Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Астаналық оптимизм

1742
Қазір Қазақстан Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесі арқылы халықаралық қоғамдастықтың назарын өзіне аударып отыр. Күн сайын қарасы көбейіп жатқан қонақтар Астана сәулетіне тамсана қарайды

Біз – ғасырлар тоғысында жаңа мегаполис салған бірден-бір мемлекет қана емес, сондай-ақ, әлемге оптимистік рух пен мақсатшылдықтың бірегей үлгісін көрсетіп отырмыз.

«Астана – арман қала, Астана – болашақтың қаласы, Астана – өрлеу мен ел дамуының қозғағыш күші. Астанамен біз де бірге даму үстіндеміз». Міне, осы формалар бұлжытпас қағида болуға сұранбаса да, келешек ұрпақ үшін бірте-бірте сіңісті ұғымға айнала беруге тиісті. Мейлі мұны «психологияның тегін саудасы» дейтіндер табылсын-ақ. Бірақ, «жақсы сөз жарым ырыс» дейтін қазақы дүниетаным тұрғысынан да, экономикалық психология тұрғысынан да ордалы қаламызды ел дамуының катализаторы ретінде бейсаналық деңгейде тұғырлай бергеніміз абзал. Бұл өзге емес, ең алдымен өзімізге керек нәрсе.

Қазіргі таңда халық Астанаға ағылуда. Әсіресе, жастар легі қарқын алып келеді. Бүгіннің өзінде елорда аумағы 722 шаршы шақырымнан асты, тұрғындар саны 1 миллионға жетті. Барған да арман, бармаған да арман. Бағы жанып, өркендеп жатқандар да, бәсекесі қатты ортаға түсіп, өзін-өзі жоғалтып алып жатқандар да бар. Бірақ, ең бастысы, дүйім көпшілік бұл жерден оптимизм рухымен сусындауда десек, сіра да, артық айтқандық емес. Ол оптимизмнің артында қаншалықты дәйектеме бар. Бұл енді дәлелдеуді қажет етпейтін бөлек әңгіме.

Осы реноменің 1998 жылдан бері бүткіл республикаға ерекше импульс беріп келе жатқаны тағы да жасырын болмаса керек. Астанамыздың Алматыдан Сарыарқа төсіне қоныстануының өзі оптимизм салтанатын білдіреді. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы үшін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев әбден қайнап піскен, елдік мүдде талап етіп отырған Елорданы Ақмолаға көшіру туралы идеясын ешбір кедергіге, кейбіреулердің күдіктеріне қарамастан іске асырды. Астана содан бергі уақытта әлемге танылды және елімізді де әлемге танытты. Ондағы зәулім сарайлар мен сәулетті үйлер бір-бірімен үйлесіп, қаланың көркіне көрік қосып тұр. Ол үйлердің қай-қайсысы болмасын осынау бет қаратпас ерік-жігер мен оптимизмді нышаналайды.

Иә, «Астана» Елбасының ғана емес, жалпы еліміздің америкалық арманға жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, балама ретінде ұсынған ұтымды идеясының бірі. Танымал радио желісінде күнде қайталанатын «Бәрі жақсы болады», ағылшынша айтқанда, «ОК» деген «тәмсіл» оның да ішкі бағдарламасы болып табылады. Тақыр далада қысқа тарихи кезеңде заманауи қала бой көтерген болса, соның аясында Self made, яғни, «өзіңді өзің жаса» ұстанымы салтанат құрған ХХІ ғасырда неге ерекше тұлғалық бейнеге сомдалып шықпасқа? Бұл Қазақстан халқына беріліп отырған бірегей мүмкіндік.

Жалпы, Астана тұғырнамасының батыста кеңінен танымал болған куэизммен де мазмұндас екендігі жасырын емес. Тіптен, бұл жар шашып, айта беретін, басы ашық жайт.

