Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Балбал тас құпиясы

5338
Балбал тас құпиясы - e-history.kz

Көшпелі дәстүр ұстанған қазақ даласының сыры әлі толық ашыла қоймаған жұмбақтарының бірі – балбал тастар. Кейінгі ұрпаққа «балбал тас», «сын тас», «баба тас» секілді алуан түрлі атаумен жеткен бұл тас мүсіндер өзіндік ерекшелігімен, көркем безендірілуімен ерекшеленеді. Әрі ішіне бүккен жұмбағы да қою, тылсым бір дүние.

Тас мүсін кейпіндегі балбалдар Қазақстан ғана емес Моңғолия, Сібір (Енисей бойы), Шығыс Түркістан, Оңтүстік орыс даласы, Кавказ өңірінде өте көп кездеседі. Ғаламтор бетіндегі «уикипедия» анықтамалығында:
«Балбал – көне түркі сөзі. Бал+бал, яғни соғу, қағу, үру дегенді білдіретін қос сөзден тұрады. Бірақ бірыңғай мағынаны білдіретін ұғым»,- деп қысқа ғана анықтама берілген. Есесіне зерттеуші туркологтардың пікірлері алуан түрлі. Бірі мәдени ескерткіш десе, екіншісі ғұрыптық, салтық орындар деген анықтама берген. Тағы біреулері ел билеген тұлғалардың тас мүсіні деп білсе, шекара сызығын білдірген белгілер деп түсінетін зерттеушілер де баршылық.

Қазақстандағы балбал тас тарихы туралы алғашқы зерттеуді Әлкей Марғұлан жүргізген. Академик-ғалымның «Ежелгі мәдениет куәгерлері» еңбегінде балбалтастар ежелгі түркілердің діни ғұрыптық кешені екенін жазған. «Ежелгі түркі ғұрыптық кешенінің құрамы арнайы барық-кесенеден, қорғаннан, сандықтастан, мәтін жазылған бітіктастан және оның тұғыртасынан (немесе тасбақасы), сондай-ақ бәдіздер - Балбалдардан тұрды (саны 10-600 данадан астамға дейін барады). Ежелгі түркі ғұрыптық кешендерінің көпшілігі қаған, тегін, тархан, чүр, түдүн сынды билік иелерініңжәне атақты бекзадаларының құрметіне арналып жасалды. Қарапайым халықтарға арналғандарыда бар. Осы кешендерде аза тұту, ас беру немесе аруаққа бағышталған «жоқтау» сияқты этностың тіршілік циклының аса маңызды ғұрыптық жосындары атқарылған», - деп жазады.

А. фон Гавен секілді шетелдік зерттеушілер кезінде ежелгі тас мүсіндерді «өлтірген жауын қорлау белгісі» деп дәлелдеп жүрді. Я.И.Шер есімді зерттеуші «балбалдар тек кана символ ғана емес, шалған құрбандықтың белгісі. Қанша құрбандық шалынса, соншама тас шаншылған» деген ой айтты. В.Д.Кубарев байырғы түркілер ас беріп, тасаттық жасаған кезде ат байлайтын қазық ретінде қолданған тастар деп тұжырым жасаған. Яғни, әлі күнге дейін ғалымдардың балбалтастар туралы ойлары бір жүйеге түсе қойған жоқ.

