Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қажымұқан қай жерде дүниеге келген?

2316
Қажымұқан қай жерде дүниеге келген? - e-history.kz
Қажымұқан қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы аумағына қарасты Шілік өңірінің солтүстік-батыс беткейіндегі «Қаратөбе» деп аталатын елдімекенде дүниеге келген

Қазақта өлеңге ғана емес, ұлыларға да әркімнің таласы бар. Иә, атақты батыр мен би, бай-бағылан, ақын мен жыршыға, күйшіге кім кімнің де қатысты болуға кет әрі болмасы анық. Ұрпағы болу, туысы болып шығу, болмағанда жерлестігін паш ету біздің жұртқа зор құндылық. Сондықтан да болар, кішкене бір дереге шықса, тарихи тұлғалардың еншілеуге ұмтылыс бір сәт толастаған емес. Сондай өмірі аңызға толы, туған ортасы таласты алыптарымыздың бірі – «күш атасы» атанған Қажымұқан бабамыз.

Тарихи деректерге сүйенсек, ол 1871 жылғы 7 сәуірде Ақмола  уезіндегі «Қараөткел» деген ауылда туылған. Кейбір зерттеулерде, оның сол Ақмоладағы «Сарытерек» деген жерде 1883 жылы яки 1886 жылы туғандығы айтылады. Жалпы, мұндай-мұндайдың өткен ғасырда жасаған барлық танымал азаматтарымыздың басындағы кеп екені белгілі. Жазу-сызу, құжаттау кенже дамыған заманда сахара тұрғындары көшіп-қонып жүріп, төлқұжаттық мәліметтерге аса мән бермеген. Бірақ біз жоғарыдағы фактілердің қай-қайсысын да талдап жатпақ емеспіз. Олардың әрқайсысының өз дәйектемелері бар шығар және анық-қанығын анықтау болашақ зерттеушілерінің үлесінде болса керек.

Бізге қызығы – Отырар ауданының құрметті азаматы Нұрғали Сарыпбекұлының Қажымұқанның аталас туысы, арғы бабасы Сәдінің егізінің сыңары Шәдіден тарайтын Жолдасбек Тасжановқа сілтеме жасай отырып тарқатқан жаңа дерегі болып отыр.

Ол кісіның хабарлауынша, балуан атамыз Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы аумағына қарасты Шілік өңірінің солтүстік-батыс беткейіндегі «Қаратөбе» деп аталатын елдімекенде дүниеге келген. Бұл күнде ол елдің орны ғана қалған. Заманында ол маңды (қазір де) қыпшақтың «Ұзын» деп аталатын тармағынан тарайтын «Алтыбас» атасының ұрпақтары жайлапты. Міне, осындағы ескі қорымда Мұңайтпастың әкесі Ернақ (бұл кісінің шын аты «Ержан» деседі) атаның да мазары бар екен.

«Бала кезімізде бұл қорымдар туралы «Ернақ» деген кісінің мазары, ол Қажымұқан атаның арғы аталары» деген сөзді қариялардың айтып қалатынын еститінбіз» дейді Н.Сарыпбекұлы.

Сондай-ақ, осы ауылдың тумасы болып табылатын Нұрғали ауыл ақсақалдарынан оқулықтар мен кітаптарда жүрген «Қажымұқан терістік өңірде туылды» деген деректің мәнін сұрағанда, олардың: «Жаза берсін, ол далбаса, туыстары біз білеміз бе, сыртта жүргендер біле ме» деп, Қажыекеңнің қартайғанында оңтүстікті жағалауын «елім» деп келгенімен түсіндіргенін айтады.

Рас, Мұңайтпас атамыздың да, Қажымұқанның да Ақмола өңірін жайлағаны шындық. Сол жақта өсіп-өнді, кәсіп қылып, өмір сүрді. «Ал бұл қалай болды» дегенге келсек, олардың күнгейден солтүстікке қоныс аударуына ненің себеп болғаны турасында мынадай әңгіме бар екен. Мұны да Н.Сарыпбекұлы Жолдасбектің өз аузынан 1964 жылы жазып алыпты. Біз енді «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» демекші, оны ұзын-сонар жазбай, қысқаша тұжырымдап көрелік.