Тарихқа аздап «экскурс» жүргізетін болсақ, өткен ғасырдың 20-шы жылдары америкалықтар күніне 10 рет Эмил Куэнің «Менің жағдайым барған сайын жақсарған үстіне жақсарып барады» деген сөздерін қайталауды әдетке айналдырған болатын. Кейін келе-келе бұлайша, жаттанды формуламен іскери өмірде ешқандай да нәтижеге қол жеткізілмейтіні белгілі болды. Дейтұрғанмен, 50-ші жылдардың орта шенінде куэизм қайта жаңғыра бастады.

Бұған жоғарғы іскери орталар мен үкімет, баспасөз ерекше екпін берді. Барлығы да бірауыздан «өнеркәсіп пен сауда-саттық табысты дамуда, келешегіміз зор» дегенді айтудан жалықпады. Осындай іс-қарекет кейіннен «психологияны саудалау» деген атау алды және де көп ұзамай қалың бұқараға ондай әсерлердің психологиялық ықпал мамандары тарапынан ұйымдастырылып, қолдап, қуатталатыны мәлім болып қалды.

Бұл ықпалдың мақсаты мен міндеттері айқын еді және де ортақ қоғамдық игілікке негізделген болатын: адамдарды барынша тұтынушылық мақсаттағы сатып алуларға жұмылдыру, яғни, психологиялық серпілістер, яки престиж үшін болмасын, уақытты көңілді өткізуге, еңбекке бағдарлап болса да тұтынушылық сезімді ашу. Танымал маман директор Дихтер осы «аптықтың» басылуынан қорқа отырып, «Біздің өсіп-өркендеуіміз психологиялық негізге құралған. Сондықтан да экономикалық құлдилауды болжайтын немесе сол жөнінде көп айтатын іскери орталардың өкілдері мен экономистер отпен ойнайды және де «артық қылам деп тыртық қыладының» керін келтіріп, өз қызметімен тек залал келтіреді» деп жазған болатын.

Бұл ретте біз Астана идеясының, жалпы республика үшін Астана тұғырнамасының ертеңгі өсіп-өркендеуіміздің психологиялық тамыр-негізі екендігін ұмытпауға тиіспіз. «Астана – арман қала, Астана – болашақтың қаласы, Астана – өрлеу мен ел дамуының қозғағыш күші. Астанамен біз де бірге даму үстіндеміз». Міне, осы формалар бұлжытпас қағида болуға сұранбаса да, келешек ұрпақ үшін бірте-бірте сіңісті ұғымға айнала беруге тиісті. Мейлі мұны «психологияның тегін саудасы» дейтіндер табылсын-ақ. Бірақ, «жақсы сөз жарым ырыс» дейтін қазақы дүниетаным тұрғысынан да, экономикалық психология тұрғысынан да ордалы қаламызды ел дамуының катализаторы ретінде бейсаналық деңгейде тұғырлай бергеніміз абзал. Бұл өзге емес, ең алдымен өзімізге керек нәрсе. Рас, түрік мақалында айтылғандай, «алуа» дегенге ауызыңа тәттінің дәмі келмейді. Дегенмен, сонымызбен де өз-өзімізді бағдарлайтынымызды ескерген де дұрыс секілді. Қала берді, сыртқы салым салушылардың желігін алу үшін де керек.

Алдыңғы жылдары салынған инвестицияның 616 млрд. теңгені құрағаны қазіргі бағдардың дұрыс екендігін көрсетеді. Ең күрделі мәселе – тұрғын үй саласы бойынша да жағдай ырғақталуда, 2013 жылы бұл тұрғыда қалада өлшем тілімен айтқанда 1,3 млн. шаршы метр баспана пайдалануға берілсе, одан беріде бұл көлем тек арта берді. Ал нақты үй санымен айтсақ, былтырғы жылы 70 тұрғын үйде тұрғындар қоныс тойын тойлады. Барлығы бірден болмайды. Мәскеудің де құрылысы сан ғасырға созылған. Бүгін жоқ болса, ертең болады. Барға қанағат, жоққа салауат. Қалай десе де, өсім бар, Астана да шын мәнінде, 2000-шы жылдардағы жоғарыға берілген жалаң есептердегідей емес, нақты дәйектік мәнге ие өрлеу фазасында. Басқасын айтпағанда, қаладағы соңғы екі жылдағы оңды өзгерістерді «көре алмағандар» сөздің ауыспалы да тура мағыналарында «көзілдірік» тағып алсын.