«Тарихи-мәдени құндылықтарымызды ерте ортағасырда мұсылман діндарлары бір құртса, тайпа аралық өшпенділік және құртты. Одан соң басқыншы жат жұрттықтар үшінші рет құртты. Демек, жұрнағы топырақ астында жатыр. Соның бірі бабатүркіден қалған мүсінтастар мен балбалдар. Байырғы түркілерден қалған сол балбал семантикасын дөп басып айту қиын, әрине. Біздің балбалға байланысты соңғы жылдары жүргізген зерттеулеріміз оның семантикасын байырғы түркілердің дүниетанымынан іздеуге бағытталды. Ақыры іздегенімізді тапқан секілдіміз», - дейді белгілі турколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы. Ғалымның айтуынша, балбал тастарға қатысты адасушылықтар өткен ғасырдың басында басталған. 1915 жылы Н.И.Веселовский «Современное состояние вопроса о каменных «балах» или «балбалах» деген мақаласында тасмүсіндерді «балбал» деп атап жіберген. Н.И.Веселовскийдің бұл пікірін атақты тарихшы В.В.Бартольд тексеріп тектеместен қолдап, түркілер мен моңғолдардың жерлеу дәстүріне қатысты дүниелер деп 1921 жылы үлкен мақала жариялапты. «Осыдан болып 1966-жылға дейін бұл қате пікір ғылым әлемінде жаттанды түрде қабылданып кете берді. Демек, қателік Веселовский мен Бартольдтан басталған. Бұл түсінік 1966 жылға дейін жалғасты. Дәл солы белгілі археолог ғалым Л.Р.Кызласов «байырғы түркі жазуындағы балбал атауының мағынасы хақында» атты мақаласында біраз қателіктердің бетін аша отырып, «балбал» дегеніміз тасмүсін емес деп дәлелдеп берді. Ғылымдағы одан кейінгі үлкен пікірталас «байырғы түркілер өлтірген адамының санына қарай балбал тас тұрғызады» деген қытай нұсқаларындағы дерекке байланысты өрбіді. Бұған байланысты балбалдардың семантикасын А. фон Гавен, В.В.Бартольд, Л.Р.Кызласов, Я.А.Шер, С.Г.Кляшторный, С.С.Соркин, Р.Ф.Итс, Л.Н.Гумилев, В.Д.Кубарев, С.И.Вайнштейн, А.Д.Грач, Л.Н.Ермоленко, В.В.Войтов, т.б. зерттеушілер қаузап арнайы пікірлерін ұсынды», - дейді Қаржаубай ағамыз.

Ғалымның айтуынша, қытай нұсқаларындағы бұл деректер біраз шындыққа сай келеді. Әлемнің екінші бір бұрышынан келіп, X ғасырда түркілер ортасында болған Ибн Фадлан оғыздардың қабіріне өлтірілген адамының санына қарай ағаш қададан балбал орнататыны туралы мәлімет қалдырған (А.П.Ковловский). Олай болса, кытайлардың Сүйшу, Вэйшу, Таншу іспетті әйгілі жылнамаларында жазылған жоғарыдағы дерекке екі қолымызды бірдей көтеріп қабылдаймыз. Өкініштісі, өлтірген адамының санына ма, әлде өзінің қоластына алған тайпалар санына қарай балбал тұрғызған ба ұл арасы қытай дерегінде ашық жазылмаған. Бір ғана Күлтегіннің өзі Қапаған-қағанның мыңнан астам лауазым иелерінің басын кесті емес пе? Оның бәріне балбал қойса не болмақ? Олай болса, өлтірген адамына емес, қоластына кірген тайпалардың басшысына қойылған болуы мүмкін», - дейді ғалым.

Енді осы Қаржаубай Сартқожаұлының балбал тастар туралы зерттеулеріне кезек берейік:

Б.з. 682 жылы Құтлұғ қаған Кіндік Азиядағы ең көп жылқылы, әрі бай, халқының саны мол, әрі өзінің қандас көршілес ағайыны тоғыз-оғыздарды жаулап алып, ел басы Баз-кағанды өлтіреді. Бұдан кейін бүкіл тоғыз-оғыздар түркі тағының (Құтлұқтың) қол астына кіреді.

Түркі қағанаты содан кейін ғана күшейіп, маңайындағы басқа тайпалар мен тайпалық одақтарды бірінен соң бірін бағындырып, әлемге әйгілі болады. Алғашқы Түркі қағанатын орнатқан ұлы бабасы Бұмын-қаған да ең әуелі тоғыз-оғыздарды б.з. 545 жылы жаулап алған соң ғана күш қуаты толығып, қағанатын орнатқан-ды. Олай болса тоғыз-оғыздар Кіндік Азиядағы ең бір стратегиялық табан тірер тайпалық одақ екенін көрсетеді.

Күлтегін мәтініндегі «қаным қағанығ башлайн Баз-қағанығ балбал тікміс. Әкем-қағанға Баз-қағанның балбалын бас етіп тікті» (КТ.1.16) деген сөйлемде терең мән бар. Баз-қағанның артында қаншама тайпалар, рулар жатыр.

Олар Құтлұғтан жеңіліп, қол астына кірген соң ұлы қағанға ғана қызмет етеді. Қағанның басыбайлы (вассал) халқы болып, қағанатты нығайтуға күш-қуатын арнайды. Тіріде осылайша қызмет етсе, қаған өлген соң да тәңірлік діннің «екі негіз» дүние танымы бойынша ол дүниеде кызмет көрсетуге міндетті. Міне, сондықтан да Құтлұғ қағанның киелі кешеніне қойылған балбалдар сапына Баз-қаған балбалын бас етіп орнатқан. Балбалды Тоғыз-оғыздықтардың басшысы әкеліп орналастырады. Баз-қаған балбалынан басқа тайпалық одақтың тайпалар мен рулар басшысы балбал орнатқан болуы мүмкін.

