Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қарасопы және оның кесенесі

3260
Қарасопы және оның кесенесі - e-history.kz
Қарасопы Айқожа ишанның шәкірті, әулие кісі болған. Айқожа ишан Қарасопыны көзінің тірісінде Қаражан деп атаған

Желдей есіп жылдам жүретін Қарасопыны Айқожа ишан алыс-шалғайдағы халық арасына дінді уағыздауға және дау-дамайға төрелік жасауға жұмсап отырған.

Айқожа ишан Ауғанстанда білім алып келген соң қазіргі Жаңақорған кентінің оңтүстік жағындағы он шақырымдай жердегі Қарасопы төңірегін мекен етеді, мешіт-медресе ашып ислам дінін насихаттайды.

Көкен батыр Назарұлы мен Айқожа ишан арасында келіспеушілік болып, Айқожа солтүстікті бетке алып көшеді. Мұны естіген Көкен батыр көш соңынан қуып жетіп, қазіргі Ақтас маңында Айқожа ишаннан кешірім сұрап, көшті тоқтатады. Айқожа ишан сол Ақтас маңын мекендеп тұрып қалады. Ал Қарасопыны Айқожа ишан сен балаларыма бас-көз бол деп, өзінің бұрынғы көшкен ескі жұртына қалдырады.

Айқожа ишанның 11 баласының бәрі де білімдар болған. Соның бірі – Мамырайым шайх Қоңырат Алты Атаның пірі атанған. Кейіннен осы жерге ағайынды Мамырайым шайх пен Ыбырайым шайхқа арнап Қоңырат Алты Ата рулары күмбезді кесене салған

Бірқатар басылымдарда [15, 19] Айқожа ишанның баласы Мамырайым шайх пен Ыбырайым шайхтың басына тұрғызылған күмбезді кесенені Қарасопының кесенесі деп осы кезге дейін жаңылыс жазылған.

Өткен ғасырдың 30 жылдарындағы діннің аяғын тұсап, қожа-молдалардың соңына шырақ алып түскен қуғын-сүргіннің кезінде, тіпті 1937-1938 жылдары Айқожа ишанның ұрпақтарының алды атылып, соңы түрмеге қамалып жатқан кезде ишанның ұрпақтары күмбезді кесенені Мамырайым шайх пен Ыбырайым шайхтың кесенесі деп айтуға қорқып, «баяғыда өмірден өткен Қарасопының кесенесі» дей салған.

Қарасопы дүниеден өткеннен соң оның мәйіті Айқожа ишанның ескі жұртына қойылады. Бұл мазар қазіргі Кейден ауылының солтүстік-батыс жағындағы дарияға жақын жерде. Басына төрт құлақ қарапайым кесене тұрғызылған. Оның қасындағы Қарасопы кесенесі деп келген күмбезді кесене – Айқожа ишанның балалары Мамырайым шайх пен Ыбырайым шайхтың кесенесі.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени ескерткіштерінің «Қызылорда облысы» бойынша жинағындағы «Қарасопы кесенесі» деген мақалада: «Кесене Қарасопы деп аталғанымен, бұл жерде Айқожа ишанның балалары Мамырайым шайх пен Ыбырайым шайх жерленген, ал Қарасопының өзі кесененің алдында тұрған қарапайым қоршауда жерленген» деп анық жазылған.

Мамырайым шайх пен Ыбырайым шайхтың күмбезді кесенесі Жаңақорған кентінен оңтүстік-батысқа қарай 5 шақырым жерде, Сырдарияның оң жағасына орналасқан. Биіктігі 9 м, төбесінде айшығы бар, шағын екі бөлмеден тұрады. Қабір жатқан бөлменің аумағы 12,31х8,70 м, қосалқы бөлме аумағы 6,50-5,0 м. Ескерткіш тікбұрышты күйдірілген кірпіштерден тұрғызылған. Есігі құбылаға қараған. Ескерткіш 1982 жылы мемлекеттік қорғауға алынған.

Күмбезді кесененің үлкен бөлмесінде (қима суретінде) екі қабір жатқандығы көрсетілген. Сол қабірдің біріне – «Айқожаұлы Мамырайым шайх» деп, екіншісіне – «Айқожаұлы Ыбырайым шайх» деп жазылған екі көктас қойылған.

Бағзы заманда Ұлы Жібек жолының бойында жатқан Жаңақорған өңіріндегі «Көне Өзгент» («Қыр Өзгент» деп те атайды) шаһарында дүниеге келіп, осында өмір сүріп, ислам діні мен имандылықты насихаттаған Шәмші Бүзірік (лақап аты Молла Шәмші) пен Шаһ-Бүзірік (лақап аты «Саһбұлт») және Әл Әмин Баб (лақап аты Қырық Садақ) болған. Үшеуі де ХVІ-ХVІІ ғасырда қатар өмір сүрген. Қаладан мешіт-медреселер ашып, балаларды оқытқан, елді сауаттандырып, халықты имандылыққа баулыған.

Мұхаммед Пайғамбарымыздың ең жақын, ең сенімді серіктері Әбу Бәкір Сыддықтан – Молла Шәмшілер, Омардан – Қырық Садақтар, Әзіреті Әліден – Сабұлт қожалар тараған.

Бұл үшеуіне ұрпақтары «Көне Өзгент» шаһары орнынан 1996 жылы үш күмбезді кесене тұрғызды.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?