Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

National Digital History порталының таныстырылымы өтті

1993
National Digital History порталының таныстырылымы өтті  - e-history.kz
Орал қаласы М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде National Digital History интернет-жобасының таныстырылымы өтті

Еліміздің ірі мәдени-өнеркәсіптік аймағына жататын Орал өңірі тарихымен тығыз байланыста дамып келе жатқан Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен шараны тарих, экономика және құқық факультеті ұйымдастырды.

Тарих факультетінің мәжіліс залында өткен салтанатты шараға университет оқытушылары, магистранттар мен студенттер, ғылыми қызметкерлер, жас тарихшылар жиналды. Ақпараттық кеңістіктегі сайт маңызы және жаңа дизайнда қауышқан порталдың жұмысы жөніндегі тағылымды кездесуге көбінесе жас тарихшылар бас қосты. Аталған шараны батыс өңіріне белгілі тарихшы, этнограф Жаңабек Жақсығалиев жүргізіп отырды. 

«National digital history – Қазақстан тарихы» – ұлттық тарих пен отан тарихын интернет кеңістігінде жоғары сапалы контентпен қамтамасыз етіп келе жатқан жобалардың бірі», – дей келе модератор алғашқы сөзді Қазақстан Республика тарихы» кафедрасының меңгерушісі Алия Ермекқызына берді. Өз кезегінде кафедра меңгерушісі «National Digital History» порталымен университет оқытушылар таныс екенін айта келіп, порталдың қазақ нұсқасының редакторы Алтынбек Құмырзақұлына уақыт тауып, университет ұжымына порталды таныстырғанына үлкен алғысын білдірді.

«Біздің 80 жылдан астам тарихы бар университетімізге қош келдіңіз. Университет – облысымыздағы ең ірі мемлекеттік жоғары оқу орындарының бірі. Осы өлкеге келген әрбір кісінің Махамбет пен Исатай, Жәңгір хан, Сырым батыр есімдерін білуге құмартатыны анық. Осы орайда біздің университет жерлесіміз даңқты батыр, көтеріліс сардары, ақын Махамбет Өтемісұлы есімін иеленуде. Осы орайда «National Digital History – Қазақстан тарихы» порталын университет қабырғасына келіп таныстырып, порталдың бүгінгі таңдағы қолдану ерекшеліктерін түсіндіргеніңізге үлкен рақмет. Алдағы уақытта біздің факультет ұжымы, ғылыми қызметкерлер портал ұжымымен әріптестік байланыста болады деген ойдамын», – деді Әлия Бижанова.

Кафедра меңгерушісінің алғы сөзінен кейін порталдың қазақ нұсқасының редакторы Алтынбек Құмырзақұлы университет ұжымына «National Digital History – Қазақстан тарихы» порталының жаңа дизайынын таныстырды.

«National Digital History» порталы оқушылар мен студенттерге, тарихшылар, ғылыми қызметкерлер мен әр түрлі жастағы оқырман қауымға ақпараттық қолдау көрсетіп, Қазақстан тарихын интернет әлемінде жүйелі түрде насихаттап келе жатыр. Порталда Қазақстан тарихының бес кезеңінің үлкен электронды қоры жинақталған. Оқырман қауым мұндағы ақпараттарды онлайн түрде оқып, оқушылар мен студенттер реферат, курстық, дипломдық жұмыстарын ала алады. Әрбір оқырман ақпараттары оқи отырып, пікір, рецензия қалдыра алады.

Бүгінгі таңда «National Digital History»  – ел тарихын сүйер қауымның бірегей коммуникациялық платформасына айналуда. Сайт оқырмандарға үш тілде: қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қызмет көрсетеді.

Шараның кезекті бөлімінде портал редакторы магистранттар мен студенттердің сұрақтарына жауап беріп, тарих тақырыбында қалам тербеп жүрген ғылыми қызметкерлерді портал ұжымымен әріптестік байланыста болуын айта кетті.

Шара барысында қойылған сұрақтардың дені «Портал редакциясы тарихи-мәдени экспедицияларға жиі шығып тұра ма?», «Алдағы уақыттағы «National Digital History» порталының оқырман күтетін арнайы жобалары қандай», «Сайт авторларға қаламақы беру мәселесін қарастыруда ма?», «Порталда үздік тарихшылар, олардың үздік мақалалары туралы конкурстар, студенттер арасындағы ғылыми жұмыстарға байқау ұйымдастыру ойларыңызда жоқ па?», «Ұлы Дала» бөліміне Батыс Қазақстан облысындағы қандай жерлер, тарихи ескерткіштерді жазатын боласыздар»  деген сауалдар болды. «Сауалдарыңызды барлығы дерлік орынды. Алдағы уақытта бұл сұрақтардың басым бөлігін қарастырып, айтқан ұсыныстарыңызды ескеретін боламыз», – деді А. Құмырзақ.

Шара соңында қатысушылар естелік суретке түсті.

Айта кетейік, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ерекшелігі – бір ғасырға жуық шежірелі тарихи жолы бар. 2012 жылы оқу ордасы 80 жылдық мерейтойын облыс көлемінде тойлап өткен. Университет Қазақстанның батыс өңірінің ғылым, білім, мәдени, экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан қарашаңырақ білім ордасы.

Қоғам мен саяси, ғылым мен мәдениет саласындағы көрнекті тұлғалар – университеттің құрметті профессорлары. Олардың қатарында ақын Аққұштап Бақтыгереева, (Қадыр Мырза Әли), Иманғали Тасмағамбетов, Әлібек Дінішев, Талғат Мұсабаев, Крис Крейкер, Бақтықожа Ізмұхамбетов. Бүгінде республикаға танымал ірі білім және ғылым ордасы – М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті өз тарихын, озық дәстүрлерін сақтаумен қатар әрдайым даму, жетілу үстінде.

Өз тілшімізден

Орал қаласы

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?