Ал, Қапаған-кағанның киелі кешеніне қойылған Қырғыз-қағаны Күчлүгтің балбалынан соң оның қол астындағы ру тайпаларының балбалдар тізбегі жалғасқан болар.

Бұлайша жасау oдүниеге аттанған аруаққа қызмет етумен қатар балбалын қойған Баз-қаған әулетіне көрсеткен үлкен құрмет, әрі байырғы көшпелілердің адамгершілігін көрсетеді. Баз-қаған, Күчлүг қағандар өз елінің бақыты үшін күресіп, түркі тағымен жауласқанымен елінің тайпасының еркесі мен серкесі еді ғой. Тағдыр талайы бойынша әлсiздi əлді жеңіп мерт болғанымен ол да адам. Өмірге бір-ақ рет келген пенде. Соғыс үстінде мерт болып, жаны жанатқа ұшып кеткенімен бөгу (тәңіршілдік) дінінің түсінігі бойынша жан өлмейді. Жан ұшып кетеді. Байырғы түрік мәтінінде осылай көрсетеді. Тәні жер ананың қойынында қалады. Мәңгі жасайтын пенде жок. О дүниеге кеткенде басқаның қанын жүктеп аттануға болмайды. Ол үшін өлтірген адамының аруағының алдында бас иіп, кешірім өтініп, оны да мәңгілікке еске алып, бір белгі қалдыруға тиіс. Бұл адамилық борыш. Осы белгі жаңағы Баз-қаған, Күчлүг қаған сияқты беделді елбасшыларының балбалы болмақ. Бұл аруақты мәңгі есте сақтап, кейінгі ұрпаққа өсиет етіп қалдырған ескерткіш. Өз қолымен өлтірген жауының аруағын сыйлап, атын мәңгілікке қалдырып отыр. Міне, байырғы көшпелілердің кісілігі қайда жатыр. Пәктік, тазалық. Далалық демократия. «Өзіңді былай қойып, жауыңа да жақсылық тіле» деген сөз осыдан қалған болар. Бұл кісілікті жат жұрттық менталитеттің зерттеушілері  үшін түсіну қиын дүние.

Қытай жылнамасында «түркілер өлтірген адамының санына қарай белгі қойып балбал тұрғызады» деген тарихи дерекке Еуропа мен орыс ғылымдары ғасырдан астам уақыт бойы сенбестікпен қарап, таң қалып келуінің себебі осында.

Иә, қытайлар қателескен жоқ. Олар естігенін, көргенін жазып қалдырды.

Өзі өлтірген адамына арнап кейінгі қалып бара жатқан ұрпақ белгі қойып жатқанымен, нағыз өмірде сол тұлғаның бағындырған тайпа кұрметіне, кейінгі ұрпақтың ынтымақ берекесіне сызат түспеу үшін жасалып жатқан екі дүниелік адамилық екенін, екі дүниелік парыз екенін сырт көз қытайлар қайдан ұғынсын.

Осыған ұқсас бір әдет-ғұрып күні бүгінге дейін қазақтар ортасында жалғасын тапқан.

Жаназа шығарар алдында өлікті сұлатып жатқызып қойып бүкіл жиналған қауымнан сұрақ сұрайды: «О дүниеге аттанып бара жатқан мына кісіден алар алымсақтарың бар ма? Ашық айтыңыздар!» деп. Әлде кім бар десе, табан астында алымсағын қайтарады. Кешірдік, жоқ десе, онысын айтады. Көптің алдына өлікті сұлатып қойып, жер қойнына берерден бұрын былайша сұрақ алу соншама ауыр. Ауыр да болса осылай істелуі қажет. Өйткені ол дүниеге кеткенде мойынында борыш болмау керек. Аруақты таза аттандыру тірілердің парызы. «Бұл не деген тазалық! Не кылған кісілік! Осы психологияны сіз жат жұртыққа түсіндіріп көріңіз. Әрине, қиын. Міне, сондықтан да балбал орнатудың мән-мағынасын, оның семантикасын ғалымдар ғасырдан астам уақыт іздестіріп келуінің себебі осында. Өйтсе, балбал дегеніміз о дүниеге аттанған аруаққа бағынышты аруақтар қызмет етуді меңзеумен қатар өз қолымен өлтіріп алған аруақты мәңгі еске сақтау мақсатпен қойылған тас қадалар», - деп жазады Қ.Сартқожаұлы.