Алысқа бармай-ақ, бір ғана мысал, 2012 жылдың өзінде Астана қаласының өңірлік ішкі өнімінің көлемі 2,4 трлн. теңгеге жетті. Содан бергі уақытта макроэкономикалық көрсеткіштер де тек қана оң динамика көрсетіп келеді. Ал бұл ертеңге деген сенімді жани түсетін деректер. Күні кеше де осы мысалдарды тағы да қуаттап, Мемлекет басшысы барша жұртты Астана күнімен құттықтап, 19 жыл ішінде еліміздің бас қаласы жоғары қарқынмен дамығанын атап өтті. «Астана – ғажап қала. Кеше кешке қарай қаланы аралап шықтым. Кешкі мезгілге қарамастан, көшеде қыдырып жүрген көптеген адамды көрдім. Бұл көп нәрсені аңғартады. Адамдардың көңіл-күйі жақсы, өздерін қауіпсіз сезінеді. Сонау ерте заманда «Қала қабырғасымен емес, адамдарымен көрікті» деген сөз айтылған», – деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Астананың бүгінгі даму ырғағы бүкіл еліміздің жаңаруына серпін беретінін айтты. «Біз экономикада, саясатта және мәдениетте ауқымды жаңғыруды іске асырып келеміз. Сол жұмыстың нәтижесі елімізді дамытуға арналған. Дамуымыздың басында әрдайым Астана тұрады. Біз мұнда түрлі мәселені, соның ішінде әлемнің әр түкпірінде бейбітшілік орнату мәселесін де шешіп келеміз. Біздің бейбіт, тату көршілік және инвестиция тарту жөніндегі саясатымыз Қазақстанның әрбір азаматы үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған», – деді Елбасы. Астана оптимизмнің қаласы. Елбасы арманының материалдық дүниеде іске асырылған көрінісі.

Осы себепті де, қала әкімі Әсет Исекешовке Астана рухындағы оптимистік құрауыштың солғындамай, қайта, өсе түсуіне күш салу керек. Өзі айтқандай-ақ, «Астана жайлы әрі жаһандық қалаға айналуға тиіс». Жасыратыны жоқ, талпыныстар да бар. EХРО-2017 көрмесінің Астанада өткізілуі көп жайдан хабар береді. Ал оның «Болашақтың энергиясы» тақырыбы ең үздік әлемдік энергия сақтау технологиясын, күн, жел, теңіз, мұхит және термалды су тәрізді бүгінде бар баламалы энергия көздерін пайдалануда жаңа әзірлемелер мен технологияны пайдалануға мүмкіндік береді. Астана осы саладағы ең үздік әлемдік әзірлемелер мен трендтер көрсету үшін де тиімді алаңға айналуы мүмкін. Қалай десе де, көрме елорданың көрмелер объектілері құрылысы мен инфрақұрылымына едәуір жеке меншік инвестицияны тартуға мүмкіндік туғызды. Бұл да болса прогресшіл оптимизмнің бір көрінісі. Әрине, еліміздің айтулы басшыларының, Елбасыдан бастап бүкіл іліп алар элитаның брэндтік капиталы осы мақсатта жұмыс істеуде де. Олардың әр қадамы мен мәлімдемелері позитив пен оптимизм рухымен суғарылған. Десе де, бұл аз емес, екінші жағынан көп те емес. Позитивтік мәнге ие жаңа бастамалар көтерілуге тиіс.

Бәлкім, қаланың бір бұрышында оптимистер аллеясын ашу, яки, ескерткішін тұрғызу керек болар. Не де болса, осының өзімен-ақ, Қазақстан халқының үкілеген үмітін арқалаған бас қаланың өзіндік төл мессиджін бүкіл әлемге танытқан болар едік.

Ерболат Мамырайхан

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?