 10 м, күйдірілген кірпіштен қаланған, ақ мәрмәр тақтамен қапталған, он алты қырлы барабанды конус тәрізді күмбезбен аяқталған, сегіз қырлы жоспардағы ғимарат. Кесене ішіне зор шеберлікпен өрнектелген шойын төрт есіктен кіруге болады. Кесенеде қабір үстіне қара мәрмәр тастан «Жамбыл Жабаев. 1846–1945» деп жазылған тақта қойылған. Қасбеті қазақ оюларымен бедерленген. Кесенеге апаратын саябақ жолын бойлай тікбұрышты гранит тақта қойылған, онда Жамбыл туындыларынан үзінді және ол туралы танымал жазушылар мен ақындардың пікірлері жазылған. 

Музей экспозициясын Жамбылдың жеке заттарынан, үкімет марапаттарынан, жәдігерлерден, КСРО мен шетелдерде басылған ақын туындыларынан, сурет, мүсін мен графика, сәндік-қолданбалы өнер туындыларынан, кеңес әскерлерінің, еңбек ұжымдарының естелік сыйлықтарынан, фотографиялардан, құжаттардан, ақынның қоғамдық қызметі мен шығармашылық жолы туралы сыр шертетін 12 бөлме құрайды. Гаражда Жамбылдың жеке автомобилі «М-1» тұр.

331de7ec4ca97d5bdf36559d8aa5e16b.jpg

Музейдегі Жамбыл Жабаев үйінің қонақ бөлмесінің ішкі көрінсі

dbd129d26c3bd0de19aed4f8d0a085ab.jpg

Музейдегі Жамбыл Жабаев үйінің асханасының ішкі көрінісі

Қазақстандықтар өздерінің сүйікті ақыны, дала Гомері, халық намысының жыршысын, оның қадір-қасиетін, еңбекқорлығы мен адалдығын ұмытпайды. 

Мақала «Алтайдан Каспийге дейін. Қазақстанның табиғи, тарихи және мәдени ескерткіштері мен көрнекті орындарының атласы» кітабының негізінде дайындалған. ЖШС «FOND DESIGN», 2011. 2 т. — 253-263 бб.. 

Суреттер автордың рұқсатымен http://zaleskiy.com/tag/muzej-zhamby-la-zhabaeva  сайтынан алынған.


Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?