Әлқисса, әлгінде айтып өткен Шілікті мекендеген «Алтыбас» руының Ахмет деген мықты бір биі болған көрінеді. Сол кездің билік иелерінде қазіргі тілмен айтқанда, оққағар ретінде жігіттер ұстайтын тәртіп болыпты. Кейде оларды барымтаға жұмсап, алыстан жылқы алдыртып та отырады екен. Өз кезегінде, оның сүйікті атын бағып, баптаушысы Мұңайтпас атамыз екен. Сол шақта бұл маңнан онша қашық емес, Қаратаудың қойнауында, яғни, қазіргі Бәйдібек ауданы аумағында, Ысты руының «Тазша» аталарының биінің өте сұлу, керемет жүйрік, қаракүрең айғыры болыпты. Бидің ол атын жақсы көретіні сондай, күндіз жылқышыларына бақтырып, түнде өзі күзеткен екен. Би қарулы, алып, балуан кісі болғандықтан, жүйрікке көңілі түскендердің ешқайсысы да оған батып бара алмайды. Ал Ахмет би болса, «әйгілі қаракүреңді қалай да алуым керек» деп, «Тазшаның» биіне шамасы келетін жігіт іздеп, ақырында қайраты зор Мұңайтпасты жұмсапты.

Онда да жортуылға шығарып салып тұрып: «Тауға қарай жүре бер, жақындаған соң аттың басын қоя бер. Ат өзі бір жерге келгенде сәл аялдап пысқырынады. Сол кезде сен де тақымыңды қысып ұстап, шоқпарыңды дайындап отырсаң болды. Арғы жағын жағдайға қарап әрекет етерсің» деп тапсырыпты. Сондай-ақ, «Егер қаракүреңді әкелсең, оған еріп келген үйірдің бәрі де сенікі де, қаракүрең менікі болады» деп серттеседі.

Қажымұқанға жасалған қастандық

Мұңайтпас бидің айтқандарын бұлжытпай орындап, көп ұзамай, түн ауанында тауға жақындап келе береді. Тұтқиылдан алып біреу мұның үстіне секіріп мініп алып, алыса кетеді жәнеден алқымынан алып, қылқындыра бастайды. Содан не керек, Мұңайтпас әбден күресіп, үстем түсіп, беймәлім қарсыласының қол-аяғын шырмап байлап, қаракүрең бастаған үйірлі жылқыны Ахмет биге айдап әкеліп тастайды.

Артынан «Тазшаның» биі қуғындап келіп: «Із сенің ауылыңа алып келді. Сенен басқа ешкім алған жоқ. Үйірін алып қалсаң ризамын. Қаракүреңімді қайтар, болмаса екі елдің арасы бүлінеді» деп қасарысып тұрып алады. Ал қыпшақ биі бет бақтырмай: «Мен ешкімді жібергенім жоқ, мен 18 жігіт ұстаймын. Ішінен танысаң қолынан ұста!» деп жігіттерін шақырады. Бірақ қуғыншылар олардың ішінен ешкімді тани алмайды. «Басқаларын да көрсет» дейді. Сонда би: «Барлық жігіттерім осылар, мүмкін менің ат бағушы момақанымды танырсың» деп Мұңайтпасты шақырады. Би Мұңайтпасты бірден таниды.

Әшкере болған Ахмет би тағы да бұлтарып: «Мен ешкімді жіберген емеспін, бұл бұзақы өзі барған екен ғой. Екі елдің арасын бұзғысы келген сияқты. Бұған 40 дүре соғыңдар, елден аластап, қуыңдар» деп жігіттеріне бұйрық береді.