Ғалымның өз зерттеулерінде «Балбал» сөзі байырғы түркі жазба мәтіндерінде (б.з. VII-IX ғғ.) сегіз-ақ рет кездесетінін айтады. Оның үшеуінде қырнап жасамаған қарапайым табиғи тасқа төмендегідей жазылған.

1. Онгин өзенінің бойындағы, Маньт-бүрд тауының етегіне орналасқан Теңiркен (Тәңір рухты) Баға-тарханға арнап жасаған киелі кешеннің ауласының алдына реттеп жонылмаған табиғи тасқа: «Ыішбара Тархан балбалы» деп жазып, бас жағына түркінің «серке» таңбасын қашаған, бұл таста адам бейнесі жоқ.

2. Біліге-қағанға арнап жасаған киелі орындағы тағы да өңдеп жонылмаған табиғи тасқа: «төлес (оң канат) шадтың тас балбалы» деп жазып, екінші бетіне түркілердің «серке» таңбасын кашаған.

3. Енисей бойындағы Уйбат-III ұстынды Енисей қырғыздары балбал ретінде пайдаланған. «Балбал» болдырып пайдаланған тасы Скиф (іш-оғуз) дәуірінде (б.з.б. VIII-V ғғ.) жасалған «бұғытас». Осы бұғытасты енисейліктер «түркі хан балбалы» деп атаған. Біздін скиф (іш-оғуз) деп атап жүрген байырғы халықты енисей қырғыздары б.з. VI-VII ғғ-да «түркілер» деп атағаны тым соны дерек. Сол жазуда: «Тоғыз ердің балбалына түркі хан балбалын пайдаландым» (E 32. Уйват-ІІІ) делінген. Бұл үш тастың қай-қайсысында да адам бейнесі салынбаған. Табиғи дайын тасты пайдаланып, кешеннің шығысқа караған есік алдына шаншыған. Осы тастан кейін ондаған, жүздеген тастар шығысқа қарай сап түзеп, ең соңғы бөлігі сәл ғана солтүстікке бұрылып барып аяқталған. Мұндай тізбек тастар Күлтегінде 169, Таспар-қағанда 258, Күүлі-чорда 185, Теңiркен Баға-тархан ескерткішіне 160 дана қойылған.

4. Күлтегін ұстынындағы мәтінде әкесі Ел-төресі Құтлуғ-қаған болғаннан кейін оның киелі кешенін тұрғызғанда тоғыз-оғыз тайпалық одағының қағаны болған Баз-қағанның балбалын қойғаны туралы сөз етеді. «Әкем - қағанға бас етіп Баз-қаған балбалы қойылды» (KT.I.16) дейді.

5.Күлтегін ұстынында, Қапаған қаған хакында: «білместігінен, әлсіздігінен ағам-қаған дүниеден өтті. Қырғыз-қағанын бас етіп балбалын тіктім» (KT.I.25) - деп балбалдардың ең басына (алдына) қырғыз қағанының балбалын шаншыған.

6. Біліге-қаған ұстынындағы мәтінде қытай (кидан) татабы сияқты тайпаларымен 38, 39 жасында соғысып, олардың «алып ерін өлтіріп, балбал қыла бердім» (БК.ІІ.7) - деген дерек кездеседі.

7. Біліге-қағанның ұстындағы мәтіннің тоғызыншы жолында: «үлкен ұлым ауырып қайтыс болды. Құғ-сеңүннің балбалын қойып бердім» (БК.ІІ.9).

8. Онгин ұстының мәтінінде 50 жыл түркі халқы Қытай қоластында болып, ерік бостандықтан айырылған соң «алып ерлері балбалға айналды» (0.3) деген тарихи деректер кездеседі. Иә, осылайша жеңілгеннен кейін жеңген жақтың игі жақсыларына арналған киелі орындарына қойылатын балбалға айналғанын қапалана сөз етеді.

Осы мәтіндерді алғашқы аударушы В.Томсен, В.В.Радлов, В.Л.Котвич, П.М.Мелиоранскийлер де дұрыс оқыған. «Балбал» деген тасмүсін емес дегенді де анықтап берген.

«Бұл қазақ халқының тарихы тым тереңнен басталатынын көрсетеді. Ғасырлар қойнауының тереңінде, тым тереңде көмулі жатыр. Сол ұлы тарихты қопарып алып шығу парызы бүгінгі археологтар мен тарихшылардың, тілшілер мен мәдениеттанушылардың, философтар мен этнографтардың мойнында», - дейді Қаржаубай ағамыз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?