Сол кезде «Тазшаның» биі орынынан тұрып, мойынына оралған орамалын шешіп: «Ахмет би, мынаны көрдің бе, қанталаған мойынымды. Бұл жігіт мені аяп, қол-аяғымды байлап тастап кетпей, өлтіріп кетуге де шамасы жетіп еді, нағыз жігіт екен. Күші менен де басым болды. Қаракүреңді үйірімен бір құдай алдында ризашылығыммен осы жігітке қалдырдым. Алла риза болсын» деп, Мұңайтпасқа алақанын жайып, батасын береді. Ел байқап қараса, «Тазша» балуанның мойны еті тілім-тілім болып, жарылып кеткен екен.

Ашуға мінген Мұңайтпас: «Кет дегенде ит те кетеді, қазақтың кең даласынан өзіме лайықты ел табылып қалар» деп, Қаракүреңнің алдына Мұқанын, артына әйелін мінгестіріп Арқадағы қыпшақтарды бетке алып, түнделетіп жүріп кетеді.

Ертеңіне Ахмет би шарқ ұрып іздестірсе, Мұңайтпас ұшты-күйлі жоқ болып шығады. Оның Қараөткелге бет алғанын есітіп, «өлі-тірі болсын алып келіңдер» деп, артынан сайлаулы 10 қуғыншы жігітін жібереді. Олар оны Қаратаудан өтіп, Бетпаққа кіре берісте қуып жетіп, аяқ-қолын байлап алып қайтпақ болады. Сол кезде қаһарына қатты мінген Мұңайтпас: «Сендердің қаруларың шоқпар болса, менің қаруым, міне, осы баланы сендер үшін тіктім» деп, Қажымұқанның сирағынан ұстап, атын тебіне, оларға қарсы шығады. Сол кезде жігіттер аяқтарын тартып, бата алмай, елге құр қол қайтқан екен. Ал бала Мұқан ол кезде екі жаста болыпты...

Мұнда қаншалықты шындықтың үлесі бар. Аңызы қайсы, ақиқаты қайсы, оқырманның өз еркіне қалдырдық. Бірақ, бір қисынға назар аудармасқа болмайды. Барлық деректерде дерлік ақ патша үкіметі құлағаннан кейін балуан отбасысының он жылдан астам уақыт бойы сергелдең күйге тап болып, күйзеліске ұшырағаны айтылады. Мысалы, «1937 жылдың шамасында коммунистердің оған: «Бұл — ақ патшаның адамы, оның қолынан медаль, сый-сияпат алған, соның сыбайласы» деген жалған жала жауып, қудалауға ұшырата бастады. Сол себептен Қажымұқан тұрғылықты жерін тастап, Түркістан мен Өзбекстанға барып бас сауғалады. Балуанның өмірінің соңғы кездері осы Түркістан өңірінде өтті» дейді. Бұл – факт. Десе де, «Туған жерге туыңды тік» деп, балуан бабамыз ғұмырының соңында ата-бабаларының мекеніне тартып кетті ме екен, кім білсін? Қалай десе де, ата сүйегі қазір Темірлан елді мекенінде жатыр. Онда Қажымұқан ауылдық округі мен мұражайы бар. Ағайындары мен ұрпақтарының да дені осы күнгей жақта тіршілік етуде. Бұл да тегіннен тегін болмаса керек.

Әрине, өзі туралы әдебиеттерде жазылғандай, өмірінің 55 жылын күреспен және циркте өнер көрсетумен өткерген, төрткүл әлем бозкілемдерінде өткізген белдесулерде 56 медальды жеңіп алған Қажекең – жеңіс тұғырынан түспеген дара тұлға ғана емес, қазақтың нағыз қас батыры деп атауға тұрарлық бірегей жан. Алыс-жақын шетелдерде де оны Қазақстан перзенті ретінде таниды. Сондықтан да, ол еліміздің қай өлкесінде туылса да, оқа емес, ортақ тұлға, ортақ мақтаныш, ортақ мерей болып қала бермек. Ең бастысы – бабаның балуан образы арқылы кейінгі ұрпаққа спорттық құндылықтарды, ел әруағын асыру өнегесін сіңіре алсақ болғаны. Қалғаны өз ішіміздегі әңгіме.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?